Мәдениет

«Махаббат бекетінің» жаңа тынысы

Тұсаукесер

22-23 мамыр күндері Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры сахнасында белгілі режиссер Т.Теменовтің «Махаббат бекеті» мелодрамасының премьерасы өтті. Көпшілікке осы аттас фильм арқылы жақсы таныс махаббат хикаясы алғаш рет театрда ұсынылып отыр. Пьесаны сахналауға 5 миллион теңге қаражат жұмсалған.

Қазақстанның халық артисі, белгілі режиссер Талғат Теменовтің осыдан 35жыл бұрын жазылған «Гүлназ» повесі бойынша қойылған пьеса жастардың ғашықтық сезімі туралы сыр шертеді. 3 сыныптастың мектептегі оқиғалары, сол кездегі тұрмыс көріністері де қамтылған «Махаббат бекетінің» премьерасына автор арнайы келді. Алдын ала ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында:

Биыл повестің жарыққа шыққанына 35 жыл толса, осыдан тура 30 жыл бұрын 25 мамырда Қазақстанның барлық қаласында «Махаббат бекеті» фильмінің премьерасы болған еді.

Мен өз спектакльдерін көрмейтін, кітаптарын оқымайтын автормын. Ақтөбедегі осы қойылымның қалай шыққанын да білмеймін, көпшілікпен бірге енді тамашалағалы отырмын. Дайындық жұмыстарына қатыспадым, — деді Талғат Теменов.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисоваөз сөзінде Талғат Теменовті 70 жас мерейтойымен құттықтай келе, аталған повестің желісімен пьеасаның театрда алғаш рет сахналанып отырғанын атап өтті.

«Пьесаны қоюға 5 миллион теңге кетті. Бұл соншалықты көп қаражат та емес. Ең бастысы, біздің тілек — көрермен қауымның көңілінен шықса екен», — деді ол.

Пьесаның қоюшы режиссері —Ахтанов театрының көркемдік жетекшісі Елтай Кемал бұл ең бірінші кезекте жастарға арналғанын, сахналау барысында өз жанынан, бастан кешкен оқиғаларын қосқанын айтты.

Сондай-ақ ақтөбелік әншілердің орындауында танылған «Аққуым», «Сағым» сияқты туындылардың кірістірілгенін қосты.

Ақтөбедегі «Махаббат бекеті» мелодрамасының қоюшы суретшісі — Мұрат Мәмбетов, ал костюм суретшісі — Айдана Жылқаманова. Басты рөлдерді Аружан Базарбаева, Мөлдір Ғанибекова, Әділет Мұхтар, Айдархан Мырзалы сынды жас актерлер ойнайды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button