Жаңалықтар

Жабасақ пен Тымабұлаққа газ тартылады

Биылғы су тасқыны кім-кімге де сабақ болды. Әсіресе көктемде көп зардап шегіп, табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған аудандарда қазір тасқынның алдын алу жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі — Әйтеке би ауданының Т.Жүргенов ауылында ұзындығы 1500 метрлік суағар құрылысы салынып жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында болған брифингте Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тоғызбаев тоғыз айдағы ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін баяндау барысында айтты.
— Көктемде ауданымызда су тасқыны болып, төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Қазіргі таңда тасқынның салдарын жою және алдағы уақытта болдырмау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде Әйтеке би ауданы бойынша су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардан 154 өтініш түсті. Нақты зардап шеккен, су басқан үйлер саны — 115. Оның 64-і күрделі жөндеуді қажет етті, қаражат толық төленді, — деген Дәулетияр Тоғызбаев мүлкі бүлінгендерге өтемақы төлеу, жаңа үйлердің құрылысы мен бір жолғы төлем, мал шығынына қатысты берілген өтемақы жайында жан-жақты баяндады.
Қазір ауданда төтенше жағдайлардың алдын алу іс-шарасы қолға алынған. Осы мақсатта Т.Жүргенов ауылындағы Тәуелсіздік, Алтын Адам, Астана, Сарыарқа көшелері бойында суағар салынып жатыр. Каналдың ұзындығы — 1500 метр.
— Қазір жұмыстар басталып, құрылыс көлемі 80 пайызға орындалды. Мердігер мекеме — «BSB Энергомера» серіктестігі. Жоба құны — 273,8 миллион теңге. Қазіргі таңда бұл қаражаттың 225,0 миллион теңгесі игерілді. Қаражат облыстық резервтен қарастырылған. Суағар құрылысы аяқталуға жақын, — деді аудан әкімі.
Қазір Т.Жүргенов ауылындағы Бөгеткөл көшесі бойындағы ұзындығы 1 шақырымдық Ырғыз өзені бекінісінің құрылысы мен «Ярослав» бөгетін жөндеу жұмыстары да қызу жүргізіліп жатыр. Бөгетке 11 метрлік құбыр қойылып, биіктету үшін құм, тас төгілген.
Брифингте аудан әкімі өңірдің өткен 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды, әр салада атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жайында айтты.
Дәулетияр Тоғызбаевтың айтуынша, есепті мерзімде өңірде өндірілген өнім көлемі — 9521,9 млн теңге. Тау-кен өнеркәсібі бойынша нақты көлем индексі 111,1 пайыз болса, өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемі — 349,1 млн теңге, ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көрсеткіші — 24522,1 млн теңге. Есепті кезеңде ауданға тартылған инвестиция көлемі — 7945,2 мың теңге.
Бүгінде халықаралық маңыздағы Самара-Шымкент көлік дәлізінің 134 шақырымы мен Қарабұтақ-Қостанай бағытындағы республикалық автожолдың 234 шақырымы Әйтеке би ауданының үстімен өтеді. Биыл өңірде аудандық маңыздағы жолдарды жөндеуге басымдық берілген. Бұл бағытта 41 шақырымдық жолға орташа жөндеу үшін 6 жобаға 3,8 млрд теңге қарастырылыпты.
Аудан басшысының айтуынша, қазіргі таңда жалпы 15445 тұрғыны бар 13 елді мекен газдандырылған. Өңірде газбен жабдықтау көрсеткіші — 75,1 пайыз. Әйке, Тереңсай, Сұлукөл сияқты ауылдарға газ жеткізу және ауылішілік газ құбырын тарту жұмыстары басталған. Ал келер жылы Ақтасты, Жабасақ, Тымабұлақ ауылдарын газдандыру жұмысы жоспарға еніпті.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button