Тарих

Мерейлі жылдар

V шақырылым өз жұмысын облыстық мәслихаттың 2012 жылғы 20 қаңтардағы алғашқы сессиясында бастады. Кезекті мерзімге сайланған депутаттар арасынан мәслихат хатшысы болып Сәния Қалдығұлова сайланды. Бұл шақырылымда сайланған депутаттардың арасынан тұрақты комиссиялардың төрағалығына Бөгежан Аманбаев, Қуаныш Елубаев, Қайырбек Тоқтаров, Александр Чемоданов, Асан Ыбыраев және Асхат Шахаров сайланды.

Облыстық мәслихаттың VІ шақырылымы өз жұмысын 2016 жылдың 24 наурызында өткен бірінші сессиядан бастады. Бұл шақырылымда облыстық мәслихаттың депутаты болып 31 депутат сайланды. Ашық дауыс беру нәтижесі бойынша облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова болды. Ал облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының төрағалары болып Марат Итеғұлов, Амангелді Есіркепов, Аркадий Ни, Гүлжанат Ерғазина, Дмитрий Довматенко сайланды.

Қос шақырылымның хатшысы

Облыстық мәслихаттыңV, VІ шақырылымында хатшы болған Сәния Қалдығұлова — еліміздің дамуына үлкен үлес қосып, жоғары кәсібилік пен іскерліктің үлгісін көрсетіп жүрген нәзік жанды қайраткерлердің бірі.

Еңбек жолын 1976 жылы Ақтөбе қаласындағы №5 орта мектепте аға тәлімгер, бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған олкейін қалалық комсомол комитетінің нұсқаушысы, Фрунзе аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы, облыстық комсомол комитетінің мектеп және студент жастар бөлімінің меңгерушісі, «Спутник» халықаралық жастар туризмі бюросының меңгерушісі қызметтерін атқарды.

Оның іскерлік қасиетін, мінсіз жұмысы мен жоғары жауапкершілігін ескеріп, қалалық партия комитеті жұмысқа шақырды. Нұсқаушы, қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, қала әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. Ал 1999 жылы қарашада жерлестері оны Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына сайлап, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі болды.

Мәжілістің екінші шақырылымына бір мандатты депутаттар сайланды, яғни біздің әрқайсысымызды өз өңіріміздің тұрғындары тікелей сайлады. Бұл үлкен құрмет қана емес, сондай-ақ зор жауапкершілік еді. Біздің облыстан үш үміткер болды, оның екеуі —ауданнан, біреуі — облыс орталығынан,— дейді ол.

Сәния Мұсақызының айтуынша, ол кезеңдеатқаратын жұмыс көп болды. Себебі заң қабылдау — еңбекті көп қажет ететін және күрделі процесс. Мәселен, сол жылдары әлеуметтік көмек, зейнетақы, атаулы әлеуметтік көмек, жастар саясаты, неке және отбасы туралы заңдар қаралды, заңға «патронатты отбасы» және «патронат» ұғымдары енгізілді. Бұдан бөлек ел бюджеті де қаралды.

Сәния Қалдығұлованың бастамасының арқасында бүгінде Ақтөбеде жұмыс істеп тұрған заң институтының құрылысына республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Тағы бір мәселе — елдегі онкологиялық жағдайдың қолайсыздығы, бұл тақырыпты көпшілік айналып өтуге және қозғамауға тырысты. Алайда Сәния Қалдығұлова мәжіліс депутаттары арасында бірінші болып депутаттық сауал жолдап, өзекті мәселенің оң шешімін табуына ықпал етті.

Ол кезде Үкімет басшысы болған Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттың бастамасына назар аударды. Нәтижесінде Денсаулық сақтау министрлігінің жабық отырысында онкологиялық аурулармен күресудің арнайы бағдарламасын жасау туралы шешім қабылданып, онкологиялық қызметті дамытуға қомақты қаржы бөлінді.

— Сол кезеңдерде депутаттық корпустың құрамында танымал заңгерлер, медицина, білім, ауыл шаруашылығы саласының мамандары болды. Сондықтан пікірталастар көп болатын. Мысалы, «Жастар саясаты туралы» Заңды әзірлегенде менің қарсыласым белгілі мемлекет қайраткері Ғани Қасымов болды. Бұл заң еш өзгеріссіз әлі де өз күшінде қалды. Егер аталған заң қабылданбағанда, жастар құрылымдарын қаржыландыру мүмкін емес еді, — дейді Сәния Мұсақызы.

Оның айтуынша, Ғани Қасымов құжаттың декларативті сипатта екенін айтып, оны қарауды кейінге қалдыруды талап еткен.Осы тұста Сәния Қалдығұлова баяндамашыдан қысқа үзіліс жариялауды өтініп, Ғани Қасымовқа аталған заңның қабылдануғатиіс екендігін айтып, сендірген. Бұдан бөлек ол атаулы әлеуметтік көмек туралы заңның қабылдануына да күш салған. Басында бұл заңды депутаттар уақытша қабылдағысы келген, дегенмензаң бүгінге дейін жұмыс істеп тұр.

2004 жылы Сәния Қалдығұлова туған жері Ақтөбеге оралып, қала әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2012 жылы ол қайтадан сайлауға қатысты. Бұл жолы Парламентке емес, облыстық мәслихат депутаттығына түсті. Ақтөбеліктер оған зор сенім артып, облыстық мәслихаттың депутаты етіп сайлады, кейін мәслихат хатшысы болды. Ол екі шақырылымда облыстық мәслихаттың хатшысы болып жұмыс істеді.

— Парламентте жинаған тәжірибем маған көп дүниені үйретті, сондықтан облыстық мәслихатта ешқандай қиындықтар болған жоқ. Депутаттық корпус ауызбіршілікте болып, жемісті жұмыс атқарды. Депутаттардың жұмысы— көзге көрінбейтін, алайда  жауапкершілігі зор міндет. Отырыстарда халық қалаулылары облыс бюджетін бекітіп қана қоймай, түрлі салалардағы өзекті мәселелерді қарастырады. Биыл біз мәслихаттардың 30 жылдығын атап өтіп жатырмыз, бұл — өте маңызды оқиға, — дейді ол.

Сәния Мұсақызы қызмет барысында тек жұмыстың жайын ғана ойлап қоймай, адамдармен жақсы қарым-қатынас орнатуға көп көңіл бөлді. Адамдарды тани білу, оларды жақсылыққа, жаңашылдыққа шақыру, жастарға білмегенін үйрету, өз тәжірибесімен бөлісу —  мұның бәрі облыстық мәслихат хатшысының күнделікті жұмыстағы ұстанымы болды. Қызметте оның осы қасиетін көп адам жоғары бағалады.

Сәния Мұсақызының депутаттарды халықтың мүддесі үшін қызмет етуге жұмылдырып, үнемі игі істердің басы-қасында жүргенін ақтөбеліктер жақсы біледі.

Он жыл депутат болды

Қайырбек Тоқтаров 2006-2015 жылдар аралығындаоблыстық мәслихаттың депутаты ретіндеәлеуметтік мәселелермен айналысты. Осы уақыт аралығында Ақтөбеде бірқатар медициналық мекеме ашылды.

Ол бұл жылдары жедел жәрдем ауруханасына іргелес орналасқан Ақтөбе қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері қызметін атқарды. Одан кейін облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері болды.

Мен облыстық мәслихатқа депутат болып сайланған кезде балалар мен ересектер денсаулығын сақтау саласындағы жағдай қиын болды. Аурухана жетіспеді. Марат Оспанов атындағы медицина университетіне тапсырылған онкология бөлімі жалпы мәселелерді шеше алмай, жедел жәрдем ауруханасына жүк артылды. Балалар ауруханалары ескірген ғимаратта жұмыс істеп, төсек-орын тапшылығы байқалды, — дейді ол.

Оның айтуынша, 2006 жылы депутаттар аурухана құрылысы мәселесін көтерген. Соның нәтижесінде «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша көпсалалы балалар ауруханасы салынған. Кейін Қайырбек Насырұлы облыстық мәслихаттың депутаты болғанда көпсалалы балалар ауруханасының жанынан облыстық перинаталды орталық салынған. Туа біткен жүрек ақауы бар нәрестелерге көмек көрсету бағытында балалар кардиохирургиясы ашылған.Алғаш рет жаңа ауруханалардағы операциялық бөлмелер көшедегі ластанған ауаны бөлмеге кіргізбейтін заманауи желдету жүйесімен жабдықталған. Бүгінде бәрі бір ғимаратта орналасқан, тіпті сыртқа шығудың қажеті жоқ. Соның нәтижесінде нәресте өлімі айтарлықтай азайды.

Түрлі профильдегі мамандарды бір шаңырақ астына жинаған Ақтөбе медициналық орталығының ғимараты да қайта салынды. Бұл емдеудің тиімділігін арттырды.

Сол жылдары жедел жәрдем станциясының материалдық базасы мәселесін шешу де маңызды шаруалардың бірі болды. Оның ағайынды Жұбановтар көшесіндегі ғимараты ескі казарма болатын. Тозығы жеткен көліктер жиі істен шығатын. Ал жедел жәрдем көліктері жетіспейтін.Өкілетті орган мен атқарушы биліктің бірлескен күш-жігерінің және инвесторлардың қаржыландыруының арқасында бұл мәселе оң шешімін тапты. Бүгінде Алтын Орда шағын ауданында заманауи үлгідегі жедел жәрдем станциясының ғимараты бой көтерді. Жедел жәрдем көліктерінің қозғалысын оператор монитор арқылы бақылайды.

Өңірлерден ауыр науқастарды жеткізуге арналған тікұшақ алаңы да бар. Бұрын станция жүргізушісі жұмысқа келіп, тапсырма алып, содан кейін ғана шақыруға барса, қазір барлығы жедел байланыс арқылы жүзеге асырылады. Бұл уақыт пен отынды айтарлықтай үнемдейді.

Депутаттық қызметтегі ең қиыны әлеуметтік сала деуге болады. Бүгінде медициналық сақтандыру қоры тарифтерінің төмен болуына байланысты денсаулық сақтау саласын жеткіліксіз қаржыландыру мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Екі жылдан бері Денсаулық сақтау министрлігінің қаржылық аудиторлары осы мәселемен айналысып жатыр.2012-2024 жылдар аралығында №2 қалалық емхананы басқардым. Пандемия кезінде емханалар төртінші санаттағы жедел жәрдем көліктеріне тәулік бойы қызмет көрсетті. Пандемия аяқталғаннан кейін біз емханалардың түнгі ауысымын жоюды ұсындық. Себебі жедел жәрдем шақыруларына қызмет көрсету тарифтері өте төмен. Емханаға бір жылға 30 миллион теңге бөлінгенімен, іс жүзінде 180 миллион теңге қаржы жұмсалады. Бұл жұмысты оңтайландыру бойынша нормативтік құжаттарға әлі қол қойылған жоқ, бірақ өзгерістер енгізілді.

Бүгінде әлемдік тәжірибе медициналық сақтандыру қорының тиімділігін дәлелдеп отыр. Емханаларда жедел жәрдем көлігінің жүктемесі азайса, олардың материалдық жағдайы жақсарады деп ойлаймын, — дейді Қайырбек Тоқтаров.

Кейіпкеріміз Т.Ахтанов көшесіндегі №2 қалалық емхана ғимаратын жөндеу қажеттігін айтып, осы мәселені де көтерген болатын. 1970 жылдары салынған ғимарат бүгінде ескірген. Қазір бұл емхана ғимараты күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жыл аяғына дейін қолданысқа берілмек.

Он жыл облыстық мәслихат депутаты болған Қайырбек Тоқтаров былтырдан бастап қалалық мәслихаттың депутаты ретінде әлеуметтік саланы дамытуға атсалысып келеді. Ол қазір жұмыс тобының құрамында саяжай учаскелерінің мәртебесін жеке тұрғын үй құрылысына беру мәселесін көтеріп жүр.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button