Ақсақалдар айтпады деп жүрмесін!

Жайлауда өткен тоқсанның тойы

Соңғы ширек ғасырдың ішінде еліміздің экономикасының өркендеп, халықтың тұрмыс жағдайының елеулі түрде жақсаруының нәтижесінде адамның ғұмыры ұзарды. Қазір ресми дерек бойынша орта жас 72-73 жас болып есептеледі. Бұл енді біз білетін ілгеріректегі жылдармен салыстырғанда, адам сенбестей көрсеткіш. Бірақ мұның нақтылығына көңіл сенбегенмен, көз көріп отыр.

Назар салсақ, ортамызда сексен мен тоқсанды қаусырған қариялар жиі ұшырасатын болды. Сексендегі ағаларымыздың көпшілігі жас жігіттей желпініп жүрсе, тоқсанға да мұқалмай жеткендері көп. Жақында  Ақтөбе қаласының Ақшат ауылында «Бексұлтан» жеке қожалығының басшысы Батырбек Шәуленов әкесі — Салық ақсақалдың тоқсанға, өзінің ердің жасы елуге толуына байланысты жайлауда дүркіретіп той өткізді. Тойдың бағдарламасы қаланың мейрамханаларында өткізіліп жүрген мерейтойлардан өзгеше болды. Ат жарыс, күрес, арқан тартыс сынды ұлттық спорт түрлерімен бірге, ақындар айтысы, өнер сайысы ұйымдастырылып, жеңімпаздарға той иесінің белгілеген жүлделері тапсырылды. Мысалы, аламан бәйгеге 16 сәйгүлік қосылып, бас жүлдеге мотоцикл берілді. Той қызығына сегіз жүздей адам жиналды. Жайлауға кең хан шатыры және бірнеше киіз үйлер тігілді. Ас тартып, ән айтып, би билеу күні бойы жалғасты.

Тоқсанның иесі Салық Шәуленов  әлі де тұғырдан түсіп тұрған жоқ, жігерлі. Ақсақал немересін күн сайын ертеңгілік балабақшаға өзі алып барып, кешкілік өзі алып келеді.

Көпшілікке төгілтіп батасын беріп, әңгімесін жаңылмай сабақтап, жан-жақтан тойға жиналған қонақтардың, балалары мен немере-шөберелерінің ортасында шалқып отырды.

Елу жасы әкенің тоқсан жасымен бірге аталған Батырбек — ақсақалдың кенжесі. Әкесі Салық пен анасы марқұм Зібайра он бала тәрбиелеп өсірген. Әне, содан өрген ұрпақтардың өзі  той күні жайлауды толтырып жібергендей болды.

Тойға жиналған тілеулес қонақтардың қолпаштауы мен әулетінің сүйіспеншілігіне бөленіп, жасыл кілем жайлауда гүлге оранған тоқсандағы ақсақал қайта жасарғандай жүзі гүл-гүл жайнап, өткен шақпен өнегелі әңгіменің тиегін ағытты.

— Әкем Күмісқали арабша оқи алатын, ептеп сауатты адам болған. Сол сауаты, көзінің ашықтығы өзіне «жау болып», отыз жетінің саяси қуғын-сүргінінің құрбанына ұшырады.

Мен мектепті туған ауылым Қарасудың бастауыш мектебінен бастап, одан кейін Көптоғайда жалғастырып, жетінші класты 1942 жылы үздік бітірдім. Соғыс басталып кетті де, әрі қарай оқуға жағдай болмады. Сталинградтан біздің ауылға жеткізілген бір отар қойды бағысып, ақпар тасып, сабан айдап, егісте жұмыс істеуге тура келді. Екі жыл осылай өтті. Бір жыл Алтықарасу орта мектебінде оқып, сегізінші класты бітірдім. Сол біліммен соғыстың соңғы жылында өзімнің туған аулым Қарасу бастауыш мектебінде меңгеруші-оқытушы болдым. Менің елу жылға таяу созылған ұстаздық жолым осылай басталды. Кейін Көптоғай жетіжылдық мектебінде оқытушы, Аманкелді, Берсиев, Теректі, Құрманов жетіжылдық мектептерінде директорлық қызмет атқардым. 1990 жылы Құрманов орта мектебінде оқытушы болып жүріп зейнет демалысына шықтым.

— Ол жылдарда ауылдағы ең беделді адам мұғалім еді. Бата бергенде үлкендер «Қарағым, мұғалім бол!» деп отыратын. Бар құрмет, ілтипат та ұстазға көрсетілетін. Сол ортаның адамы ретінде сіз де біраз құрмет көрген боларсыз?

— Өзім қызмет істеген жерлерде ауылдық кеңестің депутаты, халық заседателі, бастауыш партия ұйымының хатшысы, насихатшы, үгітші сынды қоғамдық жұмыстарды үзбей атқардым. Әрине, ондай  сенімге жеткенше, біраз еңбектенуге, ізденіп оқуға тура келді. Жұмыс істей жүріп, 1944 жылы бес айлық курста білімімді жетілдірдім. 1950 жылы педагогикалық училищені, 1952 жылы оқытушылар институтын, 1966 жылы Оралдың педагогикалық институтын бітіріп алдым. Ұзақ жылғы ұстаздық еңбегім ескеріліп, еліміздің Білім беру ісінің үздігі атандым. Мемлекет тарапынан, білім беру саласынан алған басқа да марапаттарым бар.

— Он баланың ең кішісі Батырбектің елуге толғанына қарап, ерте отбасын құрғаныңызды аңғаруға болады.  Соғыстың ауыр жылдары ерте есейтті ме?

— Жалпы соғыс, қиын тұрмыс ол кездің жастарын ерте есейткені рас. Әкелері соғыста қаза болып, аналарын, аталары мен әжелерін, соғыс жесірін бағуға тура келді. Соғысқа дейін әкеден көз жазып қалған мен де, он  сегізге толар-толмаста аяғым байланып қалды және оның өзі маған айтылмай, еркімнен тыс болды. Жақын туыс ағайындарым өздері білетін ауылдың қызына құда түсіп қойған. Содан үлкендер болып біздің үйге жиналып, шай үстінде жағдайды айтып: «Ержеттің, шешең үлкейді. Бейнетті де аз көрген жоқ, ерінен жас қалды, оны білесің. Ант бұзған оңбайды. Уаделесіп қойдық, бізді қинама, келіс, отбасын құр!», — деп тұрып алды.  Мен қатты ұялдым. Шығып кеттім. Екі-үш күн жұмысқа да бармай, сырттап жүрдім. Үлкендер ұрысып, ақыл айтып, үйден шықпады. Шешем жылап отырып алды. Содан «жарар» деп келісіп, анамның батихасын алып, қалыңдығымды алуға бір-ақ бардым. Қыз менен де жас, он алтыда болып шықты, соғыстан кейінгі қиын жылдар ғой, үлкендер жағы оны да мәжбүрлеп көндірген екен. Содан 1947 жылы отбасын құрдық. Қырық бір жыл отастық, сыйластық. Марқұм жұбайым он үш құрсақ көтерді. Қазір он бала бар, төрт ұл, алты қыз тәрбиелеп, өсіріп, ержеткіздік. Біреуден әрі, біреуден бері дегендей, өмір өткіздік. Қатардан кем болған жоқпыз.

— «Алғыс алған, сауап жинаған ғұмырлы болады» деген даналыққа тағы бір жүгінгендейміз. Баспадан шыққан «Жылдарымның жемісі» деп аталатын кітабыңыздан өз әулетіңізбен қоса, қайын жұртыңызға да көп қайыр қылған, қиын кезде ене де баққан, қолқайырымы мол адам болғаныңызды  білеміз. Осыдан отыз жыл бұрын өмірден өткен зайыбыңызға деген адал махаббатыңыздың  қоламтаның шоғындай сөнбегені де еріксіз сүйсіндіреді.

— Он алты-он сегіз жасымыздан шаңырақ көтеріп, талай қиын-қыстау кезеңдерден бірге өткен, он баламның анасы болған Зібайра бақилық ғұмыр кешкен соң, төсек жаңғыртып, жаңадан отбасын құруды ойламадым. Ақыл айтқан құрдас-жолдастарым болды, бірақ олардың айтқан сөздерін ескермедім. Ата-баба дәстүрін сақтап, қарашаңырақта кіші ұлым Батырбектің қолында, келінім Лиза мен немерем Бексұлтанның қамқорлығында отырғанды жөн көрдім.

Ұлы Батырбек пен келіні Лиза

— «Сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» демекші, кәсіпкерліктен өз жолын тапқан Батырбекке ықыласыңыздың бөлек екенін білеміз.

— Тоқсаныншы жылдардың орта шеніне дейін  туған жерде тұрдық. Жолдасым өмірден озып, ауыл тұрмысы ауырлап, күнкөріс қиындады. Осы кезде кенже ұлым үйленіп, кәсіпкерлік жолға түсіп, әулетті тығырықтан алып шықты.  Соның арқасында облыс орталығына — қалаға жеттік. Жақсы қоныс салдық. Қазір ұлым қала маңынан жеке шаруашылыққа жер алып, кәсіпкерлік құрып отыр.

— Мамандығыңыз мұғалім болғанмен, сізге шаруаның жайы да бөтен емес. Сондықтан бұл істе балаға жақсы кеңесшісіз. Өйткені ақ тарының атасы Шығанақтың көзін көріп, шығанақтық қозғалыстың бел ортасында жүрдіңіз. Сол жылдарды жиі еске аласыз ба?

— Кейде есіме түседі. Мен соғыс басталған жылы Көптоғай жетіжылдық мектебінің  7-класында оқитын бала едім. Қыс кезі. Мектепке Шығанақ Берсиев келді. Алдын ала хабарланған болу керек, біздер, оқушылар алдында сап түзеп тұрдық.

— Сендер де, міне, жігіт болдыңдар. Амандық болса, әкелерің, ағаларың да майданнан жеңіспен оралар. Тек жақсы оқыңдар, тәртіпті болыңдар. Шешелеріңе, әжелеріңе көмектесіңдер, — деп басымыздан сипады. Біз соғысқа кеткен әкелеріміз келгендей қуандық.

Соғыс жылдарында білім алу мен еңбек ету қатар жүретін. Әлі есімде, 1944 жылы орақ кезінде бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын курста оқып жатқан біздерді аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Шыңғыс Танкиев қабылдады. Сөзге жорға, көбіне қуақыланып сөйлейтін азамат еді марқұм.

— Мәскеу түбінде 28 панфиловшы ерлік көрсетсе, енді кезек сендерге — 28 болашақ педагогқа келді, — деп бастады сөзін. Сөздің астарын түсіне қойдық. Бізге Шығанақ Берсиевтің тары алқабына барып, егінді қолмен оруға, орақ біткенше сонда болуға, сөйтіп, Отан қорғаудағы 28 панфиловшы жерлестеріміздің ерлігін колхоз даласында қайталауға тапсырма берілді. Бұл комсомолдық тапсырманы біз бұлжытпай орындадық. Бір айдың ішінде бітік өскен егінді орып, баулап, қырманға арбамен, көбінде жаяулап-жалпылап жүріп тасып жеткіздік. Көршілес орналасқан даңқты тарышының ізбасары Қашқын Соқыровтың звеносына да көмектестік. Жастардың еңбегіне, құрыш қайратына риза болған тарышылар шексіз алғысын жаудырды. Сол кезде жас болсам да зейініме түйгенім, Шығанақ атамыз мейлінше жай мінезді, қарамағандағыларға  «қарағымнан» басқа сөз айтпайтын, мейірімі төгілген жан екен. Орта бойлы, мығым денелі, еңбексіз бір минут қарап отырмайтын, оның ащы-тұщысына қайнап піскен қарт көбіне егінді жаяу аралап, шығымын қарап жүретін.

— Үнемі балаларыңызға айтып отыратын өмірден түйген тәрбиелік сөзіңізді біз де естіп, сүйсініп отырмыз. Соның бір-екі аузын қайталаңызшы?

— Біреуге тіл тигізуден сақтан. Ақыл — дос, ашу — дұшпан. Әдептен аспай, кішілік көрсету арқылы кісілік танытуға тырысыңдар. Өз басыңа тілемейтін істі біреуге істеме, қиянаттан асқан қылмыс жоқ. Осыдан сақтан деп отырамын. Тек балаларым емес, барша жастарға айтар сөзім осы.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button