Басты жаңалықтарЖеңіс

Ерлік ескерткіштері

Ескерткіштер — елдіктің белгісі, ұлттық тарих пен мәдениеттің құнды жәдігерлері. Облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Фархад Досмұратовтың айтуынша, өңірде мемлекеттік қорғауға алынған 872 сәулет өнерібар болса, соның 9-ы республикалық маңызға ие ескерткіштер тізіміне енген.

9 мамыр — Жеңіс күні қарсаңында біз Ақтөбедегі Кеңес Одағының Батырларына, майдангерлерге, жалпы Екінші дүниежүзілік соғысқа арналған ескерткіштердің аужайын біліп, жауапты сала маманымен сұхбаттасқан едік…

Тарихы мен күтімі

Ақтөбедегі ескерткіштерді қорғау, зерттеу ісімен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығы айналысады. Аталған мемлекеттік мекемеде ескерткіштер түрлеріне қарай бөлініп, әрқайсысы туралы мәліметтер топтастырылған. Сол сияқты киелі жерлердің тізімі де осында жасақталады. Кейіннен бұны Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі жанындағы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығындағы мамандар талдап, арнайы тізімге һәм мемлекеттік қорғауға қайсысының ілігетіні анықталады.Бұларды орнату да оңай шаруа емес: арнаулы комиссияның талқылауынан өтіп, құзырлы органдар рұқсат берсе ғана бой көтереді.

Ресми деректерге сүйенсек, облыста Ұлы Отан соғысына байланысты ескерткіштерден республикалық маңызы бар тізімге тек 2 сәулет өнеріенген: Кеңес Одағының Батырлары В.Пацаев пен Ә.Молдағұлованың ескерткіш-мүсіндері. Ал осы тақырыптағы жергілікті маңызы бар ескерткіштердің саны — 17. Облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Фархад Досмұратов атап өткендей, олар: Батырлар аллеясы ескерткіш-кешені, Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың мемориалдық ескерткіш-кешені, Кеңес Одағының Батыры Р.Кутуевтің рельефті ескерткіш-белгісі, генерал-лейтенант Ж.Кереевтің ескерткіш-мүсіні, Т.Бегелдиновтің ескерткіш-мүсіні, А.Досжанованың ескерткіш-мүсіні, М.Бөкенбаев ескерткіш-мүсіні, Қара металлургия балқытушысына арналған ескерткіш, Ұлы Отан соғысы жылдарында Отан үшін майданда қаза тапқан ақтөбеліктерге орнатылған Даңқ белгісі, Ұлы Отан соғысы кезінде Ақтөбе қаласының госпиталінде қайтыс болған жауынгерлердің Бауырластар зираты, 101-атқыштар бригадасының жеке құрамы жайғасқан және жасақталған штаб ғимараты, 312-атқыштар дивизиясы мен 101-атқыштар бригадасының құрметіне қойылған «Зеңбірек» ескерткіш-белгісі, 312-атқыштар дивизиясының жайғасқан орны, сондай-ақ Алға ауданында Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш-ғарышкер В.Пацаев оқыған мектеп, Байғанин ауданында Қ.Жазықовтың ескерткіш-мүсіні, Қобда ауданында Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың ескерткіші, Хромтау ауданында Отан Ана ескерткіш-белгісі.

Заңға сәйкес, аталған жер учаскелерінің меншік иелері мен пайдаланушылар тарихи-мәдени мұра нысандарының күтіміне жауапты. Яғни жергілікті атқарушы орган — қала және аудан әкімдіктері. Сонымен қатар әр мекеме, ұйымдар өздерінің аумағындағы ескерткіштің күтіміне жауап береді.

Өкінішке қарай, аталған салада біраз мәселе бар. Айталық, облыс орталығындағы ескерткіштердің тұғырына еріккен жастар аты-жөнін жазып, сурет салып, «қолтаңбасын» қалдырып кетіп жүр. Ескерткіш туралы арнайы мәлімет алу үшін орнатылған QR-код тақтайшаларын қиратып, бүлдіріп кететіндер де кездеседі. Осының бәрін тыйып, айналасын тазартып, ескерткіштерге қамқорлықпен қарайтын уақыт жетті.

Айта берсек, облыста тарихи-мәдени мұраларымыз бен ескерткіштерімізге қатысты мәселелер толып жатыр. Бір анығы, бағзыдан баян беретін ескерткіштерді ескерусіз қалдырмауымыз қажет. Адам қолынан жойылып бара жатқан жәдігерлеріміздің жайсыз күйі бізді қатты алаңдатып отыр. Келешек ұрпаққа өткен дәуірден жеткен көне тарихи жәдігерлерді сақтап, жеткізу ұлт мүддесі, тарих үшін керектігін ұмытпайық, — дейді Фархад Досмұратов.

Сонымен, тасқа қашалған тарих — ерлікке арналған Ақтөбедегі ескерткіштердің ең негізгілеріне қысқаша тоқталсақ.

АЙТПАҚШЫ…

1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына 122 423 ақтөбелік аттанып, олардың 36 мыңнан аса жауынгер майдан шебінде мерт болды. Жауынгер-жерлестеріміздің 35-і Кеңес Одағының Батыры, 9-ы «Даңқ» орденінің толық иегері атанды.

46 жауынгерге көрсетілген құрмет

 Ақтөбе қаласының басты көшелерінің бірі — Ә.Молдағұлова даңғылы бойында орналасқан «Батырлар аллеясы» ескерткіш-кешені, қай жағынан болсын, кесек сәулет өнері. Жалпы аумағы 6 мың шаршы метрді алып жатқан мұнда сұм соғысқа аттанған 46 майдангердің сұлбасы тасқа қашалған. Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай 2010 жылы ашылған монументтік өнер құрылысына бірталай сәулетші һәм мүсінші атсалысқан.

Ұлы Отан соғысы — әлем тарихындағы ұмытылмас оқиға. Жеңіске жету жолында 55 миллионға жуық адам өмірін қиып, адамзат аса қымбат құрбандыққа барды. Кеңес Одағының халқы Жеңіске жету үшін 1418 күнді сарп етті. Қазақстандық жауынгерлердің қаһармандық жолдары Ұлы Отан соғысының шежіресіне алтын әріппен жазылды. 1 миллион 366 мың қазақстандық жауынгер ұрыс даласының барлық майданында ерлікпен шайқасты.

1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына 122 423 ақтөбелік аттанып, олардың 39 503-і майдан шебінде мерт болды. Жауынгер-жерлестеріміздің 35-і Кеңес Одағының Батыры, 9-ы «Даңқ» орденінің толық иегері атанды.Солардың арасынан соғыста батыр атағын алған 46 жерлесімізге стелалар орнатылып, әрқайсысының қоладан әзірленген барельефті бейнесі мен есімі жазылды.  Кешеннің өзі 2010 жылдың 23 қыркүйегінде салтанатты түрде ашылды, — дейді облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Фархад Досмұратов.

Стеладағы барельефті жасаған мүсіншілер — Ж.Кенбай, М.Ғабдрахманов, А.Құбай, Қ.Қобланов, Ж.Есенғұлов.Кешеннің сәулетшісі — Б.Егінбаев.

«Батыр қызы сен халқымның…»

Екінші дүниежүзілік соғыс дегенде, ақтөбеліктердің есіне әуелі Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың түсетіні сөзсіз. Талай ән-жырға арқау болып, Ақтөбедегі әуежайдың атын иеленген батыр қыздың ескерткіштері де еңселі. Көпше түрде жазған себебіміз, әйгілі мерген арудың құрметіне облыс орталығында — 2, ал туған жері — Қобда ауданында 3 (Қобда, Әлия және Бұлақ ауылдары) ескерткіш орнатылған.

Ескерткіштердің арасында 1960 жылы тұрғызылған Ақтөбе қаласы Шернияз көшесінің бойындағы Ә.Молдағұлованың ескерткіш-бюсттің шоқтығы биік. Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген монументтік өнер құрылысы — төртбұрышты гранитті стилобад (3,3мх3,3м) түріндегі архитектуралық құрылыс. Ортасынан трапеция тәрізді биіктігі 2,6 метр, ені 0,6 метрлік төрт қырлы тұғыр көтеріледі. Тұғырда батыр қыздың биіктігі 1,3 метр мүсіні орнатылған. Онда белден жоғары әскери гимнастерка киім және басында пилоткамен бейнеленген. Кеудесінде Кеңес Одағының Батыры деген жұлдызша бар. Авторлары — Е.Штамм және Л.Рапутов.

Әлияның құрметіне қойылған Ақтөбе қаласындағы Ағайынды Жұбановтар көшесі мен Ә.Молдағұлова даңғылы қиылысындағы мемориалды ескерткіш кешені де көпшілікке жақсы таныс. 2005 жылы бой көтерген сәулет өнерінің көлемі 830 шаршы метрді алып жатыр. Батыс жағында екі жартысфера тәрізді барельефте қазақ халқының тарихы бейнеленген. Барельефтің биіктігі — 2метр, ал ұзындығы — 13,8 метр. Қола мүсіннің биіктігі — 3,5 метр, гранитпен қапталған тұғырдың биіктігі — 2,43 метр. Стилобадтың үстіне қоладан құйылған солдат дорбасы мен каскасы қойылған.

Мемориалды кешеннің мүсіншілері — Б.Әбішев, Е.Сергебаев, сәулетшілері— В.Кацев, Ж.Айнабеков.

Айта кетейік, соңғы аталған мемориалды кешеннің көшірмесі Астана қаласында орнатылған.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Ортақ типологиялық белгілері бойынша ескерткіштерді негізгі 4 түрге бөледі: археологиялық ескерткіштер, тарихи ескерткіштер, сәулет өнері ескерткіштері, монументтік (мүсін) өнері ескерткіштері. Сондай-ақ ескерткіштерге тарихи-танымдық немесе тарихи-көркем құндылығы бар жазбаларды да жатқызуға болады. 

Ежелгі Грекияда аса көрнекті қолбасшылар мен қоғам қайраткерлерінің құрметіне, Римде императорларға ескерткіш қойылған. Қайта өркендеу дәуірінде Италияда Микеланджело, Францияда Т.Бонтан, т.б. сынды мүсін өнері шеберлерінің аты әйгілі болды. XIX ғасырда Еуропа мен Америкада әртүрлі оқиғаларға, XX ғасырда ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлеріне, жазушы, суретші, музыка майталмандарына ескерткіштер орнату үрдісі кең етек алды.  

(«Уикипедия» ашық энциклопедиясынан).

Мәңгілік алау…

Ақтөбе қаласы 5-шағын аудандағы көпшілік «Мәңгілік алау» ескерткіші атап кеткен сәулет өнерінің тарихы тереңде жатыр. Осыдан 54 жыл бұрын қойылған ескерткіштің дұрыс атауы — Ұлы Отан соғысы жылдарында Отан үшін майданда қаза тапқан ақтөбеліктерге орнатылған Даңқ обелискі.Есет батыр көшесі мен Ә.Молдағұлова даңғылының қиылысындағы ескерткіш жауынгер бейнесінің композициялық бірігуінен тұрады. Мұнда қысы-жазы өшпейтін алау жағылған. қызғылт түсті граниттен тұрғызылған ескерткіштің биіктігі — 18 метр. Авторлары — мүсінші Н.Соболев пен сәулетші Т.Жанысбеков.

ескерткіш 2015 жылы жаңғыртылды.

Теміржол вокзалы маңындағы «Зеңбірек»

Ақтөбе қаласының ескі бөлігінде орналасқан ескерткіш 1985 жылы 312-атқыштар дивизиясы мен 101-атқыштар бригадасының құрметіне қойылған.

101-атқыштар бригадасы 1941 жылы Ақтөбе қаласында құрылғаны белгілі. Бригада Ақтөбе, Гурьев (Атырау), Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарының тұрғындарынан жасақталды, құрамында 5007 адам болды. Командирі — С.Яковленко. Сол сияқты 1942 жылы Ақтөбе қаласында құрылған 312-атқыштар дивизиясы сол кездегі жерлес жастардан тұрған. Дивизияның командирі А.Наумов болған.

ЗИС-3 маркалы әскери зеңбірек тік төртбұрыш пішінді тұғырдың үстіне қойылған. Тұғырдың орта тұсында «ақтөбелік 312-атқыштар дивизиясы мен 101-атқыштар бригадасының жауынгерлерінің ерлігіне» деген жазу бар. ⠀
Ж.Кереев көшесіндегі ескерткіштің авторы — М.Фахрутдинов.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button