Тұлға

Таңбатану ғылымының зергері немесе рунолог ғалым Аманқос МЕКТЕПТЕГІНІҢ мектептері

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Алаш ардақтыларының іздеушісі Аманқос Мектептегінің өмірбаянына үңілсеңіз, көп ешкімге ұқсай бермейтін ерекшеліктерді анық байқайсыз.

Басты ерекшелігі — жарты Жазушылар одағы атанған Жарқамыс жерінде дүниеге келгені. Ол есін біліп, ержеткен тұста сол ауылдан қанат қаққан таланттар тобы қазақ әдебиеті әлемін көріктендіріп, көркем дүниелерімен Байғанин өңірінің даңқын алысқа шығара бастаған еді.

Бала Аманқос білім алуды Жарқамыстағы мектепте орысша оқып бастайды. Оның себебі, заман ағымына сай ауылдағы бір орыс бала үшін бір класс ашылып, біраз шәкірт еріксіз сол топты толықтыруы қажет болады.    

Одан кейінгі бір өзгешелік — әкесі Құлтанның елде жоқ мамандықты игеруі. Соғыс жылдарында әскери әуе эскадрильясында құпия карта түсіретін топограф болған жауынгер елге оралған соң фотоаппаратын қолынан тастамайды. Онымен қоймай, жанындағы жары Күнсұлу апаны да осы кәсіпке бейімдейді. Осындай отбасында өскен Аманқостың фотосурет құпиясын ұғынуға ұмтылмасқа амалы да жоқтай болған шығар-ау.

Бірақ осының бәрі оның өмірінде пайдасын әкелмесе, зиянын тигізген жоқ.

Қазақтың С.М.Киров атағын иеленген мемлекеттік университетінің филология факультетін 1979 жылы бітірген ол өз тұстастары сияқты мектеп мұғалімі не баспасөз қызметкері болмады. Алматы жоғары әскери командалық училищесiнде лаборант болып еңбек жолын бастайды. Осында жан-жағына қарап, аз ғана айналасын түгендеп алғаннан кейін ғана болашақ бағдарын айқындағандай болады. Республикалық Ғылым академиясының Тiл бiлiмi институтының ономастика, тiл мәдениетi бөлiмдерiнiң кiшi ғылыми қызметкерi ретінде өзінің ішкі ойымен үндес, мақсатымен мүдделес мамандығына енді жақындағанын сезінеді.

Мұнда бірер жыл қызмет істеген соң Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының аспирантурасында білім алады. Алдында оны тура тартылған ғылым жолы күтіп тұр еді. Алайда ол тізгінді басқа арнаға бұрды. Тоқсаныншы жылдардың басында жаңадан ашылып жатқан «Ана тiлi» газетiне арнайы жолдамамен тiлтану бөлiмiнiң әдеби қызметкерi болып барады. Шынында, бұл басылымға нақ сол уақытта қаламы жүйрік журналистен гөрі тіл ғылымына бейім, былайынша айтқанда, тілші-ғалым керек еді. Аманқос Құлтанұлының қолынан шыққан танымдық-тағылымдық мақалалар тәуелсіздік жылдарымен тұстас ақпарат айдынына шыққан «Ана тілі» газетінің айбынын арттыра түсті.  

«Ана тілінен» соң сол кездері жұртшылық сүйіп оқитын республикалық «Жалын» журналының бөлiм меңгерушiсi қызметін атқарды. Осылайша бір жағы журналистика, бір жағы әдебиет ауылына бет бұрып, сол жақта тұрақтап қалатындай көрінгенімен, өзінің көкейіндегі тілтануынан қиыс тартып кеткен кезі бола қойған жоқ.

Қырықтың қырқасына көтерілген кезінде өзі білім алған Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқытушы болып келді. Бұған дейін баспасөзде бірсыпыра қызмет атқарып, газет-журналды дайындау процесінен бөлек, баспаханадағы газет жаңа шығып жатқан кездегі бояу иісін сезініп үлгерген ол үшін болашақ мамандарға айтар әңгіме, үйретер тәлім аз емес-ті. Оның үстіне бала кезінен әкесінің жанында жүріп, қолына фотоаппарат ұстап үйренген жасөспірімнің жергілікті жерден түсірген фотосуреттері мен шағын мақала-хабарлары он төрт жасынан бастап-ақ Байғанин аудандық «Ленин туы» («Жем-Сағыз») облыстық «Коммунизм жолы» («Ақтөбе») газеттеріне жариялана бастаған болатын. Соның бәрі оны журналистиканың жіңішке жолынан ұстаздыққа қарай жетелей берген іспетті. 

1999 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Рабиға Сыздықова мен тарих ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Қозыбаевтың ғылыми жетекшілігімен «Халел Досмұхамедұлының публицистикалық мұрасы» тақырыбы бойынша филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғады.

Осы арада ерекше айта кететін бір жайт, ол — Алаштың ардақтылары — Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Елдес Омарұлы, Телжан Шонанұлы, Смахан Бөкейхан, т.б. мұрасын зерттеуші және насихаттаушылардың бірі.

Бүгінге дейін әртүрлі тақырыптағы 300-ден аса ғылыми және ғылыми көпшiлiкке арналған зерттеу жұмыстары мен мақалалардың авторы атаныпты. Білікті ғалым  халықаралық ғылыми-теориялық конференцияларға қатысып, көпшілік үшін тосындау тақырып —  таңбатану, ежелгi түрік жазуының генезисiне байланысты оқшаулау ой-тұжырымдарын алға тартып келеді. Кейінгі үлкен жиындарды айтпағанның өзінде, сонау жастау кезіндегі, нақты айтсақ, екі ғасыр тоғысында Түркияның астанасы Анкара қаласында түркі жұртының ұлы тұлғасы, кезінде барлық мұсылман баласының білімді болуын қалаған ағартушы Ысмағұлбек Гаспрәлiнiң туғанына 150 жыл толу мерейтойына арналған симпозиумда биік мінберге көтерілуі жас ғалым үшін алғашқы сынақтардың біріндей болған еді. Одан кейін 2006 жылы Австрияның Вена университетінде де талайды таңдандырарлық баяндама жасағаны бар. Оның бұл қадамдары өзі үшін ғана емес, сондай-ақ егемендігімізді енді бекітіп, ұлттық ұстанымымызды нығайта бастаған республикамыздың рухани өмiрiндегi жақсы бір жетістіктеріміз еді.

Аманқос Мектептегінің ғылыми ізденістері мен ұмтылыстары ауқымы оның шетелдiк, республикалық, мерзiмдi баспасөз беттерiнде тұрақты жарияланып келе жатқан зерттеу мақалаларынан айқын көрінеді. «Қазақ әдеби тiлiнiң тарихи көздерi», «Қазақ тiлi жөнiндегi революциядан бұрынғы зерттеулер», «Қазақстан географиялық атауларының сөздiгi», «Қазақстанның географиялық атаулары», «Бес арыс», «Тiл тағылымы», «Аламан», «Халел тағылымы», «Бекет Ата», «Қазақтың тәлiмдiк ой-пiкiр антологиясы», «Антология педагогической мысли Казахстана», «Оразмағамбет», «Ұлттық рухтың ұлы тiнi», «Қазақстан: ұлттық энциклопедия», «Байырғы түркi өркениетi: жазба ескерткiштер», «Этюды по памятникам письменности древних усуней», «Ismail Beу Gaspirali Ve ZiVa Gokalp Sempozvumlari-bildiriler. Ankara, 2003», «Көне түркі жазуларының зерттелуі: бүгіні мен болашағы», «Көне түркі жазба ескерткіштері: Жазу мәдениетінің бастаулары, тілдің даму құбылыстары», «Құс жолындай жосылған ғибратты ғұмыр», «Ағартушы Халел», «Абайдың ақындық мектебі», «Геноцид» — оның осылай жалғаса беретін сан алуан еңбектері қай жағынан алғанда да терең талдануымен, тың жаңалықтарымен оқушысын ойландырады, таным-өрісін кеңейтеді, оларға тың деректер ұсынады.

Аманқос Құлтанұлы студенттерге журналистиканың теориялық ілімдерін үйретумен бірге, практикада да өзінің қарым-қабілетін көрсетіп отырады. Оның өзекті мәселелерді қозғаған көсемсөз мақалалары «Ана тiлi», «Қазақ әдебиеті» газеттерiнiң шығармашылық бәйгелерінде бірнеше мәрте топ жарып шықты.

«Көсемсөздің көсемі» атты монографиясы республикалық ғылыми әдебиеттер арасындағы бәйгеде жүлделі орын алды.

Ол журналистика факультетіндегі кафедрадан жарық көретін республикалық «Отандық журналистика тарихы» ғылыми-зерттеу журналының шығарушы редакторы, сондай-ақ Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамының басқарма мүшесі, «Түркі әлемі», «Ұлы Дала тынысы» апталық газеттерінің және «Қызықты психология» республикалық ғылыми-әдістемелік, танымдық-психологиялық журналдың алқа мүшесі, сонымен қатар Қазақстан Ұлттық баспасөз клубының мүшесі.

Оның студенттері — болашақ журналистер, магистранттар ғалым-ұстаздан «Халел Досмұхамедұлы публицист», «Қазақ журналистикасының тарихы», «Ұлттық баспасөзiмiз iргетасын қалаған жеке тұлғалардың шығармашылық мектебi», «Отандық мерзiмдi баспасөз тарихы», «Жазу тарихы және шрифтология», «Қазақ кітабының тарихы», «Ежелгі жазба мәдениет», «Медиямәдениет тарихы», «Ақпараттың тегі мен түрлері» атты пәндер мен арнаулы курстардан дәрiс тыңдайды. Оның осыдан он шақты жылдың ар жағында ел Президентінің «Болашақ» бағдарламасы бойынша Польшаның Познань қаласындағы Адам Мицкевич атындағы университетте ғылыми тағлымдамадан өткені тәжірибесін байыта түскені айқын. Сол тұстарда мүмкіндікті пайдаланып, Польшаның Познань, Слубица, Торунь, Варшава қалаларында өткен ғылыми-теориялық конференцияларда жай қатысушы ғана болып қоймай, өз зерттеулері мен тұжырымдамаларын алға тартып, байыпты баяндамалар да жасаған. Яғни өзгелерді өзі танып қоймай, өзін де танытты.

Оның тағы бір ерекшелігі — ізденуден танбайтын, алған бағытынан қайтпайтын жанкешті ғалым. Әнебір жылдары арнайы ат арытып, Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк ескерткіштерін көріп қайтуға сапарға шықты. Бабалар басына тағзым етіп, Орқұн өзенінің жағасында түнеді.

«Мұқият қарасақ, Күлтегін ескерткішінің басынан да бөрі бейнесін аңғарамыз. Басқа да бітік тастарда сақталған. Бұл — ата-бабаны көкке көтеру. Қазақ төрге шығарса да, төбесіне ешкімді шығармаған. Мұның өзі батырға тән жомарттық, мәрттік мінездердің нышаны». Ұлтымыздың ұлылығын, бабаларымыздың парасаттылығын ол осылай пайымдайды.

Ол негізінде түркітануға қызығып, ежелгі ескерткіштерді аса ықыласпен зерделеп-зерттеуіне Ғұбайдолла Айдаров, Тайжан Досанов сынды ерекше жандар әсер еткенін ұдайы айтып келеді. Жалпы жұртшылықтың бірі біліп, бірі білмес, осы арада аталған екі тұлға туралы аз-кем дерек бере кетелік.

Ғұбайдолла Айдаров — көне түркі жазбаларын зерттеуге қадам басқан алғашқы ғалым. Ол — Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, филология ғылымдарының докторы. Он ғасырдан да әріректегі тасқа басылған тарихымыз — Орхон-Енисей, Күлтегін, Тоныкөк жазуларын жаңғыртып, бүгінге жеткізген ғалым түркі жазуын тиянақты зерттеуімен есімін тарихта қалдырды.

Қазақ КСР Ғылым Академиясының қазіргі Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында қырық жылдай қызмет еткен ол «Тоныкөк ескерткіштерінің тілі және қазіргі кейбір түркі тілдеріне қатысы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация, одан кейін «Көне түркі Орхон-Енисей және Талас ескерткіштерінің лексикасы» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғаған.

Отыз жылдай руна жазуының қыр-сырын зерттеген түркітанушы, рунолог, тарихшы Тайжан Досанов — «Руника құпиясы» атты еңбектің авторы. Ол туралы Аманқос Мектептегінің кезінде былай деп айтқаны бар: «Расында, Академияның зерттеу институттарының істейтін қызметін жалғыз өзі атқарған, іргелі үш монографияның, ондаған зерттеу мақалалардың авторы дизайнер, рунатанушы, түріктанушы Тайжан Досановты мәртебелі ғалымдар біле бермейді, білгісі де келмейді. Өйткені оны отандық ғылым көрер көзге ғалым деп мойындаған емес».

Осындай ілгері буын ізденушілер дәстүрін жалғастырып келе жатқан Аманқос Мектептегінің ұстаздық үлгісімен журналистика факультетінің бірқатар студенттері руна жазуын игеріп алды бұл күнде. Ғалымның өзі: «Бабаларымыз іргетасын қалаған, қанымызда бар руника қайта қолданысқа енер күн туарына сенемін» деген берік ойда. Мектептерде арнайы ежелгі руна жазуы мен мәдениетін оқытатын пәнді де енгізу жөніндегі ұсыныстарын жиі айтып жүр ол.

* * *

Балаң кезінен қолынан фотоаппаратын тастамай өскен ол негізгі ғылыми жұмыстарымен қатар, осы кәсіпке де адалдығын сақтап, зерттеу жұмыстарын да жүйелі жүргізіп отырды. Соның нәтижесінде өмірге «Қазақ фотошежірелері: тарих, дерек, өнер (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде)», «Фотография өнері» кітаптары келді. Бұл еңбектерден оқырман көп нәрсе ұға алады, фотографияның біраз құпиясын меңгереді. 

Белгілі журналист, танымал баспагер Махмұд Қосмамбетов мерейтой иесіне:

Әліпбиі —  «ұруна»,

Қаған басы Біліктен.

Қүлтегіннің сырына,

Аттың басын іріккен.

Көк Түркінің жырына,

Білім нәрін жібіткен.

Гәп соғатын бұрыла,

Көне жазу түріктен, —

деп әдемі лебізін білдірген екен.

Оның басты кітаптары саналатын «Жеті көсем», «Руна жұмбағы» атты көлемді монографиялық еңбектері бүгінде жұртшылықтың ерекше қызығушылығын тудыруда.

Ақпан айында ғибратты ғұмырының жетпісінші белесіне қол созып отырған ұстаз-ғалымның ұлағаты шәкірттеріне де кеңінен даруда.

Мектептегінің мектебінен өткен жас буын күні ертең-ақ әлі де көпке беймәлім руна жұмбақтарын түбегейлі шешіп, көп мәселені келістіріп айтып жатса, таңданбаңыз. Өйткені ұстаз үлгісі сондай сенімге жетелеп келеді.    

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

ҰСТАЗДАР АЙТҚАН ҰЛАҒАТ

Әбдіжәміл НҰРПЕЙІСОВ,

Қазақстанның Халық жазушысы,

КСРО және ҚР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты,

Қазақстанның Еңбек Ері:

«Таңба — қоғамдық дамудың интеллектуалдық қуатын, ойшылдық өріс қабілетін, даналық тұғыр деңгейін танытатын қасиетті нышан, ұлттық зерделеудің рәмізі»…

Түу! Мынау неткен ғаламат сөйлем! Қандай қуатты ой!..

Слушай! Шынымды айтайын, мына сөйлем мені дүр сілкіндірді. Рас айтам! Әрі қарай оқиық: «Қазаққа тән ортақ таным-түсінік, өзін-өзі құрмет тұтудың, елдік мұрат-мүдденің, арман-аңсардың, ерлік өжет рухтың, айбыны мен айдынын бейнелейтін кілтті түйіні – таңба»…

– Мына мақалаң маған ұнады…».

 2004 жыл.

 Рабиға СЫЗДЫҚОВА,

ҚР ҰҒА академигі, филология

ғылымдарының докторы, профессор:

«… Жұмыстың көрсетілген мақсатына сай орындау үшін алдына қойған нақты міндеттерін Аманқос Мектептегі дұрыс белгілеп, жақсы атқарып шықты деп ойлаймын. Зерттеуші бір текті материалды (айталық, тек публицистикалық не лингвистикалық туындыларды) белгілі қалыппен талдап, баяндап беру шеңберінен шығып, сол материалдың дүниеге келген кезеңіндегі қазақ қоғамының саяси-рухани тыныс-тіршілігін, ұлттық баспа ісінің күй-қалпын қоса көрсетіп отыруды міндетіне алды. Бұл ретте белгілі мағлұматтарды баяндап берумен шектелмей, XX ғасыр басындағы қазақ өмірінің саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени-рухани, тарихына қатысты бірқатар соны деректерді, әсіресе архив материалдарын ғылым дүниесіне ұсынды. Бұл еңбекте ғылыми ізденіс бір емес, бірнеше тақырыпты қамтиды:

Біріншіден, Халел Досмұхамедұлының журналистік, баспагерлік қызметін кеңінен таныстырды, сол арқылы ұлттық баспасөз бен баспа ісінің тарихындағы алатын орнын көрсетті.

Екіншіден, оның публицистикалық шығармаларын тарамдап-жүйелеп, олардың стильдік сыр-сипатын ашты.

Жұмыстың осы тұсында зерттеуші бірқатар жаңа материалды келтіріп, тың пікірлер айтты. Қазақ мәдениеті мен әдебиетінде енді-енді туып келе жатқан жаңа жанр публицистиканың тарихына барып, оның тілдік-стильдік сипатын көрсетті. Халел Досмұхамедұлы публицистік туындыларының дені сол тұстағы баспасөз беттерінде жарық көргендіктен, зерттеуші XX ғасыр басындағы қазақ баспасөзінің жай-жапсарын кеңінен сөз етеді.

Үшіншіден, автор Халел Досмұхамедұлының ғылыми еңбектерін, оқулықтарын көрсетіп, қазақ ғылыми стиліне, тарихына да қол созды, Досмұхамедұлының ғылыми істердегі атқарған қызметтерін, тындырған шаруаларын атап, оның ғалымдық портретін де көрсетуге тырысты.

Төртіншіден, Халел Досмұхамедұлының баспагерлік қызметін баяндау арқылы қазақ мәдениетіндегі баспа ісінің тарихына барды. Бұл да өз сөзімен айтсақ, талантты публицист ретінде ұлттық баспасөз тарихына қосқан үлесі мен алатын орнын ғылыми-методологиялық жетістігіміз бен бүгінгі талап тұрғысынан жаңаша зерттеу жүргізуді, сөйтіп, зерттей түсуді, тың деректерді қажет ететін саланың бірі екені мәлім. Жұмыстың осы тұсында Халел Досмұхамедұлының және бір қыры ұйымдастырушылық-басқарушылық қабілетін, редакторлық талантын да баса көрсетіп, оның қайраткерлік портретін айқындай түсті…».

 1999 жыл.

 Зейнолла ҚАБДОЛОВ,

ҚР ҰҒА академигі, филология

ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстанның Халық жазушысы:

«…Аманқос Мектепті мен көптен білемін, университетте менен бес жыл дәріс алған шәкіртім. Аманқос Мектеп — бұл өзі аты-жөніне лайық мектеп секілді жан.

Ал енді өзі қызық! Мұның өзі мына мінбеде тұрғанда аты ізденуші, соискатель. Атына қарағанда ғылыми дәрежені іздендіру ғана ғой! Бірақ ғылымда мынандай мінез бар. Ана диссертантты, ізденушіні іздетіп дәрежені алу бар да, ал ізденушіні өзі іздеп келетін дәреже бар. Меніңше, осы әлгі кандидаттық дәреже аламын деп диссертант жанын салып жатыр ғой. Шынында, сол кандидаттық дәреже Аманқос Мектепті бүгін өзі іздеп келді. Оның себебін айтайын.

Халел Досмұхамедұлы керемет феномен, арманда кеткен ардақтыларымыздың, алаштың азаматтарының ішіндегі ғажайып білімпаз, жан-жақты білімді, Санкт-Петербург Императорлық Әскери Медициналық академиясын бітірген адам. Ал енді осы кісіні бүкіл табиғатына, шығармашылық жайына, болмысына, бітіміне қарап отырсақ, бұл, өзі «сегіз қырлы, бір сырлы» деген қазақтың заңға айналған сөзі бар ғой. Ал мына ізденушінің әдебиеттанудан да құр алақан емес, лингвистика жағынан жаңа бірінші ресми оппоненті жақсы айтты, сірә. Сонымен, Халел Досмұхамедұлының публицистикасын, көсемсөз, сегіз қырының бір қырын алып, бұл өзі қалай зерттеді екен деп оқып қарасам, шынында, ғажап іс бітірген. Біз қазір тарихымызды түгендеп жатқан кез ғой. Сол жағынан алып қарағанда, тарихты түгендеушілердің ішінде Аманқос Мектептің істеп жүрген ісі, шынында, алып әрекеттер».

 1999 жыл.

 Шерияздан ЕЛЕУКЕНОВ, жазушы,

филология ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері:

«…Аманқос Мектептің ғылыми жұмысының әрбір тарауы бір-бір диссертациялық еңбектің жүгін көтеріп тұрғандай әсер алдым, осы асып, төгіліп жатыр. Ғылыми соны дерек пен бұрын-соңды ғылыми айналысқа түспеген ақпараттық маңызы зор фактілер диссертацияның құнын көтеріп тұрғандығын атап айту парыз.

Аманқос Мектеп бұл жұмысты кітап етіп бастырса, студенттерге, жалпы ғылымға әуестенген қауымға қажетті құрал болары сөзсіз. Диссертацияда жылт еткен сенсациялық жаңалықтар да аз емес. Мысалы, Мағжан Жұмабайұлының жоғары көркем әдебиет институтына оқуға түсуіне Халел Досмұхамедұлының Валерий Брюсовқа хат жазып, қол ұшын беруі, ол туралы «қазақ ақындарының арасындағы аса дарынды, жарқын тұлға, егер баптауын біліп, өлең сөздің ғылыми тұрғыдағы техникалық қыр-сырына машықтандырар болса, оның таланты ашылып, есімі мәшһүр дүлдүл болары шүбәсіз. Ол біздің болашақ Пушкиніміз», деген архивтік деректі бірінші рет осы диссертациядан оқып отырмыз. Міне, бұ жағынан да келгенде Аманқос Мектептің ғылыми жұмысы шын мәнінде жоғары деңгейде орындалғанының жарқын куәсі…».

 1999 жыл.

 Әнес САРАЙ,

Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері:

«… Аманқос Құлтанұлы зерттеу еңбегінің құндылығы ХХ ғасыр басындағы, төңкеріс алды және одан кейінгі кездегі Ресей, Қазақстандағы саяси ахуалды саралап талдай білгендігінде. «Қоғамнан тыс адам жоқ», қоғамдық-саяси жағдайлар ХХ ғасырдың бастапқы ширегінде іспен, сөзбен, қаламмен әрекет еткен қазақ зиялыларының көзқарастарын қалыптап, тұлғаларын сомдады. Осы ретте әу бастан өмірінің ақыр соңына дейін мұратынан айнымаған саяси көсемдеріміздің бірі – Халел Досмұхамедұлы.

Қалың оқырман Халел Досмұхамедұлының Алашорда партиясына, Алаш қозғалысына сіңірген еңбегін, оның Ойылда алаш әскері мен милициясына офицерлер дайындайтын мектеп ашып, Күнбатыс Алашорда уалаятының әскерін жасақтауға, большевиктерге қарсы Аңқаты, Жымпиты шайқастарына қатысып, соғыс майданында көзге түскенін, Батыс уалаяттың казак-орыстармен, қызыл большевиктермен дипломатиялық байланыстарын реттеп, алаш әскері күйрегенде капитуляциялық құжатқа қол қоюға мәжбүр болған қайраткер екенін, оның тарих, әдебиет, жаратылыстану, тілтану ілімдері туралы байыпты зерттеулерін білгенмен, Досмұхамедұлының журналистік, баспагерлік қызметін біле бермейді екен.

Біз осы жұмыстан Халел Досмұхамедұлының тілшілік, редакторлық, баспагерлік қызметіне қанықтық. Журналистика ілімі тұрғысынан бұл тақырыптың кейінгі қаламгер ұрпаққа өнегелі маңызын былай қойғанда, пән тану жөнінен ғылыми маңызының өзі айрықша зор…».

 1999 жыл.

 Сағымбай ҚОЗЫБАЕВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор,

ҚР Журналистика академиясының президенті:

«Бұл еңбектің кейіпкерлері — автор пайымдағандай, «мың жылда бір туатын» ұлттың ұлық перзенттері. Жеті саны — бағзыдан жеткен халықтық дүниетанымда жаратушылық-философиялық астарлы рәміздік ұғым. Ең ғажабы, қомақты еңбектің мұқаба сыртындағы иесіне тән тегі мен аты ежелгі төрүк руна және кирилл алфавитімен айшықталуы — көзге де, көңілге де ерекше жылы ұшырайды. Автор идеясы ұлтымыздың бағзы өркениеті мен бүгінге дейінгі уақыт кеңістігі аралығындағы рухани даму сатысын графика тілімен әсерлі бейнелеген.

Алашорда қозғалысының саяси-идеялық дем беруші көсем тұлғаларының тағдыр-талайына қатысты тың да бай мәліметтерге құрылған, бұрынғы кеңес одағының ірі-ірі қалаларындағы архив және кітапхана жанындағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің арнайы қорларында «аса құпия» деген грифпен сақталған баға жетпес мол құжаттар мен деректерді табу, сүзгіден өткізіп, мейілінше жан-жақты зерделеп, ғылыми айналысқа түсірудің өзі жанкешті ізденісті талап етеді. Аманқос Құлтанұлы Мектептегінің «Жеті көсем» ғылыми-танымдық баянынан оқырман қауым Алаш ардақтыларының қоғамдық-саяси көзқарас ұстанымының қалыптасуы, ұлтшылдық, мемлекетшілдік із-бедері, тарихи жасампаздық-жаңашылдық үлгі-өнегесі, әділет жолындағы қайтпас қайсарлығы, өшпес шығармашылық, қайраткерлік игі істері хақында, қиындығы мен азабы қат-қабат өмір тауқыметімен жақынырақ танысады.

Бір сөзбен айтқанда, «Жеті көсем» алаштануға қосылған құнды, сүбелі еңбек».

 2017 жыл.

 Кәкен ҚАМЗИН,

филология ғылымдарының докторы, профессор:

«XXI ғасыр ұлттық мәдениетіміз үшін Ренессанс дәуіріне айналады. Іркіліп қалған, тежеу көрген қазақтың рухани көші байыпты да байсалды ілгерілейді. Ширақ қадам басады. Тәуелсіз сана сергиді. Осы Ұлы керуеннің бас жағында, сөз жоқ, журналистика, тарих, филология және т.б. ғылыми танымдары тұрмақ. Осы салалардың пассионарлық жетекшілері арғылы-бергілі игіліктерімізді түгендейді, бар-жоғымызды жарасымды үйлестіреді.

Олардың есім-сойлары болашақ қақпасына сондықтан қашалып жазылуға әбден лайық. Сол еңселі еңбектердің бірі «Жеті көсем», сол айтулы зерттеушілердің бірі Аманқос Құлтанұлы Мектептегі».

 2017 жыл.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button