Тарих

Белқопа болыстығы және ұлт-азаттық көтеріліс

Өлкетану

Қарабұтақ өлкесінің тарихын жетік білетін ақсақал Әліби Қойлыбаев пен облысқа танымал азамат, қаламы қарымды журналист Қасымжан Байсадақов облыстық «Ақтөбе» газетіне 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығы аясында Қарабұтақ өлкесі тарихына қатысты тарихи деректер негізінде мақалалар жазған болатын.

Ұлт-азаттық көтерілісті бастан өткерген қасиетті Белқопа жері, ел басына күн туғанда жандарын шүберекке түйіп, патшаның от қаруына жалаң қолмен шыққан бабаларымыздың ерлік істерін келешек ұрпақ жадында қалдыружәне оны ұлықтау мақсатында осы жазбаны жариялауды жөн көрдім.

Бұрынғы Ырғыз уезінің Белқопа болыстығы — 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті, қазан төңкерісі, азамат соғысын бастан өткізген өлке.

«.. 1916 жылы Белқопа болыстығынан қазақтарды қара жұмысқа алу туралы ақ патшаның жарлығына қарсы шыққан көтерілісшілер Пірәлі болысты өлтіреді. Өздерінің арасынан Жұмағазы Жүргеновті хан көтеріп, Белқопадағы Үймоланың бойына жиналып, қару-жарақтарын жинақтап, соғысқа дайындалған. Патша үкіметінің жазалаушы әскерімен алғашқы шайқас офицер Месяцев отрядымен Ащы өзені бойында болып, көтерілісшілер жеңсе, Белқопадағы Қарақұдық түбінде күз мезгілінде подполковник Клоповтың 800 солдатымен болған шайқаста көтерілісшілер жеңіліп, 1909 жылы салынған биік мұнаралы Құлтас мешітіне ығысады. 1916 жылы патшаның ақ казактары мешіттің таза жезден жасалған айшығын атып, зиян келтірген екен…» (Әліби Қойлыбаевтың «Бабамнан қалған байтағым» кітабынан алынды. 107-109 беттер — авт.)

Казактардан қашқан көтерілісшілер Қопа көліне тығылады. Ақ патшаның жазалаушы әскері қамысқа тығылған көтерілісшілерді шығару үшін Қопа көліне өрт қойған деген сөз де айтылады. Бір жылға жетпейтін уақыттан кейін елде өзгеріс болып, патшаның тақтан құлағаны тарихтан белгілі.

Қарақұдық түбіндегі соғыста көтерілісшілер алдына көп жылқы салып, қанша қайрат қылғанмен, мұздай қаруланған патшаның жазалаушы әскерін жеңе алмайды. Осы шайқаста ондаған адам жараланып, көп кісі жазалаушылар қолына түседі. Солардың ішінде Наушарман атамыз (1892-1975 жж.) да бар екен. Жазалаушылар атамызды өздерімен бірге жол көрсетуге күштеп алып кетеді. Олар түнде сақтық ретінде әр жерге күзет қояды екен. Жазалаушы әскердің өздерімен бірге атқа жегілген ашық далада тамақ істейтін арбалары болған. Наушарман атамыз көтерілісшілерден күшпен жинап алынған жылқылардың ішінде өзінің Қасқырат деген атымен қашуды ойластырады. Сөйтіп, бірнеше күннен кейін түн ішінде жазалаушылардың күзетшілері ұйқыға кеткен кезде Қасқыратты жетектеп алып шығып, кісенін үзіп, сәл ұзаған соң атына мініп шаба жөнеледі. Аттың дүбірінен шошып оянған жазалаушылардың күзетшілері түн ішінде жылқының шапқан бағытына қарай оқ жаудырады. Қаңғыған оқ Наушарман атамыздың санына тиеді. Ол қансырағанына қарамастан, шаба береді. Көп қан жоғалтып, әлсіреген Наушарман атамызды Қасқыраты таң ата айдаладағы бір үйге жеткізеді. Үй иелері бейтаныс адамды аттан түсіріп алып, жарасына киіз басып, аузына су тамызады. Ес жиған соң Наушарман атамыз болған жағдайды айтып береді. Сол үйде бірнеше уақыт болып, емделіп, патша үкіметі құлаған соң жазалаудан құтылып кеткен екен.

Наушарман атамыз кейін үйленіп, әжеміз Рая екеуі бала тәрбиелеп, қызығын көріп, бақытты өмір сүрді. Атамыз көтеріліс кезінде алған жарақатына қарамастан, колхозда қарапайым жұмысшы ретінде жемісті еңбек етті.  (Бұл жазба Наушарман атамыздың немере інісі марқұм Іздеген аға Сегізбаевтан 2008 жылы жазып алынған болатын — авт.).

Баласы Мейірханнан тараған ұрпағы өсіп-өніп, қазір үлкен әулетке айналып отыр.

Менің атам Нағымет Көбеков Белқопаның Қостерегінде Наушарман атамызбен көрші тұрды. Осы жолдардың авторы дүниеге келіп, перзентханадан шығып жатқанда Наушарман атамыз өмірден өтеді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің, одан кейінгі азамат соғысының тірі куәгерлерінің бірі болған Наушарман атамның өмір жолын болашақ ұрпақ есінде қалдыру үшін жазып отырмын.

Қарабұтақ өлкесінің тарихын жетік білетін ақсақал Әліби Қойлыбаев пен қаламы қарымды журналист марқұм Қасымжан Байсадақовтың Қарабұтақ өлкесінде болған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті ұлықтау мақсатында Белқопа ауылының орталығында ескерткіш белгі орнату туралы ұсыныстары белгісіз себептермен аяқсыз қалған болатын.

Дүниені дүр сілкіндірген ұлт-азаттық көтеріліс ел, халықтың рухын көтеріп, атқа қондырды. Бабаларымыздың ерлік істерін келешек ұрпақ жадында қалдыру үшін Әйтеке би ауданы Белқопа ауылының орталығына 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысты ескерткіш белгі қойылса, аталарымыздың аруағы алдында игілікті іс болар еді.

Белқопа жері — талай тарихтың куәсі болған мекен.  Дүрбелең жылдарда патша өкіметі казактары Құлтас мешітінің төбесіндегі жезден жасалған айшығын атып, зиян келтірген көрінеді. Қазір бұл айшық өлкенің құнды жәдігері, көненің көзі ретінде Қарабұтақ мұражайында сақтаулы тұр. Айшықтан оқ іздерін айқын көруге болады.

Бар құпиясын ішіне бүккен, киелі де қасиетті Белқопа өлкесінің қысқаша тарихы — осы.

Ерболсын КӨБЕКОВ, тарихшы,

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button