Әлеумет

Бұқара

Өнеге

Шөберелерін  шатыстырған емес

95-тің  суын ішіп отырған Рахи әженің үлкен баласы — 63-те, кенжесі — 51-де, ал шөбересінің кішісі — 21-де. Жадынан жаңылмаған кейуана шөпшек сүюден үміттенеді.

«Ойда туғанмын», — дейді Рахи кейуана. Ойы — Ырғыздың Нұра жақ беткейі. 1915 жылы өмірге келген ол қоғамды алмастырған қызылдардың төңкерісін әңгімелей алмағанымен, кешегі ел жаппай қырылған аштық жылдарын да, Ұлы Отан соғысының зұлмат кезеңін де еш шатаспай  есіне алады.

Әкесі Түкібай ортанқол дәулеті бар  адам болатын, бала-шағасының қамын ғана ойлап, шаруасын күйттеп жүрген оған да кешегі отызыншы жылдардың салқыны тиді. Балаларынан қазір көзі тірі қалғаны — Рахи ғана.

Шалы Оспанмен шаңырақ көтерген кез сол отызыншы жылдардың орта тұсы болатын, «атып кетті, асып кеттінің» талайын естіді, талайын көрді. Елдің ішкені ірің, жегені желім болған сол бір қиын уақыттан соң соғыс өрті бұрқ етті. Желегі желбіреген жас келіншек отағасын майданға аттандырып, ауылда қала берді, сәби де сүйіп үлгірген жоқ.

«Оспанның әскерден оралатынына да сенгенім жоқ, — деп еске алады Рахи әже. — Елмен бірге колхоздың айдаған жағына бардық, шөп шаптық, қырман көтердік, қой қырықтық, әйтеуір, қолдан келгеннің бәрін жасадық. Шынымды айтсам, сол бес жыл маған  елу жылдай ұзаққа созылды».

Сылаңдаған жас келіншек сумақай  көздердің сұғынан да, елмен бірге келген қиындықтан да аман өтті. Табиғатынан қайратты, салмақты, біртоға жан әлі сол қалпынан айнымаған.

Отағасы соғыс біткен соң да тоғыз айға дейін келмеді, бір аяғынан жараланған Оспан Нұғманов елге қырық бестің аяғына таман оралды. Жарасын жалап жазылатын қасқырдай, елдің қат-қабат шаруасына араласты. Біреуден ілгері, біреуден кейін қоңыртөбел тіршілік кешті,  қосағымен екеуі жеті бала тәрбиелеп өсірді. Шаруашылықта мал бақты, күзетші болды, әйтеуір жарыққа келген жапырақтарының қамымен бір күн бос отырған жоқ.

«Еңбегім балаларымнан қайтты, — дейді Рахи ана бізбен әңгімесінде. — Жеті баланың екеуі қазір бұл өмірде жоқ. Қалған бесеуі, шүкір, аман-есен. Күләпиям — Аққұмда, Мәжитім — Ақтөбеде, Зияден мен Жамал —Комсомолда (Әйтеке би ауданы), Зейноллам — осы Үшқұдықта».

Балаларының есімдерін шұбырта жөнелген кейуананың есте сақтау қабілетіне таң қалған бізді немересі Шынар одан әрі таңдандырды «әжем немере-шөберелерінің де аттарын шатастырмайды». Үйіріліп жанында шүбірлеген шөберелерінің есімдерін тексере бастадық. «Мынау — Нұрғасыр, анау — Нұрдәулет, ал мынау —Ермахан». Рахи әженің 19 немересі, 24 шөбересі бар. Өзі немересі Ләззәттің қолында тұрады.

Келіндері жайлы құйтырқылау сауал тастаймыз тағы. «Келіндерімнің бәрі жақсы, қайсысына барсам да көйлегімді әперіп, сақинамды тағып, барлық жағдайымды жасайды. Ал қолымдағы Ермегімнің орны бөлек. Кенже келінім ғой», — деп жылы жымияды кейуана.

Әже кенже бала-келіні Зейнолла мен Ермектің қолында тұрады. Үйдің іргесінен шаңырақ көтерген немересі Ләззәттің үйінде әзірге «пәтерде жүр».

«Жақында үй салып еді, кішкентай бөпесіне қарайын деп келгенім ғой», — дейді ол. Тоқсаннан асқанша әлі немерелеріне де пайдасын тигізіп отырған қартқа таң қалмасқа шара жоқ.

…Елуден аспай жатып склероз дейтін дертке шалдығып, қазір айтқанын қазір ұмытып қалатын «современный» қарияларға қарағанда, бұл кісілердің сүйегі асыл ма деп қаласың. Оның сырын алыстан іздеудің де қажеті жоқ сияқты, өмірдегі ұстанымы — сабырлылық, жақсыға да, жаманға да — төзімділік, тірліктің ең басты жұмысы — өзінен соң ұлағатты, үлгілі ұрпақ қалдыру дейтін қарапайым қағидаларды бұлжытпай орындағанда ғана  Рахи әже Нұғманова тәрізді ғасыр жасауға  әбден болатындай көрінді бізге. Ал Рахи ананың балалары туралы бөлек әңгімелеуге болады. «Жақсы ата-ана — балаға қырық жыл азық» деген сөз бар, ал тәрбиелі, абыройлы бала ата-анаға өмір бойы мақтаныш екені жасырын емес. Рахи әженің ұлы, белгілі фитотерапевт Мәжит Оспанов тек анасының ғана мақтанышы емес, республиканың түкпір-түкпірінен келіп одан арнайы ем-дом алатын науқастардың Мәжит Оспанұлы туралы алғыс пікірлері анасы Рахиды да қанаттандырып отырады.

Шара ЕЛЕУСІЗ,

алға ауданы.

Ел

Ауыл бой түзеді

Қай кезде де елдің ауызбіршілігі жоғары болып, жақсы істердің мол болғанын қалаймыз. Ал ауылда игілікті шаралар жасалып, бой түзегені біз үшін мақтаныш.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықтың әл-ауқатын көтеруді алдыңғы қатардағы маңызды мәселе ретінде қойып, оған басымдық беруі көпшіліктің көңілінен шықты. Оны күнделікті өмірден көріп жүрміз. Кешегі қиын күндер артта қалып, бұрынғы жабылған Мәдениет үйі, кітапхана, балабақшалардың қайта ашылуы — соның айғағы. Алғашында көлденеңнен киліккен әлемдік қаржы дағдарысы осы бір жақсы істі жарым жолда қалдыра ма деген күдік қылаң берген. Алайда Елбасының салиқалы саясаты арқасында қазақ елі дағдарыс салқынын сезбей отыр. Қазір жол тарту, құрылыс жұмыстары бұрынғыдан артпаса, кеміген жоқ. Оған мысалды алыстан іздемей-ақ, Қызылжар өңірінен алуға болады.

Қазір Қызылжар аулында жағымды жаңалықтар көп. Мәселен, былтыр жыл  соңында селолық округ орталығы Құрылыс аулында жаңадан селолық-дәрігерлік амбулатория ашылды. Ал ескі амбулатория ғимараты биыл күрделі жөндеуден өтіп, балабақша атанды. Жүз орынды балабақшада қазір отыздан астам адам тұрақты жұмыс жасайды. Көрсең көңіл толатын балабақшаның іші жиһазға толы. Бүлдіршіндерге қажетті саз аспаптары, компьютер, ойыншықтар, асхана құралдары және басқалармен  жабдықталған.

«Жол картасы» бағдарламасы аясында да ауданда көптеген жұмыстар жасалды. Биыл Темірастау мен Шеңбертал орта мектептері, «Мәні» Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңартылды. Жөндеу жұмыстарын жүргізгендердің оннан сегізі — өз аулымыздың тұрғындары. Олардың әрқайсысы ай сайын отыз мың теңге көлемінде жалақы алады. Ал биылғы оқу жылында екі мектептің оқушылары жаңа ғимаратта білім алып жатыр.  Мәдениет үйінің жөндеуден өткізілуі ауыл мәдениетін көтеруде жаңаша жұмыс жасауға серпін береді деп ойлаймыз. Ауыз су мәселесі қызылжарлықтарды көптен алаңдатып жүрген еді. Жақында  Құрылыс аулына тартылып жатқан су құбырының жұмысы аяқталып, іске қосылды. Су құбырының құрылысын Н.Құлмағанбетов басқаратын «Актюбспецстроймонтаж» ЖШС-ы жүргізді.

Әрине, барлық шаруа бір күнде шешіле салмайтынын ауыл тұрғындары жақсы біледі. Кезінде Елбасы халықтың мұң-мұқтажы біртіндеп шешілетінін айтқан еді. Ол сөздің шындыққа айналғанын өмірдің өзі дәлелдеді. Осындай қыруар істің атқарылуына облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың еңбегі зор. Ауыл тұрғындары атынан облыс басшысына ризашылығымды білдіргім келеді.

Қызылжар жерінде осындай көңіл сүйсінтер істер бар. Еліміздің әрбір түкпіріндегі ауылдарда маңызды шаруалар жасалса, халық тұрмысының жақсара түсері сөзсіз.

Олжабай ШЫНТЕМІРОВ,

Қызылжар селолық ардагерлер

кеңесінің төрағасы.

Ырғыз ауданы.

Оймақтай ой

Сөз қадірін ұғынса…

Басқаны қайдам, өзім «ұлы» деген сөзден әбден шаршадым. Бұлай деп айтпасқа лажым жоқ. Түрлі жиындар мен той-томалақтарда осы сөз жиі айтылады. Сірә, біздің қазекеңдер мақтауға келгенде анау-мынау халықты жолда қалдыра ма деймін.

Қай жиында болмасын «Ой, біздің Бәкең ұлы ақын», «Біздің Сәкең ұлы адам» деп гөй-гөйлеп, стақан түйістіріп жатқандары. Ал теледидарды аша қалсаң онда да бір қайраткер туралы репортаж көрсетілсе, міндетті түрде «ұлы еді…» деген сөздер айтылады. Газет-журналдарды парақтасаң мұнда да сондай. «Ұлы жазушы», «ұлы ақын» «ұлы адам», «ұлы…» деген тіркестерден көз талады. Қаймана қазақтың барлығы «ұлы» болса, елімізде ұлылықтан жұрдай адам қалмағаны ма деймін кейде…

Жалпы, біздер ұлы деген сөзді ретсіз жерде қолданып, қадір-қасиетін жоғалтып алдық. «Қазақтың тірісінде жақсысы жоқ, өлгеннен соң жаманы жоқ» демекші, тіпті, бақилық болған адамға да тірісінде айтпаған мадағымызды, көзі кеткеннен соң «ұлы еді…» дейміз жүрексінбей.

Адамзаттың соңғы пайғамбары атанған Мұхаммедке (ғ.с.с.) періштелер арқылы түскен құранда «Алла ұлы, Алла жалғыз, ол ешкімнен туылмаған және ешкімді тумаған» деп Жаратқан иеміздің шексіз ұлылығы туралы айтылған. Ал енді Алла сол адамның жаратушысы емес пе?!

Өткен ғасырда қазақтың бұлбұлы атанған Кенен Әзірбаевтың бір мерейтойында маңындағылар «Ата, сіз ұлы адамсыз. Өзіңіз барда халқыңыз сізге арнап ұлан-асыр той жасап, құрмет көрсетіп жатыр. Абайдан да, Жамбылдан да оздыңыз», — деп жағымпазданып мақтағанда Кенен атамыз: «Жоқ, мен сендер айтқан Абай мен Жамбылдан ұлы емеспін, менің заманым ұлы болып тұр ғой», — деп жауап қайтарса керек. Әне, қарапайымдылық деп осыны айт. Тағы бір мысал келтірсек, орыс халқының данышпаны атанған Лев Толстой өмір бойы жазған күнделігінде «Мен түк емеспін, орашолақпын, араммын, күйгелекпін, мақтаншақпын тағысын тағы» дегендей өзін-өзі отыз бес жыл аямай шабақтап келген деседі. Міне, көрдіңіз бе, «Ұлық болсаң, кішік бол» деген, сөйткен Толстойға бүгінде дүние жүзі «ҰЛЫ» деп қадірлейді. Шынында да, біздер кемеңгер адамдарды қанша ұлы деп айтқанымызбен, олардың да өз кезегінде кемшіліктері жетіп артылатынын жадымыздан шығарып аламыз.

Ендеше, ақындарымыз бен қайраткерлерімізді «Ұлы» демей-ақ бағаласақ екен. Бұған сіз қалай қарайсыз, құрметті оқырман?

Дархан Мектепбай,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Ырғыз ауданы.

  • Айтарымыз бар

Ардагерлерді ұмытпаңдар!

Біздер, облыстың әр ауданынан жиналған соғыс ардагерлері, Ақтөбе қаласындағы Металлург көшесіндегі бесінші үйде тұрамыз. Мұндағы ардагерлердің жағдайы, жай-күйі тамаша. Біздің айтпағымыз бұл емес. Қазақ — үлкенін сыйлаған халық. Бірақ соңғы кезде «біздің үйде» тұратын ардагерлер есімі ұмытылып, ескерусіз қалып жүр.

Айтайын дегеніміз, 2003 жылы аталған үйді 80 соғыс ардагеріне берген-ді. Сол уақыттан бастап осы маңда ардагерлердің бастауыш ұйымы құрылып, оның жетекшісі, құрамы сайланды. Бұл ұйым облыстық, қалалық ардагерлер кеңесінің басшылығымен бірге жұмыс жасап, біздің жағдайымызды біліп, бірқатарымызға қолдау көрсететін. Алайда соңғы 4-5 жылда байланыс үзілді. Тіпті, олар бастауыш ұйымның іс-шараларына да қатыспайды. Біздің қалалық, облыстық ардагерлер кеңесін мазалап, ашына айтар шағымымыз жоқ. Тек біздің жағдайымызды анда-санда біліп тұрса дейміз…

Қазір ардагерлер үйінде 20-дан аса соғыс майдангерлері, олардың жесірлері, зейнеткерлер мен мүгедектер тұрады. Мұндағы ардагерлердің жағдайлары  жақсы. Біздің жастайымыздан көрген бейнетіміз бүгінде, тәубе, зейнетке ұласып отыр. Бұл алдымен облыс басшысының арқасы. Елеусін Сағындықов ардагерлерге қамқорлықтың барлығын жасады. Біз әкімге әр кез алғысымызды білдіреміз.

Екінші айтарымыз, 1 қазан — қарттар күнінде қалада ұйымдастырылған жиындарға біздің ортамыздан бірде-бір ардагер шақырылмады. Өткен жылы да солай болып еді. Осыны облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірманов пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Александр Прихно ескерсе екен.

Әрбір мерекеде түрлі мекемелер зейнеткерлерін марапаттап, оларға құрмет көрсетеді. Ал «біздің үйдегі» ардагерлер іздеусіз, шақырусыз қағажу көріп жүр. Сондықтан әр мекеме өз зейнеткерлеріне бірдей құрмет көрсетсе екен. Ардагерлерді бөліп-жаруға бола ма?

Соғыс және еңбек ардагерлері атынан, Мұрабай КЕМЕРОВ.

  • Жаңғырық

Біздің тұрғындар тату

Жақында «Ақтөбе» газетінде (15 қазан №123-124) «Көршіңмен қалайсың?», «Жылда мал береміз» атты екі мақала жарияланды. Соған байланысты өз пікірімізді білдіргіміз келеді.

Аталған мақаланың авторлары Жем қаласының тұрғындары емес деп ойлаймын. Себебі бұл мақалаларды оқыған оқырман Жем қаласында үнемі ұрлық болады екен, көршілері бір-бірімен келіспей, керісіп отырады екен деген ойға қалары анық. Біздің Жем қаласының тұрғындарының ауызбіршілігі мол, кешірімшіл, шыдамды.

Қала болған соң, қай жерде де монша мен кафе болады. Бірақ Жем қаласында ондай келеңсіздік болған емес.

Ал «Жылда мал береміз» атты мақала авторы Мәнсия Күлтегінқызының ұрыларға жыл сайын мал беріп шаршап жүргендігі барлығымызды қынжылтады. Бірақ осы күнге дейін Жем қаласында мал ұрлығы болған емес. Қалада барлығы 53 жер үйде 75 ірі қара бар. Барлығы да сауын сиырлар. Оның үстіне қалада №4 арнайы ішкі істер бөлімінің қызметкерлері үнемі бақылап, қадағалап отырады. Қала халқының жалпы саны — 2010. Бұл сан нақты қала тұрғындары. Бұған қоса халық санын Ресей әскери бөлімі және қазақстандықәскери бөлімдер толықтырады. Тұрғындардың көпшілігі көпқабатты үйлерде тұрады, мал ұстамайды.

Ақтөбе облысы бойынша Мұғалжар ауданына қарасты Жем қаласы біреу ғана. Ал қасымызда 7 шақырым жерде Жем бекеті темір жолы орналасқан. Ол Жем бекеті деп аталады да, орталығы Мұғалжар ауданының Ембі қаласы деп белгіленген. Біздің ойымызша, мақала авторлары осы Жем қаласы мен Жем бекеті екеуін қателестіріп жазған болуы керек.  Жем қаласы бұрынғы Ембі-5 әскери қалашығы екендігін жұртшылық жақсы біледі.

Л.МУСАЕВА,

Жем қаласы әкімінің орынбасары.

  • Сағыныш

Әкемді сағындым

Бүгінгі қолыма қалам алып, қағаз бетіне таңба түсіруіме жан әкеме деген сағынышым себеп болды.

Әке — асқар таудың шыңы, ал балалары — еккен баудың гүлі. Әкеміздің арамыздан кеткеніне бірнеше айдың жүзі болды. Солай бола тұра мен оны бір сәтте болса есімнен шығарған емеспін.

Әкем айықпас дертке шалдықты. Бәріміз оның сауығып кетуін тілеп едік, болмады. Өмірінің соңғы сәті таянғанын сезінгендей, бірде әкем маған: «Қызым, мен өлемін», — деді. Осыдан кейін жан-жақтағы ағайын-туыс, бауырларға хабар бере бастадық. Әкем алты ағайынды кісі болатын, бәрі жиналды. Бірақ… бала болсам да жүрегіме қатты батқаны — сол күнгі оқиға. Әкем ақырғы сапарға аттанып бара жатқанында туған бауырлары қасында болмай, жаны шықпай жатып «қайда жерлейтінімізді ақылдасамыз» деп кетіп қалды. Олар бір тоқтамға келгенше, бауырлары о дүниелік болып кетті. Осы бір өкініш жанымды жегідей жеп, қатты мазалайды. Оңашада жылап аламын. Осыншама әрекетке барған әкемнің бауырларына ренжимін. Әлі сары ауыз балапанмын, ешкімге барып өкпе-назымды бетіне айта алмаймын, сондықтан бүгінгі туған күнінде естелік жазғым келді. Осылай ішімдегі шерімді қағаз бетіне түсірсем, жеңілдермін деп ойладым.

Өмірдің қиындығына мойымай, осы күнге дейін аялап, мәпелеп өсірген әкеме деген алғысымды қалай жеткізерімді білмеймін. Әкетай, біздің жағдайымыз жақсы, сен кеткеннен кейін дүниеге орныңды басар екі немерең келді. Бәріміз сені сағындық…

Динара ҚАНАТҚЫЗЫ.

Ақтөбе қаласы.

  • Естелік

Ақиқаттан Айнымаған

Жақында  Ырғыздың белгілі азаматы марқұм Жебеген Омарұлының «Қалам қайраты» деп аталатын кітабы жарық көрді.

Кітаптың алғашқы бөлімінде абзал азамат туралы естеліктер топтастырылса, жинақтың негізіне Жебеген Омарұлының түрлі басылымдар беттерінде жарық көрген мақалалары, өзге де шығармалары өзек болған.

Өмірде адалдықты, ақиқатты, турашыл мінезді ұстанған, қандай мәселеге де ұстамдылықпен, шынайы көзқараспен қарай білген азаматтың парасаттылығы былайғы жұртқа айқын байқалып тұратын. Ол кісі өзіндік болмысымен, берік тәртібімен ортасына үлгі бола білді. Кітапта басылған замандастарының, іні-қарындастарының, балаларының естеліктерінде ағаның бекзаттығы, адамгершілігі туралы әр қырынан әңгіме қозғалған.

Қаламы қарымды журналист ретінде танылған Жебеген ағаның жарты ғасырлық мерзім ішінде баспасөзде жарияланған мақалалары өткірлігімен, өзекті мәселелер көтеруімен құнды. Жалпы, журналистикада сын тақырыпта мақала жазуға екінің бірі тәуекел ете алмайды. Бұл ретте Жебеген Омарұлының тіршіліктің әр қилы мәселелері туралы жазғандарының қай-қайсысы да тілі уытты, тақырыбы тартымды, қозғаған мәселесі айқын болып келеді.

Жебеген ағаның шығармашылық жолының дені облыстық «Ақтөбе», аудандық «Ырғыз» газеттерімен сабақтаса білді. Ол кісінің аудандық басылымда жарық көрген мақалалары кезінде оқырмандардан өз бағасын алды. Әсіресе, ана тіліміздің тағдыр-талайы сынға түскен сәтте абзал аға баспасөз беттерінде бұл тақырыпта сан мәрте мәселелер көтергені көпшілікке аян. Жебеген аға өмірінің соңғы жылдарында зейнеткерлік жаста жүрсе де «Қазақ тілі» қоғамының аудандық ұйымына жетекшілік жасаған болатын. Ұзақ жылдар білім беру саласында, қоғамдық-саяси қызметте абыройлы еңбек еткен Жебеген аға қолынан қаламын бір сәт те тастаған емес.

Елдік, халықтық тұрғыдағы өзекті мәселелер туындағанда іркіліп, бұғып қалуды білмегендігіне кітапта басылған мақалалары дәлел бола алады. Кітапты құрастырған Жебеген ағаның балалары әкелерінің әр жылдардағы жазбаларын боямасыз, қаз-қалпында кітапқа енгізген. Мақалаларының тілі жатық, оқырманға түсінікті болғандықтан да кітап тартымды шыққан.

Марат МЫРЗАЛЫ.

Ырғыз ауданы.

  • Тағзым

Менің атам

Қожаназар атам туралы ел аузында дерек көп. Ол Ұлы Отан соғысының ардагері ғана емес, сынықшы, ұста, шөп, құранмен емдейтін емші ретінде де есімі жұртшылыққа таныс.

Емшілік кез келген адамға қонбайды. Оның да өзіндік жолы бар. Қожаназар атамның емшілік өнері ана құрсағынан дарыса керек.

Анасы жүкті кезінде Қожа руынан шыққан бір бақсы кісі жолай соғып: «Аяғың ауыр екен, ұлды боласың. Есімін — Қожаназар қой» деп батасын беріп, «Балаңыз ес білген кезде қолына ұстатарсың. Бұл шаппаның ерекше шипалы қасиеті бар», — деп қолындағы шаппасын ұсынады.

Бұл оқиғаны естіген ауыл адамдары, тума-туыстары сырқаттанғанда бала Қожаназарды ата-анасының рұқсатымен ат-арбамен келіп алып кетеді екен. Баланың сырқат жандарға алғаш көмегі осылай басталады. Дем жетпей қиналған адамды бір шаппаны ұстап, екінші қолымен жауырынын түрткенде сырқаттың бойы жеңілдеп айығады. Ал екінші қасиеті — босанғанда қиналған анаға шаппаны иіскеткенде сәби дүниеге аман-сау келеді екен. Бірақ Қожаназар атам 11-12 жасында қасиетті шаппаны жоғалтып алады.

Он жасында Қожаназар ата байларға жалшы болып, ат баптап 90 шақырым қашықтыққа шапқан бәйгеде жеңімпаз болады. Мұнан соң ел арасында Атсейіс бала атанады. Кейін бәйгедегі жүлдегер атты сырттан танитын қасиеті байқалған.

Қожаназар атам емші, сынықшы ғана емес, ол туған жерін қорғап, Ұлы Отан соғысында от-жалынның ортасында болды. Оның «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Варшаваны босатқаны үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», Жеңістің 20, 30, 40 жылдығы құрметіне берілген медальдары соның куәсі. Қазір атамның қорымы Әйтеке би ауданы Аққұм аулында. Мен — Қожаназар атаның шөбересімін. Артына өнегелі із қалдырған атамның мұраларын мен үнемі мақтан етемін.

Айзада НАСЫРОВА,

№28 Ақтөбе  орта мектебінің

6-сынып оқушысы.

  • Құрмет

Он сегіз жасында от кешкен

18 жасында қан майданға аттанып, елін, жерін жаудан қорғаған майдангерлердің бірі — Шайдолла Қажығалиев қазір 84 жаста. Ел басына күн туған қысылтаяң шақты жауынгер қарт үнемі есіне алып, жастарға айтып отырады.

29 қазан — Мамандандырылған күзет қызметінің құрылған күніне орай, біз Шайдолла атамен арнайы кездесуге бардық. Жеңіс жолындағы ерліктерімен сыр бөліскен жауынгер қария өмір жолдары туралы біраз сыр шертті.

Ұлы Отан соғысы басталғанда Шайдолла ата 16 жаста екен. Отбасындағы үш ағасы соғысқа аттанғанда 16 жастағы бозбала ата-анасына қамқор  болып, арбамен шөп тасу, өгіз бағу сияқты ауыр жұмыстарды жасайды. Екі жылдан соң  ол да қолына  қару алып жауға қарсы аттанады.

Шайдолла ата 1943 жылдың күзінде Украина майдан шебінде №61 танкіге қарсы зеңбірекшілер полкінің №13 бригадасында әскери қызметін бастайды. Соғысқа алынған жылы Саратов, Харьков, Уральск қалаларын және Румыния елінің қалаларын жаудан қорғауға ат салысқан. Бір жылдан соң,  Украинаның Минск, Смоленск қалаларын жаудан азат етеді. Сол жылы Белоруссия майданына ауысып, Латвия және Эстония мемлекеттерін жаудан арашалайды.

Шайдолла атаның майданда жасаған ерліктері ескерусіз қалмады. Ол соғыстағы ерліктері үшін «Ерлігі үшін», «Германиямен соғыстағы жеңіс үшін» медалдарымен және әр он жыл сайын тағайындалатын Ұлы Жеңіс күніне арналған медальдармен марапатталған. Әсіресе, «Ұлы Жеңістің 60 жылдығы» медалын облыс басшысы Е.Сағындықовтың қолынан алуын тебірене еске алады.

Соғыстан кейінгі жылдары ол облысымыздағы мамандандырылған күзет қызметі басқармасында қызмет атқарады. Құқық қорғау саласында да өзінің жігерлілігін танытып, бірнеше құқық бұзушылықтардың алдын алып, азаматтармен қарым-қатынаста кішіпейілдігімен ел алғысына бөленді.  Қазіргі таңда зейнет демалысында.

Шайдолла атаның  мамандандырылған күзет қызметі саласында қызмет атқарып, кейінгі буын жас полиция қызметкерлеріне ақыл-кеңес беруі де біз үлкен мақтаныш.  Қазір  84 жастағы ардагердің денсаулығы мығым, қимылы ширақ, бала-шағасына өнеге-өсиетін айтудан шаршамайды. Батыр тұлғаны алдағы төл мерекесімен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына бақыт тілейміз.

Әсет САҒЫНТАЕВ,

Ақтөбе облысының МКҚБ ММ

полиция қызметін және

құқықтық-шартты жұмыстар

ұйымдастыру бөлімінің  инспекторы.

полиция аға лейтенанты.

Жеңіс жаңғырығы

Ерлік ескірмейді

Өзінің «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталғанын Асхат Файзуллин арада алпыс екі жыл өткенде ғана білді. Бұл награданы оған Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында Қазақстандағы Ресей елшісі табыстады.

Гурьев әскери училищесін бітірген жасөспірім жауынгер Асхат Файзуллин бірден Оңтүстік майданға алынып, Сталинград түбінде взвод командирі ретінде соғысқа кірісті. Содан кейін 3-ші Украина және 1-ші Белоруссия майдандарында қаруын серт етіп ұстап, Брестке дейін жорық жолдарын жалғастырды.

Сол жерде жараланып, Мәскеуге емдеуге жіберілді. Онда жарақатынан айыққан соң тағы да сапқа тұрды.

Асхат Ахметұлы елге оралған соң да тыным тауып отырған жоқ. Өзінің бұрынғы еңбек еткен ортасы «Ақтөберентгенге» оралды.  Рас, онда енді ұзақ уақыт жұмыс істеген жоқ, көп ұзамай облыстық сауда жүйесіне экспедитор болып қызмет ауыстырды. Ол кезде мұндай қызметті атқару үшін жігерлі адамдар керек еді. Өйткені халыққа нан карточкамен беріледі, кезекке тұру түн ортасынан басталады. Ал таңертеңгісін адамдар тиесілі үлестерін алу үшін түнімен жұмыстар атқаратын.

Соғыстың талай қиын-қыстау кезеңдерінен өткен Асхат аға бүгін де қатарда. Ол бейбіт күннің әр сағатының дерлік қадірін жақсы ұғынады. Сондықтан да І дәрежелі мүгедек, запастағы әскери офицер-барлаушы жастарға тәлім-тәрбие үлгісін танытып отырады.

Алдағы Жеңіс күнінің 65 жылдығында шеруге екі «Қызыл жұлдыз», сондай-ақ І дәрежелі «Отан соғысы» орденінің иегері Асхат Файзуллиннің де қатысатындығына сенгіміз келеді. Өйткені ол жігері жасымаған, қайтпас-қайсар жауынгерлердің бірі.

Б. ДОСҚУАТОВА,

Қорғаныс істер жөніндегі басқарма

бастығының көмекшісі.

Оқырман хаттарын топтастырған Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button