Басты жаңалықтарТұлға

АБАЙДЫҢ СӨЗІ — АҚЫЛДЫҢ КӨЗІ

Абай алыс заманның ақыны болғанымен, оның ойлары, ғибратты сөздері бүгінгі өркениетті қоғамда да өзектілігін жоймайды.

Өмірінің соңғы жылдарында хакім Абай шығармашылығының нүктесін қойған «Қара сөздер» жиынтығы, шын мәнінде, ақыл тоқтатқан абыздың ақиқат ойлары. Қара сөз — ойды еркін білдірудің нақты формасы, сондықтан оқырманына түсінікті тілде тоғышарлықты әшкерелеп, жақсылықты, жаңашылдықты насихаттап жазылған Абай сөздерінің маңыздылығы қай қоғамда да жойылмақ емес. Абайдың «Қара сөздерінің» соңғы нұсқасы Мүрсейіттің 1905, 1907 және 1910 жылдардағы қолжазбалары бойынша жаряланып келеді.

Ақын ғұмырының соңына қарай қолына қалам алып: «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған бел байладым», — деп бастап, тал бесіктен жер бесікке дейінгі пенде біткеннің басындағы талай мәселені өз пайым-парасатымен таразылайды, көп адамның бойындағы қамсыздықты тамырымен жоюға, замана көшіне ілесуге үндейді.

Ақын тоғышарлықты, жалқаулықты, надандықты, әділетсіздікті, мақтаншақтықты, рухани жұтаңдықты, көрсеқызарлықты сынай отырып, адамзат баласының бойындағы ізгі қасиеттерді жетілдіруге күш салады. Өйткені адами ізгі қасиеттердің құны арзандаған қоғамда адам ешқашан бақытты бола алмайды. Ұлы ойшыл осыны меңзейді. Абай қара сөздерінің негізгі тақырыбы да адам болмысы екені талассыз.

Кезінде Мұхтар Әуезов қара сөздер туралы өте құнды пікір білдірген еді: «Жалпы алғанда, Абайдың осы қара сөз дейтін мұралары көркем прозаның өзінше бөлек, бір алуаны боп қалыптанады. Бұлар сюжетті шығармалар емес. Бұрынғы жазушылар қолданған естегі, мемуар да емес. Стиль, мазмұн жағынан алғанда, осы шығармалар Абайдың өзі тапқан, бір алуан көркем сөздің түрі. Кейде бұлар сыншылдық, ойшылдық және көбінше адамгершілік, мораль мәселелеріне арналған өсиет, толғау тәрізді».

Ал философия ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Ғарифолла Есім: «Абай ойына келген нəрселерін еркін айту үшін өзі арнайы жанр ойлап тапқан. Ол — сөз жанры. Ақынның қара сөздері — нағыз еркін ойдың жанры. Мұнда ешқандай бір дəстүрге, тəсілге бағынушылық жоқ. Ой еркін айтылған, мазмұн өзіне лайықты форма тапқан», — дейді.

Жалпы, зерттеушілер Абайдың қара сөздері тек ұлттық қана емес, бүкіләлемдік өркениетте өз орны бар құнды мұра екенін мойындайды.

Гүләмза ЕСЕКЕНОВА,

педагог-зерттеуші,

«Smart-Bilim» мектеп-гимназиясының мұғалімі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button