Әйтеке би және оның заманы
Отаршылдық саясат қазақ мемлекеттілігін жоққа шығарғанымен, халық даналығын жоққа шығарған жоқ. Кеңестік заманда Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің, ел қорғаған қолбасшылардың тұлғасын біз мемлекет қайраткері дәрежесінде емес, тек сол «халық даналығының» шеңберінде,халық ортасынан шыққан данышпан ақсақал, шешен, әулие, батыр адам ретінде ғана танып-біліп, қабылдадық. Ал тәуелсіздік жылдарында осы олқылықтың орны толды ма?
Өкінішке қарай, көптеген көрнекті тұлғалар, соның ішінде Әйтеке бидің де мемлекет қайраткері ретінде жүріп өткен жолы мен ұстанымдарын, аласапыран заманда елдікті сақтап қалуға атсалысқан еңбегін зерттеп-зерделеген бірде-бір ғылыми монография жазылмапты. Ал ең алдымен осы іс қолға алынуға тиіс емес пе еді? Ескерткіш салудан жарысқа түскен бүгінгі ұрпақтың тас мүсіннен гөрі, ғылыми-зерттеудің маңыздырақ екенін түсінбей, бейқамдықпен уақыт өткізіп жүргені өкінішті-ақ.
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әйтеке би Баубекұлының 380 жылдық мерейтойына орай Ақтөбеде өткен«XVII-XVIII ғасырлардағы қазақ елі: Әйтеке би заманындағы ұлттық құндылықтар және ұрпақтар сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында оқылған баяндамалар мен айтылған пікірлерден кейін түйген ойымыздың бірі осы болды.
Конференцияға тек Ақтөбе мен өз еліміздің басқа өңірлерінен ғана емес, Ресейдің Башқұртстан Республикасынан, Өзбекстаннан келген ғалымдар да, сондай-ақ Еуропадағы қазақ диаспорасының өкілдері, зиялы қауым, БАҚ өкілдері мен ардагерлер қатысты.
Алғашқы баяндамашы — тарих ғылымдарының докторы, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры Гүлбану Ізбасарова Ұлы Даланың тарихында «би» лауазымының қай кезден бар екеніне, бұл сөздің шығу төркініне тоқталды. Оның айтуынша, тіпті Түркі қағанатына дейінгі Үйсін мемлекетінің тарихында Нәнді би, Жәнші би, Най би, Шын би, Бөрі би, т.б. билердің есімі сақталған. Сондай-ақ ұлыс бегі мен орда бегі де — сол үйсін дәуіріне тән лауазымдар. (Үйсіндер дәуірі біздің заманымызға дейінгі VIII ғасыр мен біздің заманымыздың V ғасыры аралығын қамтитыны тарихтан белгілі.)
— Шоқан Уәлихановтың пайымдауынша, қазақтың «би» сөзінің түп-төркінін көне түркінің «бек» және «бей» сөздерінен іздеу керек. Оның алғашқы мағынасы — «сот». Ал Радлов болса, бұл сөздің үш мағынасы барын алға тартты: «би» — князь, патша, қожайын; «би» — сот және үшінші мағынасы бойынша — ақылгөй, дана, шешен адам, — деді профессор.
Құрбанғали Халид өзінің «Тауарих хамса» еңбегінде би — бектен; бек көне түркінің «буюк» сөзінен пайда болған атау деп көрсеткен. Ал «буюк» сөзі үлкен, зор деген мағынаны берген. Сәрсен Аманжолов та «би»-ді «бек» сөзінен туындаған деп есептейді.
Зерттеушілер қазақ қоғамында рубасылардың да «би» атанғанын атап өтті.
Осы жиында билер институты тарихынан баяндама жасаған тағы бір ғалым — тарих ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Самат Өтениязовтың пікірі бойынша, әлі күнге дейін айтылып жүрген қате деректердің бірі — Төле би бастаған беделді билердің Әбілқайыр ханды өлтірген Барақ сұлтанды ақтауы.
— Бұл қате мәліметті алғаш Шоқан Уәлиханов жазғандықтан, осы кезге дейін талай зерттеуші ғалымдар үшін жұмбақ болып келген еді. Ол — қазақ елін Ресей шапқыншылығынан қорғаған Әбілқайыр ханды қастандықпен өлтірген Барақ сұлтанды Төле мен Әйтеке билердің ақтағаны. Қалай болғанда да, Шоқан еңбегінде осылай жазылып кеткендіктен, соңғы уақытқа дейін талай тарихи мәліметтерді шатастырған еді, — деді Самат Өтениязов.
Бұл қате дерек халық арасынан алынып, Ш.Уәлихановтың «Сот реформасы туралы жазбалар» атты еңбегінде кеткен. Дегенмен Барақты ақтауға атақты билердің қатыспағаны алғаш рет Әбіш Кекілбаевтың 1991 жылғы «Әйтеке би» атты мақаласында жазылыпты. Ал Барақ сұлтан мен оның айналасындағыларды Әбілқайырдың балалары Ералы мен Нұралы жазалаған. Соның ішінде Барақтың жанында болған Сырымбет батырдың туыстары Ералының үстінен Төле биге жүгінеді.
— Сырымбеттің туыстары Сырымбет батырдың өзін кінәлі деген шешіммен келіседі, алайда оның отбасын жазықсыз өлтірді деп, Ералының құн төлеуін талап етеді. Ал Төле би Ералының бұл қылмысын кешіріп, керісінше, Сырымбеттің туыстарына Ералыға құн төлеуді жүктейді, — дей келіп, баяндамашы бұл деректің И.Ерофееваның зерттеулерінде айтылғанын жеткізді. (Профессор Ирина Ерофееваның Әбілқайыр хан заманындағы қазақ тарихын архив деректері арқылы зерттегені белгілі.)
Яғни ғалым қазақтың белгілі тарихи тұлғалары, соның ішінде атақты билер туралы ондаған жылдар, тіпті ғасырдан астам уақыт бойы үзбей беріліп келе жатқан мәліметтердің өзіне әлі де сын көзбен қарау керектігін тағы бір ескертті.
Әйтеке би тарихында ақтаңдақтар аз емес. Жошы ұлысын зерттеу жөніндегі ғылыми институттың бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзиннің баяндамасында айтылғандай, қазіргі деректерде Әйтеке бидің туған жылына қатысты — 4 түрлі, ал қайтыс болған жылына қатысты одан да көп мерзім аталып жүр. Яғни туған жылы — 1644-1683 жылдардың аралығына; ал дүниеден өткен жылы 1700 бен 1766 жылдардың аралығына жатқызылады. Осылайша туған-өлген жылдарына қатысты мәліметтерде өте үлкен алшақтық бар.
Ал Қазыбек бидің 1667-1763 жылдар аралығында өмір сүргені нақтыланған. Төле би 1675 жылы туып, 1758 жылдан кейінгі уақытта өмірден өткен. Төле бидің 1758 жылы 83 жаста болғаны қытай деректерінде сақталған. Екі би де ұзақ өмір сүріпті. Биыл Әйтеке бидің 380 жылдығы «1644 жылы туған» деген дерекке сүйеніп атап өтіліп жатыр.
— Әйтеке би тақырыбына қалам тартқан қарымды қаламгер Әбіш Кекілбаев пен Әйтеке би туралы кітап жазған Мұқадес Есламғалиұлы да оны «56 жасында қайтыс болған» деп көрсетеді. Аталған қаламгерлердің сүйенген еңбегі — керейден шыққан Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастаны. Бірақ, өкінішке қарай, лингвист мамандар бұл дастанды Қожаберген жырау өмір сүрген уақыттың, яғни XVIII ғасырдың туындысына жатқызбайды. Сондықтан 56 жас дегеніміз — болжам ғана, бұл тарихи шындықты айқындамайды. Әйтеке бидің сүйегін арнайы зерттеген белгілі антрополог ғалым Оразақ Исмағұлов оны 70 жастағы немесе одан да асқан адам деп көрсетеді, — деді тарихшы Жәнібек Исмурзин.
Оның айтуынша, Әйтеке би туралы өзінің көзі тірісінде қалған жазба дерек — 1731 жылдың күзінде Кіші жүзден 28 би-батырдың Ресей империясына ант бергені туралы құжат. Мұнда: «Алшын төртқара руының ағакесі, Құран өбтім, ант еттім, мен — Әйтеке би таңбамды салдым» деп, жанына төртқара руының таңбасын салған.
— Бұл құжат Әйтеке бидің 1731 жылы өмірде бар екенін көрсетеді, — деп, ғалым құжаттың Ресейдің нақты қай архивінде сақтаулы екенін де айта кетті.
Сондай-ақ бұл құжатқақол қойғандардың қатарында тама Есет, кете Әжібай, шекті Сәңкібай сынды белгілі тұлғалар бар.
— Тәуелсіздік жылдарында Әйтеке би тарихы ғылыми тұрғыдан толыққанды зерттеліп болды деп айта алмаймыз. Бірде-бір ғылыми немесе тарихи монография жазылмаған. Көркем шығармалар мен мақалалар ғана бар, — деді Жәнібек Исмурзин.
Ал Өзбекстанның Нұр-Ата жеріндегі көне қорымда әулетімен бірге жерленген Әйтеке би зиратына 2005 жылы қазба жұмыстары жүргізілген. Ғалым осы жұмыстар барысында Әйтеке би ұрпақтарын қатыстыра отырып, генетикалық зерттеулер жүргізілмегеніне қынжылыс білдірді. Бұл пікір орынды деп білеміз.
Еске түсірсек, Нұр-Атадағы қазба жұмыстарының барысында академик, тарих ғылымдарының докторы Оразақ Исмағұлов антропологиялық зерттеулер жүргізіп, сол арқылы Әйтеке бидің бет-бейнесі қалпына келтірілген болатын.
Бүгінде 93 жасқа келген Оразақ Исмағұлов пен оның қызы, шәкірті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті археология және антропологиялық зерттеулер орталығы зертханасының аға ғылыми қызметкері Айнагүл Исмағұлова да осы жиында онлайн режимінде баяндама оқыды.
Оразақ Исмағұлов өз баяндамасында қазақтың атақты үш биінің ішінде тек Әйтеке би келбетіне ғана тарихи-антропологиялық зерттеу жүргізуге мүмкіндік берілгенін айтты. Қазіргі Өзбекстан астанасында жерленген Төле бидің зиратын ашуға сол елдің тарапынан тыйым салынған. Ал Қазыбек би Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңындағы көне қазақ қорымына жерленген, өкінішке қарай, бұл қорым кеңес заманында бұзылған, сондықтан оның сүйегін нақтылау мүмкін емес.
Академик антропологиялық зерттеулер негізінде Әйтеке бидің бет-бейнесі қалпына келтіріліп, мүсіні жасалғанын және бұдан былай оның портреттерін осы мүсін бойынша біріздендіру керектігін атап өтті.
— Түрлі ойдан, қиялдан шығарылған суреттердің таралуына жол бермеу керек, Әйтеке би бейнесі зерттеліп, қалпына келтірілген, енді ұрпақтар жадында ол өзінің шынайы түр-келбетімен сақталғаны дұрыс, — деді ол.
Жиында Әйтеке би ұрпақтары арасынан шыққан тарихи тұлғалар туралы да айтылды.
Сондай-ақ башқұрт ғалымы Закирьян Аминов — XVII-XVIII ғасырлардағы қазақ-башқұрт қатынастары, ал өзбек ғалымы Дилмурод Бабоджанов осы кезеңдегі қазақ-өзбек қатынастары туралы баяндама оқыды. Екі баяндамада да сол қиын кезеңдердегі отаршылдарға қарсы күресте туыс халықтардың бір-біріне көмек қолын созғаныжайлы айтылды. Мысалы, башқұрт көтерілістерін бастаушылардың бір бөлігі жеңілістен соң қазақ арасын паналап, олардың ұрпақтары бүгінде Кіші жүздің бір руына айналса; ал қазақ жеріндегі XVIII ғасыр соңындағы ұлт-азаттық көтерілістің басшысы болған Сырым Датұлының сүйегі Өзбекстанның Хорезм облысында жатыр.
Дилмурод Бабоджанов Хорезм мемлекетінің аты орыс деректерінде «Хиуа хандығы» деп бұрмаланғанын атап айтты. Сондай-ақ бұл мемлекет тарихындағы Жошы әулетінен шыққан билеушілерге, олардың қазақтармен арадағы байланысына тоқталды.
Біз осы басқосу барысындағы мағыналы әңгімеде айтылған ой-пікірлер, тың деректер жаңа ізденістерге жол ашады, ғалымдарды, соның ішінде жас тарихшыларды үлкен зерттеулерге жетелейді деп үміттенеміз.
Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.