Қазақ тілін үйрететін өзге ұлт өкілдері
Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, Ақтөбедегі мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 6 өзге ұлт өкілі сабақ береді.
Біз аталған тіл мамандарымен сұхбаттасып, мемлекеттік тілді меңгерудің озық үлгісі ретінде нені ұсынатынын, сондай-ақ осы саладағы мәселелер мен өздерінің тәжірибесіндегі жаңашылдықтар туралы білген едік…
«Оқулықтардағы олқылықтар түзелсе…»
Башқұрт ұлтының өкілі ГүлмираКагирова 34 жылдан бері ұстаздық етіп келеді. Әуелде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған ол көп ұзамай мамандығын өзгертіп, оқушыларға мемлекеттік тілді үйретуге көшкен. Оның ойынша, бұл — уақыт талабы.
— Хромтау ауданында туып-өстім. Сондағы орыс мектебінің түлегімін. Мамандық таңдарда аса көп ойланғаным жоқ, 34 жыл бойы балаларға қазақ тілі мен әдебиетін оқытқан педагог — анам Рысжан Смағұлқызының жолын қуғым келді. Сөйтіп, Ақтөбе педагогика институтында орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алдым. Кейіннен өз ауылымдағы Құдықсай орта мектебіне жұмысқа орналасып, 5 жыл еңбек еттім. Бірақ 1995 жылы қалаға көшкенде өз мамандығым бойынша жұмыстың жоқтығын, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне сұраныстың айтарлықтай көп екендігін білдім. Ұзақ ойланбастан білімімді жетілдіріп, мамандығымды ауыстырдым. Енді, міне, 29 жылдан бері Ақтөбе қаласындағы №28 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін.
Әкем башқұрт болғанмен, анамның ұлты — қазақ. Әрі ауылдан шыққандықтан, қазақ тілін кішкентайымнан біліп өстім. Екінші мамандығымды игергенде, әрине, тереңірек меңгере түстім. Менің ойымша, шындап кіріскен адамға кез келген тілді үйрену қиын емес, — дейді башқұрт қызы.
Қазақ тілін үйрену үшін алдымен ауызекі сөйлеуге ерекше күш салу керектігін айтқан кейіпкеріміз қазір мемлекеттік тілдегі қажетті дереккөздің, нұсқаулықтың, әдебиеттің көптігін атап өтті. Ең бастысы,тілді игеруге деген ниет болса жеткілікті.
— Бұрынғыдай емес, мемлекеттік тілдегі санамақтар, кітаптар, өзге де дүниелер баршылық. Ғаламторда да осы тақырыптағы мағлұмат көп. Қаншама тегін курстар бар. Сондықтан ең болмағанда тұрмыстық деңгейде сөйлегісі келгендерге барлық жағдай жасалған ғой. Әрі-беріден соң өз еліңнің мемлекеттік тілін білмеу ұят деп есептеймін. Осы жерде тұрғандықтан, қазақша түсініп, шебер болмаса да сөйлеу керек. Бұл — талқыланбайтын іс.
Маман ретінде балалардың қазақ тілін үйренуге деген ынтасы жоғары екенін айтқым келеді. Тек оқулықтардағы тапсырмалардың деңгейі, оның ұсынылу жолдары, жалпы тілі ауыр екендігі рас… Мысалы, ағылшын, орыс тілдеріндегі оқулықтардың тапсырмалары жеңіл әрі жұмыр келеді, ал біздікі тым күрделі. Осы жағы реттелсе, сосын бүкіл жиын тек мемлекеттік тілде ұйымдастырылса, көптен бері айтылып келе жатқан тіл мәселесі өздігінен шешілетін еді, — дейді қазақтың келіні Гүлмира.
Абай Құнанбаевтың шығармашылығын сүйіп оқитынын айтқан тіл маманы жастарға да қазақтың бас ақынының қара сөздерін, өлеңдерін оқуға, жаттауға кеңес берді.
«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ
Облыстық тілдерді дамыту басқармасынан білгеніміздей, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында өңірде ақысыз негізде тілдік курстар Ақтөбе қаласы мен Қарғалы, Хромтау, Мәртөк аудандарында ұйымдастырылады. Сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Шатлык» татар-башқұрт, «Оксана» украин, «Қазақстан кәрістер қауымдастығы» қоғамдық бірлестіктері жанындағы жексенбілік мектептерде қазақ тілі оқытылып жүр.
«Қазақша білмейтін баланы ауылға жіберіңіз!»
Алға ауданына қарасты Тоқмансай ауылындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Диана Кремер-Ескелдина ұлты неміс болғанымен, жаны қазақ екенін айтады. Жас маманның осы мамандықты таңдауына мектептегі ұстазы үлкен үлес қосқан.
—Осы жолды таңдауыма, жалпы қазақ тіліне деген қызығушылығымды оятқан — Тоқмансай негізгі мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған Гүлшат Сұлтанбекова апай. Ұстазым мәнерлеп оқудың қыр-сырын үйретіп, түрлі байқауларға қатыстырып, талабымды шыңдады. Сол әсер еткен болуы керек, апайымның ізін жалғадым. Бәлкім, үйде де тек қазақ тілінде сөйлескендіктің әсері бар шығар. Неміс тілін мүлде білмеймін. Тілім қазақ тілінде шықты.
Қазақ тілін үйренудің ешқандай қиындығы жоқ. Тіл білмейтін баланы бір айға ауылға жіберіп алса, меңгеруі былай тұрсын, мақалдап сөйлеп кететініне сенімім мол. 7-9 сыныптарға сабақ беретін мұғалім ретінде айтарым, талаптанған бала әп-сәтте қазақ тілінің бүкіл заңдылық, ереже-нормаларын «қағып алады». Ал ықыласы жоқ адамға сылтау көп. Осы орайда оқушыларымның арасында Айзия Төлегенова Ахмет Байтұрсынұлы, Ізтай Мәмбетов, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жатқа оқудан жүлделі орындарға ие болып жүрсе, Іңкәр Айтмағанбетова эссе жазудан алдына жан салмайды. Сол сияқты Елубай Ескен, Темірлан Темірханов, Айгүл Бердіғалиева сынды шәкірттерімнің де жетістіктері бірталай, — дейді Диана.
Қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, жолдасы Самат екеуі 3 баланы тәрбиелеп отырған әңгімелесушіміз бос уақытында поэзия оқығанды жаны сүйеді екен. Абай Құнанбайұлы, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жатқа оқитын мұғалім бүгінге дейінгі бірнеше байқауда жақсы нәтижелерге қол жеткізген. Атап айтсақ, ол «Жаңа мектепке — жаңашыл ұстаз» VI республикалық байқауының аудандық кезеңінде— I орын, ал облыстық кезеңінде — II орын, сондай-ақ «Мемлекеттік тіл — менің тілім» аттыөзге ұлт өкілдері арасындағы облыстық байқауда бас жүлдені жеңіп алған.
«Көп нәрсе ортаға байланысты»
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін тағы бір өзге ұлт өкілі Әйтеке би ауданындағы Комсомол орта мектебінің мұғалімі Эльмира Мазитованы ауылдастары белсенді қыз ретінде жақсы таниды. Арасында аудандық деңгейдегі іс-шараларды жүргізетін ол қазақ тілінде еркін сөйлейді. Осыған байланысты татар қызы талай рет қызықты оқиғаларға да тап болған.
— Қазақ тілін меңгергісі келген адам халық ауыз әдебиетін оқысын, ән-жырларды тыңдасын. Қазақтармен көп араласса, мемлекеттік тілде қалай мүдірмей сөйлегенін өзі де білмей қалады (күліп). Басты талап — өзгелермен сол тілде әңгімелесу. Осы елдің әр азаматы мемлекеттің негізгі тілін, тарихын, дәстүрін біліп, құрметтеуге міндетті.
Мектепті орыс тілінде оқығаныммен, қазақ пен татар тілдері түркітілдес тобына жататындықтан, тілді меңгеру жағынан қиындық болмады. Әрі оқушы кезімнен қазақ тілі бойынша мектепішілік, аудандық олимпиадаларға қатысып жүрдім. Араласатын ортам да кілең қазақтар ғой, — деді Эльмира.
Татар қыз өз ауылында оның қазақшаға судай екенін көпшілігі білетінін, сондықтан тілге байланысты тосын оқиғалар сырт жақта болатынын баян етті. «Басқа қалаларға барғанда мені көргендер бірден орысша сөйлей жөнеледісары қыз болғандықтан шығар. Оларға қазақша жауап қайтарғанымда кәдімгідей таңғалады. Әлгі адамдардың сол кездегі таңданысын тек көру керек, сөзбен жеткізу қиын», — дейді мұғалім.
Мемлекеттік тіл бойынша өткізілген әртүрлі деңгейдегі байқаулардың жүлдегері Эльмира шәкірттерімен мақтанатынын, солардың арасынан қазақ тілінен аудандық пәндік олимпиадада I орын алып, облыстық кезеңде үздік үштіктің сапынан көрінген Гүлфия Закироваға ерекше тоқталып өтті.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.