Ақсақалдар айтпады деп жүрмесін!

Тоқсанның тұғырында

 Еліміз Тәуелсіздік алғалы әлемнің әр аймағында тарыдай бытырап жүрген талай қандасымыз өзінің атажұртына, кіндік қаны тамған туған жеріне оралды. Соның бірі — сонау отызыншы жылдардың ашаршылығы мен байларды тәркілеу саясаты тұсында Ақтөбенің Табын ауданынан (қазіргі Байғанин) әулетімен жат жерге кеткен екі жасар сәби Мүсіран Қиынбаев еді.  Қарақалпақ елін паналаған сол сәби ұмтылып өсіп, еңбек жолын ұжымшардың  есеп қызметкері болып бастап, Қарақалпақ АССР-ы Министрлер Кеңесі Төрағасының бірінші орынбасары — Агроөнеркәсіп кешені комитетінің төрағасы лауазымына дейін көтерілді. Қарақалпақ ішіне сіңісіп, абырой, бедел тапты. Бала-шаға өсіріп, ұрпақ жайды. Әйтсе де «Ер туған жеріне» дегендей, Мүсіран аға арада сексен жыл өткенде өзінің туған жеріне оралып, Ақтөбенің дәм-тұзын татып жатыр. Ақсақалдың тоқсанның тұғырында тұрып айтқан әңгімелері кейінгі ұрпаққа жақсы сабақ, тәуір өнеге болғандай.

 Негізгі білім — бес класс

— Мүсіран аға, Сізге қарап заман түзелгесін адамның жасы да ұзарғандай ой түйеміз. Бағзы заманғы бабаларымыздай тоқсан жас деп торықпай, өз аяғыңызбен редакциямызға келіп отырсыз. Осынша жасқа келсеңіз де, шүкір, әлі де қуатты, жинақысыз. Әңгімеңізді алыста қалған балалық шағыңыздан, ұзақ сағындырып оралған туған жерден бастасаңыз…

— Әкеміз алты ағайынды екен. Кеңес өкіметінің саясатынан көп қысым көрген. Малын тартып алып, ашаршылыққа ұшыраған. Алды аштан өліп, тіршілік ету қиындағаннан кейін, отызыншы жылы Доңызтаудан Қарақалпақ асып, Нөкіс қаласының маңындағы ауылды паналаған. Өздерінен бұрын көшіп барған нағашыларымызды сағалап барған. Оған жету де оңай болмаған. Күндіз жасырынып, түнде жүріп отырған. Егер де көзге түсіп қалса, қашқын деп бірден атып тастайтын болған. Қарақалпақстанға өткеннен кейін де жағдайлары бірден оңға баса қоймаған сияқты. Елден ашаршылыққа ұшырап, соңдарынан шұбап жеткен талай ағайын біздің шаңырақта өлген…

— Өткен өміріңіз туралы естелік кітаптар жазғаныңызды естігенбіз. «Өмір жолым» деп аталатын мына кітабыңыз қарақалпақ тілінде екен. Сонда сіз сауатты қарақалпақ мектебінен аштыңыз ба?

— Қарақалпақ арасында өскесін солай болады ғой. Ауыл мектебіне тоғыз жасымда бардым. Соғыс жылдарындағы ауыртпалықты, аштықты мен толық көрдім. Бұғанам қатпай еңбекке араластым, ерте есейдім. Екі ағам соғысқа аттанып, біреуі хабар-ошарсыз кетті. Сондай жағдайда қандай оқу, мектеп болады? Сізге шынымды айтайын, менің білімімнің негізі — бес класс, қалғаны сырттай оқу, ізденіс… Онжылдықты бітіргенім туралы аттестатты Қарақалпақ АССР-ы Министрлер Кеңесіне қызметке кіргеннен кейін экстерн оқып бітіріп алдым. 1955 жылы Ташкент қаласындағы қаржы-экономика институтына сырттай түсіп, 1960 жылы диплом алып шықтым. Араға екі жыл салып аспирантураға түстім. 1967 жылы Алматыда Қазақ Мемлекеттік университетінің Ғылыми кеңесінде «Қарақалпақстан кеңшарларында мақта шаруашылығын жетілдіруде экономикалық пайданы арттыру» деген тақырыптағы ғылыми жұмыспен экономика ғылымдарының кандидаттығын қорғап шықтым. Әне, сөйтіп, баяғы бес класпен «білгіш» болып шыға келдім (күледі). Қызмет баспалдағым да өрлей бастады. 1970 жылы Қарақалпақстан Республикасы Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалдым. Ол кезде Қарақалпақ АССР-ының бірінші басшысы Қаллыбек Камалов еді. Мен онымен 13 жыл бірге істестім.

Ауыр саланың басшысы

— Сонда қандай салаға басшылық жасадыңыз?

— Менің қызметім бірінші орынбасар және агроөнеркәсіп кешені комитетінің төрағасы ғой. Сондықтан менен сұралатыны ауыл шаруашылығы. Егіншілік пен мал шаруашылығы, қаракөл терісін дайындауға дейінгі күллі қызмет менің бақылауымда  болды.  Өте ауыр сала. Ұлтарақтай жердің дұрыс жыртылмағаны үшін де жауап бересің. Екі мың тракторды  бақылау мүмкін бе? Болмаса, малдың алдында тұз неге жоқ деп ұрсады. Бір жерде мал өлсе де жауап беруге тура келеді. Ол заманның талабы бойынша соның бәріне басшы жазықты болатын. Лауазымыма сай көп міндеттер жүктелді. Қарақалпақ автономиялық республикасы партия комитетінің ұзақ жылдар бюро мүшесі, Министрлер кеңесі ұжымы бастауыш партия ұйымының  хатшысы болдым. Бес рет Қарақалпақ АССР-ы Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайландым.  Әлгіндегі айтқан Қаллыбек Камалов, Кәкімбек  Салықов, Ережеп Айтмұратов,  Наурыз Жапақов сынды ел басқарған азаматтармен тонның ішкі бауындай болып жүріп қызмет еттім. Өзбекстанның бірінші басшысы болған Шараф Рашидовтың да алдын көрдім, талай бюроларына қатысып, есеп бердім.

— Лауазымды жұмыста жүріп қатты қиналған кезіңіз болды ма?

— Үлкен қызметке барғасын бала-шағаны, үйіңнің жайын ойлауды ұмытасың. Бастан талай қиыншылық өтті, оның қайсы бірін айтайын. Көпке дейін мені қатты қинаған орыс тілі болды. «Басқа түссе баспақшыл» деп оны да үйрендік. Басқа лаж жоқ.  Грамматика жағынан ақсайтынмын, оған жақсы машинистка ұстадым. Солай үйренген орыс тілімен  Қарақалпақстанда 17 жыл билік еттім ғой.

— Үлкен қызметте жүрген адам бала-шағаны ұмытады деп қалдыңыз. Өзіңіздің отбасы жағдайыңыз қалай болды, аға?

— Ол жағы түгел. Ерте үйлендім. Себебі, ата-анам мен тумай тұрғанда елдің бір қадірлі адамымен құда болып, қызын атастырып қойған. Кішкентай баламын, үлкен ағайым ойнап жүрген жерімнен қайын жұрттан келгендерге арқалап әкеліп: «мынау күйеу балаларың» деп таныстыратын. Мен тұра келіп қашатынмын. Ақырында сол атастырған қызбен бас қостым. Есімі Тәтті еді. Ұзақ жыл тәтті ғұмыр кештік, 5 ұл, 1 қыз өсірдік. Тұңғышымыздың өзі қазір жетпіске таяды. Балалардың бәрі бір-бір үй болып жан-жақта отыр. Ақтөбеге екі ұлыммен, сексенінші жылдардың ортасында зайыбым дүниеден өтіп, екінші рет үйленген едім, сол жұбайым Ілия Мағжанқызымен көшіп келдім.

Саяқ әулие

— Елге, туған жұртыңызға қоныс аударғандағы негізгі мақсатыңыз не еді? Ойға алғандарыңыздың бәрі орындалып жатыр ма?

— Туған жердің қадірін сыртта жүріп сағынған адам ғана біледі. Сексен жылдан кейін елге оралғанда мен әуелі атажұртымның тарихына қойдым. Ата-бабаларымның  өткенін зерделеп сусындадым. Елдің, ағайын-туыстардың есіндегі естеліктерді тірілтіп, мұрағаттарды ақтарып, әлімнің келгенінше тарихи-танымдық кітап жаздым. Аңызға айналған киік сауған Саяқ әулие бабамыз туралы кітабымды бітіріп, осы таяуда баспаға тапсырдым.

— Кітап енді дұрыс қой. Сіз жердің тілін, малдың жайын білетін елде ұзақ жыл жоғары деңгейде басшы болған, білігіңіз де, көргеніңіз де көп адамсыз. Соны, ақыл-кеңесіңізді,  кейінгі жастарға айтып, үйретпейсіз бе? Қандай ортада боласыз, ардагерлер ұйымымен байланысыңыз бар ма?

— Көшіп келгеннен кейін, біздің атамекеніміз Қобда ауданына барып, сол кездегі әкіміне жолығып, шаруа қожалығы ма, болмаса кооператив пе, құрса қалай болады деп, жолығып көрдім. Жер шаруашылығы  мен мал өсіру кәсібін білгесін, біраз ойларым да бар еді. Бірақ бұл ниетімді ешкім қабыл етпеді. Ақыл-кеңес тыңдайтын адамды да көре алмадым.  Қандай қызмет істегенімді біраз адам біледі. Бірақ ешқандай жиынға, басқосуға шақырмайды. Ардагерлер ұйымымен де байланысым жоқ. Мен әлгінде айтқан Саяқ әулие бабамның атына мешіт тұрғызуға шаруа қылғанмын. Соған жер сұрап, талай кеңсенің есігін тоздырдым. Қабылдамайды. Тіпті сөйлеспейді де, жеке шаруасын күйттеп жүрген шал деп ойлайтын сияқты. Тоқсанға келгенде қазағымды жамандап не абырой табамын. Бірақ, шынын айту керек, бізде қазақ арасында қайырымдылық, қазақылық кемдеу. Бірінің айтқанын бірі қылмайды.  Бұл жағынан өзбектер ұйымшыл.

Аралдың тартылу себебі

— Өзіңіз қызмет істеген жылдардағы шаруаны бес саусақтай өргізіп отырсыз. Өзбекстанның, Қарақалпақстанның сол тұстағы күллі цифры басыңызда тұрған сияқты, жатқа айтасыз. Көп шаруаның ішінде жүрдіңіз, кешегі кезде жер мен су көздері тиімді пайдаланылды деп ойлайсыз ба?

— Су көздерін пайдалануда түзетілуі қиын үлкен қателіктер кетті. Сталин заманында жасалған дұрыс жоба-жоспарлар, ол өлгеннен кейін жүзеге аспай қалды. Оны елдің басшылығына келген Хрушев бұзды. Қарақұмның үстімен Ашғабатқа үлкен канал тартты. Бұған Әмудария суының 50 пайызы кетіп, Аралға су жетпей қалды. Егер бұрынғы жобадағы құрылыс жүзеге асқанда судың мұндай ысырабы, шығыны болмайтын еді. Кеңес кезінде елдік маңызы бар күрделі мәселелер көп жағдайда халықтың санына қарай шешілді. Бұл жерде де әділетсіздік болды. Себебі, Өзбекстан өзінде ежелден қоныстанған және кейін алмағайып заманда ауып барған миллиондаған қазақ пен тәжікті қосып, халық санын ұлғайтып көрсетіп отырды. Оның салқынын қазірде де байқауға болады…

— Өмірлік абырой, беделді  шетте жүріп жинадыңыз. Үш Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерін, көптеген медаль тақтыңыз. Тіпті қажылық сапарға да сол елден барған екенсіз.

Сізді осындай биікке жеткізген — ауыл шаруашылығы. Сондықтан бұл салаға дән риза шығарсыз?

Олай демес едім. Бұл аса ауыр, бейнетті сала ғой… Аз берсе де, қазіргі зейнеткерлік демалысым рахат. Бірақ қай уақытта да ауыл шаруашылығы  бола береді. Өйткені азық-түлік, тамақ  барлық кезде керек. Сонымен бірге бұл сала кемшіліксіз де болмайды. Мен осы салада жұмыс істейтіндерге әр кез аяушылықпен қараймын. Олардың еңбегі тас төбеден, жауапкершілігі де зор. Сондықтан бұл салаға құрметпен қарағанды жөн көремін.

— Қарақалпақстан қазір шетел саналғанымен, бұрын бір мемлекеттің құрамында болды ғой, сол кездерде Қазақстанмен, оның басшы азаматтарымен де аралас-құраласта болған шығарсыз?

— Іс басында болған көп азаматтарды білемін. Ауыл шаруашылығына қатысты өткен одақтық жиындарда сан мәрте кездесіп, таныс,  пікірлес болып жүрдік. Министрлер кеңесіндегі азаматтарды, облыстардың бірсыпыра басшыларын танитынмын. Қайсыбіреулерімен жолдас болып жүрдім.

— Осы жерде бір сауалым бар еді. Сіз белгілі қоғам қайраткері, айтулы ақын Кәкімбек Салықовпен ол Қарақалпақ кеңестік автономиялы республикасы партия комитетінде бірінші басшы болған кезде төрт жыл жұмыстас болғаныңызды айттыңыз. Ал сондай азаматқа неліктен Қазақстаннан жұмыс табылмады?

— Ол Жезқазған облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып жұмыс істеген. Елде қалмағанына қарағанда, бір себептері бар шығар. Ал Қарақалпақстанда жұмыс істеген кездегі басты қатесі — екінші хатшылыққа байырғы орыс кадрын өзгертіп, Горбачевпен Ставрополь өлкесінде бірге жұмыстас болған орысты алуы болды. Бұл кейін өзіне де бағынбай, қайта құру саясатын желеу етіп, біраз қазақ кадрларына зәбір берді.

— Елге, туған жеріңізге келгеніңізге ризасыз ба? Әлде ғұмырыңыздың көп бөлігі өткен Қарақалпақстанға қарайлай бересіз бе? Ол жақта қалған туыстарыңыз, бала-шағаларыңыз бар ма?

— Жоқ, жақын-жуық, бала-шағам түгел оралды. Мен көшіп келуді жан-жақты ойлап, сан толғанып шешкен адаммын. Алдында Қазақстанға жиі қатынап жүрдім. 1992 жылы Ақтөбеде өткен Есет Көкіұлының асына қатыстым. Одан кейін Үстірт жайлауында жалғасқан Барақ батырдың тойында болдым. Оның алдында Қарақалпақстандағы қазақтардың бірінші құрылтайын өткізуге ұйытқы болғаным бар. 1992 жылы Алматы қаласында өткен Бүкілдүниежүзілік бірінші қазақ құрылтайына келгенде-ақ елге оралуға бекем бел буғанмын. Бұдан әрі қалса, балаларым  жат болып кететінін білдім. Мен бала-шағалы адаммын. Немере-шөберелерімнің өзі бір ауыл. Олардың санын айтпай-ақ қояйын. Қыздан шөпшек те бар. Бір сөзбен айтқанда, біздің әулетті елдің дәм-тұзы тартты.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button