Жаңалықтар

Ауданішілік жолдар жөнделіп жатыр

Облыс орталығына іргелес жатқан Алға ауданының халқы ауыз сумен — 98,5 пайыз, ал газбен 98,8 пайыз қамтылған.

Қазір Тікқайың, Көктоғай ауылдарына су жүйесін апару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал Жерұйық ауылын газбен қамту үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалған.

Аудан халқы үшін ендігі өзекті мәселе — жол инфрақұрылымын дамыту. Осы мақсатта биыл ауданда 14 жоба қолға алынған. Оның 8-і — аудандық, ал алтауы ауылішілік жолдардың құрылысына арналған. Бұл жобалардың жалпы құны — 5,1 миллиард теңге. Ал құрылысы салынатын және жөнделетін жолдардың жалпы ұзындығы 57,2 шақырым болады.

Мұның ішінде бірқатар ауылға кіреберіс жолдарды жөндеу қарастырылған. Атап айтқанда, Талдысай ауылыныңкіреберіс жолына күрделі жөндеу жүргізіледі. Оның ұзындығы — 5,2 шақырым. Ал Нұрбұлақ, Сарықобда және Болгарка ауылдарының кіреберісжолдарына орташа жөндеу жүргізу көзделген. Бұлардың жалпы ұзындығы 5 шақырым болады.

Сондай-ақ аудан орталығынан Тоқмансай ауылына баратын жолдың 26,6 шақырымы орташа жөндеуден өтеді. Мұны екі жобаға бөліп іске асыру жоспарланған. Бұдан бөлек Алға — Есет батыр Көкіұлы бағытында және Бесқоспа ауылында жол жөндеу жұмыстары қарастырылған.

Ауылішілік жолдар бойынша жалпы ұзындығы 13, 4 шақырым болатын 6 жоба іске асырылып жатыр. Бұның ішінде Алға қаласындағы №1 тұрғын алабындағы жолдардың құрылысын салу, Желтоқсан және Иманов көшелерінің қиылысынан Тамды ауылына шыға беріс жолға дейін орташа жөндеу жүргізу, т.б. жобалар бар. Ал Бестамақ ауылында Ізтай Мәмбетов және Бөкенбай батыр атындағы көшелер жөнделеді.

«Ауыл — ел бесігі» жобасының аясында Қарақұдық ауылының да бірқатар көшесіне орташа жөндеу жүргізілмек. Бұл ауылда жөнделетін көшелердің жалпы ұзындығы — 4,5 шақырым.

 Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button