Басты жаңалықтар

Көктемгі егіс және «Ауыл аманаты»

Ақтөбе қаласының аумағынан шығып, Мәртөк ауданының территориясына кіргеннен-ақ жердің реңі өзгеріп сала береді. Дала көк кілем жайғандай құлпырып тұр. Биыл жылдағыға қарағанда ылғалдың мол түскені байқалады. Аудан шаруалары күн ысып кетпей тұқымды сеуіп үлгеруге тырысып жатыр.

Егістік және жаңа техника

Жалпы салыстырмалы түрде қарағанда бұл аймақтың топырағы құнарлы, егін өсіруге қолайлы. Мәселен, Родников ауылдық округіне қарасты 17 шаруа қожалығының 10-ы егін шаруашылығымен айналысады. Округтегі ірі серіктестік — «Родники-Агро» ЖШС. Қазіргі таңда серіктестік 30 мың гектар жерге егін егеді. Оның ішінде майлы дақылдар, жасымық, арпа секілді дақылдар бар. Серіктестік директоры Мәдениет Қуатбаев көктемгі тұқым себу жұмыстарының аяқталып қалғанын айтты.

Былтыр ауа райы қолайсыз болып, тұқым ала алмадық. Бидайдың да сапасы дұрыс болмады. Ал биыл жердің ылғалы мол. Санаулы күндерден кейін тұқым себу жұмыстары басталады. Көрші Ресейден 600 тонна тұқым алдық. Оның ішінде 325 тонна жұмсақ бидай, 75 тонна жасымық тұқымы бар.  Қазір 30 мың гектар жердің 8 мың гектарына майлы дақыл, яғни күнбағыс егілсе, 6 мың гектар жерге жұмсақ бидай тұқымы себіледі. Биыл жеңілдетілген бағамен 450 тонна жанар-жағармай аламыз деп отырмыз. Жалпы жылына мың тоннадай жанар-жағармай жұмсалады, — деді серіктестік директоры.

Серіктестікке қарасты отызға жуық техника жұмыс істеп тұр.  Жақында АҚШ-та жасалған тыңайытқыш, гербицидтер себетін «Патриот» маркалы техника сатып алыныпты. Құны 300 мың доллар тұратын техникаға жұмсалған қаражаттың 15 пайызын мемлекет субсидиялаған. Жаңа көлікті  тізгіндеген Данабек Сүйінбаев жұмыс өнімділігінің артқанын айтты.

—Егін шаруашылығында отыз жылдан астам уақыт жұмыс істеймін. Бұрынғы мен қазіргі техниканы салыстыруға келмейді. АҚШ-та шығарылған көлікті тізгіндеп жүргеніме бір аптадай болды. Ыңғайлы әрі жұмыс өнімділігі артығымен орындалып жатыр. Жалпы техника жаңа, заманға сай болса еңбегің да өнімді болады, — дейді Данабек.

Серіктестік директоры Мәдниет Қуатбаев жұмысшылардың тоқсан пайызы округ тұрғындары екенін айтты.

Көктемде диқан қауымы үшін жұмыс көбейеді. Тек тұқым себу, жер жырту,  ылғал жабудан бөлек, екпе шөпті тырмалау, күздік қара бидай егісін өңдеу секілді шаруалар өз кезегімен жүргізіліп жатыр.

Биыл облыс бойынша 765 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Оның ішінде 446 мың гектар жерге дәнді дақыл тұқымы себілмек. Қазіргі таңда тұқыммен қамтамасыз ету  — 96 пайыз.

Диқандар көктемгі тұқым себу нақанына дайын. Ылғал жабу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда 7400 тонна дизель отыны бөлініп отыр. Бір литрінің бағасы — 249 теңге. Бұл шаруаларға жеткілікті. Қазір диқандар 800 тоннасын алды. Науқан уақыты болғандықтан жеткізуші операторлар сенбі, жексенбіге қарамастан жұмыс істеп жатыр. Бұдан бөлек мамыр айында тыңайытқышқа, гербицидтерге субсидия төлеу басталады, — деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Әбтиев.

Жалпы, шаруалар сатып алған тыңайытқыштың — 60, гербицидтердің — 50, Ресейден әкелген тұқымның 70 пайызын мемлекет субсидиялайды. Сондай-ақ шетелден сатып алған техника құнының —15, отандық техниканың 30 пайызын мемлекет субсидия ретінде төлейді.

Родниковкадағы наубайхана

Родник ауылының тұрғыны Айгүл Төлепбергенова «Ауыл аманаты» бағдарламасының жемісін көріп отыр. Былтыр 4 миллион 700 мың теңге несие алып, наубайхана ашыпты. Қазір күніне 100 бөлкеге дейін нан пісіреді.

Бұған дейін ауылда шағын дүкенім болған еді. Кейін оны кеңейтіп, шағын маркет қылдым. Бұл ауыл халқы үшін өте қолайлы болды. Келушілер маркеттен керегін өздері таңдап алады. Мүмкіндігім келгенше маркеттің ішін азық-түлікке, өзге де қажетті бұйымдарға толтырып қоямын. Былтыр  кәсібімді кеңейтуді жөн санадым. Дүкенде өзім пісіріп нан, бөлке сатсам,бәріміз үшін тиімді болар еді деп ойладым. Осылайша «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы әкімдіктен естіп, ойланбастан несие аламын деп шештім. Қаржы қолыма тигеннен кейін нан псіретін пеш, илейтін аппарат, өзге де қажетті заттарды сатып алдым. Қазір шүкір, күніне жоқ дегенде 100 бөлке нан пісіремін. Бұдан бөлек бәліш, самса, бөлкенің түр-түрін пісіріп сатамын. Екі адамды жұмысқа алдым, — дейіді Айгүл.

Айгүл шағын маркеттің бір бөлмесін наубайхана қылған. Сол жерде нан өнімдерін пісіріп, ыстықтай сатады. Үш баласын жалғыз өзі жеткізіп отырған келіншек мұнымен тоқтап қалғысы жоқ. Болашақта іске асырар жоспарлары да бар екен.

Ал округ әкімі Равиль Әбілов аталған бағдарлама арқылы 17 адам несие алғанын айтты.

—«Ауыл аманаты» бағдарламасы біздің округ тұрғындарына үлкен серпін берді. Кәсіп ашқысы келіп, бірақ қаржы жағынан қысылып жүрген азаматтар бірден өтініш берді. Несие алғандар түрлі бағыт бойынша шағын кәсіптерін бастады. Ал Айгүл наубайхана ашып, қазір бұл ісін дамытыпотыр. Жалпы, Родник ауылы нанды сырттан тасымайды. Ауылда Айгүлдің наубайханасынан бөлек, «Родники-Агро» серіктестігінің наубайханасы бар. Бұл ауыл тұрғындарының сұранысын толық қамтамасыз етеді, — деді округ әкімі.

Кәмшат ҚОПАЕВА,

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button