Жеңіс

Берлинге жеткен жауынгер

Ұлы Отан соғысы деп аталатын кезең қазақ халқының да басына төнген ауыр сын іспетті болды. Ат жалын тартып мінген азаматтар түгелдей дерлік ел қорғауға аттанды.

Солардың қатарында Мырзалы Алдашев та бар еді. Ол 1942 жылдың қаңтарында әскер қатарына шақырылады.Бір отбасының еркек кіндіктен жалғыз ұлы болғандықтан әскери комиссариат оны әскерге алуды кейінге шегермек те болады.Алайда намысшыл,елін сүйген азаматөзі сұранып майданға аттанады.

Етігімен су кешкен күндер, қар жастанып, мұзға жантайған сәттер аз болған жоқ оқ астында жүріп. Бірақ алда бір ғана мақсат бар еді. Ол — алға ентелеген жаудың бетін кері қайтарып, өз ұясында талқандау.

Жан беріп, жан алысқан шайқастарда ерлік көрсеткен қазақ жауынгерлерінің арасында Мырзалы Алдашев та да бар еді.

Ол бастапқыда Башқұрт АССР-да курсант болып әскери даярлықтан өтеді.  1942 жылдың қыркүйегінен 1943 сәуір айына дейін Бірінші Беларусь майданында 112- кавалерия дивизиясы 212-полктің қатардағы қызыл әскері болып соғысқа қатысады. 1943 жылдың сәуірінде жарқаттанып, полктің дала госпителінде емделеді. 1943 жылдың тамызынан Бірінші Беларусь майданында 7-гвардиялық кавалерия корпусының құрамында  қайта майданға кіріп, соғысты 1945 жылы Берлинде аяқтап, сол жылы қазан айында елге қайтады.

Оның жауынгерлік ерліктері «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін»,«Ұлы Жеңіске — 20 жыл» медальдарымен атап өтілді.

Елге жеңіспен оралған соң  Мырзалы аға өзі туып-өскен Шалқар ауданының «Талдықұм» ұжымшарында бас бухгалтерлік қызмет атқарады.Мырзалы аға өз ісін жетік білетіндігімен көзге түседі. Кейінірек ұжымшарлар ірілендіріліп,біріккен кезде өзқызметін «Сарыбұлақ» кеңшарында абыроймен жалғастырады.

Ол өмірінің соңғы жылдарында жаңадан ашылған «Айшуақ» кеңшарының бас бухгалтері қызметін атқарды. Бұл жерде де өз ісінің білікті маманы екенін көрсетіп, жас кадрларды да тәрбиелейді.

Мырзалы аға өз ісінің білгір маманы болумен қатар, үлгілі отбасының иесі де еді. Ол кісінің зайыбы Кәбира апайҚорғантұз орта мектебінде мұғалім болып қызметістеді.Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, белгілі журналист Мақсат Дүйісмағамбетов:«Кәбира апай мектепте мұғалім еді.Біздің бала кезімізде мектеп мұғалімдерінің бәрі дерлік ер адамдар болатын.Ойлап отырсам,сол кезде бастауыш класта сабақ беретін Ұштап апай мен Кәбира апай біздің ауылдағы оқып,білім алған әйелдердің алғашқы қарлығаштары екен-ау», — деп жазған болатын.

Осы үлгілі отбасынан Бердалы, Айман, Сағынғали,Нұралы, Нұрлыбай, Нұрдәулет пен Сәрсенғали секілді өнегелі перзенттер өсіп шықты.

Айман Мырзалықызы — филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҚК академиясында көп жылеңбек етіп,қауіпсіздік қызметі полковнигі әскери атағын алды.

Отбасының үлкеніБердалы жас буынға ұстаздық етті. Нұрдәулет пен Сәрсенғали ғылым кандидаттары, жоғары оқу орындарында дәріс береді. Қалған балалары да өмірден өз орындарын тапты, олар қазір Мырзалы әулетінің жапырағын жайып, өрісін кеңейтуде.

…Майдангер ағаның өмірден өткеніне жарты ғасырдан асты. Жеңіс жалауын биік көтеруге лайықты үлес қосқан жауынгер есімі ел жадында сақталатыны сөзсіз.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button