Қоғам дертімен күрес
Заң және тәртіп
«Жұбановтар әлемі» шығармашылық үйінде өткен «ТЕАТРALL II» облыстық байқауы өз мәресіне жетті. Шығармашыл жастарды қолдауға, жастар арасындағы және қоғамдағы түрлі түйткілді мәселелерді қоғам назарына ұсынуға, қауіпті кеселдермен бірге күресуге бағытталған фестиваль «Қоғам дерті» тақырыбы аясында өтті.
Облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған байқауда жастар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамда жат, қауіпті кеселдерден аулақ болуға насихаттайтын «Адал адам — Адал еңбек — Адал табыс» қағидасына негізделген қойылымдарын ұсынды.
Іс-шараның қорытынды бағдарламасында сөз сөйлеген облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мирхан Ермағанбетов қатысушыларды құттықтап, белсенділіктері үшін алғыс білдірді.
Өнер байқауына қабылдау 8 қараша күні басталған. Алдын ала іріктеу кезеңінен 12 топ таңдалып, 120-дан астам қатысушы облыстық кезеңге жолдама алды.
Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының бас режиссері Елтай Кемал, «Екі езу» сатира театрының көркемдік жетекшісі Нұрлыбек Жұбатқан және Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Заманай Қайнарұлы қазылық еткен байқауға тігілген жүлде қоры — 255 мың теңге.
Бас жүлдені «Болашаққа жол» қойылымымен Қызылжар орта мектебінің жас өнерпаздары иеленсе, І орынды Темір ауданының «Dejavu» жастар театры, ІІ орынды Мәртөк аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары, ІІІ орынды Ақтөбе қаласы №30 орта мектебінің «Шабыт» драма үйірмесі еншіледі. Сондай-ақ «Үздік қойылым», «Үздік актерлік ансамбль», «Үздік режжиссура», «Үздік драматургия» сынды бірнеше номинациялар бойынша да үздіктер анықталды.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.