Жаңалықтар

Дарындылар бақ сынады

Чемпионат

Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжінде «JuniorSkills» чемпионаты ұйымдастырылды. Оған Берсиев мектебі жобасының оқушылары қатысты.

Іс-шараның ашылу салтанатында колледж директоры Қасымбек Алдияров сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Колледж студенттері флешмоб билеп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Бұл жоба дарынды, шығармашыл оқушыларды қолдауға бағытталған. Берсиев мектебінің мақсаты — мектептер мен колледж арасындағы ынтымақтастықты қалыптастыру, оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, кәсіби бағдар беру.

Биылғы оқу жылында Берсиев мектебі жобасы жұмысын бастады. Осы жылы курсқа қатысуға 130 оқушы ниет білдіріп, 70 оқушы мектепке қабылданды. Қараша айында басталған курстың түлектеріне 30 сәуірде өтетін салтанатты іс-шарада арнайы куәлік табысталды. Сондай-ақ осы кеште «JuniorSkills» чемпионатының жеңімпаздары марапатталды, — дейді Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Алтынгүл Мұқанова.

Биыл колледжде алғаш рет ұйымдастырылған «JuniorSkills» чемпионатында «Флористика», «Аспаз ісі» салалары бойынша 9 қатысушы сынға түсті. «JuniorSkills» чемпионаты — 10 жастан 17 жасқа дейінгі мектеп оқушыларын кәсіптік даярлаудың қысқа мерзімді бағдарламаларын жүзеге асыру және ерте кәсіптік бағдар беру жүйесін құру идеясына негізделген кәсіптік байқау бағдарламасы.

Өткен жылы қараша айынша Берсиев мектебіне қабылдандым. Мұнда аспаздық курсында оқып жатырмын. Бос уақытымда тәтті бәліш пен торт жасағанды ұнатамын. Осы қабілетімді байқаған оқытушыларым «JuniorSkills» чемпионатына қатысуды ұсынды. Сайысқа №65, №75 орта мектептердің, Блогодар, Пригород мектебінің оқушылары қатысты. Қатысушыларға тағам даярлауға бір жарым сағат уақыт берілді. Осы уақыттың ішінде француз еті, шығыс бәліші, көкөніс пен жемістен жасалған жеңіл салат түрлерін әзірледім, — дейді Пригород орта мектебінің оқушысы Альбина Нұрғалиева.

Қатысушыларды «Аспаз ісі» саласы бойынша «TAGA» мейрамхана кешенінің бас аспазы Тимур Першин, қаламыздағы пиццериялар желісінің технологі Жаннұр Райымбекова, флористтерді Елена Божкова сынды сарапшы мамандар бағалады.

Ақтөбеде қызмет көрсету, оның ішінде қоғамдық тамақтандыру саласы қарқынмен дамып келеді. Бұл кәсіби мамандарға деген сұранысты арттырып отыр. Бұл сайыс болашақ мамандарға кәсіби бағыт-бағдар береді деп ойлаймын. Мейрамхана және қонақүй бизнесі қауымдастығына мүше рестораторлардың басты проблемасы — білікті кадрлардың жетіспеушілігі. Сондықтан Берсиев мектебін бітірген мамандар жұмыссыз қалмайды деп ойлаймын, — дейді технолог Жаннұр Райымбекова.

Нәтижесінде «Аспаз ісі» саласы бойынша 1-орынды Альбина Нұрғалиева «Флористика» саласы бойынша 1-орынды Жанна Ваймер иеленді. Барлық қатысушыға Алғыс хатпен кәдесый табысталды.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button