Спорт

Гандболдан ел чемпионатының екінші кезеңі басталды

Ақтөбедегі феррорқорытпа зауытының дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде гандболдан ел чемпионатының екінші кезеңі басталды.

Облыстағы гандбол федерациясының президенті Юрий Кравецтің айтуынша,
супер лига және жоғары лига бойынша ел чемпионын анықтайтын тартысты бәсекелер үш кезеңнен тұрады.
— Бірінші кезең Алматыда өтті. Бірінші кезеңнің турнир кестесінде супер лига бойынша біздің Ақтөбенің «Елек» ерлер командасы үздік нәтиже көрсетті. Бүгін басталған екінші кезең 30 мамырға дейін болады. Мұнда супер лигада 4 команда, жоғары лигада 10 команда ойнап, өз араларынан мықтыны анықтайды. Үшінші кезең маусым айында Шымкент қаласында өткізілмек. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер сол жерде марапатталады, — дейді Юрий Кравец.
Түске дейін жоғары лига ойыншылары тартысты ойын көрсетсе, түстен кейін ақтөбелік «Елек» командасы мен Түркістанның «Тұран» командасы кездесті.
«Елек» командасының капитаны Алмас Қожамұратовтың айтуынша, алаңда 7 ойыншы бар, біздің командада сырттан келген легионерлер жоқ, бәрі — жерлестеріміз. Жалпы жарысқа қатысуға 16 ойыншы өтініш білдірген.
Ел біріншілігінің 5 дүркін чемпионы атанған «Елек» командасының ойыншыларының бірі — гандболдан спорт шебері Дархан Тоқтарбаев.
— Жасым — 31-де. Гандболмен айналысқаныма 15 жылдай болды. Гандболға қызығушылығымды алғашқы бапкерім Есет Әміржанов оятқан болатын. Қазір Қазақстан гандболшылар құрама командасының мүшесімін. Қазір ел чемпионатының екінші кезеңі өтіп жатыр. Әзірге біздің «Елек» командасы көш басында келе жатыр, — дейді мұғалжарлық Дархан Тоқтарбаев.
— Өңірдегі қол добы шеберлерін негізінен Қандыағаш, Хромтау қалаларындағы спорт мектептері даярлайды. Облыстың гандболшылар командасының құрамында Қандыағаштың түлектері жетерлік. Қазіргі уақытта Хромтауда да жас гандболшылар өсіп келеді, — дейді облыстағы гандбол федерациясының президенті Юрий Кравец.
Сондай-ақ ол супер лигада ойнайтын «Елек», «Тұран» және «Шымкент» командалары гандболшыларының әлеуеті шамалас екенін, мықтыны анықтау төрешілерге де қиын соғатынын айтты.
Юрий Кравецтің айтуынша, «Елек» гандболшылар командасының 9 ойыншысы — Қазақстан құрама командасының мүшесі. Сонымен қатар былтыр Қытайда өткен Азия ойындарына біздің облыстан 12 адам қатысқанын, соның 7-еуі — гандболшылар екенін білдік.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button