Ел азаматы
Ұлт тарихы қай уақытта да ел зиялыларының жіті назарында. Оның сан қатпарлы белестері мен күрделі кезеңдерін зерделеу, оларды өзара салыстыра ерекшеліктерін анықтау, нәтижелерін айқындау — тарихшылардың алдындағы күрделі міндет.
Тарихшылардың кейбірі архив материалдарын зерттеу арқылы қоғамның рухани, саяси, әлеуметтік-экономикалық бағыттарына қол жеткізсе, ғалымдардың екінші тобы күні кешегі тарихи дәуірді көзімен көріп, жүрегінен өткізгендердің ойларын түйіндей келе, архив деректерімен салыстырады. Бұл әдіс зерттеуге айтарлықтай салмақ салады. Өйткені сол тарихи оқиғаға қатысушылардың өзіндік көзқарасы бар және аталған кезеңдегі мемлекеттік саясат насихаты біржақты идеологиялық ұстанымды қалыптастырды.
Кешегі кеңестік замандағы осындай күрделі тақырыптың бірі — еліміздің аграрлық даму тарихы. Ал Қазақстанның аграрлық тарихы, алдымен, қазақтың жүріп өткен жолы. Оны біржақты ауыл шаруашылығы немесе мал шаруашылығының тарихы деуімізге бола ма? Біздіңше, ол оның дамуымен қатар, сол салада еңбек ететін адамдардың тарихы. Өйткені миллиондаған адамдардың тағдыры осында өтіп жатыр. Аграрлық сала халықты азық-түлікпен, индустрияны шикізатпен қамтамасыз етеді. Осындай күрделі тақырыпқа тарих ғылымдарының докторы, профессор Алдар Сәрсенов өзінің бүкіл ғұмырын арнады.
Оның ғылымға деген сүйіспеншілігі өткен ғасырдың 50-60-шы жылдары тәлім-тәрбие алған Атырау облысы Индер ауданы М.Сиранов орта мектебінде қаланды. Мектеп қабырғасында тарих пәнінен сабақ берген Қаден Мұхамедияров, Рахметқали Жұбанышқалиевтер талапты жастың жүрегінен мәңгілік орын алды. Қ.Мұхамедияров атақты Мәншүк Мәметованың аталас туысы болатын. Оның Орал қаласындағы мұғалімдер институтына оқуға жолдама алуына тікелей Мәншүктің әкесі Ахмет Мәметов көмектескен екен. Қаден ұстазының Мәншүкпен кездесуінің өзі ерекше тарих (Аталық Б.Елтайдың рухани көсемі /Бисен Аталық/. –Атырау: «Атырау-Ақпарат» ЖШС, 2019. -182 б.).
Біртуар тұлғалардан алған өмірлік дәріс сөзсіз мектеп оқушыларына айрықша әсер ететін. Олар Алдар Сәрсенұлының да болашақ терең ізденіске негізделген өмірлік ұстанымына айналды. 1966 жылы мектепті бітіріп, бір жыл кеңшарда жұмыс істеді. Дегенмен тарихшы боламын деген арманы А.Сәрсенұлын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне жетелейді. Содан 1967 жылы университет студенті атанады.
Сол бір жылдары қара шаңырақта атақты М.Ақынжанов, жас тарихшылар Н.Бекмаханова, Б.Ермұханов, Ә.Шөпеков, С.Жақыпбеков дәріс беретін. Олардың әрбір дәрісі бір топта оқитын болашақ тарихшы ғалымдар А.Сәрсенов, Ж.Мұстафин, Б.Сүлейменовтерге айрықша ықпал етті. Университет қабырғасында жүріп жазған алғашқы ғылыми жұмысы — «Қазақстан мұнай өнеркәсібінің дамуы (1928-1938 жж.)» атты дипломдық еңбегі аталған ғалымдардың ақыл-кеңесінен туған болатын.
А.Сәрсенов 1972 жылы университетті үздік тәмамдеп, туған елге оралады. «Туған елге туыңды тік» демекші, ол Индербор кентінде мұғалім болып қызметке орналасады. Бір жылдан соң жас жігіттің ғылымға деген құштарлығынан хабардар болған Гурьев педагогикалық институты оны оқытушылыққа шақырады. Осы бір кезеңді еске алып, бір толғанған сәтінде: «Алматыдан Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп келген жас маман — маған сол кездегі Гурьев педагогикалық институтына Азия және Африка елдері тарихы пәнінен сабақ беру тапсырылды. Сол кезде ақыл сұраған алдыңғы буын ағалардың бірі: «Сенің ең басты қиындығың — бұл пәнді бұрын Алдамжар оқығанында», — деп айтқан болатын. Кейінірек бұл сөздерді ой елегінен өткізіп, әріптестерімнен сұрағанымда, олардың жауабы біреу-ақ болды: «Ой, ол ғұлама ғой, одан кейін аудиторияға кіру, әрине, қиын» деген болатын (Сәрсенов А.Сүйген ұлдың аты көп // Зұлқарнай Алдамжар. Еске алу кітабы. Книга памяти / Құраст. Қаражігітов З.Ф. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2007.-134 б.).
Осылайша А.Сәрсенов ғылымдағы тағы бір ұстазы Зұлқарнай Алдамжармен кездеседі. Аға ақылымен 1978-1981 жылдары өзі білім алған ҚазМУ-дың аспирантурасына түсіп, «Қазақстанның ауыл шаруашылығының материалдық-техникалық базасының нығаюы (1966-1975 жж.)» тақырыбында тарих ғылымдары бойынша кандидаттық диссертациясын жазуға кіріседі. Ғылыми жетекші болып алдымен С.Кенжебаев, кейінірек Қ.Жаманбаев бекітіледі. Осы кезеңді еске алған ғалым «Бір күні Зұлқарнай аға мені шақырып алып, былай дегені есімде: «Сен жұмысыңды тез аяқта, әйтпесе мына патшамыздың да денсаулығы онша емес сияқты»(Андроповты айтқаны). Сол сөз түрткі болып, мен 1984 жылы кандидаттық диссертациямды қорғап шықтым» деп жазған-ды. З.Алдамжар оны ғылым жолында шыңдады, ғұлама ғалым Кеңес Нұрпейіспен араласуға мүмкіндік жасады. Мұның өзі жас ғалымның қанатының бекуіне, жаңа белестерді бағындыруға жарқын жол ашады.
А.Сәрсенұлының іскерлігін бағалаған Қазақстан Компартиясы Гурьев облыстық партия комитеті 1987 жылы оны идеология бөліміне лекторлық қызметке шақырады. Партия комитетінде жасаған үш жылды ол босқа өткізбеді. Осы жылдары КОКП Орталық Комитеті ұйымдастырған Мәскеу, Ташкент, Қазан, Алматы, Қарағанды, т.б қалаларда жоғары дәрежедегі жиындарға қатысып, болашақ докторлық диссертациясына материал жинақтай бастады. Көп ұзамай ол ғылымға біржола оралады. 1990 жылы қараша айында Гурьев педагогикалық институтына баламалы негізде КСРО тарихы кафедрасына меңгеруші болып конкурстан өтсе де, Қазақстан жоғары оқу орындарындағы қайта құрулар оның таза ғылым жолында қалуына мүмкіндік бермеді. Қай жерде де ғалымның іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті алдыңғы қатарға шығады. Араға уақыт сала 1991 жылы өз алдына алғаш құрылған тарих факультетінің деканы болып сайланады. Көпшілік сеніміне ие болған Алдар Сәрсенұлы кейін Кеден ісі факультетінің деканы, 2000-2009 жылдары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі, декан, проректор қызметтерін атқарды. Осы жылдары ол өзінің сан салалы жұмысында еңбек еткен ұжымның құрметіне бөленді. Оның ұйымдастырушылық қабілетін университет ректорлары, Қазақстан Жоғары оқу орындарының ірі ұйымдастырушылары Х.Табылдиев, К.Кенжебаев, Ғ.Нұрышев жоғары бағалайды. Осылайша, ол Қазақстанның батыс өңірінің ғылыми-педагогикалық, кадрлық әлеуетін көтеруге еңбек сіңіреді.
А.Сәрсенов басшылық-ұйымдастырушылық қызметте жүрсе де еш уақытта өзінің алдымен ұстаз-әдіскер, ғалым екенін ұмытпады. Оның қаламынан туындаған 100-ден аса мақала, оқу-әдістемелік құралдар, оқу кешендері жоғары оқу орындары студенттері мен магистранттары оқитын еңбекке айналады. Солардың бірі — 2005 жылы тарих ғылымының докторы, профессор Н.Абдоллаевпен бірлесе жазған «Мемлекет және құқықтың әлемдік қысқаша тарихы» атты екі тілде жарық көрген оқу құралы. Оны баспаға ұсынған Қазақ мемлекеттік заң академиясы болатын.
А.Сәрсенов қай қызметте болмасын ғылымды жанымен сүйді. Қажырлы еңбектің нәтижесінде 2008 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы тарих ғылымдарының докторы дәрежесін қорғайтын диссертациялық кеңесте «Қазақстан ауыл-селосындағы интеллектуалдық әлеуеттің қалыптасуы мен этномәдени дамуы (1946-1991 жж.)» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғады. Ол өз зерттеу тақырыбының объектісіне тоқтала келе, «Бұл саланың ырғақты жұмыс істеуі көбіне интеллектуалдық әлеует деңгейімен анықталмақ. Машина, трактор, комбайн, техникалық жабдық – бәрі еңбек өнімділігін көтеру, өзіндік құнын түсіру үшін бірінші қажеттілік саналғанымен, олардың оңтайлы тұтынылуы үшін интеллектуалдық әлеуеті кемел адам факторы қалыптасуы керек. Бұл жерде әңгіме техниканың тізгінін ұстаған механизаторға немесе бір отар қойды жайып жүрген қойшыға ғана қатысты емес. Шаруашылықты ұйымдастыратын басшыға да, өндірістік үдерістің басы-қасындағы маманға да, осыларды оқытқан ұстазға да, денсаулығын қадағалайтын дәрігерге де тікелей байланысы бар. Қазақстан ауыл-селосының интеллектуалдық тарихын ақиқат биігінен зерделеу өткеннің сабағын, тағылымын игере отырып, бүгінгі міндетті кешенді анықтау үшін, ертеңге нық қадам жасау үшін қажет» деп түйіндеуі еліміздің дамуы үшін аса маңызды. Ғалымның зерттеуінен алынған нәтижелер бүгінде аграрлық ғылымның негізгі ұстанымдарына айналды.
А.Сәрсенов бүгінде жоғары білікті мамандармен қатар, ғалымдарды да дайындауға мол еңбек сіңірді. Оның шәкірттері С.Сапанов, Ұ.Ахметова, А.Ахмет – ғылым докторы, Б.Нығмет, К.Меңдігереев, Ә.Тұрдалиев, т.б. – ғылым кандидаты атанды. Мұның өзі шынайы ғылыми мамандарды дайындауға қосылған нақты үлес. Ол шәкірттерімен бірге Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларының шынайы насихатшысына айналды. Оның бұқаралық ақпарат құралдарындағы мақалалары, телеарналардағы кездесулері көпшілік назарында.
Ғалым — үлгілі отбасы тірегі. Анамыз Раямен бірге өмірдің небір қиыншылығына мойымай ұрпағын өсіріп, немере тәрбиелеп, ел құрметіне бөленіп отыр. Оған қалың елі куә.
Әбілсейіт МҰҚТАР,
тарих ғылымдарының докторы, профессор.