«Ақтөбе» — 100!

Қос қанатты қаламгер

«Ақтөбенің» ардагері

Ертай Ашықбаев есімін естіген жұрт оны ең алдымен ақын деп біледі. Ақындығы өз алдына, ол сондай-ақ қаламы жүйрік журналист те.

Абай атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін он жеті жасындасол өзі туған өңірдегі Темір аудандық «Жұмысшы туы-Рабочее знамя» деп аталған газетке тілшілік қызметке қабылданған ол балаң қаламына сенім білдіріп, алғашқы жетістіктері үшін арқасынан қаққан газет редакторы Бақытжан Жанасаевтың қамқорлығын әлі күнге дейін еш ұмытпайды.

Бір қызығы, осы тұста армия қатарына шақырылып, Венгрияда әскери қызметін өтеген екі жылда орыс тілінде шығатын басылымдарға қалай мақала жазып тұрғанына өзі де таңғалады. Жауынгерлік екі газеттің редакторы жоғары оқу орнына түсуіңе септігі тиеді деп оған жақсы мінездеме-ұсыныс та жазып беріпті.

Былай қарағанда дайын журналист болғанымен, Ерекең Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне жиырма екі жасында ғана түсті. Оған дейін жаңадан ашылған облыстық «Торғай таңы» газетінде қызмет істеп және үлгерді.

Бір курстағы алды отызды еңсерген, соңы мектептен жаңа шыққан сарыауыз балапандар ортасында оның таланты тез мойындалды. Оның айқын бір айғағы — студенттік кезінде «Жалын» баспасы ұйымдастырған балалар мен жасөспірімдердің үздік шығармаларына арналған республикалық жабық бәйгенің жүлдегері атанды. Рас, сол кезде қасындағы аш құрсақ жолдастарын Ерекеңнің өлеңдерінің озып шыққанынан гөрі, сол бәйгеге берілген қомақты қаржысы көбірек қызықтырған еді…

1983 жылы университетті бітірген ол облыстық газетке қызметке кідіріссіз қабылданды. Студенттік кезде осында бірнеше рет тәжірибеден өтіп, өзін көрсеткені бар, оның үстінде ақын ретінде атағы айналаға таныла бастаған кезі — осының бәрі оның алдынан ақ жол ашты. Тек қана кәнігі журналист Төребек Досқалиев бұл келісіне ырза кейіп танытпай, «Дұрыс болмады, Ертайдың ортасы Алматы еді ғой…» деп өкініш білдірді. Ағасының ішкі тілектестігін ол да жақсы түсінді…

Сөйтіп, газеттің мәдениет, әдебиет және өнер деген бөлімінің тілшісі болып жұмысына кірісіп кетті. Ол уақытта оқырман хаттары үйіліп келіп жатады. Соның көпшілігі — өлең, әңгіме, сын-сықақ, әзіл болып келеді. Алғашқыда шолу жасап, жақсы мен жаманын айырып, талапкерлерге бағыт беріп отырды.

Бірте-бірте өзінің бет-бағдарын көрсететін мақалалар жазуға кірісті. Ауыл клубы мен кітапханасынан бастап, мәдениет үйлерінің жұмысына дейін ерекше көңіл бөлінетін тұс еді ол. Сондықтан да осы тақырыптарды арқау етіп, проблемаларды қозғады, арасында сынға да мойын бұрды. Мәселе — тақырып таңдауында емес, оны журналистік шеберлікпен игеруінде, қозғаған жайларды жеріне жеткізе айта білуінде еді. Оқырман Ертай Ашықбаев есімді журналиспен бірге газетке бір жаңалық келгенін сезініп, оның жазғандарын іздеп жүріп оқитын болды. «Коммунизм жолы» газеті редакторының сексенінші жылдардың ортасындағы орынбасары Әкімжан Оралбаев іштегі шығармашылық талқылауларда Ертайдың жазғандарына үнемі жоғары баға беріп отыратыны есімізде.

Шынында да, ол бекер мақталмапты, көп ұзамай Қазақстан Журналистер одағының Төлеубай Ыдырысов атындағы сыйлығының лауреаты атанды.

Ал енді Ерекеңнің журналистикадан бөлек, әдебиет саласында атқарған шаруалары тіпті де аз емес. Көптеген өлең кітаптары шықты, әдеби сын мақалалары, аударма жинақтары жарық көрді. Оның барлығымен де көзі қарақты оқырман жақсы таныс.

Ертай Ашықбаев алпыс жасқа толғанында белгілі әдебиеттанушы-ғалым, эссеист Мақсат Тәж-Мұрат курстасы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Туған жерге терең жайып тамырын…» деген тамаша мақала жазды. Осы еңбекте көп жайлар айтылады.

Бұған біздің қосарымыз — Ерекеңнің облыстық «Ақтөбе» газетіндегі көп еңбегінің өтеуі мемлекет, басқа да ұйымдар тарапынан ескеріліп, лайықты бағаланып отырғандығы.

Ол — Қазақстанның құрметті журналисі, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Ақпарат саласының үздігі, «Құрмет» орденінің, бірнеше медальдардың иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ҚР Президенті мемлекеттік стипендиясының иегері, Темір ауданының құрметті азаматы, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының құрметті профессоры. Оның бұдан басқа да бірқатар атақ-дәрежелері бар.

…Кезінде Алматыда танылған ақындардың бірсыпырасының ел жаққа барғасын хабарсыз кететіні бар-ды. Көбі газеттің қара жұмысына жегіліп, таза журналистиканың жүгін көтеруге бейімделеді де, өлеңіне өгей баланың күйін кештіріп қояды. Ерекең олай істеген жоқ: қос қанатты бірдей қақты.

Жақсыларға жетпесе де сөзім кей,

Көп мақала жазған екем көз ілмей.

Талай игі орталармен жұғыстым,

Ешкім мені түсінген жоқ өзіңдей,—деп газетіне адалдығын танытты ең алдымен.

Содан соң алыста қалған курстастарға жыр арнады:

Сол кеткеннен, әйтеуір, шешпедім бел,

Көп сортақты біледі кешкенімді ел.

Біледі кейде жел боп ескенімді ел,

Енді сәл дес беріңдер.

…Алматыны… сол жылы… бұл менен де…

Алып қалып едіңдер… не істедіңдер?.. — деп бір толғанды.

…Күні кеше сияқты еді «Коммунизм жолы» газетінің табалдырығынан имене аттағаны… оған да қырық жылдың үстінде уақыт өтіпті. Бүгінде «Ақтөбенің» ардагері атанды.

Қазір Ертай Ашықбаев — «Үш таған» журналының бас редакторы.

Қолында — қаламы, алаңы — сол баяғы жазуы…

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button