Жаңалықтар

Сәуір: сынақ пен шуақ

Шолу

 Наурыз айының соңына таман елді әбігерге салған су тасқыны облыс тұрғындары үшін шын мәніндегі үлкен сынақ болды. Табиғаттың тосын мінезі бұл жолы аяушылық танытқан жоқ. Жекелеген ауылдардың су астында қалуы қатты алаңдатты.

Бірақ адамдардың ұйымшылдығы, қысталаң сәтте біріге білуі көптеген қиындықтардың бетін қайтаруға мүмкіндік берді.

Енді, шүкір, бәрін де қалпына келтіруге, қысылғанға жәрдем беруге ел болып кірісіп кетті. Үкімет де барынша қолдау-көмегін беріп жатыр.

Сәуірдің соңындағы шуақты сәттер үміт отын оятқандай болды. Алда жақсы күндер болатынына бәріміз де сенгіміз келеді. 

Бірлескен инвестициялық жобалар қаралды

Облыс әкімі халықаралық инвесторлар делегациясымен, нақты айтқанда, «GCL (Group) Holding Limited» компаниясының директоры және вице-президенті Ван Мин, Бейжің төмен температура ғылыми-технологиялық компаниясының президенті Гао Джинлин, «Shenneng Environment» компаниясының президенті Тан Синлянмен кездесті.

Басқосуда аспан асты елінің өкілдерімен өңірді дамыту бағытындағы стратегиялық, «Бір белдеу, бір жол» халықаралық жобасы аясында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі жоспарларды талқыланды. Сондай-ақ энергетика, экология, креативті индустрия және инновациялық технологиялар салалары да сөз болды.

Инвесторлар делегациясы креативті индустрияны дамыту жобаларына қатысуға және жергілікті ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған стартаптарды қолдауға қызығушылық білдірді. Олар сондай-ақ өндірістік және басқару процестерінің тиімділігін арттыру үшін қолдануға болатын бірқатар технологиялық шешімдерді ұсынды.

Көктемгі егіс— басты шаруаның бірі

Облыста көктемгі егіс жұмыстарына әзірлік басталып та кетті. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 756,5 мың гектар болмақшы. Оның ішінде 446,3 мың гектар жерге — дәнді дақылдар, 62,2 гектарға — майлы дақылдар, 11,2 мың гектарға картоп пен көкөніс-бақша тұқымы себілсе, 236,8 мың гектар аумаққа мал азығы егіледі.

Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк, Хромтау аудандарында егістіктердің негізгі үлесі орналасқан.

Облыс бойынша көктемгі егіс жұмыстарына 7,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.

Көктемгі далалық жұмыстарын жүргізуге 1600 трактор, 100-ден астам егіс кешендері, 1300 тұқым себетін және 1600 жер өңдейтін техника жұмылдырылады.

Хромтаудағы индустриялық аймақ

Еліміздегі өнеркәсіп өндірісіне лайықты үлес қосып келе жатқан моноқалаларды дамыту перспективаларына сәйкес Хромтауда индустриялық аймақ құру көзделуде.

Қазір ауданда 3,5 мың шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген.

Өңірде Дөң тау-кен байыту комбинаты, «Восход-Oriel» және Ақтөбе мыс компаниялары жұмыс істейді. Олар жұмыста пайдаланатын түрлі бұйымдар Ақтөбе қаласынан, болмаса өзге елдерден жеткізіледі. Сондықтан да жаңадан құрылатын индустриялық аймақта отандық өндірісті дамыту қолға алынбақшы.

Хромтау ауданының аумағында индустриялық аймақты қаладан солтүстік бағытта орналастыру жоспарлануда. Индустриялық аймақтың ауданы — 60 гектар, инфрақұрылымның болжамды құны — 4,7 миллиард теңге, ұзындығы — 54,8 шақырым. Индустриялық аймақта сумен, газбен, электрмен жабдықтау, су бұру, автожолдар салу жұмыстары ең алдымен жүргізіледі.

Экологиялық акция — тазалық бастауы

Өңірде абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп, қала тұрғындары саябақтарды, скверлер мен басқа да аумақтарды тазартып, көшеттер отырғызып жатыр. Екі айлық тазалық жұмыстарына жұртшылық белсенді қатысуда.

Ақтөбе қаласының 155 жылдығы аясында басталған «Taza qala» төрт айлық экологиялық акциясының ашылуы — ауқысды іс-шаралардың бастауы іспетті болды.

Алдағы уақытта «Таза қала — таза жағалау», «Бұлақ көрсең, көзін аш» секілді акциялар да ұйымдастырылмақшы.

 «Қамқор Ақтөбе-2024»: қордың қолдауы

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету мақсатында «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоғамдық қоры құрылды. Бастапқы кезеңнің өзінде, яғни 11 сәуірдегі есеп бойынша қорға 417 019 508,76 теңге қаржы түсті. Одан кейінгі бір аптада қор бұған қосымша 165 миллион теңгеге жуық қаржыға толықты.

Бұған дейін облыстың 6 ауданында төтенше жағдай жарияланып, көптеген үй тұруға жарамсыз болып қалғаны анықталды.

Аудан әкімдіктері жанынан шығынды есептейтін комиссия құрылды.

Аталған қорға жиналған қаржыны, негізінен, баспана мәселесін шешуге бағыттау көзделуде.

* * *

Сәуір айының соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясы «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атауымен өтіп, онда Президентіміз елдегі бүгінгі ахуалға баға берді, алдағы міндеттерді айқындап көрсетті. Мемлекет басшысы «Сын сағатта жұдырықтай жұмылған жұртымыз осы қалпында Өрлеу, Жаңғыру кезеңіне қадам басады. Бәрі де жақсы болады» деген жылы лебізін білдірді.

Біз де осы осы салиқалы сөзге қосыламыз.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button