Мереке

Біздің ұшқыштар

7 мамыр — Отан қорғаушылар күні

Көктемгі су тасқыны кезінде әскери ұшқыштар да күндіз-түні ұйқы көрмей жұмыс істеді. Аэровизуалды тексеріс кезінде су тасқынында қалған тұрғындарды құтқарған ұшқыштардың қатарында Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштері әскери институты оқу-жаттығу авиациялық орталығының авиациялық эскадрильия командирінің орынбасары, штаб бастығы Бейбарыс Ибраев та болды.  

Еліміздің әуе қорғанысы күштері тікұшақтарының экипаждары жергілікті тұрғындарды құтқаруға, азық-түлік пен жылы киімдерді жеткізу жұмыстарына атсалысты.

27 наурыз күні кешкі сағат 18.30-да Батыс Қазақстан облысының Қоржын ауылын су басқаны туралы шұғыл хабар келіп түсті. Хабарламаға сәйкес 28 наурыз күні таңғы сағат 07.00-де Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштерінің әскери ұшқыштары көмекке аттанды.Толассыз жауған нөсер салдарынан Қоржын ауылының тұрғындарын құтқару қиынға соқты. Алайда төтенше жағдайлар департаменті мен ұшқыштардың жедел әрекетінің нәтижесінде ауыл мектебінде түнеп шыққан тұрғындарды тікұшақтың көмегімен 40 шақырым жердегі аудан орталығына эвакуацияладық. Жұмыс тәжірибемде мұндай алапат су тасқынын көрмеппін, — дейді ол.

Оның айтуынша, экипаж мүшелері көктемгі су тасқынының салдарын жою бойынша жұмыстарды күшейтілген режимде жүргізді. Әскери ұшқыштар жан-жақтан келген гуманитарлық көмекті сұрыптап, эвакуациялық орталықтарға уақтылы жеткізіп отырды. Сонымен қатар әскери ұшқыштар волонтерлермен бірлесе жұмыс істеді.

Ойыл және Ырғыз аудандарының тұрғындарын эвакцуациялау барысында қиындыққа тап болдық. Су тасқыны кезінде құлаған электр бағаналары қыстақта қалып қойған тұрғындарды құтқару жұмыстарына кедергі келтірді. Ұшақ қонатын жер болмады. Соған қарамастан, тікұшақты әуеде ұзақ ұстап, қыстақта қалып қойған адамдарды арқан арқылы тартып мінгіздік.

Тікұшақтың қонатын жері қауіпті болды. Ойыл ауданы Қаратал ауылында судың қақ ортасында, шөптің үстінде қалған төрт адам мен трактордың үстіндегі үш адамға жедел көмек көрсеттік. Олар салқында төрт күн сусыз, тамақсыз отырған екен. Ойыл ауданындағы кіреберіс тасжолды су шайып кеткендіктен, көмек тікұшақ арқылы жеткізілді. Сондай-ақ Әуе қорғанысы күштері әскери институтының Ми-8 тікұшақ экипажының шебер қимылының арқасында Ойыл ауданы Берсиев ауылының 15 тұрғыны құтқарылды. Эвакуациялық іс-шаралар кезінде Ми-8 тікұшағының экипажы Берсиев ауылындағы қиын жағдай туралы рация бойынша хабарлама алды. Тұрғындар айналасын су басқан шаруашылық құрылыстың үстіне шығып отырған. Экипаж жедел түрде әуеге көтеріліп, тікұшақпен құрылыстың төбесінен бір метр қашықтықта тұрып, көмек күткен адамдарды құтқарып, Ақтөбе халықаралық әуежайына эвакуациялады, дейді Бейбарыс Ибраев.

Кейіпкеріміз оқыс оқиға орын алған жағдайда жедел әрекет етіп, адамдарды құтқару оңай емес екенін айтады:

— Әскери ұшқыш болу — жүректілердің мамандығы. Бұл саланы кез келген адам таңдамайды. Әскери қызметтің әр күні қауіп-қатерге толы. Әрбір ұшқыш өзінің мамандығына, әрбір рейске психологиялық түрде дайын болу керек. Кейде шақыртулар түскен кезде бойды үрей билейтіні рас. Алайда біздің салада қорқақтыққа орын жоқ. Ең бастысы, кез келген уақытта кез келген жағдайға дайын болуымыз керек. Тасқын кезінде тәулік бойы ұйықтамаған кездеріміз де болды. Дәрігерлер мен төтенше жағдай қызметкерлері, еріктілер үйін су басқан тұрғындарға көмек көрсетті. Сондай-ақ ұшқыш-штурман Тұрғанбай Оңдасын, борт-техник Дамир Тәжібаев сынды ұшқыштарымыз қызметін асқан жауапкершілікпен орындады, — дейді ол.

Сондай-ақ әскери ұшқыштар Нұра ауылындағы жүкті әйелді құтқару жұмыстарына да атсалысты. Бейбарыс Ибраевтың айтуынша, облыстық денсаулық сақтау басқармасы жіберген акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматологтан құралған бригада межелі жерге дейін бара алмаған. Сондықтан ауыл дәрігерлерінің ананы өз беттерінше босандыруына тура келген.

31 наурыз күні Ырғыз ауданының Нұра ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда ауыл тұрғыны Қаламқас Қонықаева егіздерді дүниеге әкелді. Екеуі де қыз бала. Олар сол күні тікұшақпен акушер-гинекологтің бақылауымен аудан орталығы — Ырғыз ауылына жеткізіліп, аудандық ауруханаға орналастырылды. Егіздердің біреуінің салмағы — 2800, екіншісінің салмағы — 3050 грамм, — дейді ол.

Кейіпкеріміз Бейбарыс Ибраев әскери ұшқыштың әмбебап болуы керектігін айтады.

Ұшқыш ретінде еңбек етіп келе жатқан 16 жылдан бергі уақытта әуе кемесін 1500 сағат басқарыппын. Спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстанамын. Өмір үшін жанталасқан адамдарға көмектесу — кәсіби ғана емес, адами міндетім, — дейді ол.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button