«Ақтөбе» — 100!

Мемлекеттік қызметшілермен кездесті

«Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның баспасөз клубында облыстық «Ақтөбе» газетінің ғасырлық тойыаясында мемлекеттік қызметшілермен кездесу өтті.

Кездесуге газет оқырманы — аудандардан келген мемлекеттік органдардың, облыстық департаменттер мен басқармалардың қызметкерлеріқатысты.

Облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналын біріктіріп отырған «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншин әуелі биыл 100 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған «Ақтөбе» газетінің тарихына тоқталды.

— Облыстық «Ақтөбе» газетінің тарихы 1924 жылдан басталады. Сол жылы 7 маусымда «Кедей» деген атпен газеттің алғашқы саны жарық көрді. «Ақтөбе» — еліміздегі ғасырлық тарихы бар байырғы басылымдардың бірі. Кейін басылымның аты «Алға», «Социалдық жол», «Социалистік жол», «Батыс Қазақстан», «Коммунизм жолы» болып өзгерсе, 1990 жылдан бері «Ақтөбе» деген атпен шығып келеді. Облыстық газеттер оқырманға сенімді ақпарат көздерінен алынған материалдарды жариялады. Мұны көзі қарақты оқырман жақсы біледі, — деді Раукен Отыншин. Одан әрі газет-журнал, кітап оқу мәселесі, оқырманмен байланыс туралы әңгімеледі.

Жиын барысындаоблыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Сәтжан Дәрібай, «Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы Гүлсім Назарбаева сөз сөйледі.

— Жүз жыл бойы өңір жылнамасын жазып келе жатқан басылым мемлекеттік қызметшілермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Осы байланысымыз үзілмей, елдің игілігі жолында қоян-қолтық қызмет ете берейік, — деді Сәтжан Дәрібай.

Жиында «Ақтөбе Медиа» серіктестігінің басшысы Раукен Отыншин белсенді оқырман қатарындағы бірқатар мемлекеттік қызметшіге Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады. Марапатталғандар қатарында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызметтер көрсету басқармасының басшысы Сәнім Қуантаева, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Артур Әуезов, Ақтөбе қаласы Астана ауданы әкімі аппаратының басшысы Нұржан Дүйсембин, Мәртөк аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Отаралина, Шұбарқұдық ауылдық округі әкімінің орынбасары Жанат Кенжебай бар. Сәнім Қуантаева қызмет бабында газет тілшілерімен тығыз жұмыс істейтіндерін айтып, ақпараттық қолдау көрсеткені үшін редакция ұжымы ризашылығын білдірді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button