Жеңіс

Ерлік ешқашан ұмытылмайды

1941 жылдың маусымында басталып, үздіксіз 1418 күнге созылған сұрапыл соғысқа қазақстандықтар да қатысты.Қазақстаннан майданға аттанған 1 млн 200 мың жауынгердің 600 мыңы соғыстан қайтып оралған жоқ. Жалпы Кеңес Одағының 27 миллионға жуық адамын жалмаған қанды қырғында елімізден аттанған 500-ге жуық жауынгер 1934 жылы бекітілген ең жоғарғы атақ — Кеңес Одағының Батыры атанған болатын. Оның 103-ініңұлты — қазақ. Соғыс кезінде бұл атаққа 100 қазақ ие болса, соғыс аяқталғаннан кейінгі жылдары, нақтырақ айтқанда, 1946 жылы Құдайберген Сұрағанов, 1965 жылы генерал Сабыр Рахымов, ал 1990 жылы Бауыржан Момышұлы алды. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский иеленді. Шымкентте орналасқан Чугуев әскери авиация училищесі түлегі Иван Кожедуб аспанға 330 рет көтеріліп, жаудың 62 ұшағын құртып, талай бекінісіне атой салып, осы ерлігі үшін үш мәрте Кеңес Одағының Батыры атанды. Сонымен қатар 142 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері атанса, Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталған қазақстандықтар саны — 96 638 адам.

Кеңес Одағының құрамына кірген елдердің ортақ қасіретіне айналған зұлмат соғысқа Ақтөбе өңірінен 122 мың жауынгер шақырылды. Сол боздақтарымыздың 36 700-і майдан даласынан елге оралған жоқ. Сұрапыл қан майданда ер­лік көрсеткен 35 ақтө­белік Кеңес Ода­ғының Баты­ры атанса, 8-і — «Даңқ» ордені­мен марапатталды.

Ел тілегі

Екінші дүниежүзілік соғысы біздің еліміз бастан кешірген ауыр зардапты және аяусыз шайқастарға толы майдан болды. Бұл қанды қақтығыстар сан мыңдаған, миллиондаған адамның қауіпті сәтте Отанын қорғай алатынын және қиын кезеңде тәуелсіздік пен бостандық үшін күресуге әзір екенін байқатты. Бұған мұрағат материалдары да толық айғақ бола алады.

Жеңіс жолында қазақстандықтар, оның ішінде Ақтөбе өңірінің асыл перзенттері де зор үлес қосты. Олар майданда да, тылда да Отан қорғаудың алғы шебінде болды. Сол себепті де есіл ерлерге құрметіміз қашанда ерекше болмақ.

Неміс басқыншыларын жеңуде Қазақстан еңбекшілерінің, соның ішінде Ақтөбе қаласы мен облысы еңбеккерлерінің қосқан үлесі өте зор болды.

Архив құжаттарын «сөйлетсек», соғыс басталған алғашқы күні-ақ жас патриоттар партия мен комсомол органдарының және әскери комиссариаттың алдын босатқан жоқ. Сол күні әскери комиссариатқа 852 арыз түскен, — дейді облыстық мемлекеттік архив, архив құжаттарын пайдалану және жариялау бөлімінің басшысы Жанаргүл Әжіғалиева.

Оның айтуынша, облыс еңбекшілері госпитальдерде емделіп жатқан жауынгерлерге ерекше қамқорлық көрсеткен. Жауынгерлердің жағдайын жұмысшылар, үй шаруасындағы әйелдер және оқушылар келіп, біліп тұрған.

Қызыл Армияға деген сүйіспеншілігін, адамгершілік, тамаша патриоттық сезімін донорлар қозғалысы көрсетті. Облыстың 615 әйелі соғыс жылдары донор болып, жарақаттанғандарға өз қанын берді. Мысалы, Таисия Рудич деген  әйел 1942 жылдан бастап 124 рет жүз шақты ауыр жарақаттанған жауынгер мен офицерге 78 литрдей өз қанын берген. Осындай қайсарлы көмегі үшін ол «Почетный донор СССР» белгісімен және Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрметті грамотасымен марапатталған.

Ауыл шаруашылығының еңбеккерлері де олардан қалысқан жоқ. Майданға кеткен ерлерінің, ағалары мен әкелерінің орнына әйелдер, оқушылар, жасы ұлғайған қарттар еңбек етті. Еңбек ерлігінің ең керемет үлгілерін ұжымшар құрылысының ардагерлері көрсетті. Соғыс жылдары ақтөбелік тарышы Шығанақ Берсиевтің даңқы бүкіл Қазақстанға әйгілі болды.

Ойыл ауданының даласында аса бітік егін үшін нағыз күрес басталды. Бүкіл ел болып қостаған қозғалыс осы жерден басталған еді. Колхозшылар үшін бұл өз майданы болды. Осы күрестің басында 63 жастағы қарт Шығанақ Берсиев тұрды. Ол 38 гектар жердің әр гектарынан 105 центнерден, ал 6 гектар жердің әр гектарынан 175 центнер тары өсіріп, жинап алды, — дейді архив қызметкері.

Соғыс жылдарында майданға бүкіл халық болып көмек беру — патриотизмнің айқын дәлелі еді.Ақтөбеліктердің еңбегімен жасалған танкілер, ұшақтар лек-легімен майданға жіберіліп жатты. Облыс еңбекшілері өздерінің жеке жинақ қорынан танк коланналарын, авиаэскадрильяларын құруға  28 млн сом ақша, 300 мың пұт астық, қыруар мал және басқалай қаржы жұмсады. Соғыс кезінде ақтөбеліктер майданға барлығы 86 вагон түрлі сыйлықтар жөнелтті.

Қорғаныс қорына қымбат әшекейлерін, жеке жинақтарын, нан, жылы киімдер тапсырды. Бұл іске бала да, үлкен де қатысты. №8 мектептің оқушылары Қазақстан комсомолы атындағы әуе эскадрильясының құрылысына 5400 сом тапсырды. Алға селосының мұғалімдері өздерінің 3 күндік еңбек ақыларын танк құрылысына аударды. Ойыл ауданының еңбеккерлері 2 млн 284 700 сом тапсырды. Ырғыз ауданының «Арал» ұжымшарының төрағасы 100 мың жеке жинағын, «Свет» ұжымшарының шошқашысы 50 мың сом, 100 пұт астық тапсырды. Әрине, мұндай патриоттық мысалдар өте көп.

Біздің жерлестеріміз бүкіл халықпен бірге адамзат тарихында ұмытылмас ерлік көрсетіп, от пен азаптан өтіп, жеңіске жетті. Бұл соғыс 36 192 ақтөбелік боздақтың өмірін жұтты, 17 368 жерлесіміз хабар-ошарсыз кетті.

101-ұлттық атқыштар бригадасы қалай құрылды?

Екінші дүниежүзілік соғысы басталысымен Қазақстанда жиырмадан астам атқыштар дивизиясы мен бригада құрылды. Олардың екеуі —  ұлттық атқыштар бригадасы.

Архив құжаттарында мынадай дерек бар:

«1941 жылдың 27-інші қарашасы мен 1942 жылдың 1-інші мамыры аралығында Ақтөбе қаласында 101-інші жеке ұлттық атқыштар бригадасы құрылды. Бұл бригаданың басты ерекшелігі — қазақ ұлттық құрамасы болуы.

Ортазиялық әскери округ қолбасшысы «100-інші және 101-інші атқыштар бригадаларын құру жөнінде» бұйрық шығарды. Бригадалардың 50 пайызы жергілікті ұлт өкілдерінен (қазақтардан) тұрады.

Бригаданың құрамында барлығы 3804 жауынгер мен командир болды.Оның ішінде жұмысшылыр — 705, колхозшылар — 1503, қызметкерлер — 1596 адам. Бригада Ақтөбе, Гурьев, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарының тұрғындарынан құрылды. Бригаданың командирі болып подполковник Севостьян Яковлевич Яковенко тағайындалды. Бригада комиссары — саяси қолбасшы Нури Алиев болды. Соғыс кезінің штатына сәйкес құрылғаннан кейінгі барлық адам саны 5007-ге жетті.

Партия және үкімет басшылары бұл бригаданың  құрамын, қару-жарағын, әскери дайындығын, материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз етуге ерекше көңіл аударды.

Бұл бригаданың әскери дайындығына да ерекше мән берілген. Әскери дайындықты 1941 жылдың 17-18-інші желтоқсанынан-ақ бастап кеткен. 1941 жылдың желтоқсан айынан бастап жауынгерлермен саяси жұмыс та жүргізіліпті.

Мұрағатта сақталған деректер бойынша, бригадаға 16 жүк машина, 6 жеңіл машина, 460-тан астам жылқы, 52 атарба, 89 ер-тұрман, 1089 тон, 1428 құлақшын, т.б. керек-жарақтар берілген.

1942 жылы КСРО Маршалы К.Ворошиловтің жарлығы бойынша 101-інші жеке ұлттық атқыштар бригадасы майданға аттанды. Бригада 1942 жылғы қазанның 19-23-інің арасында Калинин майданындағы 39-армияның құрамында майданға аттанады. 1942 жылдың қараша айының соңғы жағында Калинин облысының Оленино қаласы маңындағы көптеген елдімекенді азат етуге қатысып, өзінің алғашқы әскери борышын өтеді. Бригада ардагерлерінің айтуынша, олар осы жерде2,5 мыңға жуық аккупанттарды жойды. Ұрыс кезінде жауынгерлер Х.Бекішов, У.Ахмедзьянов, А.Алпысбаев, Ш.Қарамергенов ерекше көзге түсті. Жаумен шайқаста ерлік көрсеткендердің ішінде біздің жерлестеріміз Б.Ержанов, Г.Житников, Р.Нұртазин, И.Нуркин, В.Востракнутов, П.Хасанов, А.Аязбаев және басқалары бар еді. 1944 жылдың жазында 101-ұлттық атқыштар бригадасы таратылып, жауынгерлер мен командирлер 47-інші және 90-ыншы атқыштар дивизияларының құрамына кірді».

312-атқыштар дивизиясының ерлігі

Сондай-ақ архивте Ақтөбе қаласында құрылған 312-атқыштар дивизиясы туралы да деректер сақтаулы.

«1941 жылдың шілдесінде Ақтөбе қаласында 312-атқыштар дивизиясы құрылды. Дивизияның командирі болып полковник Александр Феодорович Наумов тағайындалды. Дивизия Мәскеу іргесіндегі соғыстарға қатынасты. 1941 жылдың 29 қазанында дивизия үлкен шығынға ұшырауына байланысты таратылады. Бұдан кейін 312-дивизия 53-ші және 17-ші атқыштар дивизияларының бөлімдерімен қосылып, «Тұрақты 53-ші атқыштар дивизиясы» атанды. Бұл дивизияның құрамындағы жауынгерлердің көпшілігі біздің жерлестеріміз болатын.

Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков: «Мәскеу түбіндегі Малоярославец төңірегінде полковник А.Ф.Наумов басқарған 312-атқыштар дивизиясы жанқияр ерлікпен соғысты» деп жазды.

Жалпы Ақтөбеде құрылған құрамалар мен бөлімдер Мәскеу, Ленинград және Сталинград түбіндегі, Украина мен Белоруссияда, Балтық жағалауында, Польша мен Пруссияда, Германияда болған және Берлин үшін шайқастарда әскери белсенділік танытты. Өткен соғыстың сабақтары біздің жадымыздан ұмытылмақ емес. 1418 күн мен түн біздің көз алдымызға халқымыздың теңдесі жоқ тамаша ерлігі мен табандылығын айғақтайтын, оқиға ретінде оралады. Қаншама ер өз Отанының намысы, еркіндігі мен тәуелсіздігі үшін күресте өздерін құрбан етті. Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды, — дейді Жанаргүл Әжіғалиева.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button