«Ақтөбе» — 100!Басты жаңалықтар

Қобда: батырлар еліндегі жүздесу

Облыстық «Ақтөбе» газетінің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған Қобда жеріндегі кездесулер барысында ерлік пен елдік тақырыбы қос өрімдей алдан тартылды да отырды. Оның өзіндік себептері бар. Әңгіме тақырыбын да сол ауқымнан өрбітіп көрелік.

Ерліктің ерен үлгісі

Әр өңірдің өзіндік ерекшелігі бар. Әдетте бұл аймақты батырлар елі деп жатады. Мұндайда ең алдымен ойымызға Жиренқопа жеріндегі Қобыланды батыр тұлғасы оралады.

Сондай-ақ заманында елі мен жері үшін атқа мінген Абат-Байтақ батырлар көз алдымызға келеді.

Теңдік үшін ақырып атқа мінген Исатай батыр да Қобда жеріне жат емес.

Ал берігірек уақытқа мойын бұрсақ, күллі кеңестік шығыстан шыққан екі батыр қыздың бірі, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың есімін ауыз толтырып айтамыз.

Екінші дүние жүзілік Соғыс жылдарында облыс орталығында құрылған 312-атқыштар дивизиясының және 101-ұлттық бригада жауынгерлерінің қатарында Мәскеу түбіндегі фашист басқыншыларына қарсы күресте қобдалықтар асқан ерліктің үлгісін көрсетті.

Қобдалық батырлар қатарында Иманғали Білтабановтың 100 жылдығы да келесі жылы аталып өтпек. Ол Қобда ауданының Қосөткел ауылында дүниеге келген. 1943 жылы әскер қатарына алынып, Одерден өтіп, Одерфельд деревнясы үшін болған шайқаста жаудың 120 жауынгерін жер құштырады.

Тағы бір батыр Абдолла Жанұзақов Калинин майданында жауынгерлік ерлік үлгісін көрсетеді. Невель қаласы үшін болған ұрыста бірінші болып шабуылды бастайды.

Михаил Колесников майданда танк бөлімінде қызмет етеді. Соғыстан кейін Новоалексеевкіде тұрып, жұмыс істейді.

Михаил Прохоров 1940 жылы қызыл әскер қатарына алынады. Артиллерия полкінде зеңбірек командирі болады. Екінші Украина майданында ерлік көрсетеді. Ол 1945 жылы Жеңіс шеруіне қатысады.

Иван Пятковский байланыс ротасының капитаны болған.

Николай Терещенко — Калиновка ауылының түлегі. Майданда ерлікпен қаза табады.

Михаил Кошелев жау тылынан тіл әкелуде ерлік көрсетеді.

Бейбіт күннің батыры Алтынбек Әкімжанов ауданды ұзақ жыл басқарып, Еңбек Ері атанды.

Қобда ауданында облыстық «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінің жүз жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шараға оқырмандар, жергілікті жұртшылық өкілдері ықыласпен қатысты. Осындағы жүздесулер барысында батырлар дәстүрі, ұрпақтар сабақтастығы, ерлік пен елдік, ілгері буынның үлгісі, жастарды патриотизмге тәрбиелеу мәселелері көбірек әңгіме өзегіне айналды.

Бұлақтағы баянды істер немесе жәдігерлермен танысу

Журналистер ең алдымен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туған жері Бұлақ ауылына аялдап, тарихи мекеннің бүгінгі жай-күйімен танысты. Осындағы батыр мұражайында көптеген деректер мен естеліктер жинақталған.

Бұл мұражай ғимараты осыдан бірнеше жыл бұрын осындағы «Бұлақ» шаруа қожалығының басшысы Алдамберген Жолдасовтың демеушілігімен салынған екен.

— Алдамберген ағамыз ұзақ жылдар ауыл шаруашылығында еңбек еткен, көпті көрген, жастарға қай жерде де үлгі көрсетіп жүрген ілгері буынның ізгі жүректі адамы. Ол баласы Сүйін екеуі осы өңірде мал шаруашылығымен шұғылданады, еңбектерінің жемісін көріп жүрген жандар. Әлия апамыздың ерлігін құрметтеп, өз бастамасымен осындай игілікті істің қолдаушысы болды. Қазір де мұражайға қамқорлық жасап отырады, — деді бізге музей қызметкері Бағдаш Төпенова.

Мұражай маңындағы батыр қыз ескерткіші, әдемі жасақталған саябақ, күтіммен өсірілген теректер — осының бәрі жанашырлықпен астқарылған шаруалар екенін байқатады.

Келер жылы туғанына 100 жыл толатын Әлия Молдағұлованың мерейлі мерекесіне орай Бұлақ ауылына келушілер қатары көбейе түсері анық. Ауылға тартылған асфальт жол да сырттан келетін қонақтарды өзіне шақырғандай сайрап жатыр.

Бұдан кейін қалам иелері Әлия ауылындағы музейдің құрылыс жұмыстарымен танысып, одан соң аудандық музейде жинақталған тарихи жәдігерлерді көрді.

Аудандық музейдің бөлім меңгерушісі Гүлбаршын Ерғалиева Ақтөбеден келген қонақтарға ел тарихы, жер тарихы туралы әсерлі әңгімелеп берді.

— Біз қазіргі уақытта тағы бір батырымыздың дерегін тауып отырмыз. Ол — Ақби Рақов, Новоалексеевка селосында 1923 жылы туған. Он сегіз жастағы жігіт үйленгеніне бір апта өткен соң Қобда аудандық әскери комиссариатынан өзі сұранып, майданға аттанады. 1942 жылдың шілде айында келіншегі Клаура да әскер қатарына қабылдануға арыз береді. Ол №761 әскери әуе күштері полкі құрамында зеңбіректерді тазарту, зеңбірек ұңғысын оқпен толтыру міндеттерін атқарады. 1945 жылы Ұлы Жеңіспен, орден-медальдарьмен туған өлкеге аман-сау оралады.

Ал Ақби Рақов дербес 10-танк корпусының 183-танк бригадасы құрамында танк командирі болады. Шайқас кезінде ерлік көрсетіп, ауыр жарақаттанғаннан жау қолына түседі. Соғыс аяқталғасын Донбастың шахталарын қалпына келтірушілер қатарында қара жұмысқа жегіледі. Оның майданда батырлық көрсеткені кейінірек анықталады, — деп мәлімет берді бізге музей қызметкері.

Оқырмандармен ойласу

Газеттің жүз жылдығы аясындағы мерейтойлық кездесу Қобда ауылындағы қазақ орта мектебінде жалғасты.

Аудан әкімі Ізгілік Тынымгереев қонақтарға сәт сапар тілеп, байырғы басылым — «Ақтөбе» газетінің 100 жылдық мерекесімен құттықтады.

«Тарихы терең, тағылымы мол Қобда өңірінің шежіресін жазуға облыстық «Ақтөбе» газеті айтарлықтай үлес қосып келе жатқанын жақсы білеміз. Біздегі еңбек адамдары, түрлі мамандық иелері туралы мақалалар сіздердің газеттеріңізде жүйелі жазылып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, жақсы жетістіктеріміз де ұдайы көрсетіліп келеді. Жергілікті оқырмандар «Ақтөбе» газетін ықыласпен оқиды»,- деп атап көрсетті аудан басшысы.

Облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналының басын қосатын «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин  ғасырлық тарихы бар «Ақтөбе» газетінің жүріп өткен жолы туралы айтып, бұл басылымның қай кезде де ел мүддесін, халық қамын ойлау бағытын берік ұстанып келе жатқанына тоқталды.

— Газетіміздің 100 жылдық мерекесі — қалың оқырманның, жалпы жұртшылықтың мерекесі. Заман ағымына сай «Кедей» атауынан басталған газет бүгінде «Ақтөбе» болып, тұтас өңірдің тыныс-тіршілігін, елдің өркендеу, өсу жолдарын байыпты көрсетіп келеді. Алдағы уақытта да біз оқырмандарымызбен ынтымақтастықта, алға қарай қадам баса беретін боламыз, — деді ол.

Жиналған жұртшылық алдында философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов, Қазақстанның құрметті журналисі Аманқос Орынғалиев, облыстық мәслихаттың депутаты Естай Сисенбаев, сондай-ақ облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің бас редакторлары Сәтжан Дәрібай мен Гүлсім Назарбаева сөз сөйледі.

Кездесуде бір топ баспасөз жанашыры, «Ақтөбе» газетінің белсенді оқырмандары «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның Алғыс хатымен марапатталып, сыйлықтарға ие болды. Олардың қатарында еңбек ардагерлері Жауғашты Жұмағалиев, Сағынтай Матжанов, аудандық аурухананың бас дәрігерінің медициналық қызмет көрсету сапасы бойынша орынбасары Әлия Пернебаева, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің нұсқаушысы Ербол Қуанышалин, аудандық Мәдениет үйінің режиссері Ерлан Жиеналин бар.

Облыстық кәсіподақ кеңесінің ауылшаруашылығы саласының ардагері төсбелгісіне Амантай Мырзағұлов, Есаман Төреев, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасына аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Зүлфия Ізбасарова, әдіскер Айнагүл Мусина ие болды.

«Бізде де бір пікір бар!»

Жауғашты Жұмағалиұлы, еңбек ардагері:

— Осыдан біраз жыл бұрын «Ақтөбе» газетінде «Қиылда 3 қабатты мектепте 5 оқушы оқиды» деген мақала жарық көрді. Осы мақалада көтерілген жайға қатысты мен де қосымша ұсыныстарымды жазып, Қиыл ауылын сақтап қалу, ол үшін ауылда халық санын көбейту қажеттігі турасында айттым.

Онда «Қиыл — мал шаруашылығын дамытуға өте қолайлы жер. Кезінде бұл ауылда көпжылдық еркекшөп егілген.  Шаруалар жылына бұл шөпті екі рет шауып, мал азығын дайындайтын. Ауыл тұрғындары «Үш қабатты мектебіміз тоналмай, бұзылмай сақталғанын қалайды» деп басқа да мәселелерді атап көрсеттім.

Айтайын дегенім, газет көтерген мәселе бойынша бірқатар оңды шаралар алынды. Баспасөздің ықпалы қай кезде де кемімейді. Газетте сын мақалалар көрініп тұрса деймін.

Нұрлыбек Кереймағанбетов, еңбек ардагері:

— Біздің буын бала кезімізден өлкелік «Батыс Қазақстан» газетін оқып өстік. Оған жол ашқан үлкендердің газет-журнал оқуға құштарлығы еді. Алдымен ақсақалдарға газет мақалаларын оқып беретінбіз. Бұның өзі бізге көп әсерін тигізді. Кейін осы басылымның жалғасы — облыстық «Коммунизм жолы», «Ақтөбе» газеттерінен қол үзгеніміз жоқ. Оқушы кезімде мен оған қоса «Советский спорт» газетін тұрақты жаздырып алатын едім.

Кешегі нарық заманы тұсында, экономикалық жағынан қиындау бір сәтте ауданда газет шығару ісі жауапкершілігін мойныма алдым, «Қобда» газетін баспаханада басу ісіне араластым. Сол кезде облыстық газеттегі әріптестерім көп көмек-қолдауын жасады.

Қобда өңірінен, Қосөткел ауылынан шыққан Хасен Наурызбаев деген ағамыз облыстық газеттің журналистерінің алғашқы буыны қатарында еңбек еткенін мақтан тұтамыз.

Ардагерлер еңбегі, солардың үлгісін көрсетіп тұрсаңыздар.

Естай Сисенбаев, облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер:

— Мен осы өңірден облыстық мәслихатқа депутат болып сайландым. Сондықтан жергілікті тұрғындармен жиі араласып, өзекті мәселелерді бірге талқылап, шешу жолдарын ойластырып отырамыз.

Облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерін көп уақыттан бері үзбей оқып тұрамын. Бұл басылымдар қай уақытта да жақсы жаңалықтардың жаршысы болып келеді. Мәселен, «Ауыл аманаты» жобасының маңыздылығын ел-жұртқа кеңінен түсіндіріп, насихаттық жұмыстар жүргізуде облыстық екі газет, сондай-ақ «Үш таған» журналы көп шаруа тындырды. Журналистер аудандарға ұйымдастырған экспедиция құрамында болғандықтан да бұл жайды жақсы білемін. Сонда газет сөзінің өтімділігін, үгітшілік ықпалын айқын сезіндім.

Бүгінде әлеуметтік желілерге қызығушылық байқалғанымен, газеттердің ақпарат таратудағы шынайылығы, нақтылығы, байыпты пікір білдіруі оның артықшылығын көрсетеді.

Қай салада қызмет жасасаңыздар да, газет оқыңыздар, сонда ұтылмайсыздар.

Әлия Пернебаева, аудандық аурухана бас дәрігерінің медициналық қызмет көрсету сапасы бойынша орынбасары:

— Дәрігер адам денсаулығы үшін алаңдайды. Негізінде ауруды емдегеннен гөрі алдын алған дұрыс. Бұл ретте біз үшін баспасөздің көмегі көп. Біздің әріптестеріміз облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттерін тұрақты алдырып оқиды. Бұл газеттерден біз өзімізге қажетті көп ақпарат аламыз.

Әлихан Омаров, Қобда орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

— Біздің мектебімізде қазіргі уақытта 466 оқушы екі ауысымда білім алады. Өткен оқу жылында «Облыстың үздік мектебі» грантына ие болдық. Мектептегі оқу кабинеттері заманауи білім беру құралдарымен жабдықталған.

Ұстаздарымыз баспасөз арқылы өз тәжірибелерін бөлісіп, тәрбие ісіне байланысты мақалаларын жұртшылыққа ұсынып отырады.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button