Жастар

«Таза Қазақстан»: «Өзіңнен баста» – Ақтөбе жастары жаңа экологиялық жоспарларды талқылауда

Бүгін, Ақтөбе қаласында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Мәңгілік Ел» залында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында жастар арасында «Өзіңнен баста» («Начни с себя») тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Шараға студенттер, жастар қоғамдық ұйымдарының өкілдері, азаматтық қозғалыс көшбасшылары қатысты.

Диалог алаңына белсенді ақтөбеліктер шақырылып, өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Оның бірі – кәсіпкер, қоғам қайраткері Қайыржан Таңатаров.  Ол жастарға қоршаған ортаны, табиғатты қорғауға үлес қосуға кеңес берді:  

«Биылдың өзінде «Таза Қазақстан» акциясы аясында көктем-күз айларында мүдделестермен жүздеген қарағай отырғызып, қаламыздың сәнін келтірдік. Сіздер де айналаңыздың күн сайын тазарып келе жатқанын байқайсыздар. Ақтөбеліктер өз аумақтарын тазалап, сыпырып, жинап, абаттандырумен айналысып, кіші отанның жасыл қорын толықтыруда. Біз бәріміз бірге экологиялық тепе-теңдікті сақтай аламыз».,

«Жасыл ел» облыстық штабының төрағасының орынбасары Артур Азиев жастар арасында экомәдениетті қалыптастырудың, қоршаған ортаға қамқорлық құндылықтарын насихаттаудың маңыздылығын атап өтті.

«Таза Қазақстан» аясында біз жастарды патриоттық бастамаға тарта отырып, облыстың қалалары мен ауылдарын абаттандыру бойынша көптеген іс-шаралар өткіздік. «Таза қала – таза жағалау», «Туған қалаңа ағаш сыйла», «Менің атаулы ағашым», «Бұлақ көрсең, көзін аш!», «Ардагерлерді ардақтайық!», «Jasyl cross-2024» және басқа экологиялық акциялар ұйымдастырылды. Мыңдаған жастар осындай маңызды және ауқымды челленджді қолдады. Біз аумақтарды тазалап, абаттандырып қана қоймай, басқаларға туған жерге деген сүйіспеншіліктің үлгісін көрсеттік», – деді ол.

Басқа экобелсенділер де сөз сөйледі, балалар атқарылған жұмыстар туралы айтты.

Кездесу соңында барлық қатысушылар келесі жылы да осындай жұмыс жалғасатынына сенім білдірді: жаңа жасыл аймақтар пайда болады, аулалар мен көшелер абаттандырылады.

Дөңгелек үстел барысында тұрақты экологиялық акциялар мен ағартушылық жобаларды қоса алғанда, одан әрі жұмыстың негізгі бағыттары айқындалды.

Н.ДАБЫЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button