Жаңалықтар

«Менің сүйікті басылымым»

Баспасөз — 2025

Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген. Бұл сөз дәл қазіргі таңда да өзектілігін жойған жоқ. 100 жыл бойы өңір жылнамасын жазып келе жатқан облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» газеті — қолыма тигенше асыға күтетін сүйікті басылымым.
Газетпен достық сонау бала кезден басталды: үй жанындағы жәшіктен газеттің жаңа санын алуға асығатынбыз, оның иісі балалық балғын шақтың естелігі сияқты.
Ауыл мектебінде табан аудармастан 37 жыл еңбек етіп келемін. Жыл сайын басылымға қуана-қуана жазыламын. Облыс өңіріндегі барлық жаңалықтың жаршысы «Ақтөбе» газетінің келуін асыға күтемін. «Ақтөбе» газетінің менің өмірімдегі орны ерекше. 1999 жылы облыстың «Жыл мұғалімі» байқауында бас жүлде алдым, бұл жетістігім газет бетінде жарияланды. Газеттің дәл осы күнгі санын сақтап қойдым. 2004 жылы газет бетінде жарияланған «Қазақстан-2030» стратегияларын насихаттауға арналған шығармалар байқауына қатысып, cол кездегі облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың өз қолынан марапат бұйырды. 2008 жылы газет беттерінен «Тұрғын үй» жинақ банкі арқылы үй алуға болатынын біліп, бір емес, екі баспанаға қол жеткіздім. Өзім ғана алып қоймай, газетті сары майдай сақтап, басқалардың жайлы баспанаға қол жеткізуіне қолдау жасадым. Айта берсем газетке жазылу арқылы көптеген жетістіктерге қол жеткіздім.
Қазір мектеп басшысымын. Дәл қазіргі таңда басылымға жазылу науқаны басталды. Мектеп ұжымы ауданда ең бірінші болып, бір кісідей ауызбіршілікпен облыстық «Ақтөбе» газетіне және жергілікті «Жем-Сағыз» газетіне жазылды. Қазақ зиялы қауымының көшін бастайтын ұстаздар газеттің жанашыры болуға тиіс. Кейде әріптестер газетке жазылуды айтса, мәжбүрлеп жатыр деп қабылдайды. Тапқан табысыңның 10 пайызын ізденуге, білім жетілдіруге, басылымға жазылуға пайдалануды неге дағдыға айналдырмасқа? Өмір бойы білім алу әр адамның кредосына айналуы керек десек, ізденуге жол ашатын іс-әрекеттің бірі — басылымдарға тұрақты жазылып отыру.
Қазақ басылымдары өзінің миссиясын жоғалтқан жоқ, жоғалтпайды. Кейбір азаматтар ғаламтор тұрғанда газеттің қажеті қанша деп ойлайды. Бірақ ғаламтор газет пен кітаптың орнын ешуақытта алмастыра алмайды. Сондықтан газеттен қол үзбеген дұрыс.

Лиза ТЫНЫШБАЕВА,
№3 Қарауылкелді орта мектебінің директоры.
Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button