«Димаш — арена», театр, олимпиада стадионы
Ақтөбенің бас жоспарында тағы қандай өзгерістер бар?..
Бір жарым ғасыр шежіресі бар қаланың келбеті көркейіп, көшелері саябақтармен толығып келеді. Биыл іргесі қаланғанына 155 жыл толған Ақтөбе қаласыныңалдағы 25 жылына да даму бағыты әзір болып, шаһардың жаңа бас жоспары бекітілді. Ақтөбе қаласының 2050 жылға дейінгі даму бағдарына сай жасақталған бас жоспарда біраз өзгеріс бар. Стратегиялық құжатта қала халқының демографиясы басты назарға алынған. 2050 жылға қарай шаһар тұрғындарының саны 950 мың адамға жетеді. Мегаполис болуға бет алған мерейлі шаһарда енді бой көтеретін нысандар, салынатын саябақтар осыған лайықталып жасалмақ. Шаһардың көркейіп, ару қаланың ажарын келтіруші мамандармен тілдесіп, жаңа жоспарға сай жұмыс барысымен таныстық. Сонымен…
Бас жоспардың бағыты
Биыл маусымның 12-сі күні Үкімет қаулысына сәйкес Ақтөбе қаласының бас жоспары бекітілді. Өзгертулер мен толықтырулар енгізілген жоспарда әуежайды Нұрбұлақ-1 ауылы маңындағы жаңа алаңға көшіру ұсынылған. Қаланың ескі бөлігіндегі Мәскеу және Құрмыш аудандарындағы ескі үйлердің орнына жаңадан 5-8 қабатты үйлер салу жобасы да қолдауды қажет етеді. «Түзетулер 2022 жылғы жобаларымен қоса алынып, 2050 жылға дейін кезең-кезеңмен жүзеге асатын болады», — дейді мамандар. Бастапқы кезең — 2030 жылға дейінгі құрылыстың бірінші кезеңі болса, 2050 жыл есептік кезең болып екіге бөлінген. Ақтөбе қалалық құрылыс және сәулет бөлімінің басшысы Абылай Ғұмаровтың айтуынша, бас жоспарды жобалаушы урбанистика бөлімінің мамандары екен.
— Жаңадан бекітілген бас жоспардың жобалық ұсынысында ескі үй құрылыстарын бұзып, орнына көпқабатты заманауи тұрғын үйлер салу көзделген. Мәселен, Мәскеу ауданындағы 85 гектар аумаққа 920 мың шаршы метр, Құрмыш ауданындағы 118 гектар аумаққа 1 275 мың шаршы метр 5-8 қабаттан тұратын көпқабатты үйлерді салу қарастырылды. Бас жоспардағы негізгі басымдық — тұрғындарға жайлы және қауіпсіз тіршілік ортасын құру. Жүргізілген талдау нәтижесінде жобада Алматы әкімшілік ауданының оңтүстік-шығыс бөлігіне және Астана әкімшілік ауданының солтүстік-батыс бөлігіне кәріз-тазарту құрылыстарын салу ұсынысы да айтылды. Сондай-ақ әрбір әкімшілік аудан үшін жалпы ауданы 67 гектар болатын қатты- тұрмыстық қалдықтарға арналған полигон және қоқыс өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Димаш-арена, шетелдік туристердің келуіне орай жасақталатын ерекше форматтағы этномәдени саябақ, фольклорлық ауыл, «Астана-арена» үлгісіндегі олимпиада стадионы, театр, тағы да басқа ғимараттар бой көтермек. Этномәдени саябақ,ұлттық мәдениет, өнер түрлерінің орталығын қалыптастыру бас жоспардың ең өзекті ұсыныстарының қатарында. Ақтөбе су қоймасы мен Елек өзені қиылысы аумағындағы ауданда саябақтар мен скверлері бар рекреациялық аймақ жасақтау да ортаға салынды. Сонымен қатар Сазды су қоймасы ауданыдагольф саябағын салу, «Сазды» орман саябағы бар Сазды рекреациялық-ландшафтық аймағын құру да жоспарға енбек. Енді бұның бәрі алдағы уақытта жоспар бойынша бекітіліп, кезең-кезең бойынша жүзеге асырылатын болады, — дейді Ақтөбе қаласының Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Абылай Ғұмаров.
Серікбайдың сызбасы
Саябақтар мен ғимараттардың құрылыс жобасын сызатын қалалық сәулет бөлімінің жобалаушысы Серікбай Мыңтай туған жерінің көркеюіне үлесін қосып жүргенін мақтаныш етеді. Жалынды жас Ақтөбенің 155 жылдық мерейтойына арналған логотиптің де авторы.
— 2018 жылы Сақтаған Бәйішев атындағы жоғары оқу орнын жобалаушы-техник мамандығы бойынша тәмамдадым. Алғаш еңбек жолымды Ақтөбе қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінен бастадым. 6 жыл уақыт ішінде ұсынған жобаларымның көбі қолдау көріп, жүзеге асып жатыр. Мәселен, биыл қаламыздың 155 жылдық тойына орай демеушілікпен 100-ге жуық жобаның сызбасын жасадық. Жобалауда бірінші мақсат — қала халқына ыңғайлы жағдай жасау. Бірінші кезекте топографиялық түсірілімін жасап аламыз. Яғни жерді жобаның жүзеге асуына қарай дайындаймыз. Жоба жұмысында ескеретін мәселелер көп. Көктемде қар суының еруіне байланысты арықтардың дұрыс орналасуын, жарық шамдар мен орындықтар, шағын сәулеттік нысандар мен мүсіндердің орналасуы да жобалауда нақты көрсетілуі керек. Ол жерде арақашықтықтың сақталуы да маңызды. Норматив бойынша бардюрларды тротуармен бірдей беттестіріп, көшеттер мен еккен газондар қурап қалмас үшін арнайы суару жүйесін де жоба сызбасында көрсетеміз. Осы жұмыстардың ішінде ең ауқымдысы — бас жоспарға енгізген өзгерістеріміз. Топографиялық жоспарды құрылысқа арналған инженерлік-геодезиялық ерекшеліктерді ескере отырып жасадық. Бұл үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Ол жерде тек функционалды аумақтарды көрсетпей, әкімшілік объектілерді орналастырып, ерекше пайдалану шарттары бар аймақтарды белгілеп, түстермен ерекшелеп көрсетеміз. Бұл — ұзақ кезеңді қамтитын ауқымды жұмыс, — дейді ол.
Бас жоспардың жобалық сызбасын сызып, жалпы халық үшін таңсық сәулет саласын дамытуға шындап кіріскен Серікбай Маратұлы көше бойындағы нысандар мен саябақтардан өз қолтаңбасын көріп, шын қуанатынын жеткізді. Әр кезеңде тиянақтылықты талап ететін жұмысының оңай еместігін айтады.
— Қаламыздың көрікті, ел қызығарлықтай болғанын, туристер келіп тамашалай алатын әдемі болғанын қалаймын. Қазір технологияның дамыған заманында сәулетші мамандығының жұмысына жауапкершілік күшейтілді. Біз тәрізді мамандар ең күрделі компьютерлік бағдарламалармен де еркін жұмыс істей білуі керек. Үнемі ізденісте болып, заманауи құрылыс материалдарын дұрыс таңдау да маңызды. Мәселен, Алтын ордашағын ауданының нысаналы мақсаты — көпқабатты тұрғын үйлер салу. Қалада көбіне көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабаты шағын және орта бизнес өкілдеріне беріледі. Осыған орай 1-қабатты бірыңғай түске, дизайнге келтіру жобасын да ұсынып жатырмыз. Бұл — бұрын-соңды болмаған жобалардың бірі. Біздің бөлімде жастар көп болғандықтан, айтылатын түрлі идеялар да, жаңашылдықтар да көп. Алдағы уақытта жобаларымыз өз жемісін береді деген ойдамыз, — дейді Серікбай Маратұлы.
Туған жерге тағзым
Қаланы абаттандыру жұмыстарына демеушілік көрсетіп, белсене кіріскенақтөбелік кәсіпкерлер баршылық. Олар бос жатқан бірнеше аумақта көпшілікке ыңғайлы, жайлы демалыс орнын жасақтауды көздейді.
— Ақтөбе қаласының 155 жылдығы аясында 5 кәсіпкер аллеялар мен скверлерді абаттандырып жатыр. Урбанистика бөлімі 10-ға жуық эскиз әзірлеп, жоба дайындады. Мәселен, «Зерде» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Әбілқайыр хан даңғылында орналасқан бос жатқан аумаққа абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Аталған учаскеде қазір ауданы 2000 шаршы метр болатын шағын алаң бар. Көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, саябақ шамдарын, орындықтар мен қоқыс жешіктері орнатылды. Жалпы, біз осы бағыттағы жұмысты жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Осындай бос жатқан жерлерді тиімді пайдалану керек. Олар біздің тұрғындарымыз үшін жайлы және қауіпсіз демалыс ортасына айналса деймін. Сондай-ақ қала кәсіпкерлерінің өз бастамасы бойынша демеушілікпен Абай аллеясында, «Нұрдәулет» сауда орталығы мен «Көктас» фитнес-орталығы арасында, Мәншүк Мәметова көшесіндегі №14 үйдің жанында, Әбілқайыр хан даңғылындағы Сазды шағын ауданындаорналасқан бос аумаққа жоба бойынша абаттандыру жұмыстарынбастап жатыр, — деді сәулет және қала құрылысы бөлімінің урбанистика орталығының басшысы Әбілқайыр Шоқпытов.
Айдана АЛТЫБАЕВА.