Жеңіс

Өшпес ерлік

Келесі жылы қазақтың даңқты батыр қызы Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толады. Әлияның туған жылы 1925 жыл болса, туған күні ресми түрде 15 маусымда атап өтіліп келеді. Әйткенмен 1987 жылы жарыққа шыққан «Кеңес Одағының Батырлары» атты екі томдық жинақта туған күні 25 қазан деп көрсетілген. Бірақ бұл деректі дәлелдейтін еш құжат жоқ болғандықтан, Әлияның туған күнін 15 маусымда атап өту жалғасып келеді. 

Нағашы ағасы Әбубәкірдің оқуына байланысты 1938 жылы Молдағұловтармен біргеЛенинградқа келген Әлия мұнда көптеген дос табады: Валя Соколова, ағайынды Оля және Ляля Ваткевичтер, Мара Вольфсон, Зина Денисова, Нина Никитина, Нора Корчагина, Валя Карасева, Зоя Кузьминалар. Әлия сабақты жақсы оқығандықтан, оны балалар үйінің пионер жетекшілігіне, газеттің редколлегия мүшелігіне сайлаған. Сондай-ақ ол алғыс хатпен марапатталып, чемодан да сыйға алыпты.

Балалар жаз мезгілінде Сивирский лагерінде демалса, қыста Толмачево селосындағы пионер лагеріне баратын болған. Балалар үйінде Әлия кесте тігу үйірмесіне қатысып, кестелерін жеңгесіне қуанып көрсетеді екен. Балалар үйінің тәрбиеленушілерімен бірге Ленинградтағы Жас көрермендер театрына, кинотеатрларға барып тұрған. 1940 жылы балалар үйіне директор болып келген Борис Красник тәрбиеленушілерді мәдениет орындарына апаруды ұйымдастырып отырған.

Әлия 1940 жылы 7 қыркүйектебүкілодақтық «Артек» лагеріне жолдама алған болатын. Ол жерде Гурзуф, Ялта, Никитинск ботаникалық бақтарына саяхаттар ұйымдастырылып, бос уақытта жүзім терген. Әлиямен бірге болған Александра Иванованың естелігі бойынша, олар артектік әндер жаттап, түрлі ойындарға қатысып, соғыс алдындағы демалыстарын көңілді өткізген. Естелікте осы екі қыздан басқа, Иван Плюватиннің де аты аталады. Олар жүрген жерде қазір белгі тас пен бюст орнатылған. Бұл лагерьде сондай-ақ Тимур Фрунзе, Рубен Ибаррури, Гуля Королева сынды Кеңес Одағының батырлары да болған.

Ленинград қоршауда қалғанда,10 шілдеде Әлия жеңгесі мен балаларды Әбубәкір ағасының қасына Ташкентке эвакуациялауға көмектеседі. Ағасы ол жаққа жұмыс бабымен кеткен.Бірақ өзі оның отбасына ермей қалады. Жеңгесі Сән қанша жерден жалынса да, орта білім алмай, елге оралмайтынын, Ленинград қаласына күн туғанда оны тастап кете алмайтынын айтып, ағасына сәлемдеме жазып, шығарып салады.

Ол балалар үйінде өзінің үлкендігін сезініп, науқастанып қалған кішкентай балаларды жылы сумен жуындырып, өзі аштықтан бұратылып, әлсіреп тұрса да, солардың күтіміне көмектесетін. Қыстың кезінде су құбырлары жұмыс жасамай қалғанда, Нева өзенінен мұз ойып, оларды бөшкемен әкеліп, «буржуйка» пешіне  ерітіп ішкен. Зияш Телеуованың 1992 жылы жарыққа шыққан«Әлия жүрегі» кітабында келтірілген дерек бойынша, бір күні су әкелуге кеткен Әлия балалар үйіне оралмайды. Уайымдап іздеп шықса, ол есік алдында ес-түссіз талып жатыр екен. Сөйтсе бір тәулікке берілетін 125 грамм нанның (бір күндік азықтары)жартысын үнемі аш жүретін 5 жасар Катя деген қызға бөліп береді екен. Аштықтан қалжырап, көше бойында есінен танып қалған.

Оның аштық пен суықты, қаншама қиындықты көре тұра, жүрегі қатаймай, керісінше, мейірімділік шуағын шашып тұратын болмысына таңданбасқа бола ма?!

Қаршадай қыз үйлердің төбесіндегі күзетке де тұрып, немістер тастаған жандырғыштардан тұтанған өртті сөндіруге көмектесетін, госпитальге айналған мектеп ғимараттарын жуып-тазалауға, үй-үйді жағалап, жаралыларға кітаптар апарып, оларға хат жазысып, хаттарын тасуға, окоптар қазуға, жау қаланы бомбалаған кезде кішкентайларды жасырын орындарға көшірісуге,яғни қоршауда қалған қаланың қым-қуыт тірлігіне араласып, тыным таппайтын. 1941 жылы 4 қарашадақаладағы бомбадан жасырынатын орындардың бірінде орналасқан Красногвардейск аудандық комитетінің комсомол бюросында Әлия комсомол қатарына өтіпті.

Володя деген баланың басынан өткен оқиға Әлияны соғысқа аттануға итермелеген. Ленинградта жаппай бомбылау басталғанда Әлия ағасының үйіне келіп, үй орнында үйінді жатқанын, өзінің мектебі мен балалар үйінің де күлге айналғанын көргенде, не істерге білмей абдырап қалады. Өртеніп жатқан үйлердің бірінен 9-10 жасар бала жүгіріп шығады да, не істерге білмей, әрлі-берлі сандалып жүреді. Әлия баланы аяп, білегінен ұстап алып, жетектей жөнеледі. Есімі Володя екен. Ата-анасы осындай жағдай болған күнде, паналайтын үйдің мекенжайын үйретіп қойған. Сол жерге жеткізбекші болып, жүгіріп келе жатқанда, аспан гүрілге толып, жан-жақтан бомба жарыла бастайды. Бұндайға үйренген Әлия баланы құшақтап жерге жата қалады. Тыныштық орнаған кезде Әлия орнынан тұрады, ал бала қозғалар емес. Көтеріп қараса, баланыңқақ маңдайына бомбаның жарқыншағы қадалған екен… Өлі денені көтеріп, ата-анасына табыстағаннан кейін, Әлия өртеніп жатқан көшелерді кезіп жүріп, әскери комиссариатқа келіп, «жауды көбірек өлтіретін» жерге сұранады. Өлім дегенде шошына қарап, адам түгіл, шыбынды өлтіруге қимайтын жас қыздың жүрегінде «жауды тезірек құрту керек» деген өшпенділік осылайша пайда болған.

1942 жылдың 24 наурызында балалар үйінің тәрбиеленушілерін «Үлкен жерге» эвакуациялай бастайды. Финляндия вокзалынан Борис Грив стансасына әкеліп, сол жерден Ладога көліндегі «Өмір жолы» арқылы өткізіп, балаларды пойызға отырғызады. Әлияның балалар үйіндегі достарының естелігі бойынша, оларды Ярослав облысының «Красный Профинтерн» қаласынан түсіріп, Некрасов ауданындағы Вятск ауылына жіберген. Ол жерге балалар 13 сәуір күні табан тірейді. Әлсіреген балалар тез қатарға қосылып, мектеп бағдарламасын игеріп кетеді. 7 класты бітірген қыздар «Красный Перекоп» фабрикасына жіберіліп, ішінде Әлия да бар, жақсы оқыған үш қыз, Рыбинскідегі авиация техникумына оқуға түседі.

Ұшқыш болса немістерді көптеп құрта алатынына сенген Әлия Рыбинскідегі авиация техникумына түскенімен, үш жыл оқуды тым ұзақ көреді. Ол өз еркімен оқудан шығуға арыз беріп, мергендер даярлайтын орталық әйелдер мектебіне ауысады.

Мергендер мектебінде оқыған кезінде де Әлия тиянақтылығымен, өзінеталап қоя білетіндігімен көзге түсті. Мектептің саяси бөлімінің бастығы Екатерина Никифорованың естелігі бойыншаол 1943 жылдың қаңтарында роталар техникалық жаттығудан қайтқанда, біреудің қатардан қалып келе жатқанын байқап, жақындай бергенде, Әлия екенін көреді. Әлия аяғының әбден қажалғанынан, рота командирінің рұқсатымен саптан шығып келе жатқанын айтады. Санитарлық бөлімге келіп, етігін шешкенде, аяғының қанжоса болғанын көрген командир мынадай жарақатпен қалай жүргенін сұрағанда, ол еш қиналмастан аяқтағы жараның жазылып кететінін, ал фашистерді әр оқты мүлт жібермей қырып үйрену үшін уақыт жоғалтпауы керектігін айтқан.

Осы мектептегі табыстары үшін оған БЛКЖО ұйымының Орталық комитеті №956 нөмірлі атаулы Мосин үлгісіндегі мылтық береді. Бұл қару да үздіктердің үздігіне ғана берілген. Мергендер мектебін бітірген екі мыңнан астам мерген қыздың ішінде тек 45-і ғана атаулы мылтыққа ие болған екен.

Мергендер мектебінен кейін майданға келгенде, 54-атқыштар бригадасының  командирі Николай Уральский Әлияның түріне, бойына қарап, «Кіп-кішкентай қыз қалайша соғысады?» — деп, асханаға жібергісі келеді. Сонда Әлия өзінің майданға картоп тазалау үшін емес, соғысу үшін келгенін айтып, мергендер мектебін үздік бітіргенін мылтығы арқылы дәлелдейді. Командир оның өзіне қарсы шыққанын ұнатпай, қолындағы қаруынан кінәрат тапқысы келеді. Бірақ мұнтаздай таза мылтықтан мін таба алмай, «Үздік мергенге берілген мылтық» деген жазуды өз көзімен көріп, көнуден басқа амал жоқтығын түсінеді.

Әлия Молдағұлова майданда тек мерген емес, барлаушы да болды. Ловать өзенінің жағалауында, Холм қаласының түбінде шешуші ұрыс жоспарланып жатыр еді. Сол үшін тек бригада немесе 22-ші армияға ғана емес, бүкіл 2-ші  Балтық майданына«тіл» қажет еді. Сол мақсатта майор Моисеевке немістер жаулап алған елді мекендерге барлаушылар жіберу тапсырылады. Түнгі барлауға шыққан 12 жауынгердің біріншісапары текке кетеді. Кешке таман Гусев жетекшілік еткен барлаушылар Холмның батысынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан Новички ауылына келгенде, Әлия басшысына бір жоспарының бар екенін айтып, «тіл» әкелуге рұқсат беруін өтінеді. Ол өзімен бірге ауыл қызының киімін алып шыққан екен. Лезде киініп алып,жолға шығады. Ауыл қызы құсап шеттегі бір үйдің жанына барып тың тыңдаса, жайланып отырған немістердің дауысын естиді. Үйге кіріп, екі немістің бірін атып, екіншісін тірілей алып шығады. Тұтқынға түскені анау-мынау емес,батарея командирі Тиман екен. Гусев жақсы «тіл» әкелгенімен құттықтап, генералдың ырза болатынын жеткізеді. Қуғыншылармен болған бір сағаттық атыстан кейін, «тіл» аман-есен штабқа жеткізіледі. Осылайша Әлияның тапқырлығы мен өжеттігінің арқасында көп мәліметтер алыныпты.

Октябрь мерекесінен кейін Әлия үш мерген қызды алып, бейтарап зонадан өтіп немістер бекінген жерге таяп барады. Оларды байқап қалған немістер тосқауылға шықты. Олар қыздарды ұрыссыз алмақ болды. Мергендер таяп қалғанда немістер «Хенде хох!» деп айқайлап жібереді. Қыздар қапелімде сасып қалады. Тек Әлия тез қимылдап, «Отан үшін!» деп фашистерді атып үлгереді. Осы арада естерін жиған достары да көмекке ұмтылады. Екі немісті қыздар тұтқынға алып, өздері орналасқан пунктке жеткізеді. Бәрі Әлияның ерлігіне таңғалып, командир өз қызындай бетінен сүйеді. Сол кездегі  Әлияның батылдығы тек батальон, бригада ғана емес, бүкіл Кеңес Армиясына тарайды.

1943 жылғы қарашаның аяғында Холм қаласының түбінде мерген қыздар тағы барлауға шығып, біреу емес, бес «тіл» ұстады.

Асқан ерлік үлгісін көрсеткені үшін әскери басшылық Әлия Молдағұлованы «Даңқ» орденіне ұсынады, бірақ Әлияға ол марапат берілмеді.

1944 жылы 12 қаңтарда Әлия қатарында болған 54-жеке атқыштар бригадасына Шенайлово, Волгино, Насва стансалары мен Казачиха елді мекенін жаудан азат етуге бұйрық түседі. Бұл бекіністе немістердің ыңғайлы жерге орналасқаны қиындық туғызады.

Кеңес жауынгерлері әуелі Федорухново деревнясының қорғанысын бұзуға күш салды. Жау пулеметтен оқ жаудырғанда, жаужүрек қыздың ұраны жауынгерлерге дем беріп, немістердің қорғанысы бұзылып, Әлия 10 неміс солдаты мен 1 офицерді жер қаптырады. Воево үшін болған шайқаста да Әлия жол бастап, 12 солдат пен офицердің көзін құртады.

Ал Насва теміржол стансасын азат ету кезінде Молдағұлова батальон барлаушыларымен бірге қимылдап, жаяу әскерлерге оқ жаудырып тұрған минометті байқап, оны граната лақтырып жойып, өзін нысанаға алған солдатты тұтқынға алады. Жауынгерлер үздіксіз атыстан шаршап, ұйқы мен тамақтан қалды. Осы кезде мерген қыздардың көмегі зор болған. 4-ші батальон командирі Моисеев — бірінші ротада, майор Салаев пен Зинаида Попова — екінші ротада, ал Әлия Молдағұлова үшінші ротада үгіт жүргізеді. Ауарайы да бұзылып, боран улеп, жауынгерлер қатты қалжыраған еді.

Таң алдында шабуыл басталды. Әлияның винтовкасымен талай жау солдатын атып түсірген еді. Бірақ алдымен винтовкасының көздеу орталығы ұшып кетіп, одан соң қолы жарақаттанады. Сонда да ол винтовканы автоматқа ауыстырып, шайқасын тоқтатпайды. Жау бекінісін шабуылмен алу жөнінде бұйрық келеді. Осы сын сағатта Әлия жауынгерлерді саңқылдаған үнімен жауға қарсы көтерді. Қорғаныста жатқан жауынгерлерді шабуылға алып шығады.

Алға қарай асыңқырап кеткен жаужүрек қызды неміс офицері байқап қалып, жағадан ала түседі. Бұлқынып шығып, автоматын кезінгенімен, сол сәтте оған жау оғы тиеді. Дегенмен Әлия жараланса да, қарсыласын атып үлгерді. Бұл оның ажал құштырған соңғы немісі еді…

Әлия 1944 жылдың 14 қаңтарында көз жұмды. Оны Казачиха ауылы маңында сол деревняның байырғы тұрғыны Петр Бойковтыңауласындағы алма бағына  жерлейді. Кейін сүйегі Насва ауылдық кеңесіне қарасты Монаково биігіндегі бауырластар зиратына көшірілген. 54-жеке атқыштар бригадасы құрамындағы 4- дербес атқыштар батальонының командирі Федор Моисеев Әлияны Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынады.Оған ерлігі үшін ең жоғары атақ беру жөніндегі КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының жарлығы 1944 жылдың 4 маусымында шыққан. Соныңнегізінде 1950 жылы 19 шілдеде 5790-нөмірлі грамота жазып берілген.

Қан майданда ерліктің ғажайып үлгісін көрсеткен қазақтың қаһарман қызының рухы халқымен бірге жасай бермек.

Толқын ЖАҢАБЕРГЕНОВА,

Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың

облыстық мемориалды музейінің бас қор сақтаушысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button