Мереке

Қазақстан — біздің ортақ үйіміз

Шалқарда туып-өскен татар қызы Азалия Ахметжанова 2020 жылы мектепті тәмамдап, Ақтөбеге көшіп келген. Қазақшаға судай Азалия бірнеше тілді меңгерген.

Қазақтар — достыққа адал, қонақжай халық. Менің ата-әжем 1955 жылы Қазақстанға көшіп келіп, Шалқар қаласында шаңырақ көтерген. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты бірге көтере білді. Мен де осындай бірлігі жарасқан елде өмір сүріп жатқанымды мақтан етемін. Отбасымызда әке-шешеміз балаларымен тек қана қазақ және татар тілдерінде сөйлесетін. Қазіргі таңда Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университетінде менеджмент мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Университет қабырғасында ғылыми мақалалар жазып, көптеген байқауда топ жарып келемін. Өткен жылы Елбасы стипендиясының, биыл Нұрсұлтан Назарбаев қорының стипендианты атандым, — дейді ол.

«Шатлык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі Азалия қолы қалт етсе Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған іс-шараларға белсене атсалысады.

Достық үйі облыстағы этномәдени бірлестіктер өкілдері үшін ортақ үйімізге айналды. Бұл жерде ойымызға алған жобаларды жүзеге асыра аламыз. Қазақстан — біздің ортақ үйіміз, мұнда бірлікте, ынтымақта өмір сүріп жатырмыз. Ең бастысы, бізде әр адамның алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған, — дейді ол.

Кейіпкеріміз — университет қабырғасындағы озат білім алушының бірі. Ол 17-20 сәуір күндері Татарстан астанасы Қазан қаласында өткен XI халықаралық татар тілі олимпиадасының жеңімпазы атанды.

Бұл байқауға «Шатлык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің мүшесі, педагог Сәния Ахмедсафақызы дайындап, татар тілінің грамматикалық нормаларын үйретті. Ауқымды іс-шарадан мол тәжірибе жинақтап, жаңа достар таптым. Осындай халықаралық байқауда кәсіби тіл мамандарының алдында өнер көрсетудің өзі мен үшін жетістік. Маған күш-жігер беріп, қолдаған ата-анама, оқытушыларыма алғысым шексіз, — дейді ол.

Азалияның айтуынша, қазақ және татар ұлтының ұқсастығы көп.

Татар халқы мен қазақ халқының басты ұқсастығы — кішіпейілділік, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуі. Дастарқанға отырғанда үлкендерден бұрын асқа қол созбайды, ата-әжелерді төрге оздырып, олар тұрғанда сөйлемейді. Біз де жұма сайын жеті шелпек пісіріп, баба рухына Құран бағыштаймыз. Татарлардың дәстүрлі дастарқанын ұн, жарма, картопсыз елестету мүмкін емес. Жазда қақталған және тұздалған еттен ас әзірлейміз. Сондай-ақ қазақтың ұлттық тағамдарын да ас мәзірімізге қосуды ұмытпаймыз, — дейді ол.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button