Тұлға

Ауылдың өз адамы

УАҚЫТТЫҢ БІР АЙНАЛЫМЫН ӨТКІЗІП БАРЫП, «АУЫЛ — АСЫРАУШЫМЫЗ» ДЕГЕН ӘДЕМІ ЕСТІЛЕТІН ҰРАНДЫ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТА БАСТАҒАН СЫҢАЙЛЫМЫЗ. БҰЛ АРАЛЫҚТА ЕЛ ІШІНДЕ ЖЫЛҚЫ ТҮЛІГІН ТЕБІНДЕТІП ӨСІРІП, НЕБІР АСЫЛТҰҚЫМДЫ ІРІ ҚАРА МАЛЫН МОЛАЙТЫП, ШАРУАҒА МОЙЫН БҰРА БАСТАҒАН ЖАС КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ КЕЗЕКТІ БІР ТОБЫ БОЙ КӨРСЕТТІ.

АЛ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ АМАНҒОС ТӨЛЕУОВ СЫНДЫ БҰРЫННАН АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНЫҢ МАЙТАЛМАНЫ АТАНҒАН, БАСТАПҚЫ ҚАЛПЫМЕН ЕГІНІН ӨСІРІП, МАЛЫН БАҒЫП, АУЫЛДАСТАРЫНА ЖҰМЫС ҰСЫНЫП, ОРТАҚ ИГІЛІККЕ БАСТАП ЖҮРГЕН ІСКЕР ДЕ ТӘЖІРИБЕЛІ БАСШЫЛАР БҮГІНДЕ САНАУЛЫ-АҚ. 

Ғылымға негізделген шаруа

Оның қырық жылдай ғұмыры осы шаруашылықпен біте қайнасып келеді. Сондықтан да ол басқаратын «Степное» деген атаудан бүгінде Аманғос Төлеуов есімін бөлектеп айтудың өзі қисынға келмейді.

Рас, талай қиындық болды. Әнебір жылдары ауылдағы балабақша, Мәдениет үйі секілді әлеуметтік маңызды нысандар қолды болып та кете жаздады. Соның барлығының қажеттігін ұғынып, сақтап қалуға тырысты. Өйткені алдағы күндердің жақсы болатынына сенді.

Бүгінде ауыл тұрғындары сол үшін де Аманғос басшыға алғыстарын айтады.

Қазірде «Степноенің» ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс Ақтөбе мен Астанада ғана емес, Ресейдің Орынбор, Орск өңірлерінде де жоғары. Осы ауылдың наубайханасында пісірілген бөлкені орскілік бір азаматтың аттай қалап алдырып жүргенін Әбекеңнің өзі бір әңгіме барысында ырза кейіппен айтып бергені бар-ды.

Шаруашылық тізгінін ұстап отырған қай басшыдан да шапағат күтуші көп. Аманғос Сансызбайұлы ретті жерінде көптен көмегін аяған емес, қысылған, мұқтаж жандарға қолдау көрсеткеніне талай мәрте куә де болдық.

Оның негізгі мамандығы — зоотехник. Кезінде Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Осы салада бірсыпыра еңбек етіп, өзін көрсете білген соң, жауапты жұмыстар тапсырыла бастады. Бас зоотехник болды, шаруашылық партия ұйымына жетекшілік етті, аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігін басқарды. Тіпті бір кездері аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, халық депутаттары аудандық кеңесінің төрағасы секілді лауазымды қызметтер тізгінін де ұстады. Облыстық мәслихаттың бірнеше шақырылымдағы депутаты болып сайланды.

Бірақ оны шаруашылық жұмыстары тарта берді. Ақырында, міне, өмір бойы дерлік бастапқыда өндірістік ұжым болған, кейін «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атанған ауыл шаруашылығы ірі құрылымын басқарып келеді.

Шаруашылық басқара жүріп, уақыт талабы өндірісті ғылыми тұрғыда дамыту қажеттігін сезінді. Сол себепті де Қазақ мемлекеттік экономика және жоспарлау институтының аспирантурасында оқып, «Өндірістің тұйықталған тізбегін құру» тақырыбында экономика ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін диссертациясын қорғады.

Кейін осы ғылыми ізденістерінің көп пайдасы тиді. Бұрын мал өсіріп, егін егіп, оны бірден сатуға шығарса, енді өнімөңдеу, ақырғы нәтижесіне дейін пайдалану шаралары жүзеге асырыла бастады.

Өніміңді өңдесең — өзіңдікі!

Әдетте астық өсіріп отырған шаруашылықты шекесі майға шылқып отырғандай көретіні бар көлденең жұрттың. Негізі, егіншіліктің өзі тәуекелдің ісі ғой. Оған дайындықтың өзі қанша уақыт алады, одан кейін көктен жаңбыр тілеп, басқа да сәндемелерін жасап, қылтиып көгі шыға бастағаннан балапандай баптап, қашан орып алып, қамбаға құйғанша диқан атаулының алаң көңілде жүретіні бар. Сондай сәттерді Әбекең де талай мәрте бастан кешірді.

Ол сонау 1991 жылдың егін орағы кезіндегі қиындықтарды әлі күнге дейін есінен шығара алмайды. Бәлкім, өтпелі кезең болғандығынан да шығар.

Сол жылы «Степное» шаруашылығы бидайдың сапалы деп саналатын қатты сортын өсірген. Енді бұрынғыдай өткізу, өңдеу жүйелері жоқ өзімізде. Амалсыздан Ресейге жол тартты. Самара облысына барып, сондағы диірменге тарттырды бидайды. Одан шыққан ұнды тиеп алып, іргедегі Орскіге жеткізді. Осындағы макарон фабрикасы мол қылып спагетти шығарып берді. Бірнеше облыстың жерін шарлағандағы жол шығынын айтпағанда, ұйқысыз күндер, жүйкенің тозуы біреуге қараған күннің жақсы еместігін тағы да еске салғандай еді…

Айтып-айтпай не керек, енді Орскінің өнімін жан-жаққа өткізу қажет болды. Тағы да көрші облыстарға жол тартылды. Астық өндіру жолында қаншама адам маңдай терін төгіп, еңбек етті, солардың жалақысын уақытында төлеп отыру және қажет. Сол кездері қардар емес нәрсе болмайтын. Күнбағыс майы тіпті қолға түсе бермейтін. Бұл тағы бір мәселенің шетін көтерді.

Көп ұзамай ауылда күнбағыс отырғызуға кірісіп кетті. «Еңбек етсең — емерсің» деген, оның өнімі де берекелі болды. Бірақ әрі қарай не істеу керек? Тағы да тығырыққа тірелгендей еді. Бұл жолы Ресейдің Қуандық ауданына барып, сондағы май шығаратын зауыт басшыларымен келісімге отырды. Алынған күнбағыс майын жалпы сатуға шығармай, ауыл тұрғындарын қамтамасыз етуге шешім қабылдады.

Өнімді өндіру мен өңдеу ісі өз қолыңда үйлесімін таппаған соң береке болмайтынын ұғынғанАманғос Сансызбайұлы жаңа қадамдарға жол салды. Қолда ірі қара басы жеткілікті болғанымен, оның етін сату онша тиімді емес еді. Сондықтан жөндеуден өтіп, жарақты күйде тұрған бұрынғы машина-трактор шеберханасын ыңғайластырып, шұжық шығаратын цехқа айналдыру күн тәртібінде қаралды. Мамандармен ақылдасып-ойласу нәтижесінде бұл жоспар да жүзеге асырыла бастады.

Егіншілікте де осындай өзгеріс қажеттілігі білінді. Сондықтан шаруашылыққа чехтың әйгілі фирмасынан «Прокоп» диірмені жеткізіліп, орнатылды. Тәуілігіне 50 тонна өнім шығаратын ұн тарту орталығының пайдалануға берілуі орталықтан шалғайлау тұстағы ауыл үшін үлкен жаңалық, іргелі жетістік еді. Диірменнің жай құрылым емес, электронды бақылау жүйесімен жабдықталғаны да талайды таңдандырған.

Сол тұста алқаптан алынған дән дереу диірменге тартылып, ауыл қоймасы қапшық-қапшық ұнға толды. Бірақ мұнымен де тоқтап қалуға болмайтын еді. Соған орай нан зауытын салу қолға алынды.

Осылайша «Степное» жаңа бір белеске көтерілді.

Ерен еңбегіне сай марапаттар алып келеді. Кеңестік заманда кеудесіне «Құрмет белгісі» орденін тақты. Тәуелсіз мемлекетіміздің «Құрмет», «Отан» ордендерімен, көптеген медальдармен, басқа да атақтармен марапатталды.

Ол үшін қалай болғанда да ең бастысы — еңбегінің жанғаны. Бір замандарда Сәрке батыр найзасымен жерді, елді қорғап, жарты патша атанған Дербісәлі баба билік жүргізген қасиетті мекеннің қадірін көтеруге қызмет ету ол үшін биік парыз іспетті.

Ащылысайдағы автобаза

Кеңестік заманда бұл ауданда Ащылысай деп аталатын үлкен автобаза жұмыс істеді. Материалдық-техникалық базасының мықтылығы сондай —  бүкіл облыс аумағындағы шаруашылықтарда жұмыс істейтін күрделі техника атаулы осында жөндеуге жіберілетін. «К-700» деп аталатын алып тракторлар бір ақауы шығып, пайдаға аспай қалса, осы жергілікті шеберлердің қолынан өткен соң ғана қайтадан сапқа қосылатын.

Экономикалық өзгерістер кезеңінде, әсіресе нарық заңы күшіне енген тұста бұл кәсіпорынның да бағы тая бастады. Көп ұзамай жекешелендіруге жататыны айқын білінді. Сол тұста автобазаның директоры бұрыннан жақсы таныс, ел сыйлайтын Аманғос Төлеуовке арнайы келіпті. «Әбеке, сіздің мүмкіндігіңіз бар ғой, біздің автобазаны сатып алыңыз!» — деп бүкіл ұжымның атынан өтінішін білдіреді. «Мен қалай сатып аламын? Тұтас автобазаның бізге қажеті қанша?» — деп бұл да беріле қоймайды. Шынында да, сондай қиын кезең ғой. Сол кезде жаны ышқынған автобаза өкілі: «Егер сіз ие болмасаңыз, автобазаны аңдып отырған жұрт бөлшектеп алады да кетеді, сосын ұстағанның қолында, тістегеннің аузында деген болады да шығады… » — дейді.

Мәселенің мәнісін түсінген Әбекең сөйтіп көлік кәсіпорнын тұтас күйінде сақтап қалуға шешім қабылдайды. Бұл ақиқатында, бір шаруашылыққа ғана емес, ауданға да көп пайдасын тигізді кейін. Өйткені қай кезде де жарақты көліксіз науқаны көп өңірдің тірлігі тұралап қалған болар еді.

Көпшілікке жаны ашып тұратын жақсы ағаның көңілінің кеңдігін көп мысалдармен келтіре беруге болар еді.

Осындайда өзіміз естіген мынадай жай ойға оралады. Тоқсаныншы жылдардың орта тұсындағы қысталаңдау кездердің бірінде «Степной» шаруашылығына бет алған жолаушылар Аманғос Төлеуов жетекшілік ететін серіктестік иелігіндегі алқапта бір топ көрші ауыл адамының егін жинау аяқталмай, орақ салып жатқанын байқайды. Сол көріністі ауылға айтып келгенде, директор әлдекімдер секілді ашуға бой алдырмай, «Заман қиындау болып тұр ғой, амалсыздан алқапқа барған болар. Сұрап келсе де, беремін ғой. Жарайды енді… бәрі де бала-шағасы бар жандар…» деп төзімділік танытыпты.

Шынын айтқанда, одан шаруашылықтың ырысы төгілген жоқ. Қайта бүгіндері бұл ауылдың егіні бұрынғыдан да жайқалып өсіп, мол өнім беріп жүр.

Шаңырақтағы шуақ

Еңбекпен есейіп, еңбек адамдарының ортасында өмірін өткізіп келе жатқан адамның жұмыссыз бір сәт те отырып қалуы мүмкін емес сияқты көрінеді. Шынында да солай.

Амандық болса, Аманғос Сансызбайұлын биыл жетпіс бестің белесі күтіп тұр.

Бұған дейін оның жетекшілігімен һәм бастамасымен көп шаруалар тиянақты тындырылғанын ел біледі, соның өзінде ойда жүрген, көңілді мазалайтын мәселелер де анда-санда алдан шығып қалатыны бар.

Қашаннан қалыптасқан дағдымен мамандардың басын қосып, өзекті міндеттерді талқылап, алдағы жоспарларды нақтылап алады. Мұнда әркім өзіне тапсырылған жұмыс ауқымын, өз жауапкершілігін жақсы түсінеді. Сондықтан ол жағынан айтарлықтай проблема туындамайтыны анық.

Бұрынырақта күнделікті жұмыс ауқымымен уақытпен санаспай, үйге көп алаңдамай, сыртта жүре беретін болса, енді ол тәртіп өзгере бастаған сыңайлы. Балалар болса ержетіп, әрқайсысы өз тірліктерімен кетті. Немерелер де анда-санда бір келіп ата-әжесін мәз етіп кететіні болмаса, үйде басқа ешкім жоқ.

Өмірлік серігі Роза Нұритдинқызының былайынша сыр бермегенімен, іштей алаңдап күтіп отыратынын сезеді де, бір мезгіл соған алаңдайды. Қаншама жыл ат үстінде жүрген азаматының жағдайын жасап, шай-суын әзірлеп, оның тынымсыз тірлігіне үйренген Роза апа әлі де үйге жұмыс бабымен жүріп келіп қалатын құдайы қонақтарды сағынатыны бар кейде. Ондайда Әбекең де ашылып әңгімесін айтып, асықпай отырып, бір жасап қалады.

Сырт адам бұл шаңырақтағы әдемі бір шуақты сондай сәттерде бірден сезеді.

Олардың балаларының үлкені Қайрат кезінде Ақтөбе мемлекеттік медицина академиясынан Қазақ мемлекеттік заң университетінен білім алған. Көп жылдан бері кәсіпкерлікпен шұғылданады. Қазір Ақтөбеде «Атамекен» деп аталатын нан зауытын басқарады. Былтырдан облыстық мәслихаттың депутаты. Қазақстан Республикасы Сауда министрлігінен «Ақтөбе облысының Үздік кәсіпкері» дипломымен марапатталған.

Абаты «Тас-қиыршық» зауытын басқарады. Ал Айнагүлі медицина саласында қызмет етеді.

Балаларының бәріне ортақ бір қасиет — отбасындағы сыйластық, өзара түсіністік, әкеге қарап бағдар ұстау, ананың аялы алақанының жылуына құштарлық. Олардың барлығы да бүгінде өз үйлері болғанымен, туған шаңыраққа аңсап жетеді. Осындағы шуаққа бөленіп, күш-жігер алып, жұмыстарына аттанады.

* * *

Ол жұмыс істеймін деп ілгері ұмтылған адамды ешқашан сыртқа тепкен емес. Қашанда жанына жақын тартады. Кім-кімнің де еңбек еткені ең алдымен өзіне, отбасына пайдалы, сосын ортақ шаруаға тиімді деп ұғынады. Сондықтан оған өнімді жұмыс істеуге жағдай жасайды, ынталандырады, көмегін аямайды.

Басқасын айтпағанда, соңғы жылдары Арал өңірінен көшіп келген бірнеше отбасы мүшелері аз ғана уақыт ішінде шаруаларын түзеп, бүгінде осы ауылдың өз адамындай болып кетті. Оларды сондай дәрежеге жеткізген — еңбекке құлшыныстары.

Ауыл шаруашылығының шебер ұйымдастырушысы, елдің жанашыры, мемлекетшіл азамат Аманғос Төлеуовтің жүрек түкпіріндегі жүзеге асып келе жатқан бір мақсатының өзі осы емес пе?!   

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button