Тұлға

Өнердегі өнеге тәлімі

Бірегей

Нұрғиса Тілендиев— композитор, дирижер, орындаушы ретінде артына өшпес із қалдырған өнер иесі. Оған көзі тірісінде«Халық қаһарманы» атағы берілді, КСРО халық әртісі, Алматы консерваториясының құрметті профессоры, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері болды.

Нұрғиса Тілендиев шығармашылығының құндылығы туралы музыка зерттеушілері ұдайы жазып келеді, бұл тұрғыда толымды еңбектер аз емес. Оның қазақ мәдениетінің фольклорлық дәстүрі мен ауызекі дамыған кәсіби өнерді жалғастыра отырып, дәстүрлі көркемдік салт-сананың рухани және эстетикалық бағасын музыкалық тұрғыда бекіткені жиі айтылады.

Қорқыт баба, әл-Фараби, ұлы жыршы Кетбұға, Сыпыра жырау, Асан қайғы, Қазтуған, Әбу әл-Қадыр, Нысан абыздардан басталатын күйші-сазгерлеріміздің ұлы көші XVIII-XIX және ХХ ғасырда Байжігіт, Бұхар жырау, Раздық, Байжұма, Ықылас, Құрманғазы, Абыл, Ақан сері, Жаяу Мұса, Біржан сал, Жамбыл, Дина, Мәди, Сүгір, Мұқан Төлебаев, Сыдық Мұхамеджанов, Латиф Хамидилермен жалғасып, өз заманының заңғар сазгері, дәулескер домбырашысы, дарабоз дирижері атанған Нұрғиса Тлендиевпен ұласады.

Нұрғиса Тілендиевтің вокалдық шығармаларын, кәсіби орындаушылар қатарында Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Роза Жаманова, Ермек Серкебаев, Байғали Досымжанов, Нұрғали Нүсіпжанов, Құрманбек Байқуатұлыесімдері аталады. Олар композитордың әнін халық жүрегіне жеткізе білген, өз өнерлерінің хас шеберлері.

Бибігүл Төлегенова Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы туралы былай дейді: «Біздің композиторлардың ішіндегі мықтысы Нұрекең десем, мен жаңылмайтын шығармын, себебі ол бір жағынан, композитор, екінші жағынан, үлкен дирижер болды. Соңына өшпес мұра қалдырып кетті. Нұрғиса Тілендиевтің әндерін кез келген әнші орындай ала бермейді. Оның шығармаларын орындау үшін әншінің дауысы болу керек, диапазоны кең октавалы, орындау техникасы мықты болуға тиіс және жүрекпен айту керек».

Н.Тілендиевтің Абайдың сөзіне жазған философиялық сипаттағы романстарының бірі— «Абай арманы» шығармасы. Абайдың 1885 жылы жазған өлеңінің басты идеясы — жастарды білім, ғылымға үндеу. Романсты ҚР мәдениет қайраткері Құрманбек Байқуатұлы шеберлікпен орындады.Ақынның рухани жағдайын шыншылдықпен өз романсында Нұрғиса Тілендиев көрсете білді.

Романста екі бөлім бойы тондық тұрақтылық байқалады, модуляция жоқ. Жарқын бейнені жасауда, солистің партиясында лирикалық мотивтер жарқын бейнеленген. Романстың мелодиясы серпінді дамиды, мәтініне сүйене отырып, адамның көңіл күйін ашық, жарқын бейнелеген.Орындаушы әнді терең тыныспен, байсалды орындауы қажет.Бұл шығарма орындауда солистен дауыс күші мен сезімталдығын талап етеді. Шығарманың дауыс аралығы (диапазоны) октавадан артады.

Нұрғиса Тілендиев бұл образды терең гармониялық бұрылымдармен сезіндіре білді. Фортепианоның сүйемелдеуі әдетте бір жоспарлы.Композитор мазмұнына байланысты шығарманы ақыл-ой тереңдігімен, қаһармандық күш-жігерімен ерекшеленетін тесситурасы жағынан баритонға арнап жазған. Фортепиано бөлігі әдетте сүйемелдеу ретінде қызмет етеді, тек вокалдық әуенді қолдайды және баса көрсетеді. Саптаманың формулалары қарапайым, гармоникалық фигураларда, қайталануда салынған.

Нұрғиса Тілендиевтің Абайдың өлеңдеріне жазылған әндері эмоциялық лирикалық мазмұнына, сөздің шынайылылығына лайықталған. Композитор үлкен табандылықпен поэзиялық дизайнның мәніне сай келетін, өте сезімтал әуенді суретке түсіреді.Әдетте бұл композицияның негізгі идеясын білдіретін ырғақ немесе үйлесім емес, әуен. Мұның бәрі Нұрғиса Тілендиевтің Абай өлеңдеріне жазылған романстарының өміршеңдігінің кепілі болды.

Еуропалық классикалық музыкалық білім алып, Еуропаның композиторлық шығармашылығындағы әртүрлі жанрларында мұра қалдыра отырып (опера, балет, кантата, романс), халық дәстүрінде тәрбиеленген ол ұлттық музыкалық жанрлар — күй мен әннің жаңа даму жолын іздестірді. Оның шығармашылық әдісінің ерекшелігі — зерттеушілер айқындағандай, қазақ музыкасын еуропалық жанрларға бейімдеу емес, қазақ музыкасына еуропалық стильді енгізгендігінде.

Нұрғиса Тілендиевтің музыкасы — әртүрлі көркемдік дәстүрлерінің жиынтығы,  бұл әсіресе оның шығармашылығының негізгі саласы — вокалдық мұрасындажарқын байқалады.

Біз болашақ мамандарға дәріс беруде композитордың тағылымдарын үнемі тиянақтап үйретіп отырамыз, бұл — олар үшін үлкен мектеп.

Гауһар САЛАМАС,

А.Жұбанов атындағы музыкалық колледждің оқытушысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button