Мереке

 «Рухты Ақтөбе» турнирі қорытындыланды

Ақтөбе қаласының 155 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне орай  қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен  ҚР Ұлттық ұланының №6655 әскери бөлімінде Ашық есік күні өтті. Оған сарбаздар, курсанттар, мектеп оқушылары мен студенттер қатысты.

№6655 әскери бөлімі тәрбие бөлімшесі бастығының көмекшісі Нұрсұлтан Жүсіптің айтуынша, іс-шара жастардың бойында әскери-патриоттық сезімді қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.

Ауқымды іс-шараға 80-ге жуық білім алушы қатысты. Жастар әскери өмірді өз көзімен көріп, әскери техника және қару-жарақ түрлерімен танысуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар мерекеге орай «Рухты Ақтөбе» әскери-патриоттық турнирі, спорттық жарыстар ұйымдастырылып, мықтылар анықталды, — дейді ол.

«Рухты Ақтөбе» әскери-патриоттық турнирінің ашылуында қалалық мәслихат депутаты Абай Дидарұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Турнирге 16-25 жас аралығындағы жастардан жасақталған 10-ға жуық команда қатысты.

Сайысқа қатысушылар жылдан-жылға көбейіп, жастармен толығып, дәрежесі көтеріліп келеді. Қатысушылар жарысқа тыңғылықты дайындықпен келген. Бес кезең бойынша өткен жарыста 1-орынды Малкеджар Бөкенбаев атындағы Ақтөбе Заң институты, 2-орынды №30238 әскери бөлімі, 3-орынды Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің командасы жеңіп алды. Турнирдің жеңімпаз командалары медальдар мен бағалы сыйлықтар алса, үздік ойын көрсеткендер арнайы Алғыс хаттармен және кубоктармен марапатталды, — дейді қалалық жастар ресурстық орталығының SMM маманы Дана Санатқызы.

Салауатты өмір салтын насихаттап, жастардың спорттық шеберліктерін шыңдау мақсатында ұйымдастырылған турнирге қатысушылардың бірі №6655 әскери бөлімінің 1-рота сарбазы Әлішер Құспанов.

Қатысушылар белтемірге тартылу, қашықтыққа жүгіру, әскери эстафета және басқа да спорттық жарыс түрлері бойынша сынға түсті. Жарысқа қатысу үшін физикалық дайындығы мықты болуы керек. Мен қазақ күресінен ел біріншіліктерінде чемпион атанғанмын. Сондықтан сайыста нәтижелі ойын көрсету қиынға соқпады, — дейді сарбаз.

Турнир соңында жеңімпаздарға қала әкімі Азамат Бекеттің атынан дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ қаламыздағы әскери бөлімнің офицерлері мен №6655 әскери бөлімінің 1-23 шақырылымының үздік сарбаздары марапатталды.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button