Тұлға

Софы Сматаев

 Ертең — қазақтың көрнекті жазушысы Софы Сматаевтың туған күні. Мұхтар Әуезовтің кеңесімен  Мәскеудің Болат және қорытпалар институтын бітірген қаламгер «Мызғымас Кеңестер Одағының»  кезінде-ақ «Елім-ай» атты роман жазып,  қазақтың қалғып бара жатқан рухын оятқан болатын.

Әдебиеттің әр саласында өнімді еңбек етіп, сүбелі дүниелерді дүниеге әкелген жазушыны біз де 75 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып,  мемлекет қайраткерлері мен қаламгерлердің ол туралы әр жылдарда жазған лебіздерін ұсынып отырмыз.

МҰХТАР ӘУЕЗОВТІҢ СОФЫ СМАТАЕВҚА АЙТҚАН ҮШ АҚЫЛЫ

Сарыбала, сен жазушы боламын деп жүрсің ғой. Сол болашақ тірлігіңе демеу болар үш тарау ақылымды айтайын. Қабыл алсаң, қапы қалмассың.
Арақты әу баста ем-дом үшін шығарған. Аздап ішсең — дәру, көп ішсең — у. Жөнімен тата білсең, артықтық етпейді ол. Ал қатаң ескертерім, темекіге жолама! Адам ағзасын арылмас дертке ұшырататын кесірлі кеселдің ең зияндысы. Бұл — бір.
Жазушының өте бір баға жетпес құндысы — уақыты. Осы құндының аса қас жауы — карта дейтін азарты мол ойын. Ол немең — ақылыңды ұрлаумен қоса, достарыңнан ажырататын зәндемінің өзі. Өйткені, ұтылсаң — ақша болмай, бере алмауың мүмкін. Ұтсаң — қолма-қол ала алмай, араларың суысып кетуі ғажап емес. Сондықтан картадан аулақ бол.
Үшіншіден, біздің жасаған қателіктерімізді қайталамаңдар. Жоғары оқу орындарында оқып жүргенімізде қазақ қыздары орталау мектепті де бітірмейтін еді. Содан ба «тең теңімен» дегенге әулекіленіп, «қолымыз жеткеніміз» орыс қызына, одан кейінгілеріміз татарға, басқа ұлт бойжеткендеріне үйлендік. Ұлттың ұлт боп ұйытылуы бесіктен басталарына мән бермеппіз. Ал ұлттың ұлылығын сақтау үшін өз жұртыңның аруымен бас қосудың аса қажеттігін кеш сезіп, сан соғып жүрміз. Сендер елден алыста жүрсіңдер. Бүгінде қазағыңның оқыған қаракөздері жеткілікті. Біздің қателігімізді түзетуге тырысыңдар.
Солай, Софы балам. Кеңесіме құлап түспесе де, құлақ асар ұрпақ болса дейтін тілегімнің бір парасы осы.

Мәскеу, 1961 жыл.

 Дінмұхамед ҚОНАЕВ:

 іздедің — таптың еліңді

… Дилогияңды оқып шықтым. Көп ойға баттым. Көп толғандым. Әрі тебірендім.

Мұхаңның «Абай жолынан» кейін сондай кесек туындылар жазылмай кетті деп аузымызды құр шөппен сүртіп келдік қой…

«Халқым! Елім!» дейтін жүрегіңді таныдым, таптым, ұлым. «Ұлым» дегенімді дұрыс ұқ, Софы-жан.

Тарихқа адалдық сендерде, жазушыларда болғаны қандай жақсы. Мұхаң, Есенберлин енді сен қазағымның жоқтаушыларысыңдар. Іздедіңдер — таптыңдар.

Кезінде Орталық Комитетте жүргенде кітабыңды маған бермегенің бекершілік болған. Талай кездескенде өзгелердің өзіңе жасаған қиянатын айтпағаның өкінішті. Айтқаныңда, мүмкін, бір «әттеген-айымыз» азаяр ма еді. (Өйткені біз қызғаншақтықтан, күншілдіктен әлі арыла алмай жүрміз ғой).

Қазақ — кітап оқитын жұрт. Ол «Елім-айыңды» ардақ тұтады. Сөзсіз.

 Алматы, 1991 жыл.

ЕРКІН ӘУЕЛБЕКОВТІҢ  МӘСКЕУЛІК ҚАЛАМГЕРЛЕРГЕ АЙТҚАНЫ

Құрметті москвалық қаламгерлер! Сіздер өздеріңіздің қастарыңызда шабандарыңызды көтеріп жүрген мынау Сматаев жолдастың кім екенін білесіздер ме?
Білмесеңіздер айтайын. Софы Сматаев — барша қазақ оқырмандары үшін есімі жүректеріне жазылар үлкен жазушы. Болашақ ұлы қаламгер десем де, қателеспеуім мүмкін. Ол — тамаша «Елім-ай» романының авторы. Оның ғасырлар қойнауынан ұлтымыздың өткенін тірілтіп әкеліп, бүгінгі замандастарына жан-жақты жеткізуі — ерлік. Ата-бабалар рухын әсерлі тілмен әспеттеуі — шеберлік.
«Елім-ай» дилогиясы — қазақ халқының шыншыл тарихы. Қазақ жұртшылығының әріден беріге жеткен өткелі. Ұлт тірлігінің адастырмас ақиқаты.
Мен Сматаевты бұрын кітабын оқып білуші едім. Бүгін өзін көріп, қуанып отырмын. Сол қуанышымды сіздермен бөліскенімді дұрыс түсінерсіздер.

Арқалық қаласы. 1981 жыл.

 Шыңғыс АЙТМАТОВ:

 «Елім-айды» оқығаннан кейін манас туралы роман жазбақ ниетімнен айныдым

Мен Сматаевты «Жұлдыз» журналы арқылы таптым. 1972 жылдың жаз айларындағы екі нөмірінде жарияланған «Елім-ай» романы мені қазақтың тағы бір тамаша прозашысымен табыстырды. Туған халқына перзент боп еркелеп, сол жұртын азамат болып сүюдің қандай боларын таныдым. Талай қысталаң кезеңнің ауыр өткелегінде өмір-өлім айқасын бастан кешкен ұлтының тарихына жан дүниесімен бойлап үңілудің куәгерін көргендей болдым.

Соның алдында ғана Манас туралы роман жазбақ болғанымды көпшілік білмейді де. Алғашқы бірер тарауының нұсқасын қағаз бетіне түсіріп те қойғам-ды.

Ал Сматаевтың журналдағы романын оқығаннан кейін менің сол ниетімнен айнығаным рас.

Тарихи дүниені жазу үшін өз халқының сан ғасырлық ғұмыр жолын бірге басып өтіп, алыс күндердің қатпар-қатпарын аралай ақтарудың қажеттігін ұғындым. Ата- бабаның шұбырынды ізімен шиырлап, ойыңмен, қиялыңмен солардың тағдыр-тауқыметін басыңнан кешуің керектігін сезіндім.

Сматаевтың романының лейтмотивы — «Елім-ай» әні. «Ақтабан шұбырынды» заманының қасіретін де, қасиетін де айғақтайтын киелі әуен. Құдіретті ән. Тәуелсіздікті түгел көтеріліп іздеген, тапқан — ту қылып көтерген азат ұлттың ұраны.

Осы романның мені тебіренткен бір тұсы — Балайым мен Қорабайдың соңғы аянышты жай-күйі. Анау үңгірдегі шалдың «Қырық бір қара қазанда, сүйегі жатыр қырғыздың» деп ыңылдап айтатын әні. Бұл ән — біздің, қырғыз жұртының, дәл «Елім-айдай» қадірлі гимні.

Дулат ИСАБЕКОВ:

барлық жанрда бірдей қалам тербеп…

Мен алғаш көргенде Софы дәл қазіргісіндей болатын. Сол шаш, сол тройка, сол көзілдірік, сол галстук. Байқамай бір жерлерде сүрініп қалған ба, біраз уақыт қолына таяқ ұстады. Бірақ, ондай-ондай кімде болмайды? Төлен Әбдіков суреттегендей: «Софы маған алашорданың бір қайраткерін еске түсіреді де тұрады. Бірақ, кейін оны Колчактардың біреуі атып кеткен». Ол — құрдастардың әзілі ғой. Аз өмірде әзілдеп өткенге не жетсін…

Өзгермейді дегеннен шығады. Софы жас кезінде еңбекқор еді. Әлі сол қарқынынан тайған жоқ. Біз сияқты жүріп кету, тұрып кету дегенді әсте білген емес. Жұмысынан шығады да үйіне бара салып жазуға отырады. Қатал режим. Тіпті жазушылардың бір пленумында: «Дулат барда көп отырады» деп мені сынағаны да есімде. Ол кезде сөйтіп сынауға болатын. Құданың кұдіреті, сол сыннан кейін мен барға екі-үш ай бойы бармай кеттім. Ал әйтпесе деп үйде жатып алып «Дерменені» бітірдім. Бір шаруаны біттіге санап, қайтадан бардың есігін аштым. Софы талай көрді. Содан кейін де пленумдар болып жатты. Бірақ Софы мені қайтып сынамады. Сонысы бекер болды. Тағы сынағанда кезексіз бір шығарма бітіп қалар ма еді, кім білсін.

Жетпісінші жылдардың бас кезі. Софы «Елім-ай» романын «Жұлдызға» ұсынды. Тахауи Ахтанов — редактор. Ол кезде Ілияс Есенберлиннің тарихи романдары шығып, әдеби ортада әртүрлі пікірлердің гулеп тұрған кезі. Дәл сол тұста, дәл сол тақырыпқа жазылған жас жазушының романы дүниеге келді. Бәріміз оқып шықтық (Төлегенов, Оразбек Сәрсенбаев, т.б.). Бұл роман да әртүрлі пікірталас тудырды. Негізгілері: «тақырып қайталау», «ділмарсу», «кейіпкерлердің бәрі шешен сөйлейді», «шұбалаңқы», тағы-тағылар. Роман ұзақ жатып қалды. Ол кезде жас жазушының романын «Жұлдызға» жариялау деген өте сирек құбылыс. Софы бәрімізге ренжіп жүрді. «Қызғанасыңдар, мейірімсізсіңдер» деп бір күндері ызадан көзіне жас та алды ғой деймін. Әрине, ол заңды да еді. «Елім-ай» сияқты ақыл-ойыңды сарп етіп қиналып бітірген сүбелі туынды әні-мінімен жарыққа шыға алмай жатса, перзентінің тағдыры үшін қай автор ашу-ызаға булықпасын! Бәріміз «виза» қойып, бас редактор Тахаңа ұсындық. Ол кісі де бір-екі ай ұстап, әйтеуір қол қойды-ау! Бөлімге келіп айтқан сөзі әлі есімде: «Ей, мынау Сматаев деген аса тәуір жазушы екен ғой. Тіліне риза болдым. Тарихи тақырыпта Есенберлиннен кем емес. Жариялайық». «Елім-ай» «Жұлдыздың» бірнеше санында осылай жарияланып еді.

Әр жазушы үшін оның барлық дүниесі басты шығарма көрінеді дейді ғой. Софы бұдан кейін де талай-талай роман, повестердің авторы болды. Ал қалың оқушы үшін, әдеби орта үшін «Елім-ай» оның басты туындысы боп қала беретін секілді.

Ол кездерде тарихи-революциялық тақырып болмаса қазақ елдігінің, мемлекеттігінің, оның ішкі-сыртқы саясатының тарихын жүздеген жылдардың тереңдігінен қарауды кеңес цензурасы қолдай қоймайтын. Софы Сматаев осы тақырыпқа батыл барып, оқырманды бір сілкінтіп тастады. Қазақ халқының азаттық жолындағы тақырыпты көтеру, ол жөнінде көркем шығарма жазу бүгінгі таңда жаңалық болмай отырса, 60-70-жылдары ол ерлікпен пара-пар болатын. Тіпті, көркемдік деңгейді былай қойғанда, қазір ғой, әр ауылдың жазушысы бір-бір батырын тауып алып, сол тақырыпты әбден шиырлап, алдыңғы жасаған образдар мен оқиғаларды қайталап, киелі тақырыпты аяқ асты етіп жатқаны.

Софының бұл еңбегі қазақ әдебиетінде тарихи тақырыпқа жазылған алғашқылардың бірі әрі сүбелі туынды болуымен құнды.

Софы Сматаев — жемісті жазушы. Ол әдебиеттің барлық жанрында қалам тербеп келеді. Бір жанрдан екінші жанрға ауысу да оңай шаруа емес. Оның үстіне сенің мамандығың металлург болса, Софыға жанр атаулының жаттығы жоқ. Бұл күнде ол қазақ әдебиетіндегі барлық жанрда жемісті еңбек етіп келе жатқан қарымды қаламгер ретінде белгілі. Ол — романист, новеллист, либреттист, драматург, ақын, эссеист, журналист.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button