Ақсақалдар айтпады деп жүрмесін!

Құлқай ағаның ормандары

Осы қазан айының ішінде тоқсан жасқа толған Құлқай Нұрмағамбетовтің өмір жолы көпке жақсы өнеге.  Ақтөбе облысының орман шаруашылығы саласында қырық жыл басшылық қызмет атқарып, аймақты орманға толтырған еңбегі күні бүгінге дейін жұртшылықтың  есінде. Қазақ ССР-ына еңбегі сіңген орманшы атағы, Ақтөбе қаласының және Мәртөк ауданының құрметті  азаматы атағы, екі бірдей «Құрмет белгісі» ордені, тоғыз медаль кезінде орманшылық кәсіптегі табыстары үшін берілген. Тіпті  КСРО-ның құрметті теміржолшысы атағының өзі осымен байланысты. Өйткені Батыс Қазақстан теміржолында дистанция бастығы болып жүргенде,  теміржол мен тасжолдар бойына қорғаныштық тал отырғызу ісіне қосқан үлесі ескерілген. Міне, осындай кәсіп иесімен сұхбаттасқанда әңгіме арқауы, басты сауалдар, әрине, орман тақырыбында болады. Мен де сол үрдістен шыға алғаным жоқ.

 Қаланың сәні

— 1954 жылы Алматының Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының орман шаруашылығының инженері мамандығын алып, қызметті Ақтөбенің механикаландырылған орман шаруашылығының инженері, бас орманшы, директор болып бастағаннан бастап, осы салада өрлеп көп жұмыстар атқарғансыз. Ақтөбе өлкелік, облыстық орман шаруашылығы басқармасын, «Зеленстрой» басқармасын, кейін осы басқарма мен қалалық жол құрылысы, өзге де бірнеше жөндеу басқармалары біріктірілген тресті басқардыңыз. Мынау алдымыздағы сурет-шежірелер сол жылдардан сыр шертеді. Мысалы, мынау «Зеленстрой» ұжымымен түскен суреттерде өзіңізден басқа бір қазақ жоқ, түгел өзге ұлт өкілдері екен. Ағаш егу, қаланы көгалдандыру жұмыстары бейнеленген фотосуреттер түсінікті ғой, ал мына әсем ғимараттардың, коттедждер мен жылыжайлардың мәнісін түсіндірсеңіз?

— «Зеленстрой» мекемесінің ғимаратын мен салдырған едім, кейін жекешеленіп кетті. Ол өзі осы қаланы көгалдандырып, көріктендіру үшін құрылған мекеме болатын. Сол өзінің атына сай жұмыс жасады. Облыс орталығын шаңнан, суық желден, құмнан қорғау үшін қала айналасында алғаш жасыл белдеу жасалып, ағаштар егілді. Қылқан жапырақты ағаштарды алғаш бастап біз ектік.  Қала маңында бұрын болмаған кейбір ағаштың және бұталардың түрлері жерсіндірілді. Қарағай, шырша, тобылғы, өзге де кейбір бұта түрлері қаланың бақтарына алғаш солай келді. Бақ демекші, қаладағы саябақтар бірден орнай қалған жоқ. Қала ұлғайып, ескі қаладан жаңа шағын аудандар салынып, қала бөлінгенде, аралықтағы көп жерлер әлі де шалшық, батпақ болып жатты. Ол жерлерге қазіргі саябақтардың негізі қаланып, түрлі ағаштар егілді. Жаңа шағын аудандарды да көгалдандыру басталды. Оларды суландыру үшін Елек өзенінен 25 шақырым су құбыры тартылып, Әлия және  қазіргі Әбілқайыр даңғылдары бойына егілген ағаштар  суарылды. Облыстық орман шаруашылығы басқармасының, «Зеленстрой» мекемесі мен кейін трестің тізгінін ұстағанымда негізінен менде бір мақсат — осы ағаш егу, қаланы көгалдандыру шаруасы болды. Бұл салалардың жұмысы ауқымды еді. Мәселен, жылыжайлардың қызметі де бізге қарады. Қаладағы жылыжайлардың аумағы 7 мың шаршы метрді алып жатты. Сол арқылы қала көкөніспен қамтылды. Мұнымен бірге, мен басқарған трест құрылыс жұмыстарын да жүргізді. Ақтөбе қаласында коттедж үйлерді алғаш мен басқарған орман шаруашылығы салды. Сөйтіп, кезінде «Правда» газетіне де шықтым.

— «Правда» газеті мақтап жазды ма?

— Жоқ, жамандап, сынады. Өйткені коттедж салдыруға ол уақытта болмайтын. Орман шаруашылығы қызметкерлеріне арналып салынған үкіметтік коттедждердің өзі заңды деп табылмады. Оның үстіне, біз салдырған коттедждерге облыстық  деңгейдегі біраз басшылар кіріп алған еді. Басшылардың бәріне бірдей жетпеді де, осы реніш туғызды.  Дегенмен, ақырында мен кінәлі болғанмен, қалада екі қабатты екі пәтерлік көп коттедждер салынып қалды. Ол күні бүгінге дейін жақсы игілік болды. Жалпы біздің облыстың орман шаруашылығы негізгі көрсеткіштер бойынша одақта алдыңғы қатарда болды. Сол кезде республикада 150 орман шаруашылығы болса, соның ішінен Одақта, республикада жүлделі орындарды иемденіп жүрдік.

Шебердің көзімен

— Орман шаруашылығының, оны ұйымдастырудың жақсы шебері болғаныңызды білдік. Бұрында да хабарымыз мол болатын. Ал орман шаруашылығының қазіргі жағдайы хақында қандай ойларыңыз бар?

— Мен қызмет істеген жылдарда Ақтөбенің айналасына 15 мың гектар жерге ағаш егілді, қаланың ішіндегіні есептемегенде. Бұл енді  бірталай дүние ғой. Елбасымыздың өзі қолға алып, Астананың айналасына 85 мың гектар жерге ағаш егілгенін білеміз. Оның көлемі таяуда 100 мың гектарға жеткізілмек. Ақтөбе облысына Бердібек Сапарбаев келгелі әр салада қыруар жұмыстар жасалып жатыр. Мұны халық біледі. Құрылыс болсын, ауыл шаруашылығы болсын, өндіріс болсын, қаланы көгалдандырып, көріктендіру ісінде болсын — жасалып жатқан шаруа көп, кемістік жоқ. Су шаруашылығына да көңіл бөлінуде. Ұмыт қалған тары өсіру ісі де қайтып оралды. Бұған алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Алайда ел бойынша орман шаруашылығындағы істерге менің қарадай қарным ашады. Көп салаларға қарағанда орман шаруашылығы жетім бала сияқты. Ең бастысы, бұл салаға бюджеттен қаржы аз бөлінетін сияқты. Ағаш егу, көгалдандыру жұмыстары көп жағдайда жекенің қолына берілген. Олар ақшасын алғанмен, жұмысты тиянақты жүргізіп отырған жоқ, көзбояушылық көп. Осыларды көргенде жаның ашиды…

— Меніңше, орман шаруашылығында  да облыста қолға алынған шаруалар бар. Аудандарда орман шаруашылықтары өз жұмыстарын атқаруда…

— Ол дұрыс болар. Бірақ орман шаруашылықтары азайды. Бір кезде маған дейін облыста 6 орман шаруашылығы болса, оған жеті шаруашылық қосылып, 12 болған еді. Қазір соның бесеуі жоқ. Соның өзінің қаржылары жоқ. Көпшілігінде басқарып отырған маман адамдар емес. Жалақысы аз болғасын мамандар келмейді. Техникалық жарақтандырылуы да нашар.

— Бір кезде айнала орман алқаптары егіліп, жол бойларында  жасыл белдеулер жасалғаны есімізде. Алайда негізінен қарағаш егілетін. Қалада да солай болды. Ал табиғатта бірыңғай қарағаш орманы  жоқ. Басқа ағаштардың түрлері не себептен егілмеді?

— Әр кезеңнің өз тапсырмасы, талабы бар. Біздің өңірдің жағдайы қытымырлау, қыста 40 градусқа дейін аяз, жазда сондай ыстық болады. Сондай жағдайда төзімдісі қарағаш екені рас. Экзотикалық  қарағай, шырша, терек егу үшін су керек. Ол тұста бұған мүмкіндік болмады. Қаланың 41-бекет аумағынан өтіп бара жатқанда, сол жағыңызда топ қарағайды көресіз. Біз соны әуелі екі бетіне қарағаш егіп, аралығына өсіріп шығардық. Себебі екі тұсына егілген қарағаштар қар ұстап, ылғал беріп, оның шығуына жағдай жасады. Мұны жасамасақ, қиын болатын еді. 1974 жылдан бастап қалаға қарағай, шырша ектік. Оны қолдан суарып отырдық.  Бұл енді басқа жағдай.

 Саябақтар бастауы

— Бір кезде қаладағы қарағаш атаулыны отап, қарағай-терек, шырша ексек деген де пікірлер болды. Бұған қалай қарайсыз?

— Қарағай, шырша сынды ағаштардың көгі  ине сияқты. Ол қарағаштай оттегі шығармайды, қышқыл газды тартып алмайды. Ал жапырақты ағаштардың қасиеті бұған керісінше. Оның адамға пайдасы айрықша. Терек ағаштарының ғұмыры ұзақ емес, белгілі уақытта құлайды. Қалада 1961 жылы егілген қарағаштар әлі тұр. Арасында бағбандар жаңартып, жасартып алады. Өзге ағаш түрлеріне мұны жасай алмайсың. Қарағаштың тамыры тереңге кетпейді, шөлге төзімді. Әсіресе, қарағай мен шырша, терек суаруды тілейді. Немесе тамыры суға жету керек.

— Жаңа жоба бойынша Қарғалы, Ақтөбе су қоймаларынан құбыр арқылы Сазды су қоймасына су жеткізіліп, шаһардың ортасымен өтетін, бүгінде шегенделіп бекітілген Сазды өзені арқылы күллі қалаға мол су жеткізілмек. Сол кезде саябақтардағы ағаштарды, гүлзарларды суару мәселесі де шешілмек. Бұл жобаны қалай бағалайсыз?

Бұлай істелсе жақсы болар еді. Бұған екі қолымды көтеріп қолдаймын. Біз бір кезде Әлия даңғылындағы саябақты суландыру үшін Електен құбыр тартқанбыз. Кейін егілген ағаштар өскесін  қажеті болмай қалды. Қыста құбыр қатып қалады. Оның үстіне қалада ыңғайсыздық тудырып, тұрғындар қарсы болды.

Басықасында жүріп, өз қолыммен атқарғасын қаладағы әрбір саялы орын маған ыстық. Оның қатарының көбейіп жатқанына кәдімгідей марқаямын. Қазір Абай, елміздің Тұңғыш Президенті атындағы демалыс саябақтарының алғашқы қадасының  қалай қаланғаны қазірге дейін көз алдымда тұрады. 1974 жылы осы қазіргі Абай саябағын салу үшін облыстық  су шаруашылығы  мекемесінде облыстың сол кездегі бірінші басшысы Ливенцов көшпелі жиын өткізді. Жаңа жобаны талқылай келіп, құрылысты кімге тапсыру жөнінде сұрады. Сонда облыстық атқару комитетінің төрағасы Құбашев бұл шаруаның коммуналдық шаруашылыққа қарайтынын айтты. Бұл ұсыныс қанағаттандырмады. Сосын облыстық орман шаруашылығына міндеттелетінін айтты. Мен біздің жоспарымызға кірмейтінін айтып едім, «Сен қалада жұмыс істейсің бе? Демек, істе!» деді. Сонымен сөз бітті. Кейін екі саябақты да біз орнаттық.

— Аудандардағы орман шаруашылықтарының дамуына ықпалыңыз  қалай болды?

— Барлық аймақтарда орман шаруашылығы жақсы өркендеді. Тек соның біреуін — Ойыл орман шаруашылығын айтайын. Мен 1961 жылы ауданға барсам, шаруашылық құмның ішінде Қортық деген жерде отыр екен. Жел тұрғанда тұрғындар жанын қоярға жер таба алмайды. Өздері шымнан салынған жертөле үйде тұрады. Соны ауданның бірінші хатшысы Байсалбай Жолмырзаевпен келісіп, қазіргі тұрған Екпетал қонысына көшірдім. Үлкен ауылға айналдырып, мектеп, балабақша салдырдым. Байсалбай екеуміз институтта бірге оқып, жолдамамен жұмысқа бірге келгенбіз. Марқұммен елу жыл айырылмас дос болдық. Бұл реті келгенде айтып жатқаным, болмаса осындай шаруа Ақтөбе,  Темір, Мәртөк, Қобда, Қарабұтақ, Шалқар, Қарғалы механикаландырылған орман шаруашылықтарында да  шешім тапты.

Р.S. Қала мен даланың экологиялық ахуалын жақсартуға кезінде өлшеусіз үлес қосқан Құлқай Ордабайұлының бұл тақырыпта айтар әңгімесі таусылмайтындай. Ол енді қазір өзінше бір тарих. Арада бірталай жылдар өтсе де жадында бүгінгідей сақталған. Тоқсанның төріне шықса да өзі ектірген қарағайдай тіп-тік күйін сақтаған ақсақал сол бір кезде өз қолымен атқарған орманшылық кәсібінен қуат алатындай. Әулеті де ормандай жапырақ жайып, серігі Фарида екеуі ұл-қыз өсірді, немере-шөбере өрбітті.  Ұзын жол бойында әрі-бері өткен жүргінші екі бетке қарап: « Құлқай ағаның ормандары» деп тамсанады.  Ағаның өмірден тапқан басты мархабаты да осы.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button