Мереке

Тілі бір, тамыры бір…

Өзбектер — біздің елімізде саны жағынан үшінші орында тұрған халық. Олар, бір жағынан, өз кәсібін жолға қоюға, шаруаға икемді болса, екінші жағынан, қоғамдық өмірге араласып, өз ұлтының салт-дәстүрін насихаттау, еліміздегі ұлтаралық татулықты нығайту жолындағы жұмыстарға да үлгеріп жүр.

Қадырбек Рахимов те кәсіпкерлікті студент кезінен бастап, оған қоса бүгінде облыстық тұтынушылар құқығын қорғау орталығының басшысы, «Болашақтың көшбасшылары» еріктілер тобының жетекшісі және «Согдиана» өзбек этномәдени тобының, облыстық Ассамблея жастары ұйымының мүшесі ретінде қоғамдық өмірге де белсене араласып келеді. Ол Мәртөк ауданының Жайсаң ауылында дүниеге келген, қазір облыс орталығында тұрып жатыр. Бірнеше тіл біледі. Оның ішінде Өзбекстаннан жырақта туып-өскенмен, өз туған тілін де жақсы меңгерген. Біз осы жөнінде сұрағанымызда:

Менің бала кезімде Жайсаңда қолданыстағы басты тіл — орыс тілі болды. Мен де орыс мектебіне барып, басқа тіл үйренуге құлықсыздау болсам керек, 10 жасқа келгенде әкем: «Бұлай болмайды. Өзбекстанға барып, тіл үйреніп қайтасың», — деді. Сөйтіп, сол жақтағы туыстарымызға жіберді. Бірер жыл Өзбекстанда болып, өзбек тілін жақсы үйреніп қайтқаннан кейін қазақ тілін үйрену де қиынға соққан жоқ. Өйткені туыс халықтардың тілі болғандықтан, бұл екі тіл ұқсас, — деп жауап қайырды.

Қадырбектің пікірінше, қазақ пен өзбектің тілі ғана емес, табиғаты да ұқсас.

Екі халық та бауырмал, салт-дәстүрін қадірлейді. Өзбектер де, қазақтар сияқты туған-туыс болып етене араласып, қиын сәтте бір-біріне қол ұшын береді, — дейді ол.

Ол ата-анасын ерекше қадір тұтады. Әкесі Шахоб пен анасы Элмира — 90-жылдардың ауыртпалығына қарамай, еш қиындыққа мойымай, бес бала тәрбиелеп-өсірген жандар.

Ал қоғамдық өмірге де Қадырбек студенттік кезінен, яғни Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің экономика және бизнес факультетінде оқып жүрген шағынан араласып келеді. Ол жетекшілік ететін еріктілер тобы су тасқыны кезінде көптеген отбасыға көмектессе, бүгінде Ақтөбе қаласындағы тазалық шараларына, сенбіліктерге атсалысып жүр. Сондай-ақ Қадырбек университетте алған білімін тек өз кәсібін дамыту үшін ғана емес, тұтынушылар құқығын қорғау үшінде пайдаға асырып келеді. Осы көп шаруаның арасында ол өлең жазуға да уақыт тауып жүр.

«Талаптыға нұр жауар» дегендей, талабы зор жастың болашағы да зор болғай дейміз.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button