Денсаулық

Перинаталды орталыққа ретиналды камера сыйға тартылды

Облыстық перинаталды орталыққа жаңа туған нәрестелердегі ретинопатияны анықтауға арналған заманауи ретиналды камера берілді. Бұл аппаратты «Halyk Bank»-тің  қолдауымен «AYALA» қайырымдылық қоры сыйға тартты.

Үндістанда жасалған «Forus NEO» ретиналды камерасы жаңа туған нәрестенің көзінің торлы қабағына толық диагностика жасауға мүмкіндік береді. Ноутбукпен біріктірілген камераны пайдалану оңай. Аппарат тексеру барысын суретке, бейнежазбаға түсіріп, сақтай алады. Бұдан бөлек ата-анада экраннан сәбидің көзінің ішкі жағдайын көре алады. Облыстық перинаталды орталықта аталған жабдықтың жұмыс істеу барысы көрсетіліп, қайырымдылық қорының өкілдері сертификат табыстады.

Бұл аппарат  көздегі ақауды дер кезінде анықтап, нақты диагноз қоюға мүмкіндік береді. Қазір орталықта сәбилердің денсаулығын жақсарту үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Бұрын ота жасату үшін балаларды Алматы, Астана қалаларына жіберетін болсақ, бүгінде өзіміздің орталықта жасай береміз. Мәселен, төрт айда 6 600 нәресте скринингтен өтті. Тексеру нәтижесінде ретинопатия бойынша ақау анықталса, осы орталықта бірден операция жасалады. Бүгінгі таңда 20-ға жуық сәбиге ота жасалды, — деген облыстық денсаулық сақтау басқармасы ана мен баланы қорғау бөлімінің жетекшісі Әлия Шарбақова «AYALA» қайырымдылық қорының және «Halyk Bank»өкілдеріне алғысын айтты.

Сондай-ақ жиында «AYALA» қайырымдылық қорының коммуникациялар бойынша  вице-президенті Наталья Еськовақайырымдылық қорының «Әлемді көремін»  жобасын жүзеге асырып келе жатқанына үш жыл болғанын айтты.

Ақтөбедегі перинаталды орталық  —  арнайы жабдық алып берген 17-ші мекеме.

Ал «Halyk Bank»-тің Ақтөбе облыстық филиалы директоры міндетін атқарушы Торғын Беисова аталған қормен серіктестік жасаған бес жыл ішінде құны 125 миллион теңге болатын жабдықтар сатып алынғанын жеткізді.

Облыстық перинаталды орталық директорының орынбасары Толқын Серғазинақор мен банк өкілдеріне алғысын айтты.

Сондай-ақ жиналғандарға орталықтың офтальмолог дәрігері Кәмшат Мешітбаева аппараттың қалай жұмыс істейтінін көрсетті.

Бұрын офтальмоскоппен тексеретінмін. Бұл кезде көздің жағдайынмен ғана көремін. Ал мына аппарат барлығын экран арқылы көрсетіп тұрады, яғни баланың анасы да көзде ақаудың бар немесе жоқ екенін көре алады. Аппарат көздің торлы қабатының тамырындағы, жүйке талшықтарындағы өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді, — деді Кәмшат Мешітбаева.

Ретинопатия дегеніміз —  шала туған нәрестелерде кездесетін  көздің торлы қабығының, яғни жарыққа сезімтал аймақтың  бұзылуы. Егер дер кезінде ауруды анықтап, ем жүргізбесе, кейін көрмей қалуы мүмкін. Жалпы, елімізде жыл сайын жиырма мыңнан астам сәби шала туады екен. «Әлемді көремін» жобасы аясында үш жыл ішінде шала туған 4500 балаға диагностика жасалып, көз жанары мүгедектігі 0,6 пайызға төмендеген.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button