Ақсақалдар айтпады деп жүрмесін!

«Сауда сақал сипағанша емес…»

Тасқали Хайдаров ақсақал қаржы саласының білікті, сауда қызметінің тәжірибелі маманы. ЕртеректеЛенинград қаласындағы қаржы институтында оқып, Қазақ мемлекеттік университеті қабырғасынан қаржыгер-экономист мамандығы алып шыққан. Оның өмірінің мәнді тұстары тұтыну қызметімен байланысты өтіп, халыққа мінсіз қызмет етуге арналды. Сауда саласына өрімдей жастық шағында келіп, төменгі буыннан бастап, ұзақ жылдар облыстық тұтынушылар одағы төрағасының орынбасары, төрағасы қызметтерін атқарды. Демек, ұзақ өмір жолынан өткен білікті маманның, шебер ұйымдастырушы басшының осы бір  күрделі  сауда саласында бойға жинаған тәжірибесі, алған тағылымы, түйген түйіні мол. Ол жаңа қоғамдағы нарық әкелген өзгерістерге оң көзбен қарайды. Сонымен қатар, сауданың кей мәселелері төңірегінде өзіндік пікірлері де бар. Ардагермен сұхбат  барысында осыны аңғардық.

 — «Елу жылда ел жаңа, қырық жылда қазан жаңа» дейді халқымыз. Еліміздің тәуелсіздік алуымен байланысты қоғам да, адам да түбегейлі өзгерді. Осы жылдарда нарықтық қарым-қатынас қалыптасып, бекіді. Нағыз базарлы өмір салтанат құрып, ол біздің күнделікті  тіршілігіміздің құрамдас бөлігіне айналды. Қымбат болар, арзан болар, бір тәуірі, кешегі кеңес заманындағыдай қардарлық жоқ. Қайда барсаң да, жаныңда қаржың болса, жанға керектің бәрі толып тұр. Сіз ұзақ жылдар облыстық тұтынушылар одағын басқарып, кеңес саудасының жілігін шағып, майын ішкен адамсыз. Кеңес үкіметі кезіндегі сауда-сатықтың жағдайы қалай болды? Мұны үлкендер жағы білгенмен, кейінгі жас ұрпақ біле бермейді, көрген жоқ. Жалпы өткенді білгеннің зияны болмас деп ойлаймыз. Мүмкін, кейбір тәжірибелері бүгінгі кез үшін де кәдеге жарап, сабақ болар…

— Ол замандағы тауарлардың бағасы мен сапасын халық жақсы білді. Азық-түлік, өндірістік-шаруашылық тауарларының бағасы көп жағдайда бір қалыпты болды. Оның үстіне тауарларға бағалары  таңбаланып жазылып, не белгіленіп қойылатын. Аудандарға, ауылдық  жерлердегі кооперацияларға тауарды апарудағы, тағы басқа шығындарды жабу үшін 1,5-2 пайыз тауардың үстіне үстеме қосылады. Үлкенді-кішілі сауда орындарының барлығына да үкімет қаржы бермейтін. Әлгінде айтқан аздаған үстеме бағаның өзі, барлық сауда жасаудағы шығындарды жауып, пайда тауып, үлкен құрылыстар салып, сауданың мәдениетін көтеруге жетті, тіпті үкіметке де табыс салығын төлеп тұрды.

— «Түгел сөздің — түбі бір, түп атасы — Майқы би» дегендей, сауданың да түбі, негізі бір сияқты көретініміз рас. Дегенмен кешегі сауда мен бүгінгі сауданың айырмашылығы жер мен көктей, көрініп тұр ғой. Жалпы сауда саласының маманы ретіндегі  бүгінгі сауда-сатыққа көзқарасыңызды білдірсеңіз?

— Қазіргі сауда-саттықта тиянақты баға жоқ. Сатып алушылардың сұранысына қарай, сатушылар тауардың, азық-түліктің бағасын жеке бастарына пайда табу үшін жиі өзгертіп тұрады. Ал саудадан қиындықсыз, жөнсіз пайда тауып жүрген сатушыларды қатаң тәртіпке салу жоқтың қасы. Олар «нарық, рынок заманы « деген сөзді өз пайдасына қолдануда. Тиянақты бағаның болуы халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізер еді.

Әрине, қазіргі жағдайда тауарлардың түрлері көбейіп, сапасы да жақсарып келеді. Ауылшаруашылық өнімдерін үдемелі шығару және сапаның жақсаруы бағаның төмендеуіне келер деген үміт бар. Әйтсе де, тауарлардың, әсіресе азық-түлік тауарлардың бағалары жиі өзгеріп отырады. Бұл жөнінде газет беттерінде, телехабарларда жиі айтылып жүр. Көп жағдайда дүкендерден тауарды сатып алған кезде бір-ақ білеміз.

— Бағаның  тұрақсыздығы неліктен деп ойлайсыз? Былай қарағанда, қазіргі кезде тауардың көлемі жеткілікті. Кеңес кезіндегідей түбі сарқылып қалмайды, қардарлық жоқ.

— Бағаны тиімсіз көтеруге көп ақыл керек емес. Неге баға өсті? Оның түйіні қайда жатыр? Осы жағдайлар түбегейлі зерттеліп, кімдер айыпталып, кімдер заңға тартылды? Айтылып, әңгіме болып жатады, бірақ нақты шара алынбай келеді. Мен бұл жағдайды қалыпқа келтіру үшін үнемі бақылауда ұстау керек деп білемін. Бұл жұмысты басқаратын үлкен лауазымды адамдар құқын пайдаланып іске кіріспесе, бірінен-біріне тапсырудан нәтиже шықпайтынына көзіміз жетті.

— Сіз өзіңізден көпшіліктің осы жасқа қалай келдіңіз деп жиі сұрайтынын айттыңыз. Шынында да, зар заман ақындары: «Тоқсан деген — құрулы тұрған тор екен» деп мұңая жырлаған жаста сергек жүруіңіздің сыры неде?

— Бұл сұрауды тоқсанға келген адамнан 25-30 жыл бұрын сұраса, бір бағытты себептерді айтуға болар еді. Бүгінде оның сыры көпшілікке мәлім сияқты. Қазіргі жағдайда халықтың тұрмысы, әл-ауқаты, тамақтануы жақсарды. Саулығын күтуі де өз қолдарында. Медицинаның жетілгені, дәрі-дәрмекті мезгілімен пайдалану өзінің белгілі әсерін береді. Ішімдік ішудің, темекі тартудың зиянды екені белгілі, адамның өмірін қысқартуға апарады. Ал оларды бүгінде әркім өзінше пайдалануда.

Жас бол, кәрі бол — қозғалыс керек. Қозғалыс, еңбек адамды ширықтырады. Зейнеткерлікке шыққанан кейін де, 85 жасқа келгенімше кемпірім екеуміз шағын бау-бақшамызда жұмыс істеп, қосымша бір сиырды 13 жыл бақтық. Әлі де жеке шарбағымызда 4-5 жеміс ағашын күтіп, аздаған өнім аламыз. Мен еңбек ету өмірді ұзартудың кепілі деп ойлаймын. Ал жан қинамай, еңбек етпей, бос жүру ғұмырды ұзартудың шарты емес.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ. 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button