Ақсақалдар айтпады деп жүрмесін!

Аталы сөз айту — парызымыз

«Алдынан үлгі таппаған — іні қараң, артына үміт артпаған — аға қараң»,- деген екен дарабоз жазушы Әбіш Кекілбаев. Бұл тұста кемел ойлап, кең пішетін, пейілі дархан қазыналы қарттарымыздың айтары көп. Саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнаған Шалқар ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет белгісі» орденінің, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің, I дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгісінің иегері, Ауыл шаруашылығы саласының үздігі Қалмақан Төлеуов — бала кезінен ауыл қарияларының сәулелі сөзін санасына сіңіріп өседі. Бүгінде сексен атты белесті бағындырғансыйлы ағаменсаналыға тәлім болар әңгіме өрбіттік.

—Қалмақан аға, сіз жалпы ауыл шаруашылығы саласында жарты ғасырдай еңбек етіп, бүгінде соның зейнетін көріп отырсыз. Осысаланың майталман маманы болу бала кездегі арманыңыз ба еді?

—Бізде балдәурен балалық шақ болмады. Бірақ Алланың жазуымен Тәуелсіз еліміздің бүгінгі мамыражай тірлігіне куә болып отырмын, соған шүкір деймін. Біздің жастық шақта қатарластарымыздың білім алуға деген ынта-жігері, білім бәсекесіне деген құштарлығы жоғары болатын. Материалдық жетістіктен бұрын адамгершілік қасиетті алға қоятынбыз. Жақсы оқып,дұрыс тәрбиесімен азамат деген атаққа жеткендерді ата-аналарымыз: «Өскенде осылардай болыңдар!» деп бізге үлгі етіп көрсететін. Ауыл баласы аңғал, сенгіш келеді. Қолына папка ұстап, ауыл аралайтын орталықтан келген уәкілдердің барлығы бізге оқымысты адамдардай көрінетін.

Мен жоғарғы оқу орнына талаптанған тұста Алматыдағы С.М.Киров атындағы жалғыз мемлекеттік университеттің геология факультеті болды. Оған болмаса тау-кен институтына оқуға түсіп,тау-кен инженері болуды армандадым. Бірақ колхоз баласына паспорт берілмейді деп, жоғарғы оқу орнына кеш бардым. Көңілім ауған оқу орындары құжаттарымды «қабылдау аяқталды» деп қабылдамады. Сонымен ең соңғы күніқұжаттарымды Алматының зоотехникалық-малдәрігерлік институтына тапсырып үлгердім. Ол кезде ауыл шаруашылығы саласына мықты мән беріліп жатты, осы мамандықты таңдағаныма кейін еш өкінбедім. 1962 жылы «оқымысты зоотехник» мамандығын алып шығысымен көп ұзамай ауылға келіп жұмысқа орналасып, ауданның ауылшаруашылығы саласында 41 жыл еңбек еттім. Қиыншылықсыз ештеңе өздігінен келмейді, өткен жолымда бұралаңдар бар, бірақ соңы сәтті аяқталды. Соған тәубе деймін.

—Қызмет барысында кімдерді үлгі тұттыңыз, елге белгілі тұлғалармен кездескен сәттеріңіз болды ма?

—Біз жастайымыздан ата-анамыздың еңбекқорлығын үлгі тұтып, солардың тәрбиесімен үлкендерді сыйлап өстік. Әкем Төлеу Бақин ескіше мешітте  және сауатсыздықты жою мектебінде оқып білім алған. Фермада қой шаруашылығының есепшісі болды. Анам Асыл — есімі  жалпақ жұртқа белгілі, діни тұлғаЖанаман ахунның қарындасы.  Анамның да ағасының мешітінде оқығандықтан, діни сауаты болды. Туған жерім Алақозыда бала кезімде Таңқай Жолдасов, Есқали Балымбетов сындыабыз ақсақалдар болды. Шалқарда нағашым Жанаман Сейтімұлының үйінде жатып оқыдым. Сонда Ерғали Маханов, Медеубай Бақтыбергенұлы есімді шежіреші ақсақалдар жиі келетін еді.Жастары жетпістен асып, сексенді алқымдаған осы қариялардың шежірелі әңгімелері, кішіге айтар өсиеттері кеніш еді. Қазіргідей ақпарат тасқыны жоқ.

Үлкендердің хат танитындары газет-журнал қолына тисе үзбей оқиды. Көзі жетпейтіндері біз секілді ойын балаларын тоқтатып, дауыстаттырып, оқыттырып, алады. Дұрыс оқысаң алғысына бөленесің, өзге жаққа алаңдасаң ұрыс естисің. Оларға Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының алғашқы томын оқығаным әлі есімде.Кейін ойласам, осының өзі біздің тілдік сауаттылығымыздың артуына көп көмегі тиіпті. Институт қабырғасында жүргенімізде Шалқардан шыққан белгілі тұлғалар Бекежан Сүлейменов, Төлеумұхамбет Бәсенов, Нәби Жақсыбаев, Әбдіжәміл Нұрпейісовтермен кездестік. Олар туған жер туралы шалқарлық жастардан көп сұрайды. Бәлкім бізді сынағаны да шығар…

Қазыналы қарттарымыздан естіген әңгімелер, оқыған газет-журналдардың пайдасы осындай тосын сауалдардан талай құтқарды. Сонда жүргенімізде Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы сынды қазаққа белгілі тұлғалармен кездесудің сәті түсті. Осы  кісілердің адаммен сөйлесу мәдениеті, білім деңгейі мені айрықша қызықтыратын. Ал Шалқарға келіп қызмет еткен шақта экономика саласын өте жақсы білетін Әбубәкір Байсалбаев, жеке бастың тәртіптілігі, өзін-өзі ұстау мәдениетімен айрықшаланатынЗадагерей Мұстафин, алдына келген құжатқа аса қырағылықпен қарайтын Төлеу Алдияров, обкомның ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі болып келген Кеңес Нокиндерді өзіме үлгі тұттым. Олардан үйренгенім де көп болды.

— Тіл сауаттылығы дегеннен шығады, сіздің жазу мәнеріңіз де бөлек болған екен. Атағы дүркіреген бірінші хатшылардың ұзын сонар баяндамаларын екі тілде бірдей әзірлеу сіздің қолыңыздан ғана келген деп естиміз.Осы сенімге қалай ие болдыңыз?

—Оқу мен жазу менің өмірлік серігім болды. Ал сауатты жазу да үзбей оқудан, көркем шығарманы сүюден басталады. Бұл жерде де жастайымнан ежіктеген газет-журналдардың пайдасы тиген шығар деп ойлаймын. Оның сыртында мектептің бастауыш сыныбында бізді Ленин, Қызыл Ту ордендерінің иегері Мүбәракша Низамутдинов есімді өте білгір ұстаз оқытты. Ол кісінің сөзі, балаларды өзіне баурап, оқуға ынталандыруы бөлек еді. Көркем жазуға осы кісінің детәлімі мол болды. Қорғантұздағы мектептің бесінші класында Сыдық Жанасаев, Шалқардағы №1 қазақ мектебінің алтыншы класында Бибіжамал Жақсымбетова, Орман Дайрабаев есімді ұстаздардан дәріс алдым. Осы ұстаздар қазақ тілі пәнінен бізді сауаттылыққа үйретіп, грамматика мен емлеге қатты назар аударуды санамызға сыналады.

Ал институтқа келген кезде сабақтың дені орыс тілінде өтті. Амал жоқ, Сауранбаевтың сөздігін жанымнан тастамайтын болдым.Бұл тұстаҚазГУ-ді 1954 жылы бітірген туған ағам,тарихшы Смағұл Бақиннің де көмегі көп болды. Орыс тілін меңгеру үшін орыс тіліндегі кітаптарды оқуға көңіл бөлдім. Осы себеппен «Советский спорт», «Комсомольская правда», «Правда» газеттерін, «Огонек», «Вокруг света», «Вселенная» журналдарының тұрақты оқырманына айналдым. Ана тіліміздегі «Білім және еңбек», «Жұлдыз», «Лениншіл жас» сынды газет-журналдарға студент кезімнен үзбей жазылып, оқитынмын. Сол Алматыда жүргенде орталық кітапханаға аймақтық басылымдар да айына бір рет жиналып келетін. Сол жерге барып өзіміздің аудандық, облыстық басылымдарды тауып, елдің хабар-ошарын біліп отыратынмын.

Институтта оқытушылар сол тұстағы мемлекет басшыларының пленумдарда  жасаған баяндамаларының мазмұнын сабақта сұрайды. «Баяндама—үлкен коллектив дайындайтын еңбек» деп бізге соны да оқытатын. Осы талаптармен шыңдалып, жазуға икемделдік.

1962 жылғы желтоқсан айының 19-ында Шалқар аудандық территориялық өндірістік ауыл шаруашылығы басқармасы құрылды. Бастығы Кеңес Нокин, орынбасарлары Жиенбай Шарбақов, Задагерей Мұстафин, бас зоотехнигіне Пиеш Хұсайынов бекіді.Материалдарды дайындау Хұсайынов пен менің мойныма жүктелетін. Түрлі құжаттарды әзірлеп жүріп, осы жерде жазуға әбден машықтандым. 1964 жылғы Қазан Пленумынан кейінаудандық партия комитеті басшылықты өз қолына алды. Жиналыстар орыс тілінде жүргізілді. Ауыл шаруашылығы басқармасынан келетін барлық құжаттарды өзім әзірлейтін болдым. Екінші хатшылыққа Бейбітәлі Оразаев ағамыз сайланып, аупарткомға Тұрсын Тілешовті алды.Аудандық комсомол комитетінің хатшысы Аманғос Мәмбеталин. Осы үшеуі де өте сауатты азаматтар еді. Бірінші хатшы Төлеу Алдияров баяндамаларды, бюроның қаулыларын, облысқа, республикаға берілетін ұсыныстарды барынша зерттеп, мұқият қарайтын, сауаттылығын талап ететін. Осы кісілердің талапшылдығының арқасында өзім де көп нәрсені үйрендім. Бейбітәлі ағамыз шын мәнінде ғалым адам еді. Тұрсын да нағыз тіл маманы, жазудың айтулы шебері болды.

—Қазір кейбір жастар жазуға келгенде ақсап жатады. Қандай кеңес бересіз?

  • Жазу қатынас құралы болғандықтан, қоғамда өзінің орнын ешқашан жоймайды. Ал оны терең игеріп, шеберіболу да үлкен қасиет дер едім. Ойыңды сауатты жеткізу — көркем шығарманы көп оқумен қалыптасады. Қазірақпараттың кең тараған шағы. Осындай жылдам уақытта мазмұнсыз, мәнсіз хабарлар тарап жатады. Сайып келгенде осының барлығы жазу сауаттылығының төмендігі мен ойдың таяздылығы. Осының орнын жою үшін ана тілге деген құрметті ойлап, көп оқып, өз ойын жазумен де, сөзбен де шебер жеткізетін деңгейге жетуі тиіс. Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы «Біздің заман — жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман» деген. Осы сөз өміршеңдігін әлі жойған емес. Өйткені оның артында қасиетті сөз құдіреті тұр…
  • Сөз демекші, сізалқалы жиындарда, үлкен астарда өзіңізді таныстырып, сөз сөйлейсіз. Жалпы, шаршы топтан шығып, үлкендігіңізді білдіруді өзіңізге парыз санайсыз ба?
  • Әр адам пайғамбарлық жасына жеткеннен кейін қариялық қарызын өтеуі керек. Адам баласы ешқашан парызсыз болмайды. Ал жасың келгенде айтарыңды ішіңе бүгу ақсақалдыққа жараспайды. Мен бас пайда, жеке мүддені көздеп мінбелерге көтерілген емеспін.Кішіге ізет көрсету — парыз. «Бәрі де тозады, бәрі де қартаяды, адамға қартаю да сын болады. Атадан аталы сөз естімеген, айтыңызшы болашақта жастарымыз кім болады?» деген тағылымды тіркес бар. Көрген-білгенімізді біз айтпасақ, сырттан келіп, оны ешкім айтпас. Тыңдар құлақ осының аражігін ажыратуы керек. Үй иесіне оның жайған дастарқанының мақсатынаорай өзіңнің лебізіңді білдіру де адамгершілікке жатады. Сондай отырыстарды мағынасыз мәслихатқа айналдырмай, аталы сөз айтып, елді бірлікке, қанағатшылдыққа шақырып отыруымыз қажет.Бұныүлкендер міндетім деп санауы тиіс. Тәрбие дастарқанның басынан да қалыптасатынын қаперімізден шығармайық.
  • Колхоз кезінен осы ауылшаруашылығы саласында еңбек еттіңіз. Ол кезде де «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деген сөз осы саланың басты ұраны болған. Қазір сол қой шаруашылығына деген қызығушылық төмендеп барады. Осының себебі неде деп ойлайсыз?
  • Шын мәнінде қазір қой шаруашылығын өркендетуге құлшыныс төмендеді. Оған өзіміздің ауданда да мысал жеткілікті. Ауылдағы шаруалардың барлығы малды ірі қараға айналдыруға көшті. Себебі біреу — қой бағудың бейнеті көп, оның соңында таңнан қара кешке дейін жүретін адам жоқ деген бір жауап. Ол да дұрыс, бірақ менің пайымымша, бұған өзге де себептер бар. Анығына келгенде адамдар қазір жеңіл жұмысты таңдайды. 100 мың теңге айлыққа бір ай бойы қой баққаннан, қалаға келіп, көлеңкеде әртүрлі ұсақ жұмыстарды тиіп-қашып істегені жақсырақ. Сосын шопанға деген құрметтің жойылуы тағы бар. Шопан деген атау кеңшармен бірге құрдымға кетті…
  • Енді не істеуге болады?

—Қазір төрт түліктің қай-қайсының да нарықтағы бағасы көңілге қонымды. Осындай сұраныс артқан тұста көл-көсір пайда беретін қой шаруашылығын жойып алмай, дамытуымыз керек. Алайда осы үшін ауылдағы шаруалардың тырмысуы бекер ме деп те кейде ойлаймын. Оған Үкіметтен пәрменді қолдау білдіретін кешенді бағдарламалар жасау керек сияқты. Қойдың етін, жүнін, терісін өңдейтін цехтар көбейсе, ауылдағы ағайынның ұсақ малды көбейтуге деген ынтасы артары сөзсіз. Өткенге көз жүгіртсек, 1947 жылы Орталық партия комитеті елде мал шаруашылығын дамыту жөнінде арнайы қаулы қабылдап, малшыларды марапаттау, ынталандыру жүйесін бір жолға қойды.Бұл«Ел тілегі—елу миллион» деген әрегіректе шыққан ұранның жұрнағы болса керек. Соның нәтижесінде 1948 жылы облысымыз бойынша 50-дің үстінде, оның ішінде Ырғыз ауданынан 26 адам Социалистік Еңбек ері атанды.Ол кезде шопан болу үлкен мәртебе еді. «Аға шопан», «Шопан даңқы» деп марапаттап, тіпті кейіннен үздіктерін ұлықтап,алып ескерткіштерде қойды.Осындай мәртебені енді жасай аламыз ба?! Мәселе осында. Бұл да Үкіметтік деңгейде ойланатын шаруа. Әйтпесе, дархан даламызды жалғаалып, атакәсіпті өрлеткісі келетін шетелдіктер көп.Қойшының таяғын өз өрісімізде өзіміз ұстағанымыз дұрыс.Бұл — атакәсіпке адалдықтың белгісі.

  • Өскелең ұрпақ нені білуі тиіс?
  • Хакім Абай: «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, жанбай жатып сөнбеңіз» деген кейінгі буынға.Болашақ жастар өз өміріндегі шарықтар өрісін тек қана білімімен өлшегені дұрыс. Материалдық құндылықта керек, бірақ абырой одан кейін тұрмауы керек. Ілім — мәңгілік, мықты ел білімді ұрпағымен жасайтынын заманның өзі айтып тұр. Сондықтан балаларымыз қатарынан қалмай білім алып, нәтижелі жұмыс істеп, көпшілік ортада дұрыс жүріп-тұрып, орынсыз сөйлемеуге, біреуді тыңдай білуге, сұраққа дұрыс жауап беруге, қысқасы, өзін-өзі өмір бойы тәрбиелеуге дағдылануы тиіс. Осы тиістердің жолында әрбірі тер төксе, келешектері де жаман болмас.
  • Бақытты қартсыз ба?

— Әрине. Күнделікті тірлігіне тәубесін айта алатын адамның барлығы да бақыттымын деп есептейді. Мен әрбір күніме шүкіршілік етемін. Лайым, отбасымыз аман, мемлекетіміздің Тәуелсіздігі тұғырлы, бейбітшілігі мәңгі болғай деп жатсам да тұрсам да тілеймін. Қосағым Жәния екеумізден өрген екі ұл, екі қыздан тараған немере, шөберелеріме қарап шаттанамын. Осыдан артық не керек адамға?!

—Шын көңілден шыққан әңгімеңізге рақмет!

 Мұхтар МЫРЗАЛИН,

       Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

                                                       Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button