Жаңалықтар

Құм көшкініне тосқауыл жасалады

«Ақтөбеде» көтерілген мәселе

Байғанин ауданы облыстағы орман шаруашылығы қолға алынбаған бірден-бір өңір болатын. Ауданда 6 елді мекенді құм көшкіні басуда. Осыған орай журналист, қоғам қайраткері Жақсылық Айжанұлы бірнеше жыл «Ақтөбе» газеті арқылы қоғамдық пікір тудырды. Ақыры іс нәтижесін тапты.

2023 жылдың 7 қараша айында облыс әкімі А.Шахаровтың №301 қаулысы негізінде «Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» ММ-нің «Байғанин орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі» КММ құрылды. Аталған мекеме 2023 жылдың 25 желтоқсанында заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеуге алынды. 2024 жылдың қаңтар айынан бастап жұмысты бастаған болатынбыз.

Бекітілген штат кестесі бойынша 39 адам жұмысқа алыну керек. Штаттық кестеде орманшы ретінде 8 адам қарастырылған. Қазіргі таңда «Байғанин ауданының мансап орталығы» филиалы арқылы осы орманшыларды оқыту курсы ұйымдастырылып жатыр.  «Байғанин орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі» КММ-нің теңгеріміне берілген нысанның және техникалардың (жеңіл автокөлік-1, трактор – 3) құжаттары рәсімделуде.

Комиссияның шешімімен ауданның босалқы жерлерінен және ауылдық округ жерлерінен орман алқабын орналастыруға 30 мың га жер учаскесі берілген болатын. Қазіргі уақытта осы жерлерді «Байғанин орман және жануарлар дүниесін корғау мекемесі» КММ-нің меншігіне рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы жылдары Жарқамыс ауылында 50 га жерге және Қарауылкелді ауылында 10 га жерге тәлімбақ орналастыру жоспарланған. 2025 жылы 2000 га жерге ағаш отырғызу жоспарланса, оған 5-6 млн түп ағаш көшеттері қажет. Сондықтан осы жерлерге қажетті көшеттерді дайындау үшін биыл Қарауылкелді ауылынан — 2 га, Жарқамыс ауылынан 3 га тәлімбаққа тұқым себу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Осы жұмыстарға қажетті құрал-жабдықтарға, қосалқы бөлшектерге, тәлімбақтың қоршауына және жанар-жағармайларға бюджеттік сұраныс жасалынды. Облыстық мәслихат сессиясында қолдау тапса, жоспарланған жұмыстарды жандандыру қажет.

«Байғанин орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі» КММ 30 мың га жерге тұрақты жер пайдалану құқығымен жер актілерін заңдастырғаннан кейін осы жерлердің топырағының зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Топырақты ғылыми-зерттеудің мақсаты — қандай орман көшеттері климатқа қолайлы, яғни сәйкестігін анықтау.

Көшпелі құмдарды тұрақтандыру жобасы бойынша «Garant Story-K» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы Байғанин ауданы бойынша Жарқамыс елді мекенінің аумағынан жобалық құны 345207,925 теңгеге 12.6 га жер учаскесіне 24378 түп ағаш көшеттері қоршалған аумаққа егіліп, 3 ұңғыма қазылып, тамшылатып суару әдісімен жұмыстар жобаға сәйкес жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ Баршақұм елді мекенінің аумағынан жобалық құны 223387,989 теңгеге 9,4 га жер учаскесіне 17965 түп ағаш көшеттері қоршалған аумаққа егіліп, 3 ұңғыма қазылып, тамшылатып суару әдісімен жұмыс та жобаға сәйкес жүргізілуде. Жобаның жүзеге асырылу уақыты 4 жылда жоспарлануда.

 Еркебұлан ТАЛАСБАЕВ,

Облыстық табиғат ресурстары

басқармасының орман шаруашылығы

бөлімінің басшысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button