Мереке

Батагөй Николай ақсақал

Темір ауданы Кеңқияқ ауылында тұратын Николай Шкапоровты ауылдастары жақсы біледі, ерекше құрметтейді.

Той-томалақта бата беріп, қазақша мүдірмей сөйлейтін Николай Ивановичтің ұлты — орыс, биыл 78 жасқа толады. Ол  Шалқар ауданы Көпмола стансасында  туып өскен. Әке-шешесі отызыншы жылдары Ресейдің Орынбор өңірінен қоныс аударыпты. Теміржол саласына жұмыс істеуге келген екі жас Көпмолада тұрақтап қалады. Кейін шаңырақ көтеріп, үш ұл, бес қыз тәрбиелеп өсіреді.

Бала кезімнен қазақтың ортасында өстім. Жолдастарым, достарымның бәрі — қазақ. Ал мен мақалдап сөйлегенде олардан асып түсемін. Бәрі маған таңғалады. Қазір 300-дей мақал-мәтелді жатқа білемін. Әр батаның өзінің айтатын реті болады. Мәселен, жолға шыққанда айтатын сақтық бата бар, тойға барғанда той батасын беремін. Ал Наурыз мейрамында Наурыз батасын айтқанда көпшілік таңдай қағады. Бірде үлкен тойда бата бердім. Риза болған той иесі шапан жапты, — дейді Николай Иванович.

Ақсақал балалық шағы сол шағын ауылда өткенін айтады. Әке-шешесі  қазақша білмесе де,үйдегі балалар бір бірімен қазақша сөйлеседі екен.

—Балалық, жастық шағым Көпмолада өтті. Әскерден келгеннен кейін теміржол саласында еңбек еттім.Кейін 1974 жылы екі апамның шақыруымен Кеңқияққа көшіп келдік.Бұнда келген соң мұнай-газ саласында жұмыс істедім, — дейді Николай ақсақал.

Николай Ивановичтің мемлекеттік тілде мүдірмей сөйлейтіні көп жерде құрметке бөледі. Түрлі сайыстарға қатысты.

Жарыс кезінде көзімнің көктігі үшін орын бермейді, қандай да өнерің болуы керек. Сондай кезде қысылып қалмайын деп мақал-мәтел жаттауға кірістім. Арнайы дәптер бастап мақал-мәтел жазып, жаттауға кірістім. Бір жылдың ішінде 300-ден аса мақал-мәтелді жаттадым. Ал қазір жазған дүниелерімді тастауға қимаймын. Әрі ұмытып қалмас үшін қолым қалт еткенде қағазға қарап, қайталап жүремін, — дейді ақсақал.

Ол немересі Викторияға да мақал-мәтел үйретеді. Қазақ тілінде еркін сөйлейтін немересі де жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алып жүр.

—«Мектепке бара жатқанда, қолың бос болғанда мақал-мәтел жатта» деймін. Және ынталандырып әр жаттаған мақал үшін «дивиденд» беремін. Ол да еңбекқой, — дейді Николай Иванович.

Ақсақал Валя әжей екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріпті. Қазір балалары қалада тұрады. Осыдан алты жыл бұрын Валя әжей көз жұмған. Ақсақал содан бері жалғыз өзі тіршілік кешіп жатыр. Жасы сексенге жақындаса да ширақ қимылдайтын Николай Иванович қорасында азын-аулақ мал ұстайды, бау-бақша егеді.

P.S.Мемлекеттік тілге, қазақтың салт-дәстүріне деген осындай  құрметі үшін ақсақал былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Алғыс хатын алыпты. Тіпті Президент немересі Викторияның бойына да ұлттық құндылықты сіңіріп,  еліміздің отаншыл азаматы етіп тәрбиелеп жатқаны үшін ризашылығын білдірген. Бұған қоса бір миллион теңге және немересіне естелік сағатты сыйға жіберіпті.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button