Он айдағы өзгерістер
Брифинг
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев ауданның биылғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен келер жылға арналған жоспарлары жайлы айтып берді.
Оның айтуынша, биыл аудандағы өнеркәсіп көлемі 941,8млн.теңгеге жеткен. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 7 374,9млн.теңге болған. Аудан экономикасының негізін құрайтын ауылшаруашылығы саласында14 123,5 млн. Теңгенің өнімі өндіріліп, төрт түлік саны артқан. Мәселен, бүгінде ауданда 41,9 мың ірі қара, 133,8 мың қой-ешкі, 22, 0 мың бас жылқы, 0,1 мың бас түйе бар.
— Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауданда 99 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, қазір соның 85-і іске асырылды. Бағдарлама аясында мал шаруашылығы бойынша 62 жобаға — 482,0 миллион теңге, құс шаруашылығы бойынша 3 жобаға— 11,1 миллион теңге, шағын және орта бизнес бойынша 20 жобаға— 151,6 миллион теңге несие берілді. Жалпы саны 103 жобаға құжаттар тапсырылды.Сондай-ақ биыл ауданымызда егін шаруашылығында жоспар толығымен орындалды. 750 гектар жерден 137,0 тонна өнім жиналды, мал азығы дақылдары бойынша 2650,0 гектарға екпе шөп егілді. Оның ішінде 1650,0 гектары— көп жылдық, 1000,0 гектары — бір жылдық шөп. Барлық түскен өнім көлемі — 1860,5 тонна, орташа түсім әр гектарына — 7,0 центнерден.Бұдан бөлек жалпы көлемі 212,1 мың тонна мал азығы дайындалды, — деді аудан әкімі.
Оның айтуынша, жыл басынан бері аудан бойынша 2059 адам жұмыспен қамтылса, 50 адам қысқамерзімді кәсіптік оқытудан өткен. Жастар тәжірибесі бойынша 67 адам еңбекке тартылған.
Бүгінде аудандағы жастардың үлесі 32 пайыз болса, олардың спортпен, өнермен шұғылданып, білім мен тәрбие алуына барлық мүмкіндік жасалған. Мәселен, жыл басынан бері ауданда жастарға арналған хоккей корты, ойын алаңдары, футбол алаңдары мен воркауттар салынған. Сондай-ақ бүгінде аудан орталығында «Анвар» ЖШС директоры Талғат Салфиковтің демеушілігімен жастардың креативті орталығы салынып жатыр. Ал «Ауыл— ел бесігі» бағдарламасы аясында аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұдан бөлек биыл көктемде болған төтенше жағдайға байланысты Ш.Берсиев атындағы ауылдық округте орналасқан спорт кешені де күрделі жөндеуден өтіп жатыр.
— Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға Ойыл ауданында 172 үй салынып берілді. Қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде 257 адам тұр, оларға тұрғынүй сатып алу үшін «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы есебінен 735,3 миллион теңге қаржы бөлінді. Аудан орталығында 320 орындық жаңа мектеп пен 150 орындық балабақшаның, сондай-ақ Қаратал ауылында 60 орындық балабақшаның құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар биыл облыстық бюджеттен Кемер, Бестамақ ауылдарына кіреберіс жолдарға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлінді. Бұдан бөлек Шұбарши ауылынан Атырау облысының шекарасына дейін аудандық маңызы бар IV санатты автокөлік жолын және жол бойында көпір салуға бюджеттен қаржы қарастырылып, бүгінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді Асқар Қазыбаев.
Бүгінде Ойыл ауданындағы 7 округте 22 елдімекен болса, соның 16-сы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Бесеуіне кешенді блок модуль орнатылған.Биыл Көптоғай ауылдық округіне қарасты Қарасу ауылына ауызсу құбыры жүргізіліп жатыр. Ал газбен қамтуға келсек, аудандағы 22 ауылдың үшеуінде ғана көгілдір отын бар. Биыл бұл бағытта бірнеше жоба қолға алынған. Мәселен, қазір Көптоғай, Амангелді ауылдарына жеткізуші және ауылішілік газ құбырын салу бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Қаракемер, Ақшатау, Шиқұдық, Кемер, Ақкемер ауылдарына тартылатын газ құбырын салу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жобалар уақытылы жүзеге асырылса, ауданда 10 елдімекен газбен қамтылады.
Брифинг барысында аудан әкімі Ойыл ауданына жалпы тәжірибелік дәрігер, онколог-дәрігер, анестезиолог-реаниматолог қажет екендігін жеткізді. Ал білім беру, мәдениет, спорт салаларында мамандар тапшылығы жоқ.
Тұрғындарының дені мал шаруашылығымен айналысатын ауданда соңғы жылдары кәсіпкерлік саласы қарқынды дамыпкеледі. Бұл бағытта «Ауыл аманаты» жобасының қосқан үлесі зор. Сондай-ақ ауылдарда жаңадан салынған әлеуметтік нысандардың қатары көбеюде.
Данагүл ҚАЗИХАН.