Басты жаңалықтарМереке

Әскерилер қашанда көмекке даяр

Көктемгі су тасқыны Ақтөбе жұртшылығын әбігерге салды. Ақтөбе қаласы мен Ойыл, Қобда, Мұғалжар, Темір, Әйтеке би, Ырғыз аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Қиын сәтте құтқарушылар, әскерилер,еріктілер мен медицина мамандары және қарапайым тұрғындар бір үйдің баласындай жұмылып, бірліктің үлгісін көрсетті. Әсіресе Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар мен әскерилер бірінші  кезекте тасқынның алдын алуға күш салды. 7 мамыр — Отан қорғаушылар күні қарсаңында Ақтөбедегі №30238гарнизонының әскерилерімен сөйлескен едік…

Ел қорғаны

Су тасқыны кезінде табиғи апаттың алдын алуға, салдарын жоюға аталған әскери гарнизоннан 150 адам жұмылдырылды. Олар барлық ауданға барды. Мәселен, Темір ауданындағы тасқын кезінде 52 жеке құрам алапат судың алдын алу үшін күні-түні еңбек етті. Қазіргі таңда 65 сарбаз Ырғыз ауданы Жайсаңбай мен Құйылыс ауылында тасқынмен күресіп жатыр.

№30238 әскери бөлімінің взвод командирі Самұрат Ертасов Ырғыз өзені көтерілген кезде алғашқылардың бірі  болып  ауданға аттанған.

Түнгі сағат 12-лердің шамасында «Ырғыз ауданына көмек керек, су деңгейінен асып бара жатыр» деген хабар келді. Дереу жиналып, бірден тікұшақпен аттандық. Жайсаңбай ауылына барған кезде тасқынның беті қатты болды. Бөлімнен барған отыз адам қапшықтарға құм салып, бөгет жасауға кірістік. Ұзындығы 500 метр болатын бөгетті орнатып, ауыл тұрғындарын қауіпсіз жерге көшірдік. Бірінші кезекте балалар мен әйелдерді шығардық. Ауыл халқы тасқыннан қорқып қалған. Көздерінде үрей. Үлкендер құтқаруға келген бізді көріп, қуанып, алғысын жаудырды, — дейді Самұрат Ертасов.

Самұрат Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында туып-өскен. Ақтөбе гарнизонында жұмыс істеп жатқанына көп бола қоймапты. Жасы 25-ке толмаған жігіт қазір сарбаздарды даярлауда бар күш-жігерін салып жүр.

Ал бөлімше командирі Асхат Сатқұлов — Темір ауданы Саркөл ауылын тасқыннан құтқарып қалғандардың бірі. Алапат су Саркөл ауылына лап қойғанда жұртшылық есеңгіреп қалған. Тұрғындар өз халдерінше бөгет жасауға тырысыпты. Алайда сырттан күш болмаса, саркөлдіктердің өз бетімен тасқынмен күресуі мүмкін емес еді.

Әскери бөлімнен 51 адам Саркөлге жеттік. Біз барған кезде тасқын су ауылды қоршап алған. Аумақтың бәрі көлкіген су. Көліктен түскен бойда қапшықтарға құм салып, төрт қатар биіктікте қалап шықтық. Ең ауыр жұмысты істедік. Себебі бөгет биіктеген сайын, құм толы қапшықты көтеру де оңай емес.  Демалып, жайбарақат жүретін уақыт жоқ. Судың деңгейі көтеріліп бара жатыр.Сондықтан бар күш-жігерімізді салдық. Бір-бірімізге дем бердік.  Осындай тынымсыз еңбектің арқасында ауылды су басудан қорғап қалдық, — дейді Асхат.

Әскери бөлімнің артиллериялық взвод командирі, аға лейтенант Амандық Жұлдызбек те су тасқынына қарсы күрескендердің бірі. Ақтөбеде төтенше жағдай жарияланып, Сазды өзені іргесінен көтерілгенде алғашқылардың бірі болып, құтқару жұмыстарына кіріскенін айтады.

— Су тасқыны кезінде әскери бөлімнің сарбаздары мен командирлері бір үйдің баласындай жұмылып, өз міндеттерін абыроймен атқарды. Тасқын су аудандарды ғана емес, қала жұртшылығын да әбігерге салды. Сазды өзені тасыған кезде біз бөгет салдық. Құм толы қапшықтарды көтеріп, оны ретімен орналастырудың өзі үлкен күшті қажет етеді. Отыз адамнан бөлініп жұмыс істедік. Заречный, Ақжар-2, Кірпішті аудандарына қауіп төнді.Біз күн-түн демей осы аудандарды тасқыннан аман алып қалу үшін жұмыс істедік, — дейді Амандық Жұлдызбек.

Амандық Жұлдызбектің аталған әскери бөлімшеде қызмет еткеніне бір жылдан асыпты. Қазір қарамағында 15 сарбаз бар.

Әскери өмірдің өз қиындығы бар. Үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ағайын-туыстан жырақ жүруге тура келеді. Сарбаздармен жұмыс істегеннен кейін жауапкершіліктің жүгі еселей түседі. Оларды отансүйгіштікке, төзімділік пен тәртіпке, әскери өмірдің қыр-сырын үйретеміз, — дейді Амандық Жұлдызбек.

Абыройлы міндет

Ақтөбедегі №30238 әскери гарнизондақазіргі күні 282 сарбаз бар. Бұл жерде мотоатқыштар, артиллериялық  мамандар, барлаушылар даярланады. Бір жыл бойы сарбаздар әскери техниканы қалай пайдалану керектігін, осы саланың қыр-сырын үйренеді.

Тек су тасқыны емес, сарбаздар өзге төтенше жағдайлар кезінде жұмыс істейді. Мәселен, биыл қаңтар айында облыста қалың қар жауып, жол қатынасы тоқтады. Ірі жүк көліктері жолда апталап тұрып қалды.Әсіресе Хромтау бағытындағы тасжолдың бойында көлік кептелсі пайда болды. Омбы қардан көлік түгіл, жаяу адамның шығуы мүмкін емес еді. Осы кезде бөлімдегі алты жеке құрам қар аршу жұмыстарына жұмылдырылды. Жалпы қандай жағдай болмасын біздің сарбаздар қай уақытта да сақадай сай тұрады, — деді бөлім командирінің отпен қолдау жөніндегі орынбасары, подполковник Сәкен Шуганов.

Сәкен Шуганов әскери гарнизон материалдық жабдықпен толық қамтылғанын айтты. Сарбаздарға жылына үш форма беріледі. Азық-түлік жеткілікті. Сарбаздар арасындағы әлімжеттік секілді оғаш қылықтарға жол берілмейді, себебі барлығы бақылауда. Казармалардың ішіне, тіпті жуынатын бөлме, асханаға  дейін бейнебақылау орнатылған. Ғимараттың сыртында да күзет күшті. Сондықтан «ата-аналар бұл жерге келген балаларына алаңдамауына болады» дейді бөлімдегілер. Осы әскери бөлімде 15 жылдан бері психолог болып жұмыс істейтін Руслана Сатыбалдиева сарбаздар арасындағы әлімжеттік туралы дерек тіркелмегенін айтты.

Себебі барлық жерде бейнебақылау камералары орнатылған. Тәртіп пен талап күшті.  Әрине, ауылдан жырақ шығып көрмеген жігіт  әскери бөлімге келген кезде  қатты қобалжиды. Уайымға салынады, бауырларын сағынады. Ерте тұруға үйренісе алмай жүретіндер бар. Бұндай кезде біз, яғни психологтер көмекке келеміз. Аз уақыттан кейін олар әскери өмірдің тәртібіне үйренісіп кетеді. Сондықтан оларға барынша психологиялық қолдау көрсетеміз, — дейді Руслана Сатыбалдиева.

Әскери қызмет —еліміздегі әрбір шаңырақтың тыныштығының кепілі. Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүрген әрбір ер жігітке үлкен жауапкершілік жүктелген.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button