Әлеумет

Енді 55 жастан асқан азаматтар құрметті демалысқа шыға алады

Бейнетінің зейнетін көре алатындар кімдер?

Биылдан бастап Үкіметтің шешімімен ауыр және зиянды жұмыс істейтіндерге арнайы әлеуметтік төлем тағайындалады. Бұл — ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы Жолдауында берген тапсырмасы.

Аталған игілікке Ақтөбе облысы бойынша қанша адам ілікті? Оны алу жолдары қандай?

Біз құзырлы орган өкілі мен бұл мүмкіндікке ие болғандармен сөйлескен едік…

Жұмысшы мамандықтарға жасалған жағдай

Мемлекет басшысы былтыр халыққа арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында Үкімет кәсіпорындардың технологиялық және экологиялық ахуалын, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін батыл шаралар қабылдауы қажеттігін айтқаны белгілі. Сондай-ақ ірі өндіріс кәсіпорындарына 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасап, қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын қабылдауды тапсырды. Бұл — ең бірінші кезекте қарапайым еңбек адамдарының құқығының сақталуы үшін қолға алынған іс. Артынша Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Менің тапсырмаммен Үкімет зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген адамдарды әлеуметтік қолдау тетіктерін әзірледі. Бұл бұрыннан талқыланып жүрген мәселе болатын, енді шешімі табылды. Оның мынадай өлшемдері бар: жұмысшылардың осы саланы дамытуға сіңірген еңбегі және денсаулығына зиян келгені ескеріле отырып, оларға зейнет жасына толғанға дейін, атап айтқанда, 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем төленеді. Парламенттен Үкіметтің ұсыныстарын жедел қарауды сұраймын. Азаматтар осы мәселе шешімін табады деп күтіп отыр», — деді.

Осыдан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 24 мамырдағы №170 бұйрығы бойынша аталған бастаманың ереже-шарттары әзірленді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті №2 зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Жаңыл Аймұхамбетованың айтуынша, 1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңашылдықтың шарапатын ауыр жұмыс істейтіндердің барлығы бірдей көре алмайды.

Ауыр, зиянды жұмыс істейтін, 55 жасқа толған адамдар жаппай арнайы әлеуметтік төлемге ие болады деп айта алмаймыз. Белгілі бір шарттары бар. Ол үшін жұмыс беруші кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасын аударып отыруы қажет. Егер бұл болмаса жасы жетіп тұрса да, әлгі қатарға қосуға келмейді. Әлеуметтіктөлемдерді іске асырудың басты шарты — осы.

Басты талап орындалса, ауыр жұмыс істейтін адам өзінің басшылығына аталған әлеуметтік төлемге ие болу үшін арыз жазып, ол enbek.kz сайтына ұсыным қалдырады. Артынша арыз берушінің еңбек өтілі, зейнетақы қорындағы жарналары, басқа да жағдайлар зерделеніп, бәрі дұрыс болса арнайы санатқа енгізіледі. Осы орайда арнайы әлеуметтік төлемге қол жеткізсе де, 55 жастан асқандар кәсіпорындағы жеңіл жұмысқа ауыса алатынын атап өткен абзал. Басқа жерде де бұрынғыдай қиын жұмыста жасамауға рұқсат етіледі. «Жоқ, енді демаламын, әлгі төлем жетеді» десе де өз еркі. Зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін соны алып отырады.

Ал төлемнің мөлшеріне келсек, бірнеше компоненттен тұрады және төрт қаражат көзінен жүзеге асырылады: республикалық бюджеттен 2 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнаулы кәсіптік жәрдемақы, өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде, жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен. Бұдан басқа жұмыскерге зейнетақы қорындағы міндетті зейнетақы жарналары есебінен төлемдер алу құқығы беріледі. Биыл 1 күнкөріс деңгейі мөлшері 43407 теңге екенін ескерсек, барлығын қосқанда ай сайынкемінде 203 мың теңге алады.

Жасыратыны жоқ, мұндай жұмыс істейтіндердің арнайы әлеуметтік төлемнен бас тартып, зейнетақыны бір аламын деуі өте сирек. Өйткені жасы үлкен адамдарға ауыр еңбек етудің оңай емес екені, барлығының шаршап-шалдығып жүргені анық,— дейді бөлім басшысы Жаңыл Аймұхамбетова.

Ресми деректерге сүйенсек, мұндай төлемақыға биыл 37 мың, 2030 жылы 58 мыңнан астам, ал 2035 жылы 95 мың жұмыскер үміткер бола алады. Осылайша әлеуетті төлем алушылар саны жылма-жыл ұлғая бермек.

Осылайша арнаулы әлеуметтік төлем экономиканың 19 саласында, оның ішінде тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде және басқаларында жұмыс істейтін қазақстандықтарға тиесілі болады.

Сұхбаттасушымыздан білгеніміздей, жыл басталғалы 132 ақтөбелік осындай құжатты рәсімдеген.

57 жаста еңбегінің жемісін көрді

Әлеуметтік кодекске сәйкес, ауыр және зиянды жұмыс істейтіндердің тізімі жасақталған. Арнайы әлеуметтік төлем экономиканың 19 саласында, соның ішінде тау-кен және өңдеу өнеркәсібі, т.б. жұмыс істейтіндерді қамтымақ.

17 жылдан астам уақыт Ақтөбе ферроқорытпа зауытында еңбек еткен Айсәуле Жұмалина —әлеуметтік жеңілдікке ие болғандардың бірі. Өткен айда ғана сондағы жұмыстан қол үзген кейіпкеріміз әне-міне дегенде алғашқы төлемақысын алғалы отыр.

— Зауыттағы №1 цехта мөлшерлеуші болдым. Ауысыммен 2 күн істеп, сонша күн демалдым. Жалақым — 300 мың теңге. Әрине, ыстық жерде жасы үлкен адамға еңбек ету қиын. Біз түгіл, көпшілік жастардың өзі 1 жылдан артық уақытқа шыдамайтын еді…

Өткен күзде Президенттің Жолдауда айтқан сөзін тыңдап, қуанғандардың бірімін. Аталған жобаға іліккендердің арасында барымды білгенде, тіптен мәз болдым. Әйтпесе ер адамның жұмысын жасау қайбір жеңіл дейсіз, кәдімгідей қажытады. Денсаулыққа зияны да бар, шаңның ішінде жүргесін тыныс алу жолыма зардабын тигізді.

Бұйыртса, алғашқы төлемақымды енді аламын. Сәл демалып алғасын жеңіл-желпі жұмыс істемек ойым бар. Өмір бойы еңбек етіп келе жатқандықтан, үйде қол қусырып отыра алмайтын сияқтымын. Қазір 57 жастамын, зейнеткерлік демалысқа 4 жылдан кейін шыққасын біржолата тынығамын ғой, — дейді Айсәуле Жұмалина.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қаулысына сәйкес, ауыр және зиянды жұмыс істейтіндердің арнайы тізімі құрылған. Олардың сапында шахтер, геолог, жолшы, бұрғылаушы,  тас өңдеуші, мұнайшы, рентгенолог-дәрігер, тепловоз немесе кран машинисі, т.б. бар. Толық тізімді, сондай-ақ қай деңгейдегі әлеуметтік қолдауға иек арта алатынын оқырманЕңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінен(Маресьев көшесі, 101. 410-кабинет; тел.нөмірі: 41-71-93 )білсе болады. 

«Көптен күткен қуанышым»

«Стройдеталь» ЖШС-да пеште түрлі материалдарды күйдіруге маманданған  Сәрсен Жұмағазин өмірінің 23 жылын осы салаға арнаған. Биыл 60 жасқа толған еңбек адамы бейнетінің зейнетін көргеніне бек қуанышты.

Бүгінге дейін түрлі жұмыс істедім. Қой да бақтым, трактор да жүргіздім. 2001 жылдан бері зауытта тер төктім. Саз, әк, басқа да құрылысқа қажетті материалдарды ыстық пешке салып, күйдірумен айналыстым. Соңғы 10 жылда ғана жұмысымыздың зияндылығы үшін өтемақы төлей бастады. Ал өткен жылы 55 жастан асқан ауыр жұмыс істейтіндер демалысқа шыға алатынын естігенде, бірден басшылыққа арызымды жаздым. Өйткені бұл — зиянды жұмыс.Сондықтан бұл әлеуметтік қолдау көптен күткен қуанышымыз десем болады.

Еліміздегі жаңашылдықтың арқасында айына 211 мың теңге алып отырмын. Шүкір, көңілім толады. Қанша теңге есептелетіні зейнетақы қорындағы ақшаға да байланысты екен. 63 жасымда зейнеткерлік демалысқа шыққанда қаражаттың көлемі өзгеретінін білдім, себебі бұл — басқа төлем.

Лажы болса зейнеткерлік демалыстың уақытын ұзартпаса деген тілегім бар. Қанша айтқанмен, адамның жасы ұлғайған сайын денсаулығының кеми беретіні — дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома, — дейді жігіт ағасы.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button