Жеңіс

Ел қорғаған ағайындылар 

Ұлы Отан соғысы елдік пен ерліктің нағыз сынағы іспетті болды. Сондықтан да Кеңестер Одағы құрамындағы барлық халықтар ұлтына, нәсіліне қарамастан, бір кісідей ел қорғауға аттанды. Солардың қатарында ағайынды Төлеубай, Сағызбай, Нағызбай Отыншиндер де бар еді.

Ағайынды үшеудің үлкені Төлеубай Отыншин Байғанин ауданының Сарытоғай ауылында 1917 жылы дүниеге келген. Қызыл армияға 1942 жылы қаңтар айында шақырылған.

Ол майданда қызыләскер ретінде 137-ші атқыштар дивизиясының 771-атқыштар полкі құрамында жаумен шайқасқа қатысқан. 1943 жылдың 23 ақпанында майданда ерлікпен қаза тапқан. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен алынған құжаттарда оның бөлімше командирінің орынбасары болғандығы жазылған.

Өкінішке қарай, жауынгер туралы көп дерек табыла қоймады. Алайда сол өңірдегі «Новосильские вести» газетінің 2020 жылғы 10 шілдедегі санында жарияланған Мария Александрованың мына мақаласы біраз жайтты білдіретінге ұқсайды. Соны қысқаша аударма күйінде бергіміз келеді. Онда былай делінген:

«Біздің туған өңіріміз — Одинок, Глубки, Городилово, Бугровка 1942-1943 жылдары Вяжи-Измайлово желісінде жау қорғанысын бұзып өту үшін ауыр шайқастарды басынан өткерді. Бұл елді мекендер Зуша өзенін жағалай орналасқан. Өзен ағысы бойынша оң жағында біздің әскерлер, ал сол жағында немістер тұрған. Сол майданға қатысқан Новосиль ауданы Воротынцево селосының тұрғыны Петр Петрыкинның естелігіне қарағанда, осы жерде оның көптеген қаруластары бораған қалың оқ ортасында ерлікпен қаза тапқан».

Біздің бұл мақалаға арнайы тоқталып отыруымыздың себебі, жауынгер Төлеубай Отыншиннің майдан жолдары картасында осында аталған Одинок, Глубки, сондай-ақ Чулково, Хворостянка елді мекендері, Зуша өзені көрсетілген. Демек, жерлесіміздің де осы кезеңде отандастарымен бірге майдан шебінде, кескілескен қанды шайқас ортасында болғаны анық.

Үшеудің ортаншысы Сағызбай Отыншин 1921 жылы туған. Темір совхоз-техникумын бітірген.

Ол әскер қатарына 1941 жылы алынғаннан кейін І Украин майданында Ленин орденді 181-Сталинград атқыштар дивизиясының 288-атқыштар полкі құрамында сержант шенінде жауға қарсы соғыстарға қатысады. Ол взвод командирі міндетін атқарып жүріп, Сингаи елді мекені аймағындағы шайқас кезінде ерлік көрсеткені үшін 1943 жылы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Сондай-ақ оған «1941-1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы айбынды еңбегі үшін» медалі беріледі.

Айта кетерлігі, жаралы болып елге оралған олаз уақыт өткеннен кейін қайта сұранып майданға аттанады.

Жеңіспен оралған ол Байғанин ауданында «Жем» колхозы басқармасының төрағасы, ферма меңгерушісі, ауылдық кеңес атқару комитетінің хатшысы, кейін төрағасы қызметтерін атқарады.

Архивте сақталған құжаттар арасында оның Коммунистік партия мүшелігіне қабылдануы туралы ресми хаттамада Қарақоға колхозының сиыр фермасының меңгерушісі Нұрғали Мағзұмов, осы колхоз басқармасының төрағасы Жаңылдық Тасқымбаева, Чкалов колхозы басқармасының төрағасы Ізмұқан Кәдіров қолдап, ұсыныс берген. Ол мінездемелерде мүшелікке кандидаттың кедей-шаруа отбасынан шыққаны, білімін көтеруде газет-журнал оқитыны айтылады.

Одан кейін үш жылдық агрозоотехникалық курсты үздік бағамен бітіреді.

Ол ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек етіп, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталады.

Майданнан аман-есен туған жерге келген жауынгер 1946 жылы Зияба Әбілғазинамен шаңырақ көтереді, отбасында бірнеше перзент дүниеге келген. Көпбалалы анаға бірінші және екінші дәрежелі «Аналар», сондай-ақ «Еңбек ардагері» медалі беріледі.

Тағы бір маңызды дерек, Сағызбай Отыншин 1958 жылы «Сағыз» совхозының №2 фермасының меңгерушісі болып жүргенде Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің (ВДНХ) Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысады.

Ол 1964 жылы өмірден ерте өтеді.

Ағайындылардың кішісі Нағызбай Отыншин 1926 жылы өмірге келген. 1945 жылдың 22 мамырындағы Жарлықпен «Ерлігі үшін» медалі және «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталғаны анықталды.

Оның майдан жолдары Украинаның Нововолыньск жерінен басталып, әрі қарай Польшаның Замость, Сталева-Воля, Мелец елді мекендері арқылы жалғасып, Праганың тұсынан өтіп, Ческе-Будеевицпеде аяқталады, одан кейінгі өмірі белгісіз, хабар-ошарсыз кеткен.

…1993 жылдан бастап Ақтөбеден Бейбітшілік қоры Ақтөбе бөлімшесінің төрағасы Ғиззат Ибатовтың жетекшілігімен шыққан «Естелік кітабында» Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, елге оралмай, хабарсыз кеткен ақтөбелік жауынгерлердің қысқаша дерек-мәліметтері берілген.

Сол кітаптың ІV томының 168 бетінде мынадай деректер бар:

* Отыншин Нағызбай, 1926-1944, хабар-ошарсыз кеткен;

* Отыншин Төлеубай, 1917-1943, Орлов облысы Покров деревнясында қаза тауып, бауырластар зиратында жерленген.

Осы кітаптардың алғы сөзінде былай деп жазылған екен:

«… Ондаған жылдар өтуде. Бірақ уақыт ел қорғаған ерлеріміздің ерлігін әлсірете де, көмескілендіре де алмайды. Біздің жерлестеріміз барлық майданда қаһармандықпен шайқасты, біздің Отанымызды ғана азат етіп қоймай, Еуропаның көптеген халықтарына бостандық алып берді.

Ешнәрсе де ізсіз жоғалмайтын болса, ерлеріміз де ұмытылмайды, олар біздің бойымызға рух беріп, қанаттандырады».

Шынында да, 1945 жылы Жеңіс туы көтерілгенімен, соғыс әкелген қасірет-қайғы көпке дейін толастаған жоқ. Содан кейін де ұзақ уақыт бойы ата-ана баласын, жас келіншектер аяулы жарын, бүлдіршін-балғындар әкелерін күтіп, батыс бетке телмірумен күнін өткізді. Отан қорғауға аттанған азаматы әлі де болса келіп қалар деп елдегілер алаңдаумен жүрді.

Облыстық «Коммунизм жолы» газетінің 1989 жылғы 10 қараша күнгі санында «Ол күндердің өшпес даңқы» айдарымен «Ел басына қатер төнген жыл еді…» деген мақала жарық көрді. Оның авторы облыстық газеттің сол кездегі қызметкері, әкесімен бірге оның аға-інісі ел қорғауға аттанған әулеттің кейінгі ұрпағы Раукен Отыншин Ұлы Отан соғысына қатынасқан ақтөбеліктердің деректерін тауып, наградаларға ұсынып ала алмағандардың мәліметтерін оқырмандарға ұсынды. Бұл облыс тұрғындарының назарын аударды. Газеттің бірнеше санында «Награда иесін іздейді» деген мақала одан әрі тұрақты жарияланып тұрды. Осы тізімде де Байғанин ауданынан майданға аттанған ағайынды Сағызбай, Нағызбай Отыншиндер есімі кездеседі.

…Ерлік ізі ешқашан ескірмейді. Қанды соғыс аяқталғалы сексен жылға жуық уақыт өтсе де, кешегі күннің қасіреті әлі жазылған жоқ.

Қазақта «Бірге тумақ болғанмен, бірге өлмек жоқ» дейді. Ағайынды үшеудің мәңгілік мекені тағдырдың бұйырмысымен бірі Чехословакия, екіншісі Ресей жерінде, үшіншісі туған топырағында бұйырды. Бірақ олардың рухын біріктіретін бір жай — ел үшін жауға қарсы тұра білгендігі.

Ұлы Жеңіске үлес қосқан, бейбіт күнді жақындатқан ерлеріміздің даңқы ешқашанда ұмытылмайды!

Нұрмұханбет ӘБДІЛДАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button