Жаңалықтар

Құжаты жоқ қаруды тапсырып, ақша алыңыз

Акция

22 сәуірде елімізде құжаты жоқ, заңсыз сақталған қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сатып алуға бағытталған республикалық акция басталды. Іс-шара аясында құжаты жоқ, тіркеуге алынбаған қару-жарақты тапсырып, өтемақы алуға болады. Акция туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте полиция қызметкерлері айтты.

Облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Арыстанбек Танжарықовтың айтуынша, заңсыз сақталған қару-жарақтар мен оқ-дәрілерді өтемді түрде қабылдайтын акция мақсаты —  қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атыс қаруы мен жарылғыш заттарды қолдана отырып жасалатын қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу.

— Аталған акция елімізде 2015 жылдан бері өткізіліп келеді. Былтыр 5 миллион теңге бөлініп, іс шара барысында облыс бойынша тұрғындардан түрлі санаттағы барлығы 73 қару сатып алынды. Биыл осы мақсатта 5 миллионнан астам қаражат бөлініп отыр. Заңсыз сақталған қару-жарақ пен оқ-дәрілерді өз еркімен тапсырған тұрғындар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады, — дейді Арыстанбек Таңжарықов.

Облыстық ПД әкімшілік полиция басқарманың инспекторыИгілік Әбубәкіровтің айтуынша, акция барысында сыйақы мөлшері қарудың түріне және техникалық жай-күйіне байланысты беріледі.

Қарудың барлық түрі, яғни ұңғысы тұтас құйылған, ойып жасалған мылтықтар, пневматикалық қару, сондай-ақ оқ-дәрілер, жарылғыш заттарқабылданады. Сатып алу кезінде арнайы комиссия тұрғындардан қабылданған қару-жарақтың түрін, жарамдылығын анықтайды. Қару-жарақ заттарын ерікті түрде тапсырған тұрғынға әр қарудың жағдайына қарай оннан жүзге дейінгі айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік төлем төленеді,дейді Игілік Әбубәкіров.

Полиция қызметкерлері шалғай елді мекенде тұратындар құжаты жоқ қару мен оқ-дәрілерді ақылы тапсыру үшін қалаға сабылмай, учаскелік полиция бөліміне хабарласуына болатынын айтты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button