Мереке

Мәдениет саласы қызметкерлері марапатталды

Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Өнер орталығында өткен «Мәдениетім — мерейім» атты мерекелік іс-шарада облыстың мәдениет саласына елеулі үлес қосқан қызметкерлер марапатталып, шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. 

Салтанатты іс-шарада алдымен облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева сөз сөйлеп, жиналғандарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.

— Мәдениет пен өнер саласын ішкі мәдениеті, рухы мықты жандар  дамытып, оны халықтың өшпес қазынасына, рухани байлығына айналдыра алады. Сіздер қай уақытта да, жылдың қай мезгілі болса да, түрлі қиындықтарға қарамай, елдің алдына шығып, халыққа адал қызмет етіп келесіздер. Сондықтан сіздерге ризашылығымды білдіре отырып, облыс басшысының атынан алғыс айтамын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық табыс тілеймін, — деді Г.Сүйінтаева.

Құттықтау сөзінен кейін мәслихат төрағасы бір топ адамға Мәдениет және спорт министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін, Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын, сондай-ақ облыс әкімінің Алғыс хатын, басқа да марапаттарды табыстады. Атап айтқанда, Нұрлыбек Қалауов, Жансерік Таңқаев, Қарашаш Әбдірахманова, Лидия Уварова сынды ардагерлер «Еңбек ардагері» медаліне ие болды. Ал «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисоваға, Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің «Сұңқар» вокалды ансамблінің жетекшісі Ләззат Медетоваға, Ырғыз аудандық «Арай» мәдениет үйінің әдіскері Үміт Шейтоваға, Ойыл ауданы Ақжар ауылдық кітапханасының қызметкері Назгүл Қазиеваға, облыстық тарихи-өлкетану музейінің суретшісі Орынбасар Төлегеновке, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының радиоцех меңгерушісі Жеңіс Ноғайбаевқа, т.б азаматтарға табысталды.

Бұдан кейін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова құттықтау сөз сөйлеп, бір топ адамды Алғыс хатпен марапаттады.

Сондай-ақ салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының облыстық филиалының төрағасы Назира Табылдинова бір топ мәдениет саласы қызметкеріне «Еңбек даңқы» төсбелгісі мен Құрмет грамотасын табыс етті.

Салтанат соңы Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония әншілері мен бірқатар шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламасына ұласты.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button