«Білімді мыңды жығады…»
Кеше облыс әкімі Асхат Шахаров студенттермен кездесіп, жастардың сұрақтарына жауап берді.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде өткен кездесуге келгеноблыстағы білім мекемелерінде оқитын 30 студент әуелі Асхат Берлешұлының шағын дәрісін тыңдады.
—Бүгінгі кездесуде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында, Ұлттық құрылтай отырыстарында көтерген ұлттық құндылықтар туралы өздеріңізбен ой бөліспекпін.
Мемлекет басшысы биыл наурыз айында өткен Ұлттық құрылтайда ұлттық құндылықтарды айқындады. Олар — тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсібилік, жасампаздық пен жаңашылдық. Бұл — біздің саясат пен экономикадан бастап, білім мен мәдениетке дейінгі барлық саладағы бағыт-бағдарымыз.
Сонымен қатар ел Президенті қоғамдағы бес кеселмен ел болып күресу керек екенін атап өтті, олар — есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымы, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг, вандализм. Қоғамға қауіпті осы кеселдермен күресуге барлығымыз бір кісідей жұмылуымыз керек.
Осы орайда саналы ұрпақ тәрбиелеуде ең алдымен отбасылық құндылықтарды, ұлттық тәрбиені кеңінен насихаттауымыз керек. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасына сәйкес қоғамда еңбекқорлық идеясы орнығып, азаматтарымыз адал еңбекпен табыс табуы қажет, — деді облыс әкімі.
Еркін форматта өткен басқосуда Бекнұр Орынбасаров, Темірлан Алдажаров, Батыржан Сапарғали сынды жастар «Патриот деген кім?», «Табысқа жетудің жолы қандай?», т.б. сұрақтарын қойды. Облыс әкімі студенттер үшін ең басты міндет жақсы оқып, сапалы білім алу екендіг атап өтті.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.