Тарих

Қызылқорғанның Қалені

эссе

Талап

1955 жылдың күзі еді. Ойыл өзенінің бойында суармалы тары егіп отырған шағын ауылдың уайымы кешелі-бері бала оқытуға ауды. Оған дейін көпшіліктен жырақ, бір бүйірде жатқан елді мекенде,өзін ойын баласы санап жүрген біздің де, әке-шешеміздің де ойында ештеңе жоқ еді. Бәрі орталықтан ауылдық кеңестің басшысы Жансылу Бердаливаның келуімен басталды.Ашық далада,үлкен-кішінің, бала-шағаның қатысуымен өте беретін сол кездегі жиналыста, кеңес төрағасы биыл мектепке баратын бес-алты баланың аты-жөнін атады. Отырғандар әуелде бұл хабарды алғаш естігендей, тосылып қалды. Сосын шетінен жағдай айта бастады. Бұл жақта мектеп жоқ. Сонау Қаройға, Қызылқорғанға қалай барады? Барғанда кім күтіп тұр оларды? Қайда жатып оқиды? Күз болса, мынау. Бір қолды екі ете алмай жатқан кез.Тары толық бастырылып, жиналып,қамбаға құйылған жоқ.

— Баласын оқыту — әр ата-ананың міндеті. Жасы жеткен баланы мектептен қалдыруға болмайды, — деп кеңес басшысы үзілді-кесілді талап қойды.

Менің шешем жалғыз баланы бауырынан шығаруға жоқ адам еді. Оның үстіне өзі де, отағасысы да сауат ашпаған. Тіпті сол жалғыз бала оқымаса да, аман жүрсін дейтін пиғылда болатын. Сонысына басып, үлкендігін, кеңес басшысына ағайындығын,бұрын үйден бір-екі мәрте шай берген таныстығына салып:

— Құлдығым, менің балам серейген бойы болғанмен, әлжуаз, оқу көтеретін халі жоқ. Бірер жыл мұрсат бер, — деп жалынышты үн қатты.

— Болмайды! Балаң сегізді толтырып тоғызға қарапты.Әлдеқашан оқуы керек еді.Мектепке қашан барады енді! Ағайын-туыс, таныс арасынан жатқызатын жер қарап, оқытудың қамын жасау керек, — деді.

Шешем әлі де жағдай айтатындай сыңай танытып сөйлей бергенде, өкіл даусын көтеріп:

— Бала бүгін сенің балаң болғанмен, ертең өкіметтің баласы. Оқу керек. Арнайы заң бар. Әркімнің еркіне салуға болмайды. Ата-ана да,бізде өкіметтің алдында жауап береміз, — дегенде,шешем де,дабырлап бара жатқан көпшілік те тыныштала қалды.

Шәкірт

Кеңес апа келіп кеткесін көп кешікпей ауылда бала оқытудың қамы басталды. Әр үй өзінше жол іздеді. Мектебі бар жерден сағалап баратын ағайынын, тамыр-танысын жобалады. Суармалы ауылда мен құралпы бірінші сыныпқа баратын бала санаулы еді. Бәшекбайдың Жалғасбайы, Тәттіғалидың Тілеуғалиы, Есқайырдың Күлашы, Кәкімнің Сарасы, сосын мен. Бірге ойнап жүрген бір ауылдың баласын мектеп бөлетін болды.Біреу Қараойда, біреу Қаракөлде, енді біріміз Сарыбие ауылында оқуға тура келді. Қызылқорған бастауыш мектебінің табалдырығын Күлаш екеуміз ғана аттайтын болдық.

Күлаш — Шығанақ Берсиевтің ізін жалғастырушы, осы ауылдың тарышылар звеносының басшысы, атақты Есқайыр Шалқарбаевтың қызы. Жататын үйі де белгілі — туған апасының үйінде оқымақ. Жездесі —сол бастауыш мектептің мұғалімі.

Менің әкем,жарықтық, Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат»кітабындағы Ыдырыс сияқты асықпайтын жайбарақаттау, «кең Алла кеңшілігін берер» деп отыра беретін кісі еді. Қайта шешем жанықпалау, «ойбай-ау,жұрт баласын әлдеқашан апарып тастады. Оқу болса, басталып кетті. Совет сотқа береді»деп алқымдады.

Солай дегенмен, менің үйден кеткім жоғын сезіп,әлсін әлі шешем де бұзылады. Тағы бірер күн солқылдап жүріп,жолға жиналдық.Әскерге шығарып салғандай болып шешем,оған қосылып мен жылап,батысты бетке алып ұзын жолға түстік-ау. Көлігіміз—пар өгіз жеккен ырдуан арба. Майлауы кем бе екен?Төрт доғалағы сыңсыған қыздай ән салып келеді. Ұжымшардың қабырғалары ырсиған, шаңырақ мүйіз қос өгізі, ұдайы иығынан қамыт түспегендіктен, ығыр болған, қыршаңқы. Жүрісі өнбейді. Өгізаяң. Ертеңгілік ерте шығып едік.Сәске болды. Әлі Шайтансайға жеткен жоқпыз. Артымызға қарасақ, біз шыққан ауыл әлі қасымызда тұрғандай көрініп тұр. Бұл — Ойыл өзенінің Атыраудың Қызылқоға ауданымен шектесетін сағасында отырған тарышылар ауылы. Өз ұжымшарынан адасып қалғандай, бір бөлек, шалғай жатыр. Содан да орталықпен қатынасы нашар. Күнделікті керек-жарағын іргедегі Миялыдан алады.

Анау биік төбеден көрініп тұрған —Самайдың мазары.Біреулер батыр десе, екіншісі оны жоққа шығарады. Не болғанда да, жай адамға мұндай мазар тұрғызылмайды ғой.

Шешемнің орнына қаршадайымнан ауылдың сиырын бағып,бұл өңірдің қолтық-қолтығын талай шарлағанмын. Менен бір жас кіші болса да, мектепке бұрын барған Нармағанбет досым екеуміз,тұмса Ойылдың бойын жағалап,қармақ салып,балық аулап,талай жазды өткізгенбіз. Өзеннің балығы тайдай тулап жатады. Бірақ сол мол балықты ұстау қиын. Инеден иген қарамақты жазып кетіп,зығырданыңды қайнатады. Миялы кентінің іргеде тұрғанын сонда байқағанмын. Ал ұжымшар орталығы Қараой,Қызылқорғанға,бір бұру жатқан біздің ауылға айда- жылда бір соғатын Ғалым ағаның полуторкасымен,шешеме еріп бір рет барғаным бар-ды. Ол — тез жүретін машина. Соның өзінде маған аталған ауылдар жер түбінде жатқандай,алыс көрінген. Ал мынау — өгіз арба. Мына митың жүріспен қашан жетпек?

Дала жолы ерте ме,кеш пе баратын жерлеріңе бір жеткіземін ғой дегендей, бұралаңдап ілгері жетектеп келеді. Күз келді дегенмен, күн әлі жаз сияқты, жылы. Айнала қау, шүйгін шөп. Күні бойы жегімнен бір босамай, ашқұрсақ жүретін өгіздер жолдың екі бетіне кезек қисайып, аузынан сілекейі ағып, шалып оттап қояды.

Ауылдан ұзаңқырағасын әкем әсем бір ұзын сарынға салып Құран оқып, төгілдіріп тілек айтып, бет сипады. Жайшылықта, көпшілік отырған жерде бұлай оқымайды. Құлқу Аллахты үш қайталап, қысқа қайырады. Маған үйреткені де сол ғана. Осыны білсең жетеді деген. Өзінше аса сақ, үргедек. Екі сөзінің бірінде наданмын, оқымай қараңғы қалдық деп отырады.Ал Атырау жақтан соғып тұратын туған қарындасы әкесінің ахуын болғанын, мешіт ұстағанын, ағасының медресе есігін ашқанын айтады.Ағасы болса, ат-тонын ала қашып, «әкеден ерте қалдым, кеңес өкіметі келгенше өмірден өтіп кетті. Жетім, сіңірі шыққан кедей болып,ағайынның қолында үйленіп, адам болдым» дейді. Алдыңғыларын білмеймін, әкемнің соңғы сөзі рас-ау деймін. Діндәр деп тумаларының көбі атылып кеткенде, кеңес өкіметі көп әурелеп, аман қалдырған. Бір қасиеті — жолшыл. Жеті қараңғы түнде көліктің табанын аудармай, адаспай баратын жеріне дөп түсіреді. Осындай ен далаға қарай аулақ,оңаша шыққанда жағымды қоңыр дауысымен:

Астыма мінген атым,шайтан қара,

Оралдан жылқы айдаймын өңшең ала,

Осыдан осы жылқы бойға сіңсе

Тағысын тағы алармыз қосшы бала, — деп әндететіні бар.Алайда көпшілік арасында бұл әнін тағы да аузына алмайды. Оның орнына қайдағы бір ермек әнді айтады. Бұған жұрт Орынғалидың әні — «айраным айран ба екен,шалап па екен?» деп күледі. Бес жыл майдан кешіп, Берлиннен оралса да, соғыс жайында бір ауыз әңгіме айтқан емес.Мына сапарында да сондай жұмбақтық бар. Шешеме «баламды мұғалім ініме апарамын. Қызылқорғанның Қаленіне оқытамын» деген. Одан арғысы өзіне де мәлім емес, «бара көрермінмен» келе жатқан сияқты.

Содан өгіз арбамен жолшыбай Тамдыкөлге соғып, Көптоғай, Шұбаршиді жағалап, әрқайсысына бір-бір түнеп, бір түн елсіз далада қонып, Сарыбиеге жетіп аялдап, сонша күн жүріп Қызылқорғанға да жеттік-ау.

Менің бала көзіме Қызылқорған біздің жиырма үйден тұратын суармалық ауылға қарағанда, үлкен әрі сәнді көрінді. Біздің ауылдың баспаналары бірыңғай жеркепе болса, мұнда өңшең тастан тұрғызылған биік үйлер. Ойыл сияқты өзен жоқ. Сай,жүлге, бөлек-бөлек қарасу. Соны жағалай қоныстанған, оқшау-оқшау үйлер.

Сол шоғыр үйлерден де оңашалау, терістік қыраң беттегі бір үйге әкем көліктің басын тіреді. Үйдің алдында жиырма қадамдай жерде және бір үй тұр.Айналасы толған темір-терсек. Күздің күні еңкейіп бара жатсада, алдында қараң-құраң адамдар жүр. Көліктен түсіп, солай қарай жүрдік.Әкемді танитын сияқты, жаппай көрісіп амандасып, аман-саулық сұрасып жатыр. Бұл көрік үй болып шықты. Біз бас тіреп келген үйдің иесі — Әлім осында ұста екен. Менің әкемдей ірі болмағанмен, өмір бойы балға соғып шыныққан шымыр, қайратты кісі екенін көргеннен байқадым. Жылы күнде бұтында тері шалбар, үстінде жалаң денеге киген күртеше, басында екі құлағын жымыра қайырған көне малақай. Әкеммен құлшына амандасты да, қонаға келген қонақ екенімізді сезіп, «үйге бара беріңдер,шаруамды жинастырып мен де шығамын» деп ықылас танытты.

Әкемнің мені жатқызып оқытуға осы үйді көздегенін кешкі шай үстінде аңғардым. Ортасын қазақы пешпен бөлген үйде ағайынды екі азамат Тұрғали мен Әлім отбасымен бірге тұрады екен.Екеуінің де алып отырғаны ру жағынан маған апа болып шықты. Бірақ әкем мені Әлім жездем мен Қанша апама тапсырды. Жездем: «Балаңды жатқызғанымызға пәлен пұт тары және бір қой төлейсің», — деп айтып қалды.Оны кәрі күйеулігіне салып әзілдеп айтып отыр ма, болмаса шыны ма екен,біле алмадым. Қызығы, әкем соны төлейтін болып уәде берді. Үйде ондай тары да,қой да жоқ. Тесік өкпе колхозшының қол қайратын еңбеккүн деп жазып, жылдың аяғында заттай бір-ақ  рет есептесетін колхозға сеніп отырма, қайдан алмақ деп ойлап қоямын…

Келесі күні мектепке келдік. Арғы жағы қарасуға ұласатын биік қабаққа оңаша салынған мектеп, еңселі әрі ерекше көрінді. Сырты ақбалшықпен сыланғандықтан,ақшағаладай боп назар аудартады.Терезелері  де үлкен екен. Ала жаздай суы үзілмеген қарасудың бергі биік қабағы мектеп болса, арғы төмендеу жағасында зәулім бәйтерек өсіп тұр. Мен ондай биік ағашты Ойыл өзенінің бойын кезіп жүріп те кездестірмеген едім. Ұшар басына әлдебір жыртқыш құс ұя салған алып бәйтерек мені биігіне көтеретіндей қолын созып тұрды…

Мұғалім

Әкем мұғалім інісіне жолығып, «жалғыз бала саған аманат» деп мықтап тапсырып, кідірмей қайтты. Сол-ақ екен, ішім ұлып қоя берді Білмейтін жер, таныс емес үй, жұмбақ мектеп, киім киісіне дейін өзгеше мұғалім — бәрі-бәрі маған бір сәт жат көрінді. Мектеп алдында тұрған мұғалімге де қарамай, өзіммен шамалас, тіпті өзімнен едәуір ересек балалардың ортасынан сытылып шығып, манағы кетіп қалған арбаны қуып,құйындай ұша жөнелдім.

Ботадай боздап арбаға жабысып қалмай келемін. Әкеме бір қаталдық пайда болған,қайырылмай,өгізін шыбыртқылап аяңдата берді. Сөйткенше соңымнан бір топ балалар да қуып жетті. Сірә,мұғалім солай тапсырған болу керек, қолы қарулы ересек екі бала келе тусыртымнан қапсырып ұстап, қозғалтпай тастады. Баланың бойын жасыратын қалың бүрген өскен Шиқолқаның тұсынан қайырып, Әлім жездемнің көрік үйіне кіргізді. Қанша апам осында көрік басады екен. Жездем:«Менің қолыма іліктірдіңдер,енді бұл балаға алаңдамаңдар.Өйтіп қашатын болса, кешке көрікүйге қамайын!»— деді. Қамаса қамайтындай түрі сұсты екен. Оның үстіне көрікүй дегенінен шошыдым. Өткен түнде далаға шыққанымызда күндізгідей дүрсілдетіп балға соғып жатқан дыбыс естілген. Бұл — ұстаның иесі, қара түнде де осылай балға соғып жатады деген. Сол есіме түсіп, енді қашпайтындай болып қорыққаннан бой ұсындым.

Сөйтіп Қызылқорғанға аяғым байланды. Мектеп өміріне үйрене бастадым. Біраз бала оқиды. Сабақ екі мезгіл өтеді. Түске дейін екі сынып, түсқайта екі сынып. Екеуіне де сабақ беретін бір мұғалім— Қален Тоқмағанбетов ағайымыз. Ол тек мектепте емес, ауылда да дара, өзгеше адам екен.Жүріс-тұрысы, киім киісі бөлек. Үйі де өзгеше. Патефон, радио, кітап, газет-журнал сол үйде. Бала ғана емес,ауылдың үлкендері де оның алдында шәкірт сынды ұстайды өздерін. Ақыл-кеңес сұрап келеді.Алыстан келген хат, хабарларын оқытады. Өтініш-арыздарын жаздырып алады.

Бірақ көбіне ағайымыздың қолы мектептен босай бермейді. Аптаның алты күні оқу. Жалғыз класс бөлменің екі қапталына парталар қойылған. Соның бір бетіне біз —бірінші класс,екінші қапталына екінші класс оқушылары қатар отырып, түске дейін оқимыз. Бізден босағаннан кейінсол орындарға үшінші, төртінші оқитындар жайғасады. Олардың оқуы қараңғы түскенше жалғасады. Екінші кезекте оқитындардың ішінде мұғаліммен бірдей дерлік, өңкиген ірі ұл-қыздар да жүр. Орнында қала берген бе, болмаса бастауыш мектеп бітіргізуді міндет қылып, кәмелетке жасы тола қоймағандарды оқуға тартқан ба? Соның екеуі де болуы мүмкін.

Жасы алақұла болғасын, балалардың сабаққа қабілеті, алғырлығы да түрліше. Мұғалім алғаш қалам ұстатқан деген сөз мен сияқты балаға келетіндей. Өйткені бұған дейін қағаз, қалам, қарандаш көрмеген баламын. Қаламды ебедейсіздеу ұстап, көпке дейін үйрене алмай, мұғалімді біраз қинадым. Ұстазымыз да жанкешті екен, жазуға талмай жаттықтырып, қырық екі әріпті жаттатып, қыс ауғанда ежіктеп оқуға жеткізді. Демалыста үйге келгенде шешемнің қабырғаға сәнге ілген газеттерінің ірі әріппен жазылған жолдарын «Сталин туы», «Социалистік жол» деп дауыстап оқуға жарадым.Шешем қуанышты жағдайды жеткізу үшін көршілерге жүгірді. Әкем қай жерден оқығанымды көру үшін орнынан тұрып, қабырғаға жақындады. Сосын «қателесіп кетерсің, әзір бабайды қоя тұрып, басқасын оқи бер» деп ақылын айтты. Расында да, көсемнің аты-жөнін толық айтуға мұғалім қанша үйретсе де, әлі тілім жуыспай жүрген.

Мұғаліміміздің үйі мектептің алдында еді. Көбіне үзіліс кезінде мектептің пешпен бөлінген, оқу құралдары, шаруашылық заттары тұрған кішкентай  ғана бөлмесінде отыратын да, түс кезінде үйіне тамаққа баратын-ды. Үйден шығып келе жатқанда, бақылап қарап тұрған бала, етегі кетіліп сынған жез қоңырауды қағып-қағып жіберіп, сабаққа шақыратын.

Ұстаз ағамыздың үйііші де бізге таныс. Көпшілігіміз жайшылықта бара береміз. Анасы Қойсын әже де,жолдасы Зәмза апамыз да балажан,мейірімді, ас-суын алдымызға қойып, бәйек болады. Мұғалімнің әкесі туралы сол кездің өзінде Тілепқали сынды ағаларымыз аңыз қылып айтатын-ды. Онбір-онекідегі баланы, Көкжар жәрмеңкесіне Орынбор жақтан сауда-саттықпен келіп жүретін орыс байы ұрлап әкетеді. Арада жылдар өткенде жәрмеңкеге сол баланы әлгі орыстың ертіп келіп жүргенін естіп, ауылдастары Ойылға барып, Қарауылтөбе астында қол жинап күтіп алады. Баланы маңдайындағы меңінен таниды. Әулеттің таңбасындай сол мең біздің ұстазымызда да, балаларында да бар еді.

Солай он алты жасында еліне оралған Ибатолла бала күнінде Ресейде үйренген өнерін жалғастырып, Қызылқорғанда ұсталық құрады. Осы жерде 1924 жылы Қален ағайымыз дүниеге келеді. Жиырма сегізінші жылдың аштығы басталған шақта  Ибатолла Орынбор жағындағы баяғы асырап-баққан орыс отбасына барып, жан сақтайды. Қален ағайымыз сол жақтан орыс мектебінің есігін ашып, орта білім алады.

Әкесі туған жерге соғыстың алдындағы жылдарда оралып, қайтадан ұсталығын жалғастырады. Қален ағамыз 1942 жылы әскер қатарына алынып, Украина майданында 328-артеллерия дивизиясы құрамында старшина шенінде  соғысқа қатысады. Бірнеше орден, медальдармен марапатталады.Майдан жорығын Берлинде аяқтап, тағы бірер жыл шекара күзетінде қалып, елге 1947 жылы ғана оралады. Содан өзінің туған жері Қызылқорған бастауыш мектебінде ұстаздық жолы басталады.

Біз оқыған жылдары мектепте көркем жазу деп аталатын арнайы сабақ жүруші еді. Ағайдың қолтаңбасы сол көркем жазудың үлгісі еді. Бір орысы жоқ өңірде,сол тұста біздің ұстазымыздан артық орыс тілін жетік меңгерген адам болмаған шығар деп ойлаймын. Соның айғағындай бастауыш мектептен Қараой орта мектебіне ауысып, 1959 жылдан жоғарғы кластарға орыс тілінен сабақ берді. Атыраудың педагогикалық институтының орыс тілі мен әдебиеті факультетін бітірді.

Педагогика саласына күллі өмірін арнап, ұстаздық етуден жалықпаған ардақты азамат алпыстың биігіне шыға бере, кенеттен жүрек талмасынан дүние салды. «Оқу инемен құдық қазғандай» дейді қазақ. Ұзақ жыл бойы бала оқытып, шәкірт тәрбиелеужеңіл іс пе? Көпбалалы отбасының басшысы ретінде де ауыр жүк арқалады.Әр баланың оқуына,тәрбиесіне қатты мән беретін. Үлкен ұлы Төлеген үйленіп, немере сүйіп үлгерді. Қыздарының алды тұрмыс құрғанын, жиендерінің өмірге келгенін көрді. Қыздары Мүгілсім, Шынар, Рауза, Жанар әке жолын қуып, көзінің тірісінде түгел дерлік педагогикалық жоғары білім алды.

Ал ауылдастары ағаның жүрегінің сыр беруін сүйікті ұлы Абайдың Ауғаныстан соғысына қатысуынан көрді. 1984 жылы көктемде оралуға тиіс бала ауыр жарақат алып, госпитальда ұзақ жатып,күзде келеді. Сол кезде соғыстың жайын бастан кешкен ағамыз,айлар бойы шарбаққа сүйеніп, жол қарап, ұлын уайымдап, үйден шықпай қалады.

Ағадан кейін жеңгеміз Зәмза Есқайырқызы балаларына он жылдай бас-көз болды.Алтын алқа иегері еді.Қалған ұлдарын аяқтандырды, қыздарын тұрмысқа берді. Абай, Ыбырай, Талғат бір-бір үй болды. Алматының сәулет-құрылыс институтын бітіріп,ауылда прораб, селолық әкім қызметтерін атқарған ұлы Абайдың қолында дүние салды.

Сол Абай маған әкеміздің туғанына биыл 100 жыл толды. Бала-шағасы, немере-шөбересі, шөпшегі жиналып ас бермекпіз, еске алмақпыз деп хабарлады. Ілгерідегі көзін көрген шәкірттерінің бірі өзіңіз деді.

PS: Алдағы жылы алғаш мектеп табалдырығын аттап, Қалекеңдей ұстаз ағаның алдын көреніме жетпіс жыл толады екен. Болған оқиға кинодағыдай көз алдыма орала қойды. Әрине, бұл қазіргідей аста-төк заманда, сәулетті мектептерге қол жеткен кезде, қалада да, ауылда да балаларды ата-ана күн сайын жүйрік көліктермен мектептеріне жеткізіп жататын жағдайдаадам иланғысыз болып көрінуі мүмкін. Бірақ сол бір жылдары біз көрген жағдай, тұрмыс, бастан кешкен тарих осындай еді.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

журналист.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button