Жеңіс

Соғыстың соңғы солдаты

Жеңістің 79 жылдық мерекесіне облыста  соғыс ардагерлерінің біреуі ғана аман жетті. Ол —  І Украина, 111-Белорусь майдандарында болған Василий Грецкий. Ғасыр жасаған майдангер бүгінде ұрпақтарының қызығын көріп отыр…

Елімізде қанша соғыс ардагері бар?

Биыл Жеңіске 79 жыл толып отыр. Жеңіс мерекесі – тарихи естеліктер жаңғырып, болашақ ұрпаққа бейбіт күннің қадір-қасиетін өсиет ретінде жеткізетін күн. Бұл мереке еліміздің ертеңі үшін жанын қиған қаһарман аға-апаларымыздың ерліктерін еске түсіреді. Сондай-ақ Жеңіске жету жолында аянбай еңбек етіп, майдандағы жауынгерлерді әскери техникамен, азық-түлікпен және киім-кешекпен қамтамасыз еткен тыл еңбеккерлерінің де үлесі зор екенін ұмытпауымыз керек. Майданға жолданған он оқтың тоғызы қазақстандық қорғасыннан құйылғаны баршаға аян.
Жыл сайын елімізде9 мамыр күні сұрапыл соғыстағы Жеңіс күні ерекше аталып өтіледі. Бұл мерекеде Жеңіс үшін қолына қару алып, майданның алдыңғы шебінде қанқұйлы жаумен шайқасқа түскен соғыс ардагерлеріне көрсетілер құрмет те айрықша. Соңғы жылдары елімізде соғыс ардагерлерінің қатары сиреп барады. Мәселен, былтыр еліміз бойынша 222 майдангер болса, биыл Жеңіс мерекесін 176 соғыс ардагері қарсы алғалы отыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сүйенсек, Жеңісті жақындатқан ардагерлердің көбі Алматы қаласында тұрады екен. Атап айтсақ, мұнда 44 ардагер бар. Сондай-ақ Астанада — 7, Шымкентте — 2, Ақмола облысында — 6, Алматы облысында — 14, Абай облысында — 4, Ақтөбе облысында — 1, Шығыс Қазақстан облысында — 14, Жамбыл облысында — 10, Жетісу облысында — 4, Батыс Қазақстан облысында — 13, Қарағанды ​​облысында — 11, Қостанай облысында — 16, Қызылорда облысында — 4, Маңғыстау облысында — 2, Павлодар облысында — 7, Солтүстік Қазақстан облысында — 4, Түркістан облысында 11 майдангер тұрады.

Биыл елімізде болған су тасқынына байланысты Жеңіс күніне арналған әскери шеру, басқа да түрлі мерекелік іс-шаралар өткізілмейді. Дегенмен соғыс ардагерлері мен соғысқа қатысушыларға теңестірілген топқа жататын азаматтарға барынша құрмет пен материалдық қолдау көрсетіледі.

Осы тұста айта кету керек, былтыр Қазақстан соғыс ардагерлеріне төленетін төлемдердің көлемі бойынша ТМД-ның барлық елін басып озды. Елімізде Жеңіс күніне орай әр ардагерге 1,5 миллион теңге көлемінде жәрдемақы берілді. Өткен жылы Ресейде 10 мыңнан 50 мың рубльге дейін (шамамен 50-250 мың теңге) төленді. Ал биыл соғыс ардагерлеріне берілетін төлемақы мөлшері 2 миллион теңгеге жетті.

Ардагерлерге қандай құрмет көрсетіледі?

Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасыСерік Шаңғұтовтың айтуынша, биыл да облыстағы соғыс ардагерлері мен соғысқа қатысушыларға теңестірілген топқа жататын азаматтарға лайықты құрмет көрсетіледі. Жеңістің 79 жылдығына орай өңіріміздегі жалғыз соғыс ардагеріне 2 миллион теңге беріледі.

Биыл да жылдағы дәстүрге сәйкес соғыс ардагерлері мен соғысқа қатысушыларға теңестірілген топқа жататын азаматтарға қаржылай қолдау көрсетіледі. Атап айтсақ, бүгінде өңірімізде қалған жалғыз соғыс ардагері Василий Грецкийге 2 миллион теңге төлем беріледі. Сондай-ақ соғысқа қатысушыларға теңестірілген топқа жататындардың еңбегі де ескеріледі. Бүгінде облыс бойынша олардың саны — 1753. Тыл еңбеккерлеріне 100 мың теңгеден берілсе, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне 100-150 мың теңге көлемінде қаржы төленеді. Бүгінде өңірдегі тыл еңбеккерлерінің саны 2280 болса, жесірлер саны — 52, — дейді Серік Шаңғұтов.

Сондай-ақ Екіншідүниежүзілік соғыс кезінде майданда жараланып, контузия алған, ауруға шалдығып, көз жұмған жауынгерлердің зайыптарына (жұбайларына) 150 мың теңгеден беріледі.Олардың саны222 адам. Жеңілдік пен кепілдік бойынша соғысқа қатысушылар мен мүгедектеріне теңестірілгендердің есепшотына биыл 230 мың теңгеден аударылады. Бұл санатқа кіретіндердің саны 1753 адам.

 Ғасыр жасаған майдангер

Биылғы Жеңіс күнін қарсы алып отырған облыстағы жалғыз соғыс ардагері Василий Грецкий Хромтау қаласында тұрады.Ол Белоруссияның Полоцк қаласында дүниеге келген. Соғысқа дейін Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында жұмыс жасаған.

1942 жылы Алматы қаласының әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылған. Алматыда алты ай әскери даярлықтан кейін 1943 жылы майданға жіберілді. І Украина, 111-Белорусь майдандарының құрамында сегізінші полктың бірінші кавалериялық корпусында соғысқан. 1945 жылы Жеңісті Берлиннен 75 шақырым жердегі Ельцих қаласында госпитальда қарсы алған. Бұдан соң бұлардың полкі Уральск қаласында дислокацияға жіберілген. 1946 жылы соғыста алған жарақаттарына байланысты әскер қатарынан босатылған.

Менің балалық шағым қиындықпен өтті. Әкемнен ерте айырылдым. Отбасымыздағы бес бала сабанның үстінде түнеп, мақта теріп күн көрдік. Соғыс басталғанда үлкен ағам бірінші болып майданға алынды. Одан кейін 1942 жылдың шілдесінде мені де әскер қатарына шақырды. Алматыда алты ай қызмет еткеннен кейін майданға аттандым. Біз майданға бара жатқанда, ұшақтар әр жерде айналып жүрді. Воронеж облысындағы Лиски станциясында түнде пойызымызды бомбалады. Таңертең бізді жүк пойызына отырғызып, Брянск орманына апарды. Бізді сонда орналастырды, өзімізге ор қазып алып, сол жерде екі ай өмір сүрдік,— деп еске алады ол.

Соғыстан оралған соң майдангер теміржол депосына жұмысқа орналасады. Онда 45 жыл жұмыс істеп, 1984 жылы зейнетке шыққан. 2001 жылы Хромтау қаласына қоныс аударған. Қазір ол ұрпақтарының қолында тұрып жатыр. Ғасыр жасаған ардагер үш баласынан  немере, шөбере сүйіп отыр.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button